Ләззат Ибрагимова алты жылдан бері "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы қызметін атқарып келеді. Еңбек жолын университетте сабақ беріп бастаған ол "Даму" қорының басшысы, "Бәйтерек" холдингі төрағасының орынбасары сынды түрлі жоғары қызметтерді атқарды. Ләззат Ибрагимова Technowomen Central Asia форумында әйелдердің тұлғалық дамуына әсер ететін бес қадам туралы айтып, жетістікке жету жолын атады. 

Ләззат Ибрагимова Technowomen Central Asia форумына қатысты 

Өзіңе сену

Өзіңе сену керек. Көшбасшы болудың кілті – өзіңе сену. Ең алдымен, жоспарлау. 1993 жылы қарашада тұрмыс құрдым. Сол жылы төл валютамыз теңге айналымға енді. Студенттік жатақханада тойымыз өтті. Таршылық көрген, азық-түлік алу үшін дүкенге белгілі бір уақытта бару керек кез еді.

Бір күні он жылдан кейінгі өмірімді көз алдыма елестетіп, блокнотыма төрт бөлмелі пәтерде тұрамын, үш балам болады, экономика ғылымдарының кандидаты атанамын деп жаздым. Бетін ашық қалдырып кетіппін. Жолдасым оқып қойып, "үш бөлме де жетпей ме?" деп күлді. Біреудің жазғанын қалай оқуға болады деп ренжіп, блокнотты жыртып тастадым.

2003 жылы қарашада кандидаттық диссертациямды қорғадым. Сол жылы желтоқсанда төрт бөлмелі пәтер сатып алдым. Екі балам болды. Қағаз бетіндегі дүниелер орындалды. Сондықтан өзіңізге сену үшін жоспарлап үйреніңіз. Он жылдан кейін қандай адам болатыныңызды, не істейтініңізді жазыңыз. Сөзсіз орындалады.

Екінші қадам – жақындарыңызға сену. Басқаларға деген сенімді жоғалтып алдық. Өзіңді, туыстарыңыз бен жақындарыңызды құрметтеудің ең биік үлгісі еді. Енесі, жолдасы қолдау көрсетпейтінін айтып жатады. "Өздерімен сөйлесіп көрдің бе?" деп сұраймын. Отбасының сенімі ақшадан да қымбат.

Марқұм енем он бала тәрбиеледі, мектеп директоры болды. Кандидаттық диссертациямды жазып бастағанда "Ләззат, диссертацияңды жаз, біздің үйден де ғылым кандидаты шыға ма?" дейтін. "Шығады" деймін. 1994 жылы екінші балам дүниеге келгенде енем мемлекеттік емтиханды жақсы тапсыруым үшін күн сайын 60 шақырым жерден электричкамен Целиноградтағы жатақханаға келіп-кетіп жүрді. Енем жетістігіме қатты қуанды, бірақ диссертация қорғағанымды көрмей кетті. Мен отырған бөлменің есігін жауып, тұтқасын қызыл лентамен орап қоятын. Басқаларға "Ләззат диссертация жазып жатыр, шуламаңдар" дейтін.

Сенімді жоғалтып жатырмыз. Әріптестеріңізге сеніңіздер. Жоспарды ешкімге айтпауды үндейтін кітаптар көп. Олай емес. Сенетін адамға айтыңыздар. Олар сізге көмегін аянып қалмайды.

Үшінші қадам – кәсіби және тұлғалық потенциалды пайдалану. Өз салаңыздың кәсіби маманы болғыңыз келсе талант ең маңызды нәрсе емес. Ең алдымен, бір нәрсеге зейін қоя білу керек. Отбасы банкті басқаруға келгенде Қазақстанда баспанамен қамтудың әртүрлі моделімен жұмыс істей алатын сарапшылар аз еді.

Профессионализмге жету жолы тым қарапайым. Күн сайын цифрларды зерттеймін. Кітап болсын, зерттеу болсын көп әрі мұқият оқимын, қажет тұсын жазып аламын. Мені энциклопедия көретіндер бар. Олай емес. Қол қусырып қарап отырмай, бәрін жаттап алған адаммын. 

Әр шешімге жауап беру

Төртінші қадам – шешімдерге жауап беру. Өміріміздің бәрі таңдаудан, шешімнен тұрады. Бала туу да, білім алу да – шешім. 2017 жылы Назарбаев университетіне оқуға түспек болдым. Батыстың білім беру моделінің қандай екенін білгім келді. Оған қоса, 45 жасымда оқуға түссем, балаларыма үлгі боламын ғой деп ойладым. Оларға да "анам оқыды ғой" деп 35-45 жасында оқуға тура келеді. 

Бесінші қадам – үнемі өзіңді жетілдіру.  Құндылықтардан принциптер құрылады. Принциптер мақсат пен міндеттерді айқындайды. Сондықтан құндылығыңызды түсіну керек.

Мысалы, мен үшін материалдық игілік құндылық емес. Кейбір әйелдерге әдемі киінген, гауһар таққан ұнайды. Оған хақы бар. Олар әлемге сол үшін келді. Олар әлемді әрлейді. Бірақ мен үшін ол құндылық емес. Үнемі жоғалтып ала берген соң, қымбат зат сатып алмаймын деп шештім. Мен үшін құндылық – білім мен біліктілік.


Ләззат Ибрагимова оқуға ұсынатын кітаптар:

  • "Жаспаз жандардың 7 дағдысы". Стивен Кови;
  • "Өмірден мән іздеген жан". Виктор Франкл;
  • "Тайм-драйв". Глеб Архангелский;
  • "Данышпандар және аутсайдерлер". Малкольм Гладуэлл;
  • "Жеңіліссіз келіссөздер: Гарвард әдісі". Р. Фишер, У. Юри, Б. Паттон;
  • "Желмен ғайып болғандар". Маргарет Митчелл;
  • "Эмоционалды интеллект", Д. Гоулман