Зират – қайтыс болған адамды жерлейтін белгілі бір қауымға тән жерлеу орны. Қабірге ақыретті еске алып, ғибрат алу және қайтыс болған кісілерге жарылқау тілеп, Құран оқып, оларға сауабын бағыштау мақсатында зиярат етіледі.

"Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: "Мен сендерге қабірлерді зиярат етуге әуелгіде тыйым салған едім. Бұдан былай зиярат ете беріңдер", – десе (Мүслим), тағы бір хадисте: "Қабірді зиярат ету ақыретті еске түсіреді", – деген (Термизи). Қабірді зиярат етудің арнайы әдептері бар. Сондай әдептің бірі – қабір басына барғанда Құран аяттарын оқып, сауабын марқұмға бағыштап, дұға ету. Зират басында Құран оқып, дұға бағыштауды төрт мәзһаб ғалымдары мақұлдаған. Мұсылман адам қабір басына барғанда өзі білетін, жаттаған сүрелерін, аяттарын оқиды. Алайда төмендегі сүрелерді, аяттарды оқу жайында хадистерде, әсарларда (сахабалар мен табиғиндердің сөзі) келген", – деп жазды Медет Құрмашұлы.

"Йәсин" сүресі

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: "Йәсин" – Құранның жүрегі. Бір адам оны Алла разылығы және ақырет жұртын талап етіп оқыса, әлбетте күнәсы кешіріледі. Дүниеден қайтқандарға да "Йәсин" сүресін оқыңдар", – десе, басқа риуаятта: "Өлгендеріңе "Йәсин" сүресін оқыңдар", – деген. Мысырдың бұрынғы мүфтиі, доктор Әли Жұма: "Мәйітке оқылатын абзал сүре – "Йәсин". Өйткені бұл сүрені оқу оған қабір азабын жеңілдетеді және қабірін нұрландырады", – деген.

"Фатиха" және "Бақара"

"Фатиха" және "Бақара" сүресінің алғашқы 5 аятын, соңғы аяттарын оқу. Абдулла ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта: "Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін естідім: "Араларыңдағы біреу қайтыс болғанда, оны көп күттірмей, қабірге қоюға асығыңдар. Жерленген соң біреуің басында тұрып, "Фатиха" сүресін, аяқ жағында тұрып "Бақара" сүресінің соңғы бөлігін оқысын", – деген. Басқа риуаятта: "Фатиха" орнына "Бақара" сүресінің алғашқы аяттарын оқыңдар", – деп келген.

"Фатиха", "Ықылас", "Тәкәсур"

"Фатиха", "Ықылас", "Тәкәсур" сүрелерін оқу. Хадисте: "Кім мазарға кіргенде, "Фатиха" сүресін, "Қул һу Аллаһу ахад" сүресін, "Әл-һәкумут тәкәсур" сүресін оқып, кейін: "Алла, Сенің кәләмыңнан оқығанымның сауабын осы қабірдегі мүмин ер мен мүмин әйелдерге бағыштадым" десе, олар оған шапағатшы болады", – делінген. Сондай-ақ "Фәлақ", "Нас" секілді сүрелерді оқуға қатысты да әсарлар келген. Ханбали мәзһабының ғалымы Хафиз әл-Мақдиси: "Бұл хадистердің дәрежесі әлсіз болғанымен қабір басында Құран оқудың дінде негізі бар екеніне дәлел. Мұсылмандар барлық уақытта дүниеден өткен марқұмдарға Құран оқып келген", – деген.

Қорыта айтқанда, әһлі әс-сунна сенімі бойынша, дүниеден өткен марқұмдарға Құран оқып, сауабын бағыштаса, сауабы оларға барады.