TikTok жұлдызы Хаби Лейм қалай өзінің AI бейнесін миллиард долларға сатты
270 миллион оқырманы бар ең танымал TikTok-блогер Хаби Лейм өзі негізін қалаған Step Distinctive Limited компаниясын америкалық Rich Sparkle Holdings фирмасына 975 миллион долларға ішінара сатты. Келісімшартқа сәйкес, компания алдағы үш жыл бойы Леймнің бүкіл әлем бойынша жарнама мен лицензиялаудан бастап, оның атымен тауарларды сатуға дейінгі барлық кіріс көздерін басқаруға эксклюзивті құқық алады.
Енді блогердің табысы тек жеке жарнамалық келісімшарттарға ғана емес, оның аты тиесілі бизнестің табысына тікелей байланысты болмақ. Бұл үлесті сатып алу ғана емес, контентті коммерциялау саласында революция саналып отыр.
Хаби Лейм кім
Хаби Лейм – әлемге танымал TikTok блогер. 2000 жылы 9 наурызда Сенегалда Дакар қаласында дүниеге келген. Шын аты – Хабане. Бір жасында отбасымен Италияға көшіп барған. 2022 жылы ғана Италия азаматтығын алған.
Ол танымал болмай тұрып Турин маңындағы зауытта жұмыс істеген. 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде жұмысынан айырылып қалған соң TikTok желісінде видео түсіре бастады. Хаби видеоларында интернетте кең тараған лайфхактар мен қиын тапсырмаларды мазақ қылып, үнсіз, бәсең қимылмен ең қарапайым шешімін көрсетеді. Оның контентін қарау үшін тіл білудің қажеті жоқ. Хабидің қимылдарын сөзсіз түсінуге болады. Сондықтан бұл тәсіл оны шетелдік аудиторияға танытып, ең көп жазылушысы бар TikTok блогерге айналды. Хабидің Instagram секілді басқа платформаларда да миллиондаған оқырманы бар.
Хаби 22 жасында Fortune 40 Under 40 және Forbes 30 Under 30 тізіміне енді. Канн фестивалінде TikTok-тағы қысқаметрлі видеоларға қазылық етті. 2025 жылы UNICEF ұйымының ізгі ниет елшісі атанды. Hugo Boss сияқты ірі брендтермен, Juventus FC, Binance, Google, Pepsi сияқты танымал компаниялармен бірге жұмыс істеді.
Былтыр интернетте Хаби жоғалып кетті деген қауесет тараған болатын. Ол 2025 жылы АҚШ-та визасының мерзімі өтіп кеткені үшін Лас-Вегас әуежайында ұсталып, елден кетуге мәжбүр болды.
Оқи отырыңыз: 16 жасқа толмағандарға Instagram мен TikTok-қа тыйым салынуы мүмкін. Депутаттар не дейді
Хаби Лейм өзін сатып жіберді ме
Ең танымал тиктокер өзін "сатып жіберген" жоқ. Ол табысын арттыру үшін одан да ақылды амал тапты. Лейм жасанды интеллект негізіндегі цифрлық көшірмесін жасауға келісім берді. Мұны келісімшарттың ең инновациялық элементі деуге болады. Оның бет-әлпеті, дауысы және мінез-құлқы айнымайтын AI-көшірмесі тәулік бойы бірнеше тілде трансляция жүргізіп, сауда жасай алады. Бұл брендтің қамту аймағы мен мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.
Енді оның цифрлық-көшірмесі Хаби болмаса да жұмыс істей береді, яғни жарнамалар мен промо-контент жасау үшін Хабидің өзі қажет емес. Түсірілім жасайтын кезде Хаби бос болмауы мүмкін. Ал оның цифрлық көшірмесі бірнеше елде бір уақытта әртүрлі контент жасауға мүмкіндік береді.
Хабидің бастамасы әлемдік брендтермен, компаниялармен жұмыс істейтін блогерлердің уақыт тығыздығы, бір жерден екінші жерге сапарлау, бос болмау секілді мәселесін шешіп береді. Хаби секілді қадамға барса олардың цифрлық көшірмелері тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істей береді. Мұның артында жасанды интеллект қана емес, контентті қадағалайтын команда тұратынын айта кету керек.
Бұл жерде Хаби өз-өзін емес, әлеуметтік желілер арқылы қол жеткізген брендін, яғни бет-бейнесін үш жылға бейнені коммерциялық мақсатта пайдалану құқығы шектеулі мерзімге жалға беріп отыр. Хаби тәулік бойы тыным таппайтын AI-көшірмесінің арқасында өзі ештеңе жасамай-ақ ақша табады.
AI-көшірме дұрыс қолдана білгенге шексіз ресурс болып отыр. Хаби Лейм бренді жай ғана блог емес, бизнес-модель екенін көрсетті.
Осылайша TikTok-блогердің жеке бренді аудиторияға өзін таныту құралы емес, ақша табатын активке айналды.
Хаби бұдан қанша пайда табады
Хаби Лейм мен Rich Sparkle Holdings арасындағы келісімшарт маркетинг саласындағы биылғы ең ірі келісімдердің бірі деп бағаланып отыр.
Rich Sparkle Holdings TikTok-блогердің Step Distinctive Limited компаниясын сатып алғанымен, төлемді ақшалай жасаған жоқ. Төлем ақша түрінде емес, акциялармен жасалды. Осы келісім үшін шамамен 75 миллион жаңа акция шығарылды.
Хаби Лейм бұл келісімде 49% үлеске ие және Rich Sparkle құрамында бақылаушы акционер ретінде қалады. Осылайша ол брендін коммерциялап, өзі эфирге шықпай-ақ, промороликтерге түспей-ақ пайда таба береді. Бұл бұрынғы ай сайынғы демеушілік немесе бір реттік жарнама келісімдерінен өзгеше. Екіжақты келісім бизнес модельге айналады.
Rich Sparkle компаниясы осы интеграцияланған модель арқылы жылдық кірісті коммерция деңгейінде 4 миллиард АҚШ долларына жеткізуді жоспарлап отыр.
Блогер осы технологияны басқаратын компанияның ірі акционері ретінде акциялар арқылы табыс табады. Алайда кейбір талдаушылар бұл мәміленің бастапқы бағасын қазіргі акция бағасына қарағанда тым жоғары деп есептейді.
Оқи отырыңыз: Стритлифтинг, воркаут және спорт трюктері. TikTok-тағы қазақстандық спорт насихатшылары кімдер?
AI-көшірмені лицензиялау
Жасанды интеллект қарыштап дамығалы дипфейк кең таралып отыр. AI көмегімен кез келген адамның түрі мен дауысын айнытпай сомдайтын видео жасауға болады. Әсіресе алаяқтар танымал адамдардың бейнесін өз мақсаттарына пайдаланып, олардың келісімінсіз видео жариялап жібереді. Дипфейкпен күресу қиын заманда Хаби Лейм AI көшірмесін лицензиялап, өзі басқара алатындай қадамға барып отыр.
Сондықтан әлеуметтік желілерде аудиториясы көп адамдар қазірден AI-көшірмесін басқара білуі керек. Танымал TikTok-блогер Хаби Леймнің бұл мәмілесі әлеуметтік маркетинг саласында "төңкеріс" болды. Ол "уақыт = ақша" деген ескі формуланы бұзып, "бейне = актив" деген жаңа жүйеге көшті.
Хаби Леймнің AI көшірмесін жасағанда оның бет-әлпеті және қимыл-қозғалысы, дауысы толықтай цифрланады. Оның көшірмесі Хабидің дауысын айнытпай кез келген тілде сөйлей алады. Осылайша Хабидің бренді белгілі бір аумақпен шектеліп қалмай, әлемнің кез келген аймағына арнап жарнама жасауға мүмкіндік береді.
Хабидің "бейнесі" тек жарнамалаумен, сауда жасаумен шектелмейді. Оның бейнесі фильмдерде, компьютер ойындарында көрініс табуы мүмкін.