Қазіргі қоғамда ұрпақаралық айырмашылықтар жөніндегі пікірталастар жиілеп келеді. Бұл тек күнделікті тұрмыстық әңгімелердің деңгейінде ғана емес, психология, әлеуметтану, маркетинг, білім беру, тіпті саясат секілді салалар үшін де аса маңызды зерттеу нысанына айналды. Pew Research Center, McKinsey & Company, Deloitte, World Economic Forum, Gallup тәрізді беделді ұйымдардың жүргізген зерттеулері ұрпақтар арасындағы ерекшеліктерді ғылыми негізде түсіндіруге жол ашады. Осы ғылыми зерттеулерді назарға ала отырып үш негізгі буын: бумерлер (1946–1964), миллениалдар (1981–1996) және зумерлер (1997–2012) туралы барынша жан-жақты, кең ауқымды ақпарат ұсынамыз. 

I. Бумерлер (Baby Boomers)

Бумерлер ұрпағы – екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, әлем біртіндеп бейбіт өмірге бет бұрған, экономикалық өрлеу мен әлеуметтік тұрақтылық орнаған кезеңде дүниеге келген буын. Сол уақыттың рухы оларды еңбекқор, тәртіпке берік, отбасылық құндылықтарды жоғары қоятын, ұзақ мерзімді жұмысқа адал ұрпақ ретінде қалыптастырды. Материалдық қауіпсіздік пен жинақылыққа ерекше мән беруі – бастан өткерген тарихи қиындықтардың заңды жалғасы. Gallup жүргізген зерттеу нәтижелері бумерлердің басым бөлігі жұмысына айрықша адал екенін көрсетсе, АҚШ Федералдық резервінің деректері бұл буынның қоғамдағы байлықтың жартысынан астамын иеленіп отырғанын айғақтайды.

Фото: https://pixabay.com/ru/users/ds_30-1795490/

"Олар үшін үнемшілдік – күнделікті дағды, ал саяси тұрақтылық – құндылық. Дегенмен, технологиялық өзгерістердің қарқынына ілесу бұл буын үшін оңай емес: смартфонды белсенді қолданатындар үлесі әлі де төмен, жаңашылдықты қабылдау да баяу. Жастармен коммуникацияда буындық алшақтық сезіліп тұрады, ал ақпараттық кеңістікте фейк жаңалықтарға сену ықтималдығы жоғары. Соған қарамастан, бумерлер әлі күнге теледидардан жаңалық көруді құп көреді, әлеуметтік желілердің ішінде Facebook-ті жиі қолданады және еңбектің қадірін білетін ұрпақ ретінде мүлік жинауды өмірлік тұрақтылықтың басты өлшемдерінің бірі санайды", – деп түсіндірді психолог Жібек Абжанова. 


Оқи отырыңыз: Көзге қарап, жүректің жағдайын қалай білуге болады?


Басты сипаттамалары:

  • тәртіп пен еңбекқорлыққа берік;
  • дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ұстанады;
  • ұзақ мерзімді жұмысқа бейім;
  • материалдық қауіпсіздікке ерекше мән береді.

Артықшылықтары:

  1. Жоғары еңбек дисциплинасы. Gallup зерттеуі (2020) – бумерлердің 64 пайызы жұмысқа адалдығымен ерекшеленеді.
  2. Қаржылық тұрақтылық. Federal Reserve (2019): жалпы байлықтың 50 пайыздан астамы бумерлерге тиесілі.
  3. Үнемшілдік. Қиындық көрген кездерден өткендіктен қаржыны сақтықпен жұмсайды.
  4. Саяси тұрақтылық тудыратын буын.

Кемшіліктері:

  1. Технологияға бейімделу баяу. AARP 2018: смартфонды белсенді қолданатын бумерлер үлесі – 68% ғана.
  2. Жаңашылдықты қабылдауы қиын.
  3. Жастармен коммуникацияда буындар арасындағы алшақтық байқалады.
  4. Фейк жаңалықтарға сенім деңгейі жоғары.

Ерекшеліктері

  • әлі де теледидардан жаңалық қарайды;
  • әлеуметтік желілерде Facebook олар үшін ең танымал платформа болып отыр;
  • мүлік жинауға зор мән береді.
Фото: pixabay.com

II. Миллениалдар (Generation Y)

Миллениалдар ұрпағы – интернеттің жедел таралуы, ұялы байланыстың дамуы, жаһандану үдерістері мен жиі қайталанған экономикалық күйзелістер тұсында қалыптасқан ерекше буын. Осындай құбылмалы кезең олардың дүниетанымына еркіндікке ұмтылу, жеке даму мен өзіндік жолын табуға құштарлық сияқты қасиеттерді дарытты. Бұл буын үшін корпорация беделінен бұрын өмір сапасы, ішкі үйлесім мен әлеуметтік әділеттілік маңыздырақ. Жаһандық көзқарастың ықпалы күшейіп, әлемді біртұтас кеңістік ретінде қабылдайтын ұрпаққа айналды. Deloitte зерттеуі миллениалдардың жұмыс орындарындағы цифрландырудың негізгі қозғаушы күші екенін көрсетсе, Harvard Business Review олардың шығармашылыққа бейімділігі мен стартаптар нарығындағы басымдығын дәлелдейді. Экология, құқық, инклюзия секілді қоғамдық мәселелерге белсенді араласуы да – осы буынның ерекшелігі.

"Бумерлермен салыстырғанда мүлік жинау мүмкіндігі төмен, несиеге тәуелділік жоғары, үнемдеу дегенді білмейді. Көпшілігі қарқынды еңбек ырғағы мен жоғары талаптардың әсерінен эмоционалдық шаршауды жиі сезінеді, ал жұмыс нарығында тұрақты бір орынға байланып қалудан гөрі, мүмкіндігі мол ортаға жиі ауысуды жөн көреді. Дегенмен, олар жұмыс пен жеке өмір тепе-теңдігін басты қағида санап, қысқа әрі үстірт контенттен гөрі мазмұнды ақпаратты көбірек тұтынады. Instagram мен YouTube бұл буын үшін негізгі ақпараттық алаңға айналып, олардың әлемді тану, өз ойын жеткізу және қоғаммен байланыс орнату әдістерін айқындап отыр", – деді психолог Назира Бурханова. 


Оқи отырыңыз: "Ішімдік – еркіндіктің емес, аурудың бастауы". Психолог тәуелділіктің жасырын себептері туралы


Басты сипаттамалары:

  • жеке даму мен еркіндікке құмар;
  • корпорация емес, өмір сапасын бағалайды;
  • әлеуметтік әділеттілікке бейім;
  • Global mind-set – жаһандық ойлау.

Артықшылықтары:

  1. Технологияны тез игеру. Deloitte (2021): миллениалдар – жұмыс орындарындағы цифрландырудың негізгі драйвері.
  2. Креативтілік пен инновация. Стартаптардың көпшілігі осы буынға тиесілі (Harvard Business Review, 2019).
  3. Әлеуметтік ашықтық: экология, құқық, инклюзия мәселелеріне белсенді араласады.
  4. Коммуникация дағдылары жоғары.

Кемшіліктері:

  1. Экономикалық қиындықтар. Federal Reserve мәліметінше, миллениалдардың мүлік иелену деңгейі бумерлерден 20% төмен.
  2. Үнемдеуде әлсіздік.
  3. Кредиттік тәуелділік жоғары.
  4. Эмоциялық шаршау, бёрнаут. Gallup мәліметінше, миллениалдардың 44 пайызы бёрнаут белгілерін сезінеді.
  5. Бір жұмыс орнында ұзақ тұрақтай алмайды. Бір орыннан екіншісіне жиі ауысады.

Ерекшеліктері

  • Жұмыс пен өмір теңдігін (work-life balance) бірінші орынға қояды.
  • Қысқа форматтағы контентке емес, ақпараттық материалдарға көбірек қызығады.
  • Instagram мен YouTube – басты ақпарат көздері.
    Фото: pixabay.com

III. Зумерлер (Generation Z)

Зумерлер – цифрлық дәуірдің нағыз төл перзенттері. Олар үшін смартфон, жоғары жылдамдықты интернет, TikTok секілді платформалар – өмірдің ажырамас бөлігі, табиғи ортасы іспетті. Толықтай сандық әлемде қалыптасқан бұл буын аутенттілікке ұмтылып, еркін ойлауға бейім, ақпаратты көз ілеспес жылдамдықпен сүзгіден өткізе алады және визуалды контентті ерекше артық көреді. Pew Research деректеріне сүйенсек, зумерлердің басым көпшілігі – смартфон иелері, сондықтан технологияны интуитивті түрде меңгеруі заңды құбылыс. Олар икемді жұмыс үлгілерін, фриланс пен гибридті форматтарды оңай қабылдайды, ал креативті экономикада – әсіресе TikTok секілді платформаларда – жетекші күшке айналған.

"Әлеуметтік әділетсіздікке төзбеушілігі жоғары, қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамайтын белсенділігімен ерекшеленеді. Алайда, бұл буынның әлсіз жақтары да жоқ емес: стреске бейімділігі, психикалық денсаулық мәселелерінің жиіленуі, ақпараттық тасқынның әсерінен зейіннің қысқаруы анық байқалады. Әлеуметтік желілердің ықпалынан өзге­лермен өзін салыстыру деңгейі жоғары болып, кәсіби тұрақтылыққа ұмтылудан гөрі еркіндікке басымдық береді. Зумерлердің басты күнделікті ақпарат алаңдары – TikTok пен Instagram Reels, ал мамандық таңдау барысындағы еркіндігі оларды үнемі ізденіс үстіндегі буын етеді. Олар кез келген брендтен ең алдымен шынайылық пен ашықтықты талап етіп, жасандылықты бірден сезе қоятын жаңа дәуірдің сыншыл әрі сергек ұрпағы ретінде көрінеді", – деді психолог Лаура Сүйіндік. 


Оқи отырыңыз: Өзіңізде депрессия барын қалай білуге болады және одан дәрігерсіз емделу жолы қандай


Басты сипаттамалары:

  • аутенттілікке ұмтылу;
  • еркін ойлау;
  • жылдам ақпарат өңдеу;
  • визуалды контентті артық көру.

Артықшылықтары:

  1. Технологияны интуитивті меңгеру. Pew Research дерегінше, зумерлердің 95 пайызы смартфон иелері.
  2. Икемділік. Түрлі жағдайға тез бейімделеді – фриланс, гибридті жұмыс режимін жақсы көреді.
  3. Креативті экономикада көшбасшы. TikTok контент жасаушылардың көпшілігі осы буын.
  4. Әлеуметтік сезімталдық. Әділетсіздікке төзбеушілік жоғары.

Кемшіліктері:

  1. Психикалық денсаулық мәселелері. APA мәліметінше, күйзеліске ең бейім буын – зумерлер.
  2. Зейіні тұрақсыз. Microsoft Study дерегінше, видеоның алғашқы 8 секунды қызық болмаса – қызығушылық жоғалады.
  3. Әлеуметтік салыстырудың жоғары болуы.
  4. Әлеуметтік желінің әсері зор.
  5. Жұмысқа ұзақ байлануды қаламайды.

Ерекшеліктері

  • TikTok, Instagram Reels – күнделікті ақпарат көзі;
  • кәсіп таңдауда еркін, тіпті жиі өзгертіп отырады;
  • брендтерден аутенттілік пен ашықтықты талап етеді.

"Қорыта айтсақ, үш буынның құндылықтары мен көзқарастарындағы айырмашылықтар қоғамның даму жолын айқын көрсетеді. Бумерлер үшін ең маңыздысы – тұрақтылық, тәртіп пен материалдық қауіпсіздік. Олар өмірдің сенімді іргетасына мән береді. Миллениалдар еркіндікке, шығармашылыққа, жеке өмір сапасына көбірек көңіл бөледі, ал зумерлер өзін-өзі еркін білдіруге, цифрлық әлемнің мүмкіндіктеріне және жылдам өзгерістерге бейім. Технологиямен байланыс тұрғысынан да буындар айқын ерекшеленеді: бумерлер жаңа технологияларды сақтықпен қабылдап, біртіндеп меңгерсе, миллениалдар оларды толық игерген, ал зумерлер технологияның өз ішінде туған буын ретінде оны табиғи орта деп қабылдайды. Ақпаратты тұтыну да әртүрлі: бумерлер әлі күнге дейін теледидар мен газеттің ақпаратын құп көрсе, миллениалдар YouTube пен Instagram-ды негізгі құрал етеді, ал зумерлер үшін TikTok пен түрлі стриминг платформалары басты ақпарат көзіне айналған. Жұмыс мәдениетінде де айырмашылық айқын сезіледі: бумерлер бір мекемеде ондаған жыл еңбек етуге дағдылы болса, миллениалдар икемділікті, жұмыс пен өмір теңдігін қалайды, ал зумерлер жобалық форматқа, қысқа циклді, нәтижеге бағытталған жұмыс стиліне көбірек бейім", – деп түсіндірді психолог Лаура Сүйіндік.

Дегенмен адамның қай жылы туғанына қарамастан, өзін іштей жас та, ересек те сезінетін сәттері болады. Жуырда ғана актер Роберт Паттинсон өзін миллениал емес, зумер ретінде сезінетінін айтқан еді. 

Голливуд жұлдызы Роберт Паттинсон өзін миллениал ұрпағына жатқызудан бас тартып, керісінше зумер сезінетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Vanity Fair журналына берген сұхбат барысында, детектормен тексеріс кезінде айтты.

Актёр Дженнифер Лоуренспен бірге шындық тестінен өтіп жатқан сәтте әңгіме ұрпақ тақырыбына ауысқанда, 39 жастағы Паттинсон еш ойланбастан:

"Мен миллениал емеспін. Мен зумермін", – деп жауап берді.

Бұл сөзге Лоуренс әзілмен:

"Онда сен қашаннан бері 17-десің?" – деп сұрады.
"Біраз болды", – деп актёр өте байсалды түрмен жауап қатты.

Көрермендер Паттинсонның мұндай мәлімдемесін оның өзін әлі де жас сезінетінімен байланыстырды. "Бэтмен" жұлдызының ішкі жасы паспорттағы жасынан әлдеқайда төмен екені анық байқалады.

Ал сіз ше? Өзіңізді рухани тұрғыда қай буынға жатқызар едіңіз?