Студенттер стипендиясы 25% артады. Жастар жылын қорытындылаған президент тағы не айтты?
Бұл туралы бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылын қорытындылау салтанатында айтты.
''ЖОО студенттерінің стипендиясы белгілі бір себептерге байланысты 2016 жылдан бері көбеймегенінен хабардармын. Келесі жылдан бастап 133 мыңдай студенттің стипендиясы 25 пайызға өседі. Мұндай көмек колледж студенттеріне де беріледі. Естеріңізде болса, биылғы қыркүйектен бастап жұмысшы мамандықтарында білім алып жүрген 122 мың жастың стипендиясы 30 пайызға өскен болатын. Енді үкіметке 2020 жылдың қаңтарынан бастап орта арнайы білім алып жүрген 100 мың студенттің стипендиясын 25 пайызға дейін көтеруді тапсырамын", – деді президент.
Сондай-ақ, жиында жастарды қолдауға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама дайындау мәселесі де сөз болды.
"Қазіргі кезде жастарға арналған "Жасыл ел", "Дипломмен - ауылға", "Серпін" секілді маңызды жобалар жасалып жатыр. Дегенмен, жастар кейде сол жобалардың механизмін, берер мүмкіндіктерін түсінбей қиналып жатады. Сондықтан, 2021 жылға дейін жастарды қолдауға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама әзірлеуіміз қажет. Бұл бағдарлама жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Бағдарламаның тілі қарапайым, көпшілікке түсінікті болуы шарт" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" бағдарламасына қалай түстім? Үміткерге арналған нұсқаулық
Волонтердің стипендиясы өсе ме?
Бұдан бөлек, президент волонтерлердің де стипендиясын көбейту қажеттігіне тоқталды:
"Үкімет бұл мәселенің де шешімін табады деп ойлаймын. Ал, ақылы бөлімде оқитындар үшін әлеуметтік студенттік несие жүйесін енгізген дұрыс. Мұндай жүйе кейбір академиялық кредиттердің орнына волонтер болған сағаттарды есептеуге мүмкіндік береді. Бұл волонтерлер үшін жақсы стимул болса керек".
Корпоративтік волонтерлікті дамыту қажет
Қасым-Жомарт Тоқаев ірі компаниялардың қызметкерлерін жұмыс аптасының бірнеше сағатын тегін жұмысқа арнауға шақырды:
"Біз корпоративтік волонтерлік түсінігін дамытқанымыз жөн. Мысалы, ірі компаниялардың қызметкерлері жұмыс аптасының бірнеше сағатын тегін көмек көрсетуге арнай алады. Мемлекеттік аппарат пен ұлттық компаниялар корпоративтік волонтерлікті бірінші болып қолға алса болады".
Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстанның білім саласында не өзгереді?
Жұмыс істеп, оқу оқымайтын жастар көбейген
Мемлекет басшысы соңғы кездері елімізде оқымайтын, жұмыс істемейтін NEET буыны өкілдерінің көбейгенін сөз қылды:
"Әлеуметтанушылар жастардың 20 пайыздан көбі мектепті бітіргеннен кейін үйде отырып қалатынын айтады. Оның үстіне, 4 адамның үшеуі қоғам өміріне мүлдем араласпайды екен. Демек, олар жастарды қолдауға арналған бағдарламалардан да хабарсыз. Аймақтардағы жастар ресурс орталығына хабарласқан жастардың саны 5 пайызға да жетпейді. Жастар ұйымдары осындай қоғам өмірінен оқшау қалған жастармен жұмыс істеуі қажет. Аталған ұйымдар олардың тілін тауып сөйлесе білмегендіктен, кей жастар жат ағымдардың жолына түсіп кетіп жатыр".