Жеті ата – қазақ халқының ежелден келе жатқан шежірелік жүйесі. Ата-бабасының есімдерін шежіреге жазып, әкесінен бастап, атасын, одан кейінгі ата-бабаларын, яғни жеті атасын жатқа айтатын болған. Олардан тараған ұрпақ бір атаның балалары деп есептелген. Жеті атадан тараған ұрпақ жеті рулы елге айналады.

Қазақ халқы ұрпағына кішкентай кезінен жеті атасын жаңылмай атауды үйреткен. Көрген адам "жеті атаң кім?" деп сұрай алған. Жеті атасын білмеуді ұят, ар-намыс деп санаған. 

Алаш қозғалысының жетекшісі, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тараған төре тұқымынан шыққан. Арғы атасы – атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей – осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед туады. Ал Әлиханның баласы – Сергей (Үгедей), Сергейден немересі Евгений, Евгенийден шөбересі Петр туады.

Жеті ата:

  • Бала
  • Әке
  • Ата
  • Арғы ата
  • Баба
  • Түп ата
  • Тек ата

Оқи отырыңыз: Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?


Жеті ұрпақ:

  • Бала
  • Немере
  • Шөбере
  • Шөпшек
  • Немене
  • Туажат
  • Жүрежат

Жеті атаның мәні тегін ұмытпауда ғана емес. Қазақ халқы тектік қорын сақтау, ұрпақ саулығы, қан тазалығы үшін жеті атаға толмай қыз алыспаған. "Есім ханның ескі жолында" жетінші буынға дейін некеге тұруға тыйым салған. Ал Тәуке ханның "Жеті жарғы" заңдарының жинағында болашақ жұбайлардың жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауы талап етілген.

Кезінде жеті атаға жетпей қосылғандарға теріс бата берген, тас атқан, елден аластатқан. Тіпті жерге жатқызып қойып, үстінен мал айдаған. Жылқының құйрығына байлап, сүйреген. 

Жеті атаға қатысты "Жеті атасын білмеген – жетесіз", "Жеті атасын білген жетімдік көрмейді", "Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер. Жеті атасын білмеген, құлағы мен жағын жер" деген мақал-мәтелдер бар.


Қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты материалдарды оқи отырыңыз: