10 онлайн кітапхана. Қалаған кітапты үйден шықпай-ақ қалай оқуға болады?
Электронды кітапхана қорында қазақ, орыс, ағылшын және басқа да тілдегі кітаптар бар.Іздеген кітабыңызды қалай тауып, үйден шықпай-ақ оқуға болады? Қазақ әдебиеті, әлем әдебиеті, ғылыми мақалалар мен жазбалар жиналған онлайн платформалар топтамасын ұсынамыз.
Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана
Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана – кітаптар, энциклопедия, сөздік, сирек құжаттар мен қолжазбалар, газет-журналдар, аудио-бейне файлдар топтастырылған жоба.
Кітаптар елдің көптеген кітапханасынан, оның ішінде: Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана, Еуразия ұлттық университетінің ғылыми орталығы, Гумилев Отырар кітапханасы, Президенттік Мәдениет орталығының кітапханасы, облыстық кітапханалар, университет кітапханалары және жеке авторлардан: белгілі ғалымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлері арқылы толықтырылып отырады.
Kitap.kz
Kitap – қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармаларын оқу әрі тыңдау мүмкіндігін ұсынатын ауқымды онлайн платформа.
Мұнда қазақ және әлем әдебиетінің 2000-ға жуық кітабы пен 600-ден аса аудиокітап жинақталған. Олар көркем шығармалар, тарихи шығармалар, ғылыми әдебиеттер, іскерлік әдебиеттер, публицистика, романтика, психология, бизнес, ертегілер және тағы да басқа бірнеше санатқа бөлінген.
Оқи отырыңыз: Баланы кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Психолог кеңестері
Қазақстанның ашық университеті
Қазақстанның ашық университеті – "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасының аясында аударылған кітаптар және еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен мамандары бірлесе әзірлеген онлайн-курстар жинақталған білім беру платформасы.
Жоба бастамашысы – "Ұлттық аударма бюросы" ҚҚ. Жоба шеңберінде тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент және бизнес салалары бойынша әлемнің маңдайалды университеттерінің үздік оқулықтары қазақ тіліне аударылған.
Bookmate
Bookmate – ұялы телефоны бар адамдарға арналған электронды кітап оқу қызметі. Базада 16 тілдегі 1,8 млн кітап, 100 мың аудиокітап бар. Бірақ оларды платформаға жазылу арқылы оқуға болады. Қазіргі таңда платформаны 13 млн адам қолданады.
Жазылған соң кітаптарды онлайн оқуға, жүктеп алуға болады.
Оқи отырыңыз: "Жартылай кітапхана, жартылай мұражай". Қазақ мектебінің ұлттық моделі қандай болуы тиіс?
Google books
Google Books — Google компаниясының электронды кітаптарды іздеу қызметі. Қазір электрон кітапхана қорында 25 миллион кітап цифрландырылған. Алайда, кітаптардың барлығы тегін емес. Өзіңізге қажетті кітапты немесе кітап үзіндісін тапқаннан кейін, оны толық оқу үшін сатып алу қажет.
Гутенберг жобасы
Гутенберг жобасы – 1971 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ең көне цифрлық кітапханалардың бірі. Онда цифрланған немесе мәтін пішіміндегі мерзімі өткен көркем және ғылыми әдебиеттерді ұсынады.
Оқу үшін жазылу немесе тіркелу қажет емес. Платформада әртүрлі тақырыптардағы кітаптар таңдауы, ыңғайлы кітап сөрелері бар. Мысалы, классикалық немесе балалар әдебиеті, психология және философия кітаптары.
Мәтіндердің көбі ағылшын тілінде. Одан бөлек француз, неміс, финн тіліндегі кітаптар да кездеседі.
Оқи отырыңыз: Ақберен Елгезек: Қазақ тіліндегі кітаптар дүкен бұрыштарында жетімсіреп тұрады
Әлемдік цифрлы кітапхана (WDL)
Әлемдік цифрлы кітапхана – ЮНЕСКО мен АҚШ конгресінің кітапханасы басқаратын халықаралық сандық кітап қоры. Негізгі мақсаты – халықаралық және мәдениетаралық түсіністікке ықпал ету, ғаламтордың мәдени мазмұнын кеңейту және түрлендіру, мұғалімдер, ғалымдар және қызығушылық танытушы барлық азаматқа ақпараттық ресурстарды жеткізу, мемлекетішілік және мемлекетаралық сандық технологиядағы үзілісті қысқарту үшін серіктес-мекемелер арасындағы мүмкіндіктер көлемін ұлғайту.
Қазір қорда шамамен 19 мыңнан астам кітап бар. Арасында Кітаптар мен құжаттар ағылшын, француз, орыс, араб, қытай, испан, португал тілінде. ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан да бірегей рариттер орналастырылған.
Bookland
Bookland – электронды кітаптар дүкені. Онда кей шығармалардың тегін коллекциясы бар. Кітаптар 18 тілде жинақталған. Сонымен қатар платформада кітаптарды өзіңізге ыңғайлы форматта сатып алып, онлайн оқуға болады.
Оқи отырыңыз: Жазушылар одағының мүшесі: Мектептерде социалистік ескі идеологияны насихаттайтын кітаптар әлі тұр
Литмир
Литмир – 360-тан астам жанрдағы 690 мыңға жуық кітап топтастырылған электронды кітапхана. Онда кітаптарды онлайн оқуға немесе жүктеп алуға болады. Жаң мәтндер қосу үшін, сондай-ақ кітап талқылайтын формуға қатысу үшін тіркелу қажет. Қазіргі таңда платформаға 610 мыңнан астам адам тіркелген.
Loveread
Loveread– кітаптарды тегін оқуға болатын электронды кітапхана. Барлық материалдар ашық көздерден алынған. Платформада кітаптарды тек онлайн оқуға болады, жүктеп алу мүмкіндігі берілмеген. Қордағы кітаптар 20-дан астам жанрға бөлінген. Кітаптар орыс тілінде қолжетімді.