"Абайдың қара сөзінен бастап Алхимикке дейін". Шыңғыс Мұқан жастарға оқуға ұсынған 5 кітап
Сондай-ақ маркетолог Мирас Кесебев әр қазақ оқуы тиіс 5 кітаптың тізімін ұсынады.Кітап оқу – миды дамыту үшін ең пайдалы жаттығу. Себебі кітаптағы сөздер мен оқиғалар адамның қиялын дамытып, сөздік қорын байытады. Сондай-ақ кітап оқу күрделі мәселелердің шешімін оңай табуға, есте сақтауды жақсартуға тікелей әсер ететіні дәлелденген.
Осы орайда "Мазмұндама" жобасының авторы, аудармашы Шыңғыс Мұқан мен жазушы, маркетолог Мирас Кесебев әр қазақ оқуы тиіс 5 кітаптың тізімін ұсынады.
Шыңғыс Мұқан, "Мазмұндама" жобасының авторы, аудармашы:
- Абайдың "Қара сөзі". Бұл – әрбір қазақтың үстел үстінде жататын кітабы. Меніңше, қазақтың ары – Абай десек, қара сөз – әрбір қазақтың айнасы. Таңертең тұрғанда айнаға қарайсыз ғой, сол сияқты жиі-жиі жанымыздың айнасына үңіліп отыру үшін Абайдың "Қара сөзін" оқыңыз.
- "Өмірден мән іздеген жан", Виктор Франкл. Адам дүниеге келген соң, қаласа да, қаламаса да, түрлі қиындықтарға тап болады. Қиындықтардан мүмкіндік көре білген адам өседі. Қиындықты жеңе білу үшін өмірдің мәнін білу маңызды.
- "Алхимик", Пауло Коэльо. Әлемде ең көп сатылған кітап. Автор ғаламның заңын көркем тілмен баяндайды: адам нені іздесе, соны табады.
- "Дос табу және адамдарға ықпал ету өнері", Дейл Карнеги. Адамның жетістігінің 80% өзіне емес, өзгелерге байланысты екен. Демек адамдармен тіл табыса білу адамды табысты етеді.
- "Парфюмер", Патрик Зюскинд. Бұл кітаптан бір жендеттің әсемдік үшін қыздарды қыратынын емес, адам баласы өз мақсаты үшін төңірегіне, жер жаһанға еш жанашырылығы жоқ екенін түсіндім.
P.S. Әрбір адам оқуға тиіс кітаптың тізімі мұнымен шектелмейді. Тізімге әлем әдебиетін де, танымдық әдебиетті де қосуға тырыстым.
Оқи отырыңыз: Баланы кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Психолог кеңестері
Мирас Кесебаев, жазушы, маркетолог:
- "Адамзаттың асыл тәжі". Автор: Ғалымбек Тобашев. Бұл кітапты оқу арқылы оқырман өмірде не маңызды, ненің пайдасыз екенін ұғады. Өмір сүру мақсатын түсініп, жақсылық жасауға ұмтылады. Өзіне үлгі тұтатын адамды табады. Депрессия, мұң-қайғы, стресті бірден сейілтіп жіберетін кітап. Өзінен бастап, қоғамды өзгертуге ерекше шабыт пайда болады.
- "Әдет күші". Автор: Мирас Кесебаев. Жақсы әдет қалыптастырып, жаман әдеттен арылуды үйретеді. Әсіресе, жастар үшін қауіпті құмар ойындары, энергетикалық сусындар ішу, интернет пен гаджетке тәуелділік, темекі мен ішімдік секілді әдеттерден құтылуға көмектеседі. Істі аяғына дейін жеткізу, жұмысты кейінге қалдырмау, ерте жатып, ерте тұру сияқты пайдалы әдеттерді тез сіңіруді үйренеді.
- "Волоколамск тасжолы". Автор: Александр Бек. Бауыржан Момышұлы өз көзімен көріп, бастан кешкен оқиғаларына өтірік қоспай, шынайы баяндаған. Кітап оқу кезінде батырға еліктеу, соның бойындағы жақсы қасиеттерді бойға сіңіру, ұлтын жақсы көру, қиындыққа мойымау, батылдық таныту секілді маңызды нәрселер пайда болады.
- "Лайфхактар". Автор: Данияр Жігітбек. Жеткіншек үлкен өмірге аяқ басқанда түрлі қиындықтарға тап болады. Мамандық таңдау, жұмысқа тұру, оқуға түсу, шешім қабылдау, қаржы жинау, жұмысты өнімді жасау, бір істің маманы болу, энергияны үнемдеу, денсаулықты күту, жүректі тыңдау секілді мәселелерді қалай шешуді көрсетеді.
- "Жылдам оқы". Мирас Кесебаев. Қазіргі уақытта жақсы кітаптар және ақпарат ағыны өте көп. Бәрін оқығың келеді, алайда баяу оқығандықтан, уақыт жетпейді. Сол үшін жылдам оқу, тез түсіну, оқыған ақпаратты ұмытпау, мәтінге көз жүгірту арқылы тез арады не туралы екенін білу, кітапты біреуге түсіндіре білу қажет. Оның бәрін осы кітаптан үйренеді.