Сталиндік режим. Шаруаларға қарсы репрессия саясаты
Төменде тарихшы Жұлдызбек Әбілғожиннің "Сталиндік режимнің шаруаларға қарсы репрессиялық саясаты және оның Қазақстандағы көрінісі (1920 жылдардың аяғы – 1930 жылдардың басы)" монографиясын ұсынамыз.
Большевиктер "жұмысшылар табының шаруалармен одағы" туралы ұрандарға қарамастан, шаруаларды таптық күресте пролетариаттың қарсыласы ретінде қарастырды. Сталин ауылдағы пролетариат таптық күресті тек қанаушы элементтерге қарсы ғана жүргізіп жатқан жоқ деп ашық жариялады. "Ал пролетариат пен шаруалар арасындағы қайшылық, жалпы, неге таптық күрес болмасын?.. Қазіргі кезде пролетариат пен шаруалар біздің қоғамның екі негізгі табы екені шындық емес пе, осы таптар арасында қайшылық бар екені шындық емес пе, ол қайшылықтар осы таптардың бір-бірімен күресін туғызбай ма?"
Шынында да солай болды ма? Кез келген қоғам шағын және ірі әлеуметтік топтардың орасан зор жиынтығының шоғырланған көрінісі екені белгілі, ол топтардың қатары шексіз, отбасынан және, мәселен, өндірістік бригададан басталып, тапқа, конфессияға немесе этносқа дейін барады. Бұл шындықтың өзі әр қоғам әртүрлі әлеуметтік топтың материалдық және идеал мүддесіне негізделген көптеген қарама-қайшылықтан тұратынын көрсетеді, сонымен қатар, бұл топтар статикалық күйде болмайды, яғни тұрақсыз, керісінше, олар жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Сондықтан теориялық абстракцияда да олар бір-біріне әрқашан сәйкес келе алмайды. Басқаша айтқанда, кез келген қоғам өзінің табиғатына сәйкес, қашан да қайшылықты тудыру күйінде болады.
Оқи отырыңыз: Шектеулі береке мемлекеті: Үшінші Рейх және Кеңес Одағындағы утопия мен террор туралы
Алайда, қоғамдағы қайшылықтар қақтығыстың тек ықтимал мүмкіндігі, бірақ Сталин қалай түсінсе де, ол қайшылықтар әлі қақтығыстың айқын пішінінің мәні де емес, таптық күрес те емес. Билік құрылымдарының қызметі әлеуметтік-экономикалық және саяси реттеу құралдарын қолдана отырып, қайшылықтарды ашық құрылымдық қақтығысқа жеткізбеуге тырысатынында, әсіресе, олардың зорлық түрінде. Мемлекет – қоғамдағы әртүрлі мүдде тепе-теңдігін сақтау құралы, ол тепе-теңдік – мемлекеттің тұрақтылығының міндетті шарты. Бұл мемлекеттік саясаттың өте күрделі өнері.
Алайда, Сталин идеологиялық ізашарларына қарап, мемлекетті тек басып-жаншу машинасы ретінде түсінді. Сондықтан оның Алексис де Токвильге немесе Авраам Линкольнге емес, мемлекеттік тирания персонификаторлары Иван Грозный мен Ұлы Петр сияқты адамдарға сүйіспеншілігі ерекше, олардың әрекеттерінде болашақ ұрпақтар сотының алдында өзінің "индульгенциясын" көрді, сонымен қатар, бұл ұрпақтар Ресейдің "ылаң" тарихының логикасы мен контексінде оның қылмыстық әрекеттері үшін ақтау табады деп үміттенген. (Өкінішке қарай, сол сталиндік үміттің жаңғырығын бүгінге дейін қазіргі жаппай қоғамдық сананың жекелеген көрінісінен байқай аламыз, ол сананың иелері "көсем мен ұстаздың" әрекеттерін ақтауды жалғастыруда).
Дәл осы кезде Сталиннің марксизм-ленинизмнің теориялық дамуын талап етіп, "социализмге бағытталған қозғалыс барысында таптық күрес күшейе береді" деген тезисті алға тартқанын есте ұстаған жөн. Бұл туралы партияның танымал теоретигі Николай Бухарин Орталық бақылау комиссиясы және Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық комитетінің бірлескен пленумында (1929 жыл, сәуір) былай деп кекете сөйлеген:
"Осы ақылға қонбайтын теорияға сәйкес, социализмге бет бұрған сайын, қиыншылық көбейе түседі, таптық күрес күшейе түседі және біз социализм қақпасының нақ алдына келген кезімізде азаматтық соғыс бастауға... мәжбүр болатын сияқтымыз... Теория... осындай тезистерді жариялайды: таптар неғұрлым тезірек жойылса, соғұрлым таптық күрес күшейе түседі, ол күрестің ешқандай таптар қалмаған кезде ең жарқын жалын болып жанатыны анық!".
Пленумда айтқан Бухариннің бұл мысқыл сөзі залда күлкі тудырды (стенограммасынан байқауға болады). Бұл жағдайда Сталин емес, Бухарин өзін саяси дилетант ретінде көрсетті. "Оңшыл бағыттағы" Бухарин марксизмленинизмнің абстрактілі мұраттары аясында аңқау ойлауды жалғастыра бергенде, Сталин тоталитарлық мемлекеттің прагматикалық категорияларына өзінің "теориясын" негіздеп жатты. Ол категориялардың мәні – барлық басқаша көзқарасты жою, режимді сақтаудың ең маңызды шарты ретіндегі биліктің белгілі бір іс-әрекеттерінің заңдылығы туралы кез келген девиантты, яғни берілген идеологиялық матрицалардан ауытқыған ойдың алдын алу. "Политесті", яғни социалистік дәстүрді сақтау үшін басқаша ойлауды (ол өмір салтындағы, әлеуметтік немесе этномәдени стереотиптердегі және қарапайым күнделікті мінез-құлқындағы айырмашылықта көрінуі мүмкін) басу "таптық күрес" түрінде ұсынылатыны маңызды емес. Бұл тіпті ыңғайлы, өйткені ол идеологиялық негіздемелер мен белгілерді ойлап табуда күрделі ештеңені талап етпейді: "таптық жау" дейді, бітті. (Кейінірек одан да қатал және әмбебап стигмат – "халық жауы" пайда болады).
Сондықтан Николай Бухариннің Сталинді мазақ еткені дұрыс емес. Социализмнің (большевиктердің түсінігінде) құрылуымен тоталитарлық жүйенің қалыптасуы аяқталады, демек, зорлық-зомбылық пен жеке тұлғаны және жалпы қоғамды бақылау жойылып қана қоймай, сонымен қатар қатерлі ісік метастаздары сияқты, бүкіл әлеуметтік организмге, оның барлық жасушасына таралып өседі.
Астық дайындау
Көсемнің ілімдері 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың басындағы сталиндік режимнің шаруаларға қарсы репрессия науқаны кезінде жүзеге асырылды.
Ол төтенше астық дайындау науқанын жүзеге асыру кезінде айрықша айқын формада көріне бастады. Бұл кезде өндірісті мемлекеттік монополияландыру себебінен тұтынушылар (бірінші кезекте ауылдықтар) сол өндіріс өнімдерін қымбат бағамен алуға мәжбүр болды, ал ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы өте төмен дәрежеде еді: 1927-28 қаржы жылында астықтың мемлекеттік бағасы "қара нарық" бағасынан 40%-ға төмен болды, ал 1928-29 қаржы жылында ол 50%-ға төмен болды.
Пайда болған диспаритет салдарынан шаруалар шамадан тыс салық салу объектісіне айналды, бұл салықтың мөлшері мен ауырлығы өнеркәсіптік тауарлар мен ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасындағы айырмашылықта көрінді. Бұл шамадан тыс салық немесе шаруа алым-салығы индустриялық дамуға бағытталуы керек еді.
Мемлекет жасаған өнеркәсіптік тауарлар мен ауыл шаруашылық тауарлары бағасының "қайшысын" кең созу жағдайы, "тауар аштығы", яғни көпшілікке қажетті тұтыну тауарларының тапшылығы мен инфляция ауыл өндірушілерінің тауарын мемлекетке сатудан бас тартуына әкелді. Астық қоры бар шаруалар оны арзан бағамен сатудың мәні жоқ екенін түсінді. Өйткені, "тауар аштығы" мен өндіріс тауарларының қымбаттығына орай, азғантай ақшаға бірдеңе сатып алу мүмкін болмады. Ақша жинау мүмкіндігі де жоғалды, өйткені инфляция жинақ ақшаны тез құнсыздандырды.
Жоғарыда аталған себептер жиынтығы 1927-28 жжылы астық дайындау дағдарысын туындатты. Кеңес тарихнамасында бұл "пролетариат диктатурасын ашаршылықпен тұншықтыру мақсатында ауылдың ауқатты және революцияға қарсы элементтері қоздырған кулактық астық ереуілі" деп түсіндірілді. Шын мәнінде, бұл ауыл өндірушілерінің мемлекеттіңкүш көрсету саясатына табиғи экономикалық реакциясы болды.
Ашық қақтығыстарға жол бермеу үшін мемлекеттің экономикалық тетіктер мен құралдарды молынан пайдалану мүмкіндігі болды. Солай ғана (оппозицияның кейбір өкілдері ұсынғандай) ауылға қатысты қатаң баға саясатын жұмсарту мүмкін болды. Алайда, сатып алу бағасына келгенде билік лениндік нұсқамадан түйір де шегінгісі келмеді. Белгілі болғандай, "соғыс коммунизмі" кезеңінде (1918-1921 жылы) көсем былай үйретті:
"Егер біз бағаны екі есеге арттырсақ, онда олар (ауқатты шаруалар мен кулактар – автор) былай дейді: бағаны арттырып жатыр, демек аш, күтсек, тағы көтереді. Бұл таптаурын жол, кулактар мен алыпсатарларға тиімді жол, бұл жолға түсу және тиімді елес көру оңай".
Ұстазымен бірге Сталин де шаруалармен қақтығысты шешудің тура сондай сценарийін талап етті: "...Біздің индустриямызға құрал-жабдықтар әкелу үшін бөлінген валютаны жұмсамай, кулакты қысып, одан астықтың артық мөлшерін сығып алған дұрыс...".
Сонымен, көсемге "револьвер-лагерьлік" әкімшілік-әміршіл саясатының "қағидаларын" құрбан етуден гөрі миллиондаған шаруаға қарсы репрессия бастау "жақсы" болып көрінді. Сонымен қатар, мұндай тәсілді жүзеге асыру үшін режим сол кезде жақсы жұмыс істеп тұрған репрессивті аппарат түріндегі қуатты қамсыздандыру ресурсына, яғни жазалау органдарының тармақты инфрақұрылымына ие болды. Көп ұзамай бәрін "төтенше" белгісі анықтай бастады, нәтижесінде астық дайындау науқаны кезінде тікелей экспроприациялар болып, содан кейін шаруаларға қарсы жаппай саяси қуғынсүргін де басталды.
Сталиннің өзі Сібірде "астық майданын" ашты, онда ол үш аптаға жуық болды (1928 жылы қаңтар-ақпан). Новосібірмен Омбыда сөйлеген кезде (1928 жылы 18, 27 және 28 қаңтар) РКФСР (Ресей Кеңестік Федералдық Социалистік Республикасы) Қылмыстық кодексінің 107-бабын директивті түрде жаппай қолдануды талап етті. Бұрын бұл бап "тауарларды сатып алу, жасыру немесе нарыққа шығармау арқылы бағасын қасақана көтеру" үшін жазалауды қарастырған (яғни, ол мемлекеттің НЭП (жаңа экономикалық саясат) механизміне әкімшілік тұрғыдан араласуға құқық берген). Астық дайындау дағдарысы кезінде ол бап қолдану тұрғысынан едәуір түзетілді және 1928 жылдың қаңтарынан бастап негізінен астық иелеріне, "мемлекеттік бағамен беруден бас тартқандарға және астық алыпсатарларына" тарай бастады. Жаза ретінде 107-бапта мүлікті немесе оның бір бөлігін тәркілеу мен бір жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал "топтық келісім" жағдайында үш жылға дейін бас бостандығынан айыру мен толық тәркілеу қарастырылған.
Осылайша, заңсыз науқандарды ашық түрде жүргізу үшін, Жүйе тіпті Қылмыстық кодекске де (РКФСР Қылмыстық кодексінің 107, 61, 73, 102, 127, 135, 60-баптарына және революцияға қарсы әрекеттер үшін жаза қарастыратын 58-10-бабына) жүгінді. Сонымен бірге, Сталиннің өзі заңдылықтың басты қорғаушысы рөлін ойнауға тырысты, ол Бүкілодақтық большевиктер Коммунистік партиясының Мәскеу ұйымының жиналысында (1928 жылы сәуір) екіжүзділікке салып, "(астық дайындау – автор) саясатының бірінші кезекте кедейлерге және орта шаруаларға әсер еткен бұрмалаушылық жағдайларын, 107-бапты дұрыс қолданбауды және тағы басқа жағдайларды сынға алды".
БК(б)П ОК сөзбен заңдылықты қолдай отырып, керек жерлерге қысымның күшейтілуін талап ететін "жабық" директиваларды жіберді. 1928 жылғы қаңтардың басында Орталық Комитет жаңа директива шығарды, оның мәтіні партия ұйымдарының жетекшілері "астық дайындау ісінде түбірлі өзгеріске қол жеткізбесе", оларды тікелей қорқытумен аяқталады. Жүйе тәжірибесінде әдеттегідей саяси әрекеттерді қуатты насихат машинасы көмегімен идеологиялық тұрғыдан қолдады. Сондықтан газеттердегі "Кулакты қорша!", "Кулак пен байды тағы да қысу керек!", "Кулак-бай сұмырайларды қатты ұрамыз!", "Тап жауына шабуыл!", "Астықты шірітушілерге өлім!", "Астықты жасырғаны үшін – түрмеге!", "Аштықты ұйымдастырушы байлар мен кулактарға өлім!" және тағы басқа деген ұрандар кездейсоқ болған жоқ.
Бұл кезде ВЦИК (Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің) ұйымдастыру бөліміндегі ақпараттық есептер шаруалардың үкіметтік (шаруаларға деген ымыралы ЖЭС идеологиясынан алыстап бара жатқан) саясаттан әбден көңілі қалған көңіл-күйін тіркеп жатты. Көптеген жиында шаруалар ашық түрде былай деді:
- "Астықпен еркін сауда жасауға рұқсат керек, сонда бәрі тоқ болады, әйтпесе большевик жалқаулар аштан өлтіреді";
- "Ауыл шаруашылығын дамытудың қажеті жоқ, әйтпесе үкімет салықпен тұншықтырады";
- "Ленинизмнен Ленин жақсы. Ең жақсы коммунистер өлтірілді не өлді. Оңбағандар ғана қалды";
- "Кеңес өкіметі крепостнойлық құқық орнатты";
- "Орта шаруаларды ойсыратып жатыр, оның есебінен кедейлерге жеңілдіктер беріліп жатыр";
- "Қазір жұмысшылар буржуй болды, ал шаруа қойдай жуас болды, енді оны қырқып жатыр";
- "Кеңес өкіметі шаруаларды бұрынғы режимнен де қатал қысты. Мұндай билікке көмектесудің қажеті жоқ" және тағы басқа.
Қазақ ауылындағы астық дайындау науқаны кезінде қатаң әкімшілік террор басталды. Бұл жерде ең басынан бастап, мал дайындау науқаны "соғыс коммунизмі" кезеңіндегідей әскери әрекет сипатында болды. Дайындамалардың мөлшерін жоспарлы тапсырмалар анықтады, алайда, оларды есептеуде халықтың қолындағы мал саны туралы мәліметтер жалғанболған, өйткені бір бюрократиялық инстанциядан екіншісіне жылжу барысында азды-көпті сенімді ақпарат (халықтық қаржы комиссариатының салық есебі) айтарлықтай жоғарылатылатын (қаржы органдары бұны көп мал салықтан жасырылды деген сылтаумен ақтады). Осындай қосып жазылған жалған есеп пен волюнтаристік жоспарлау нәтижесінде аудандарға қолда бар мал санынан асып түсетін тапсырма түсе бастады. Мысалы, Балқаш облысында 173 мың бас мал болатын, бірақ дайындама кезінде 300 000 бас мал керек деген тапсырма келді.
Әрине, көп ұзамай аймақтық билік органдарына шағымдар түсе бастады. Бірақ оларға аса жауап қайтарып жатқан адам болмады. Жауап алса да, ол шындықтан алыс болды. Солай, Зейнолла Төреғожин (дайындама комиссарының орынбасары) қазіргі көлемде жасалып жатқан дайындаманы ескере есептесе, республикадағы мал шаруашылығының бұған шыдауы екіталай екенін хабарлады. Жауап бірден "Қазақстан большевигі" партиялық ресми журналындағы жауынгерлік мақала арқылы келді:
"Осы теңгерімде оңшыл-оппортунистік, механикалық әдістеменің бүкіл мәні, теориялық дәрменсіздік, марксистіклениндік диалектиканы мүлдем түсінбеу айқын көрінді... Автор мал санының азаюына жабыса кетті. Соңғысы – факт. Бірақ бұл фактінің артындағы маңызды экономикалық және саяси өзгерістерді байқамайды... Алдын ойламайтын эмпирик оқиғалардың сыртқы, үстірт жағын ғана байқап, олардың артында жатқан социализмнің шын мәнінде өсуін көрмейді".
Мұндай насихат нәтижесін берді. "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!" деген ұран тез арада науқан үшін шешуші болды. Оған қоса, ауылға келген дайындаушылар үшін шаруашылықтағы 25-30 қой "асқан байлық" болып көрінді, дегенмен көшпелі өндіріс әдісінің ерекшелігіне сәйкес, ол күнделікті тіршілік етуге ғана жететін болды. Бірақ ол ерекшелік ескерілмей, шаруашылыққа әрі кетсе 2-3 қой қалдырылды, мұндай жағдай оны өмір мен өлім арасында қалдырды.
Мемлекет мүддесін сылтау етіп, ауылда басқа да ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау кезінде заңсыздыққа жол берілді. Солай біраз жерде жүнді "екпінді" дайындау үшін олар шаруаларды қойды қыстың ортасында қырқуға мәжбүрледі, бұл, әрине, малдың қырылуына әкеп соқты. Астық іздеген дайындаушылар мал шаруашылығы мен егіншілік ауылдарына кіріп, ол астықты кішкентай егісі бар шаруашылықтардан күшпен тартып алған жағдайлар жиі болды. Тіпті аман қалудың жалғыз үміті болған азғантай астықты да тартып алған.
Міндетті астық дайындау логикаға қайшы, егін екпейтін, тек мал шаруашылығы аудандарына да таратылды. Қасақана жасады деген айыптан қорқып, ол аудандардың халқы малын астыққа ауыстырып, оларды дайындама есебіне тапсыруға мәжбүр болды.
Мәселен, Іле және Шоқпар ауданының малшы шаруалары 15 пұт астық үшін қой, ал төрт пұтқа жақсы жылқы немесе ересек түйе беруге мәжбүр болды. Осы аудандарда барлық үй шаруашылығы дайындама есебіне 1 кг ескі киіз тапсыруға міндеттелді; ондай мүмкіндігі жоқтар киізді сатып алып, дайындаушыларға тапсыруы керек еді. Жітіқара ауданында шикізат пен жүн дайындау кезінде облыстан келген билік өкілдері адамдарды жылқыларының құйрығын кесуге мәжбүрледі, ал оған қарсылық көрсеткен қазақтарға қой етінің орнына шошқа етін беруді бұйырды.
Оңтүстік облыстардың бірінде дайындамалар кейде осылай өтті (куәгердің айтуы бойынша):
"... Олар (уәкілеттілер – автор) азаматты шақырып, астықты тапсыруды ұсынды. Ол астық жоқ деп жауап берді. Сонда олар оның етігіне су құйып, түнде 25 градус аязда далаға тұрғызды... Штабқа жүкті әйел келді, одан да астық сұрады. Онда жоқ. Сонда әйелді сабады, әйел сол штабта мерзімінен бұрын босанды".
Сонымен, Қазақстандағы дайындама науқаны кезінде шаруаларға қарсы ауқымды репрессия жүргізілді. Сол кезеңде 56 498 ауыл тұрғыны әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның 34 121-і сотталды. Тек үш аймақтың (Ақмола, Петропавл және Семей) материалдарына сәйкес, 1928-29 және 1929-30 жылы бұл аумақта 23 миллион рубльге жуық айыппұл төлетілді және мүлік тәркіленді, 54 мың бас мал, 630 мың пұт, 258 түрлі ғимарат тәркіленді.
1930 жылы 2 қаңтарда өткен БК(б)П Казкрайком бюросының жабық мәжілісінде Голощекин дайындама жұмыстары кезінде 1928 жылғы 1 қазаннан 1929 жылғы 1 желтоқсанға дейін сот үкімімен 125 адам өлім жазасына кесілгенін хабарлады; тура сол кезеңде ГПУ (мемлекеттік саясат басқармасы) желісі бойынша 152 адам атылды.
Есесіне республика басшылары Қазақстанның одақтық жүн дайындамасының 33%, ұсақ мал терісінің – 20, бидайдың – 17% және барлық еттің 10% (1928-1929 жылдар) бергені туралы есеп бере алды. Бұл "жоғарыға" жіберілген кезекті есептің ішінен шыққан айбынды хабарламалардың газетте "Шаруашылықтардың тауарлылығын ынталандыру" атауымен жариялануы ұятсыздық еді.
Отырықшыландыру
Көшпелілер және жартылай көшпелілерді мәжбүрлі түрде шаруашылық пен тұрмыстың отырықшы түрлеріне көшірудің сталиндік саясаты қазақ этносының тіршілігін қамтамасыз ету жүйесіне қатты нұқсан келтірді. Седентаризация (отырықшыландыру) идеологиясы, сондай-ақ ауылдың жаппай ұжымдастыру перспективалары қызметтің шаруашылық-мәдени түрлерінің өзгеруімен тығыз байланысты болды. Басқаша айтқанда, қазақ шаруаларының даму жолдары мемлекет тарапынан ұйымдастырылған мал шаруашылығының отырықшы ауыл шаруашылығы немесе тұрақты мал шаруашылығының өзгеруіне алып келді.
Бұл акция идеологиялық тұрғыда "қазақ көшпелілері мен жартылай көшпелілерін мәдени және әлеуметтік прогресс жолына шығару" науқаны ретінде насихатталды. Сонымен бірге, қазақтар арасындағы көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығының басым болуы "мәдени тұрғыдан артта қалушылыққа" байланысты емес екені ескерілмеді.
Шын мәнінде, бұл экономикалық және мәдени қызметтің көшпенді болуы, бұл науқанды идеологиялық тұрғыда жарнамалаған газеттердің бас мақалаларында жазылғандай, ауыл шаруашылығымен бейтаныс қазақ халқының әдепкі консерватизмі мен артта қалуына байланысты емес, экожүйенің жағдайымен қатаң реттелген объективті тарихи эволюцияға байланысты болды. Қазақстан территориясының басым бөлігін алып жатқан жайсыз, құрғақ кеңістік бейімделудің ерекше формаларын талап етті. Мұндай формалар жайылымдықкөшпелі мал шаруашылығы жүйесінде қолданылды, тек сол жүйе ғана құрғақ экологиялық эконишаға тиімді түрде ене алады, ал ол Қазақстан территориясының үлкен бөлігі еді. Тек осындай айрықша, яғни экологиялық тұрғыдан адекват номадтық (көшпелі) өндіріс әдісін табу арқылы ғана шөлді, шөлейт және дала ландшафтарын шаруашылыққа пайдалану, сол арқылы кеңістікті әлеуметтік бейімдеу мүмкін болды.
Сол кездегі көптеген ғалым мен практиктер биліктің мал өсірушілерді отырықшылыққа көшіру акциясының жөнсіз екенін дәлелдеуге тырысты. Мәселен, белгілі зерттеуші Сергей Швецов "Қазақстанның табиғаты мен тұрмысы" (1926 жыл) мақаласында былай деп жазды:
"...Қазақстанның көп бөлігін сипаттайтын көшпелі өмір салтының сақталуының себебі осы күнге дейін қазақ пен қазақ шаруашылығының жабайылығы және көбіне отырықшы мемлекеттің мәдени деңгейіне жетпеуі емес. Бұл қисынсыз әрі зиянды пікірден баяғыда құтылу керек еді... Су көзі сирек және тапшы құрғақ далада адам тек мал шаруашылығымен айналыса алады, сонымен қатар, бұл көшпелі мал шаруашылығы болуы керек, өйткені мұндай жерде жайылым тапшы, ол тек қысқа уақыт ішінде ғана малды азықтандыруға жарамды, одан кейін мал бір жерден екіншіжерге, кейде алыс қашықтыққа көшуге мәжбүр. Малдың бұл кезеңдік қозғалысын тоқтатып көріңіз, сонда қазақ ол жерде (далада – автор) ештеңе істей алмайды, өйткені мұнда ешқандай басқа шаурашылық жүргізу мүмкін емес және қазір миллиондаған қазақ халқын тамақтандыратын дала шөлге айналады. Қазақтар әлі күнге дейін көшпелі өмір салтын сақтап келе жатқанына таңғалмай, олардың құрғақ, сусыз дала кеңістігін көшіп жүрудің арқасында басқарып, оның тұрақты шаруашылыққа айналдыруына таңғалу керек".
Алайда, сарапшылардың пікірі партияның кабинеттерінде тоқтап қалатын, өйткені онда "отырғандар" "надандық архаикамен" тағы бір "большевиктік шайқасқа" кірісті. 1933 жылға таман Қазақстанда 182,6 мың көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы немесе шамамен бір миллионға жуық халық отырықшылыққа көшті.
Сонда неліктен жаппай отырықшыландыру саясатына қарсы сарапшылар пікірі ескерілмеді және оған "буржуйлардың бұқараның революциялық энергиясының орасан зор әлеуетінен сескенбеуінің айқын дәлелі", "қазақ байларын қолдау" және т. б. деген баға берілді? Мұның бәрі "қарсылас ғалымдар мен абстрактілі идеалистік практиктердің" (газеттерде және партия жиналыстарында солай аталатын) ой-өрісінің Жүйенің прагматикалық мақсаттарына сәйкес келмеуімен түсіндірілді.
Олар (әсіресе бастапқы кезде) үгіт-насихат жариялағаннан және кейіннен кеңестік тарихнама айтқаннан алшақ болды. Ол тарихнаманың бұл мәселеге байланысты қайталай беретін сөзі: бұл акция көшпенділерді әлеуметтік және мәдени прогресс жолына тезірек шығару міндетінен туындады.
Шынымен солай болды ма? Егер олай болмаса, 1920-1930 жылы арасында науқанның өрістеуіне алғаш түрткі болған не және билік неге оны ертерек емес, кеш емес, дәл сол кезеңде жандандырды?
Жоғарыда айтылғандай, үдемелі индустриялық даму жоспары астық проблемасы деп аталатын мәселенің өзектілігін күрт арттырды. Өнеркәсіпте жұмыс істейтін миллиондаған жұмысшы мен қызметкерді, сондай-ақ индустрияландыру барысында қарқынды өсіп келе жатқан қала халқын ең қажет азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі өте маңызды болды. Ең бастысы, астық өндіру айтарлықтай өспегеннен кейін индустриялық модернизация үшін техникалық құралдарды сатып алу да қиынға соқты (ол о бастан-ақ импортты алмастыруға негізделген болатын), бұған валюта керек еді, ал шектеулі экспорт құрылымы жағдайында оны негізінен астыққа айырбастап алуға болатын. Сол уақытта әлемдік экономика дағдарыс цикліне кірді, бұл астық бағасының күрт төмендеуіне түрткі болды.
Осылайша, индустрияландыруды қамтамасыз ету үшін қажетті шетел валютасына қол жеткізу үшін кордон артына астық сату арттырылды. 1926 жылы КСРО-дан шығарылған астық көлемі 0,1 млн тонна болса, 1929 жылы – 1,3, 1930 жылы – 4,8, ал 1931 жылы (айтпақшы, астық шықпай қалған жыл) 5,2 млн тонна болды. Осылайша, барған сайын астыққа қажеттілік артты. Осыған байланысты режим егістік жерді кеңейту мәселесін күрт жандандырды. Сондықтан астыққа бағдарлау тіпті әртүрлі шығынға (экономикалық, әлеуметтік, табиғи және тағы басқа) байланысты оны ешқандай ақтамайтын аймақтарда да құпталды. Ең бастысы жалпы өнім көлемі болды. Мұндай жағдайда бір ғана ресурс – егістік жерді ұлғайту болды.
Сондықтан сталиндік басшылықтың елдің шығысындағы кең-байтақ жерге қызығуы күрт артты. Ойларына небір жағдай елестеді. Одақтың ауыл-шаруашылық халық комиссары Я. Яковлев БК(б)П XVI съезінің мінберінен былай деді:
"Есептеулер бойынша... Қазақстанның 50-55 миллион гектарға дейінгі жерін егін егуге жарамды деп санауға болады, оның шамамен 36 миллион гектары солтүстік округтарда орналасқан (...): Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Ақмола, Павлодар, Семей. Бұл жерде бидай егістікке жарамды жердің тек 5 пайызын алып жатыр. Егер осы 36 миллион гектар егіске жарамды жердің 30 пайызына бидай сепсек, бесжылдықтың соңына таман бізорташа өнімділігі 6-7 ц/га болатын 8-10 млн га жерді егінге айналдырамыз".
Мұндай "жарқын перспективаны" жүзеге асыруға кедергі келтіретін жайттар да болды, мәселен, "егуге қолайлы" жердің дені көшпелі және жартылай көшпелі малшылардың шаруашылық нысаны еді әрі бұл жерді ол шаруалар ежелден жайылымға пайдаланған. Басқаша айтқанда, Жүйенің бұл жоспары дәстүрлі мал шаруашылығы деген кедергіге кез болды.
Ол кезде (1920-1930 жылы) өздерінің ерекше өндіріс тәсілдері бар дала номадтары өндіргіш күштердің даму логикасымен немесе басқа да объективті алғышарттармен емес, мемлекеттің, индустрияландырудың аса шапшаң қарқыны үшін астық шаруашылығын жан-жақты кеңейту бағытына қарсы болды деп айтуға негіз бар. Бұл шиеленістің шешімі "егістікке жарамды" аумақтың бүкіл көшпелілер мен жартылай көшпелілерін тездетілген және жаппай отырықшы шаруашылыққа және тұрмысқа көшіруде, яғни малшыларды егіншілерге немесе "мәдениетті мал өсірушілерге" айналдыруда көрінді. Бұл арқылы, біріншіден, астық өсіруге арналған жаңа жер аумақтарын (яғни, жайылымдарды) босату, екіншіден, оларды шаруашылық субъектілерімен, яғни кешегі мал өсірушілерімен қамтамасыз ету көзделді. Сол кезде айтылғандай, отырықшылану "совхоздарға 300 мыңға жуық жұмысшы табу мүмкіндігін береді". Бұл бағытта Қазақ АКСР Кеңесінің VII съезінің Наркомзем (Егіншілік халық комиссариаты) баяндамасы бойынша қабылдаған қаулылары да көрнекі. Онда, атап айтқанда, мынандай қарар да болды:
"...Өңірімізде астық шаруашылығының дамуы ең алдымен Солтүстік Қазақстанның және бірқатар Оңтүстік аудандардың жартылай көшпелі және көшпелі халқының отырықшылану проблемасына тіреледі. Егістік жерді кеңейтуге ... республиканың барлық астық шаруашылығын дамытуғажарамды аймақтарындағы... қазақтарды отырықшы ету арқылы қол жеткізу керек".
Әкімшілік-билік режимінде жүргізілген ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру шаруаларға қарсы репрессиялық саясаттың шыңы болды. 1930 жылдың 20 ақпанның өзінде де Қазақстанда 6 722 ұжымшар болды, олардың құрамына 441 931 шаруашылық кірді, яғни жалпы шаруашылық санының 35,3%-ы еді.
Мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда ұжымдастыру тез жүрді. Мұнда Крайкомның (Өлке комитеті) 5-пленумында (1929 жылы желтоқсан) Голощекиннің қысымымен қалыптасқан идеология айқын көрінді. Қарарда осылай жазылған болатын: "Мал шаруашылықтарын ұжымдастыруды астық шаруашылығымен бірдей деңгейде барынша... ынталандыру".
Ұжымшарлар қозғалысын үгіт-насихат көрсеткендей, шаруалар бастаған жоқ. Бұл тікелей қысым әдістерімен байланысты болды. Партиялық қаулыларда ресми жарияланған еріктілік және қарапайым заңдылық қағидаларын бұзу бірден кең тарап, жаппай сипатқа ие болды.
Мысалы, дереккөздер бойынша ауыл жиналыстарында көбінесе "ұжымшарға кім кіргісі келеді?" деп үндеудің орнына ұжымдастыруды жүргізушілер наганмен ойнап қорқытып, былай деп сұрады: "Ал ұжымдастыруға қарсы кім бар?!" Шаруалар "еркін" көрсетпеген және "буржуазиялық" жеке меншігінен құтылуға асықпаған жағдайда, оларға басқа "тәрбиелік" шаралар қолданылды. Мәжбүрлеудің әдеттегі және кең таралған әдістері – сайлау құқығынан айыру, тұрғылықты жерінен шығаруды айтып қорқыту немесе алдын ала қамауға алу.
Сонымен қатар, ақпараттық мәліметтер бойынша "ұжымдастырудың" жалған ату (ату жазасына кесілген адамдардыбірден атып тастамай, әдейілеп бірнеше рет басынан жоғары атып, оларды ақылынан адастыратын тәсіл), суықта шешіндіру, бүкіл ауылдың алдында жалаң аяқ қармен жүргізу, мұз суатқа итеру және тағы басқа сияқты шектен шыққан, садистік әдістері болды.
Шаруалардың қарсылық қозғалысы күшпен ұжымдастыруға берілген жауап болды. 1929 жылдың күзінде қарсыласу ошақтары Сырдария округінің Бостандық ауданында, Қостанай округінің Батпаққара және Наурызым аудандарында, Алматы округінің Балқаш ауданында және Ақтөбе округінің Ырғыз ауданында бұрқ ете түсті. 1930 жылдың көктемінде шаруалар көтерілісі Шығыс Қазақстанның Зырян, Өскемен, Самара, Шемонаиха, Катонқарағай аудандарын, Сырдария округінің Сарысу және Созақ аудандарын, тағы басқа қамтыды. Осы уақытқа таман ОГПУ (біріккен мемлекеттік саяси басқарма) құпия ақпараттарына сәйкес, Қазақстанда көтерілісшілердің 400-ден астам қарулы бас көтеруі тіркелді, сонымен қатар оларға ОГПУ есептерінде "кулак-байлардың бандиттік қарулы қозғалысы" деген баға берілді. ОГПУ әскерлері көтерілісшілерге қарсы ешқандай сотсыз, қатал жаза қолданды, оларды белгілі бір рудан немесе ауданнан шыққаны немесе қолдарында "мылтықтың иісі" болғаны сияқты "дәлелдерге" сүйеніп, бірден атып тастайтын. Басып-жаншу кезінде тіпті артиллерия да қолданылған. Дегенмен, наразылық қозғалысының ауқымы өрістей түсті. Осыған байланысты 1930 жылдың 31 наурызында Казкрайком басшылығы Сталинге әскери бөлімдердің жазалау операцияларға қатысуына рұқсат беруін сұрап жеделхат жолдады.
Билік үрейленді, оны БК(б)П Орталық Комитетінің 1930 жылдың 2 сәуіріндегі жабық хатынан көруге болады. Онда былай деп жазылды:
"Ақпан айында келген ЦЧО (Орталық Қара топырақты облыс – автор), Украинада, Қазақстанда, Сібірде, Мәскеу облысындағы шаруалардың жаппай бас көтеруі туралы мәліметтерді қауіп төндіреді деп қана сипаттай аламыз. Егер сол кезде дереу шаралар... қолға алынбағанда, шаруалар көтерілісі үдей түсер еді, біздің "төменгі" қызметкерлеріміздің жартысыншаруалар өлтірер еді... ішкі және сыртқы жағдайымызға қауіп төнер еді... Орталық Комитеттің осы мәселе бойынша маңызды нұсқауларына қарамастан... әлі күнге дейін сорақы қателіктер жойылған жоқ... Бұл Орталық Комитеттің назарын... жағдайдың ауырлығына аударуға мәжбүрлейді. Украинаның бірнеше округында, Солтүстік Кавказдың таулы аймақтарында және Қазақстанда болған көтерілісшілер қозғалысы ауылдық жерлердегі саяси жағдайдың қауіпті жағдайда екенін көрсетеді. Қызыл Армия бөлімдерін ауылдық жерлердегі жаппай қимылдарға қарсы күреске тартуға қатысты алаңғасарлық жағдайды нашарлатып қана қоймай, Қызыл Армиядағы әскери тәртіптің әлсіреуіне әкелуі мүмкін... Ұжымдастыруға және жалпы социалистік құрылыс ісіне қауіп төніп тұр..."
Хаттың өктемдігі ұжымшылдардың қызуын біршама басты. Саяси дағдарыс қаупі төнген кезде ұжымдастырушылар қозғалысын шегіндіруге тура келді. Оны шаруалар бірден пайдаланды.
1930 жылдың 1 сәуірінде Қазақстанда 649,4 мың шаруашылық болып, олардың жалпы санының 52%-ы ұжымдастырылса, маусымда олардың саны 353,9 мыңға (28,5%) дейін азайды. Сөйтіп, бір сәтте ұжымдастырылған шаруашылықтардың үлесі екі есеге төмендеді. Республиканың ұжымшарлар құрамынан 300 мыңға жуық шаруашылық шықты (дұрысы, алды-артына қарамай қашып кетті). Осы кезеңде ұжымшарлар саны 7 019- дан 5 701-ге дейін азайды.
Бірақ көп ұзамай "ұжымдастыру машинасы" қайтадан күшіне еніп, тапсырманы орындауға қайтадан ұмтылыс басталды. Орталық Комитеттің және БК(б)П ЦКК (орталық бақылау комиссиясы) 1930 жылы желтоқсанында өткен пленумы 1931 жылы ұжымдастырудың жаңа міндеттерін белгіледі. Оның шешімдеріне сәйкес, құрамына Қазақстан кіретін астық аудандарының екінші тобында шаруашылықтардың кем дегенде 50%-ы ұжымдастырылуы керек еді. Пленум "жаппай ұжымдастыру" түсінігін анықтады. Оны аяқталу критерийі болып 80 пайыздық шек мойындалды. 1931 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның 122 аймағының 96-сы партияныңбекіткен 50 пайыздық шекарасын кесіп өтті, ал 72-сі сексен пайыздан асып кеткендіктен ресми түрде "жаппай ұжымдастыру аймақтары" деп атала алатын.
Сонымен қатар, мал шаруашылығымен айналысатын ұжымшарлардағы қоғамдастыру шарасы барлық шектен шықты. Жоғары деңгейдегі ұйымдардың, соның ішінде сол Қазкрайкомның үзілді-кесілді пәрмені ұжымдастыру процесінің кеңейтілген түсіндірмесіне себеп болды. Оның пленумдарының бірінің шешімінде былай жазылған:
"Мал өсіретін және мал-егіншілік аудандарда негізгі назар ауыл шаруашылық артельдеріндегі бүкіл тауарлы-өнімді табынды қоғамдастыруға бағытталуы керек".
Осы нұсқамаға ұқсас, мысалы, Торғай жұмысшылары "жалғыз бас лақты да жеке пайдалануға қалдырмай, барлық малды қоғамдастыру" міндетін қойды. Басқалар үшін бұл жеткіліксіз болды, олар "колхозшы ұсақ меншіктік психологиядан арылуы үшін бір колхоздың малын басқа колхозға тапсырды" (аудандық директивалардан).
"Большевиктердің ұсақ буржуазиялық меншікке шабуылы" көп ұзамай жемісін берді. 1932 жылы ақпанына таман Қазақстанда колхозшылардың 87%-ы және жеке шаруалардың 51,8%-ы малынан толықтай айырылды.
Сонда мал қайда кетті? 100 пайыз қоғамдастырылған мал ұжымшар-тауар фермаларына жиналды. Көбінесе бұл атау шын мәнінде ағаш шарбақпен не арқаны бар қазықшамен қоршалған жалаңаш даланы білдіреді. Бірақ бұл жерде Қазкрайкомның айтқанындай ұжымдастыру барысында "ірі мал шаруашылықтарын құруға" назар аударылғанын ескеру керек. Мұны 200 және одан да көп шақырым радиустағы бірнеше шаруашылықты біріктіріп, біртұтас алып ұжымшарға айналдыру деп түсінді. Қордай аймағында 600-800 шаруашылықты біріктіретін көптеген ауыл шаруашылық артелі болды, Келес аймағында алғашқы 112 ұжымшар 35-ке біріктірілді, Арыс аймағында 138 шаруашылықтан 67 ауыл шаруашылық артель құрылды, Талас ауданында қалашықтарға 300-400 шаруашылыққа дейін қуып тықты. Әрине, мұндай көріксіз құрылымдарда номадтық (көшпелі) өндіріс әдісінің негізгі экожүйе қағидасын, яғни мал санының және табиғи жем-су қорының нақты (симметриялы) арақатынасын сақтау туралы мәселе туындауы мүмкін емес еді.
Бірақ жаңа формацияның шаруашылық басшыларын бұл аса ойландырған жоқ. Танымал тәжірибеден айырмашылығы, олар кез келген шоғырлануды барынша қолдады. Алайда, ақылға қонымды шоғырлануы мен дисперсиясы (қоршаған ортаны ұтымды пайдалану үшін кеңістіктік таралу) бар қолданыстағы өндіріс ұйымдастырылуын бұзу басқа технологиялық тұрғыдан қолайлы балама ұсынумен қатар жүрмеді.
Ақылға сыймайтын шешімнің салдары көп күттірмеді. Ұжымшар-тауар фермаларында шоғырланған және азықтандыру мүмкіндігі жоқ мал қырылды. Дайындама желісінен жиналған мал жем-шөпсіз қалды және тығыз шоғырланғанына байланысты туындаған індет салдарынан көп жағдайда тұтынушыларға жете алмай, мал айдайтын жолда молаға айналғанын қоса айту керек.
Осылайша, ұжымдастыру арқылы сталиндік Левиафан өз арсеналына ауыл шаруашылық секторынан өнімді кедергісіз және жаппай "айдауға" арналған "тапқыр" құрал қосты. Әрине, мұндай тонау колхозшылардың қарсылығын тудырды. Сол кездегі олардың көптеген жетекшісі өндірістің ауыл шаруашылық артельдік нысанын (ұжымшарларын) кеңейтуді жеделдету туралы шешімдердің, Сталин айтқандай, "өмірді жақсарту, өмірді қызықты қылу" үшін емес, ең алдымен, билік үшін ауыл шаруашылық өнімінің индустрияландыру мүддесіне "айдалуының" ыңғайлы және жанжалсыз тәсілін қамтамасыз ету міндетімен қабылданғанын әлі толық түсінбеді. Олар қоғамдық қойманы ұжымшарлық экономиканың кеңейтілген өндіріс элементі не ауыл шаруашылық артель мүшелерінің материалдық әл-ауқатының жоғарылау факторы ретінде емес, валюта мен индустрияландыру рекруттарын тамақтандыру мақсатымен астықты шетелге өткізудің транзиттік базасы ретінде қарастыру керек деген ойға әлі үйреніп үлгерген жоқ.
Сондықтан бастапқыда ақылға жүгінуге тырысқан жұмысшы көп болды. Мәселен, Меңдіқара аудандық партия комитетінің бюросы ұзақ уақыт бойы БК(б)П өлкелік комитетінен түскен қатаң дайындама тапсырмасымен келіспеді. Қысым күшейген кезде аудандық комитеттің хатшысы былай деді:
"Жақсы, олай болса, мен бәрін алайын, барлық ұжымшарды жалаңаштап, түксіз қалдырайын, сосын олар бытырап қашып кетсін".
Басқа аудандық комитеттен (Қарабалық) былай деп жазды:
"Өңірдің экономикасы шамадан тыс жоспардың себебінен әлсіреді. Колхозшылар мен кедей және орта шаруалар үшін болашақ жоқ. Біз колхозшыларға жеккөрінішті болдық, олар бізді тастап кетіп жатыр".
Крайкомның сатып алу терроры туралы көптеген шағымға жауабы біржақты болды: "Мұның бәрі зиянкестік пен әлі жойылмаған индивидуалистік көңіл-күй". 1931 жылы тамызда Алматы қалалық партактивінде Голощекин былай деп сөйледі:
"Кейбір аудандарда өнімділік аз, бұл біз бетпе-бет келетін қиындықтарды көрсетеді. Қиындық өнімділіктің аздығында емес, өнімділігі аз жерде пайда болған зиянкес көңіл-күй, дүрбелең және селқостықта. Аудандық атқару комитеті, аудандық партия комитеті, не ұяшық дүрбелең жасай бастаса, аса ақылсыз "астық-жем" теңгерімдерін жасай бастаса (астық дайындау жоспарының шындыққа жанаспайтыны туралы жергілікті мамандардың есептері – автор), онда ұжымшарларды аса маңызды міндет бойынша жұмылдыруға төнген қауіп айқын... ол – астық дайындау жоспарын орындау міндеті".
Әрі қарай әдеттегідей себеп пен салдардың орнын ауыстырып, кінәні басқаларға артып, Голощекин аймақ деңгейіндегі партиялық "бас июшілерге" қатаң ескерту жасады:
"Біз осындай аудандық комитеттермен, осындай хатшылармен, дүрбелең бастаған ұяшықтармен шайқасуымыз керек және большевиктерше қатты шайқасамыз да, біз мұндай үрейшілдің әрқайсын социалистік құрылысқа кесел келтіруші ретінде қарастырамыз".
Көп ұзамай "большевиктерше шайқасу" ұжымшар төрағаларының үштен бірінің қызметтен босатылуына әкеп соқты. БК(б)П аудандық комитеттерінің хатшыларын да "тазартты". Мысалы, жаңадан тағайындалған бір хатшы өзіне сеніп тапсырылған аймаққа барар жолында партиядан шығарылды, себебі ол былай деп мәлімдеді: "Мен мемлекетке астық дайындау үшін колхозшыларды өлтірмеймін". Бірақ одан да қатаң жазалар қолданылды. 1932 жылы 14 желтоқсанда Большевиктер Бүкілодақтық Коммунистік партиясының Орталық Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің "Украина, Солтүстік Кавказ және Батыс аймақта астық дайындау туралы" деген қарары қабылданды, онда "қалтасында партиялық билеті бар астық дайындаудың саботажшыларына 5-10 жылға концлагерьге қамау жазасын, ал белгілі бір жағдайларда ату жазасын қолдану" туралы жазылған болатын. Бұл нұсқама Қазақстанда да біртіндеп жүзеге асырылды.
Бұл саладағы шағымдар билік кабинеттерінде "капитулянттық оппортунизмнің демаршы" ретінде қарастырылатыны, сонымен бірге теріс реакциядан басқа түк те бермегені айқын болғанда түрлі айла-тәсіл алға шықты. Өсірілген өнімнің белгілі бір бөлігін азық-түлік пен тұқымға қалдыру үшін колхозшылар жолдың, межелердің, арықтардың қасындағы астық алқаптарын шаппады, әдейі дұрыстап тазаламай, астықты мекенге тастап, егістіктерде масақ қалдырып, масақтарды сабанға жіберу мақсатында әдейі реттелмеген дән бастырғыштарды қолданды және т.б. айла-шарғыға барды.
Алайда көп ұзамай мемлекеттік террордың тексерілген механизмі қайтадан іске қосылды және бұл әрекеттер одан да қатаң шаралармен тоқтатыла бастады. 1932 жылдың 7 тамызында "Мемлекеттік кәсіпорындардың мүлкін, ұжымшарларды және кооперациялар мен қоғамдық (социалистік) меншікті қорғау туралы" заң қабылданғаннан кейін, олар мұндай істер үшін ату жазасына кесілетін болады, ал "жеңілдетілген мән-жай" болғанда мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылатын еді.
Большевиктердің Бүкілодақтық Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мен Орталық Комитетінің қаңтар (1933 жыл) пленумында әділет халық комиссары Николай Крыленко есеп беріп, бұл заңды қолданылған бес айға жетпейтін уақыт ішінде 54 645 адам сотталды, 2110 адам өлім жазасына кесілді, 1000 адамға байланысты ол үкім орындалды деді. Тура сол кезде ол қатал шешімдерге қол қоюдан шаршаған соттардан аса қырағы қарауды талап етті (көп ұзамай Крыленконың өзі де репрессияның құрбаны болды, өзі қазған орға өзі түсті). Осы нұсқамаға жауап ретінде Жоғарғы Соттың қазақстандық бөлімі өз соттарына сөгіс жариялады:
"...1933 жылдың 5 мамыры мен 1 тамызы аралығында ату жазасына кесілген адамдар санының 44,5%-ға (305-тен 163 адамға дейін) азаюын қалыпты жағдай деп санауға болмайды".
Сонымен қатар, бұл құжатта "ату жазасына кесілген 163 адамның 18-і ғана таптық тұрғыдан бөтен элементтер" делінген (соңғы сөйлем адамның қай тапқа жататыны оны өмірден айыру үшін бұлтартпас негіз бола алатынын айқын көрсетеді).
Қатаң жазалауға кейде болмашы себеп желеу болуы мүмкін еді. Оның жүздеген мысалы бар. Сол кезеңдегі сот практикасынан алынған кейбір ерекше істердің бірнешеуін ғана қарастырайық.
Мәселен, Қордай ауданының халықтық соты колхозшылардың бірін "қоғамдық аттарды жеке ісі үшін бір рет пайдаланғаны үшін" 10 жылға бас бостандығынан айырды; Өскемен соты тағы бір байғұсқа балалары 6 кг тары ұрлағаны үшін дәл сондай мерзім берді (одан азы болған жоқ) және орта шаруаға 17 кг астық ұрлағаны үшін (шамасы, соттар бұл қылмысты ірі ұрлық деп анықтады, өйткені көптеген жағдайда "халықтық" соттар бірнеше жүз грамм үшін де ойланбай соттайтын) осы жаза тағайындалды; Сталиндік халық соты (мына сәйкестікті қараңыз!) үстіне бір мая пішен құлап көзін зақымдаған атты қадағалай алмаған колхозшыларды лагерьлерге жіберді; сол сот жаңағылардың ауылдасын ұжымшарлық асау түйені күрекпен ұрғаны үшін ГУЛАГ-тың қасіретіне ұшыратты. Аналарды кішкентай балалары аштан өлмес үшін ұжымшар егістігінен бірнеше масақ немесе картоп алғаны үшін соттады (1932 жылдың тамызындағы заң бойынша болған сот үкімдерінің "бес масақ ісі" деп аталғаны бекер емес).
Ұжымдастыру қазақ ауылы үшін жойқын дауыл болды. Мал бұрын-соңды болмаған шығынға ұшырады. 1928 жылы республикада 6 509 мың бас ірі қара мал болған, ал 1932 жылы небәрі 965 мың қалды. Соғыс қарсаңындағы 1941 жылы да ұжымшарға дейінгі деңгейіне жетпеді (3 335 мың бас). Ұсақ малдың саны да таңғалдырады: 1932 жылы 18 566 мың қойдың тек 1 386 мыңы ғана қалды (соғыс басталғанға дейін отар саны 8 миллионға жететін). 1928 жылы 3 516 мың бас болған жылқы саны 1941 жылы 885 мың бас болды. Түйе өсіру сияқты аймақ үшін дәстүрлі сала тоқтап қалуға жақындады: 1935 жылға таман тек 63 мың түйе қалды, ал 1928 жылы 1 042 мың бас болған.
Кейбір мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда жағдай одан да қорқынышты болды. Мәселен, Қарағандының Жаңаарқа ауданында 1933 жылдың басында тек 343 жылқы (1931 жылы көптеген реквизициядан кейін де 10 666 бас болды), 453 ірі қара мал (9 971), 665 бас (26 620) ұсақ мал, 119 (4 364) түйе қалды. Естеріңізге сала кетейік, мансапқорлық амбициясы жоқ көптеген адал қызметкер мен практик (кейін сол үшін өмірлерін қиған) Голощекин мен оның жақтастарына мұның соңы ауыл экономикасының құлдырауына алып келетінін бірнеше рет дәлелдеуге тырысты. Алайда, "аса ақылсыз астық-жем және мал дайындау" авторларын (Голощекин айтқандай) ешкім тыңдаған жоқ, әрі кетсе ол тілазарлар туралы партиялық құжаттама басталатын. Облыс басшылығы басқа "большевиктерше ғылыми тексерілген балансқа" жүгінді. Оларға сәйкес республикада 1932/33 жжылы мал басы 53 381 мыңға жетуі керек еді. Алайда, Владимир Маяковский бірінші бесжылдық туралы жазғандай, "әйдік жоспар" орындалмады: даму орнына Қазақстан тарихында болмаған мал шаруашылығының дағдарысы болды.
Шаруашылықтардың басым бөлігі малынан айырылды. Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан бойынша деректер назар аударарлық. Атап айтқанда, 1934 жылдың біріншіжартысында Түлкібас ауданында колхозшылардың 99,8%-ы мен жеке шаруалардың 93,4%-ында бір де бір жылқы қалған жоқ, 74,9% және 82,1% сиырсыз қалды, Шаян ауданында колхозшылардың 100 шаруашылығында бар-жоғы 36 ірі қара мал басы болды (жеке шаруаларда – 7), 28 жылқы (22), 163 қой (24), Созақ ауданында сәйкесінше 23 сиыр (2), 29 жылқы (11), 444 қой (жеке шаруаларда – 89) ғана қалды. Осылайша, ұжымдастыру ауыл экономикасына соңғы соққы берді, нәтижесінде ауылдың өндірістік күші де, олардың функционалдық құрылымдары да жойылды.
1929 жылы "Правда" газетінде жарияланған "Үлкен бетбұрыс жылы" деген қоқиланған мақалада Сталин жалған оптимистік болжам жасады:
"Ұжымшарлар мен кеңшарлардың дамуы жедел қарқынмен жүретін болса, үш жылдан кейін әлемдегі ең көп астық өсіретін мемлекеттердің бірі не ең көп астық өсіретін мемлекет болуымызға күмәндануға негіз жоқ".
Үш жыл өтті. Ұжымдастыру аса қарқын алды. Алайда, Сталин уәде еткен астық молдығының орнына, халық жаппай ашаршылыққа ұрынды.
(жалғасы бар)
"Жадыңнан өшпес" жинағы "Сорос-Қазақстан" қорының қолдауымен Open Mind жобасы аясында орыс тілінде жарық көріп, кейін қазақ тіліне аударылды. Монография редакторлары: Жұлдызбек Әбілғожин, Михаил Акулов, Александра Цай, қазақ тіліне аударғандар: Әнуар Дүйсенбинов және Жұлдыз Әбділда. Сондай-ақ, жоба аясында қуғын-сүргін тақырыбы бойынша әзірленген виртуалды көрмемен осы сілтеме арқылы өтіп танысуға болады.