Балгер мен көріпкелге сенудің Исламдағы үкімі қандай
Экс-министр Қуандық Бишімбаев сот отырысында Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні көріпкелге хабарласып, не үшін көмек сұрағанын айтты. Кейін көріпкелден де жауап алынды.
Тылсым дүниеге сеніп, көріпкел, балгер, құмалақшыға жүгінетіндер жоқ емес. Ислам діні адамның өткен шағы мен болашағы туралы хабар беруге қалай қарайды? Біреудің тағдырын болжаудың, көріпкелге сенудің шариғат үкімі қандай? Информбюро порталы осы сұраққа жауап іздеді.
Жын-шайтанмен байланыс
Ислам дінінде көріпкелдік – жынменен дос болып, одан сұрап білу және бұларды басқаларға айту деген сөз. Ғайыпты білемін деп жария қылушыларға сиқыршылар, тәуіп, емшілер, көріпкелдер, құмалақшылар, жұлдызшылар, бақсы-балгерлер жатады. Олар түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен, сиқыр жасаумен айналысады. Адамның өткен шағы мен болашағы жайлы айтқысы келеді. Ал олардың айтқанына сену – Аллаға күпірлік ету.
Адамдар көріпкелдер жайлы сұрағанда Мұхаммед пайғамбар: "Олар түкке тұрғысыз",– деп жауап берген. Олардың сөзі кейде рас боп шығатынын айтқанда Пайғамбар (с.ғ.с.): "Ол бір шындық сөзді жын естіп, серігінің (көріпкелдің) құлағына сыбырлайды, ал ол оған жүз жалған сөзді араластырып айтады", – деген екен.
"Биргиуи өсиетнамасы" кітабында: "Кімде-кім "мен ұрланған, жоғалған нәрселерді білемін" десе, мұны айтқан адам да, бұған сенген адам да кәпір болады. Өйткені ғайыпты жын да білмейді. "Маған жын хабарлайды, сондықтан білемін" десе де кәпір болады. Өйткені жын да ғайыпты білмейді. Ғайыпты тек қана Алла Тағала", – делінген.
Жындар үшін мыңдаған шақырым жерге барып қайту бір мезеттің ісі. Кей көріпкелдер өзіне келген адамдар туралы толық мәліметті жындардың көмегі арқылы біледі. Екінші бір күштің сыбырлап айтып жатқанын, бойында керемет қасиет пайда болды деп ойлайды. Жындардың ғайыппен байланысты мағлұматтардан бейхабар екені анық, олар тек адамдарға белгісіз кейбір мәліметтерді ғана жеткізе алады. Көбіне олар, көктегі періштелердің әңгімесіне тыңшылық жасайды. Осы тыңшылықтан алған мәліметтерін жердегі достарына өтірік қосып жеткізеді.
Алла Тағала бұндай адамдардың өтірікші екенін былай жеткізді: "Шайтандар кімге түседі, сендерге хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәһарға түседі. Олар шайтандарға құлақ салады. Олардың көбі өтірікші".
Оқи отырыңыз: "Мастықпен айтылған сандырақ деп ойладым". Көріпкел Бишімбаевқа неліктен Нүкенова оянатыны туралы жазғанын түсіндірді
Ғайыпты Алла ғана біледі
Көріпкелдер өздерін ғайыпты білуші санайды. Алайда ғайып тек Аллаға аян. Ғайыпты тіпті таңдаулы пайғамбар да, ең ұлық періште де білмейді. Құран Кәрімде: "Көктер мен жердегi көместi Алладан басқа ешкiм бiлмейдi", – деп жазылған. "Әнғам" сүресінде: "Ғайыптың кілттері Оның қасында! Оларды білетін тек Ол ғана", – делінген. Ал "Жын" сүресінде "Алла Тағала ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды…" – деп баяндалған.
Демек, ғайыпты Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді. Ислам дінінде әлемдегі барлық құбылыс пен өзгеріс Алла Тағаланың қалауымен ғана жүзеге асады делінген. Сонымен қатар, тағдырды, болашақты Алладан басқа ешкім білмейді. Бұл жайында "Ағраф" сүресінде былай делінген:
"(Ей, Мұхаммед) оларға: "Мен, Алла қаламайынша, өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын. Егер ғайыпты (болашақты) білетін болсам (еш уақытта шығынға ұшырмай) әрдайым мол табысқа кенеліп отырар едім һәм (алдағы қауіп-қатерден алдын-ала сақтанар едім де) басыма ешқандай жамандық та, бәле-жала да келмес еді".
Адамзаттың ең ардақтысы, Алланың сүйікті құлы Мұхаммед пайғамбардың өзіне де ғайып мәлім емес. Сондықтан өзін ғайыпты білуші, ерекше күштің иесі, әруақпен тілдесіп болжам жасаушы деушілердің барлығы күнәһар саналады.
Оқи отырыңыз: Бас ауырып, балтыр сыздаса, бірден балгерге баратындар көбейді. Бұл медицина дәрменсіздігінің белгісі ме?
Көріпкелдікпен айналысу – харам
Фиқһ ғалымдары пікірінше, көріпкелдікпен айналысу (ғайыпты білемін деп жариялау) және сол ісін кәсіп етіп тапқан табысы – харам. Бұл шариғат рұқсат етпеген жолмен келген ақша. Сонымен бірге, "тәуіпке барып өткен және болашақ жайлы немесе бір істің немен бітерін сұрау да харам" деп пәтуа берген.
Балгер, көріпкел өзін ғайыпты білемін деп жатса, ал адам одан ғайыпты сұрауға барса, онда олар ғайыпты тек Алланың білетінін теріске шығарып, Құран аятына қарсы шығады. Ал бұл – үлкен күнә.
Мұхаммед пайғамбар: "Кімде-кім балгерге, сиқыршыға, не сәуегейге барып бір нәрсе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік еткен болады", – деген.
Хадис шәрифте: "Ырымға сенген, көріпкелдікпен айналысқан, көріпкелге барған, сиқырмен айналысқан, сиқыр жасатқан және бұларға сенген адам бізден емес. Құран кәрімге сенбеген болады", – деп жазылған.
"Сиқыр (дуалау) – ғылымға сәйкес келмейтін, жасырын себептер қолданып, әдеттен тыс нәрселерді жасауды талап ететін әрекеттер. Сиқырды үйрену және үйрету – харам. Мұсылмандарды зияннан қорғау мақсатымен үйрену де харам болады", – деген Хазреті Ибн Абидин.
Оқи отырыңыз: Әулие, бақсы-балгер және тылсым күш туралы алып-қашпа әңгімелер қаншалықты шын?
Үкім:
- Алланың құдіретіне шәк келтіру және адамның тағдырын болжау – харам.
- Тылсым күштермен айналысуға, соларға жүгінуге шариғат қатаң түрде тыйым салады.
- Мұсылман адам тағдырға иман келтіріп, жақсылық пен жамандықты бір Алладан деп сеніп, болашақты болжайтын түрлі наным-сенімдерден аулақ болуы тиіс.
Көріпкелдікке қатысты хадис шәрифтер
- "Опатқа жетелейтін жеті нәрсенің бірі сиқыр" (Бұхари)
- "Жіпке үрлеп түйіндеген адам сиқыр жасаған болады. Ал сиқыр жасаған адам Аллаһқа ширк қосқан болады." (Нәсаи)
- "Палшыға, сиқыршыға, көріпкелге барып олардың айтқандарына сенген адам Құран кәрімге сенбеген болады." (Табарани)
- "Сиқыршыға сенген адам жаннатқа кіре алмайды." (И. Хиббан)
- "Ғайыптан хабар беру мақсатымен жұлдыз ілімімен айналысқан адам, сиқыршы секілді күнәға батады." (Ибн Мажә)
- "Палшыға пал аштырған адам оның сөзіне сенбесе де, қырық күн оқыған намазы қабыл болмайды." (Мүслім)
- "Пал ашу, жазу және сызу арқылы болашақтан хабар беру, пұтқа табынумен тең" (Әбу Дауд)
- "Әйелімен күйеуін бір-біріне шақыстырған Аллаһтың лағынетіне ұшырайды." (Әл-Әнуар)
- "Анамен баланың, бауырмен бауырдың арасын суытқанға лағынет болсын!" (Ибн Мажә)
- "Көріпкелдік, палшылықпен табылған ақша харам болады." (Бұхари)
Адамды құрдымға жетелейтін мына жеті нәрседен сақтаныңдар делінген:
- Аллаһқа ширк қосу,
- Сиқыр жасау, дуалау,
- Адам өлтіру,
- Пайыз жеу,
- Жетімнің мүлкін жеу,
- Жиһадта майданнан қашу,
- Тұрмыстағы ар-намысты әйелге зина етті деп жала жабу." (Бұхари, Мүслім)
Материал ҚМДБ және Қарағанды облыстық мешітінің ресми сайтында және islamdini.kz сайтында жарияланған мәліметтерге негізделген.