Төменде тарихшы Жұлдызбек Әбілғожиннің "Сталиндік режимнің шаруаларға қарсы репрессиялық саясаты және оның Қазақстандағы көрінісі (1920 жылдардың аяғы – 1930 жылдардың басы)" монографиясының жалғасын ұсынамыз. Материалдың басын осы жерден оқуға болады.

Ашаршылық немесе әлеуметтік-таптық геноцид

Кеңес тарихнамасында 1930 жылдардың басындағы жаппай ашаршылық тақырыбына қатаң тыйым салынды. Билік бұл қасіретті халық зердесінен өшіруге тырысты. Тек 80-жылдардың аяғында ғана Горбачевтің "жариялылық" ұраны аясында көпшілік алдында талқылана бастады. Бұл мәселе әсіресе кеңес режимінің күйреуі және Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін аса қарқынды талқылана бастады. Дәл сол кезде одан бұрын жабық болған көптеген мұрағат құжаты, "атылған санақ" деп аталатын мәліметтер жария етіле бастады (1937 жылғы санақ халық санының күрт азайғанын көрсетті, сондықтан оның ақпараты жарияланбай, құпия мұрағаттарда тарс бекітілді, оны жасаушылар жойылды, ал 1939 жылғы санақ бұрмаланды). Дегенмен қазіргі кезде қолжетімді мәліметтердің көбі әркелкі, статистикалық қатесі бар және тағы басқа. Басқа нәрсе күту қиын, өйткені сол уақыттың куәгерлері есіне алғандай, қала көшелерінде (Алматы, Семей, Фрунзе және тағы басқа), темір жол станцияларында, "сталиндік ұлы индустриялық құрылыстардың" жан-жағында аштан өлген адамдардың мүрдесі шашылып жатты. Оларды арбаларға тиеп, бір жерге апарып, ешқандай тіркеусіз, ортақ қабірге көмді, өлім саны көбінесе "көзбен" анықталды (Көптеген есепте ана станцияда "шамамен" мынанша мәйіт бар екенін, мына жерде мұншаға "жуық" адам аштан өлгенін және тағы басқа оқуға болады).

Қазіргі зерттеушілер аштық құрбандарының санын 1 миллион 300 мың мен 2 миллион арасында деп есептейді. Алайда, бұл мәселе бойынша дискурс әлі жалғасуда және бұл зерттеу әлі де өзекті. Бірақ, қалай болғанда да, бір анығы – 1930 жылдардың басындағы жаппай ашаршылық қазақ халқының тарихында бұрын-соңды болмаған. Ашаршылық туралы естелік халық жадында қаны сорғалаған күйі мәңгі қалады.

Азды-көпті зерттеушінің сол уақытта Қазақстаннан қоныс аударғандар саны туралы пікірі ұқсас: 1 миллионнан астам адам, оның ішінде 600 мыңнан астамы қайтпаған. 1933 жылдың сәуірінде БК(б)П Қазкрайком хатшысы Л.Мирзоянның өзінен бұрын істеген Голощекиннің Қазақстандағы қызметінің қайғылы нәтижесін қорытындылағандай кейіп танытып, Сталиннің қазақ халқының мүшкіл жағдайының ауқымын білмейтініне аңқаулықпен сенгендей болып, оған және Молотовқа былай жазғаны кездейсоқ емес:

"Біздің мәліметтеріміз бойынша, көші-қон 71 ауданға әсер етті, оның 50-і көшпелі және жартылай көшпелі және 21-і отырықшы ауыл шаруашылығымен айналысады. Көші-қон әсіресе оңтүстік аймақтың, Алматы облысының, Қарағанды облысының оңтүстік бөлігінің, Шығыс аймағының батысы мен Ақтөбе облысының оңтүстік бөлігінің аудандарына зақым келтірді […] Барлық облыста жалпы саны 300 мың жанды құрайтын 90 мыңға жуық шаруашылық […] қоныс аударған, яғни тұрғылықта жерінен босқан (ашаршылықтан қашып) жәнебасқа облыс орталықтарына көшуде (республикадан тыс жердегілерді қоспағанда) […] Әулиеата қаласында 12 мың, Түркістанда – 8 мың, Қызылордада – 6 мың, Петропавлда – 12 мың, Балқашстройда – 2 мың, Қарағандыда 2 мың адам қоныс аударған".

Сталиндік режимнің шаруаларға қарсы саясатының айқын репрессивті сипаты кулактар мен байларды тап ретінде жоюдың мемлекеттік бағыты аясында жүргізіп жатқан шараларда көрініс тапты.

Оқи отырыңыз: Шектеулі береке мемлекеті: Үшінші Рейх және Кеңес Одағындағы утопия мен террор туралы

Ойға алынған әлеуметтік-таптық геноцидке большевиктік "ordnung" сипаты мен жоспарлы сипат беру үшін жойылуға ұшыратылған құрбандар үш категорияға бөлінді. Бірінші категория ("контрреволюциялық актив" деп аталатын, көтерілістер мен лаңкестік әрекеттерді ұйымдастырушылар) концлагерьге қамау немесе ату жазасын білдірді. Екіншісі (ең бай кулактар) – КСРО-ның шалғай және аз қоныстанған аудандарына жер аудару. Ал үшінші категория (кулак шаруашылықтары деп аталатын шаруашылықтардың қалған бөлігі) мекендеу аймағының шегінде, бірақ ұжымшар алқабынан тыс жерге қоныс аударуды қарастырды (Ұжымдастыру жеделдеген сайын ұжымшарлық "төгілген теңіз" жаңа аумақтарды қамтыған сайын, көп ұзамай "ұжымшарлар алқабы үшін шамадан тыс" кеңістік елдің игерілмеген аймақтарында тоқтады да, үшінші категория екіншісімен бірікті).

Тәркілеуге тиісті шаруашылықтар саны олардың жалпы санының 3-5% мөлшерінде болды. Ал КСРО Орталық статистикалық бюросының 1929 жылғы мәліметтері бойынша, кулак шаруашылықтарының үлесі 2%-дан сәл асқан. Демек, 600-700 мың еңбек шаруашылығы толтыратын (яғни шамамен 3,5–5 млн адам) 3% люфт қарастырылды.

Жоюға бағытталған шаралар аса әккілікпен жоспарланды, сондықтан қандай да бір категорияға енетін шаруа отбасыларының нақты саны алдын ала белгіленді. Жоғарыпартиялық нұсқаулық тұрғысынан бұл "шектеулі контингенттерге" бөліну деп аталды, дегенмен, оларға "кеңейтуші" анықтамасы жақынырақ еді, себебі олардың рұқсат еткен саны үшін бұрын-соңды болмаған репрессияны өрістетуге мүмкіндік туды.

Бірінші категорияға 150 мың отбасын, екінші категорияға 60 мың отбасын қосу туралы ұйғарым жасалды. Құжаттың логикасына сәйкес, "партия миы" марксистік емес адамдарға беймәлім болжағыш күштің көмегімен алдағы есепті жылдары төңкеріс, террорлық әрекет және ұжымшар саботажы қаһармандарының саны мынанша, демек тура сонша адам ату қабырғасына, концлагерьлерге және тайга-даланың қатаң terra incognita-сына үміткер болады деп білген. Алайда, бұл ақылға сыймайтын ойдың жемісі болған жоқ. Мұнда жаппай шаруашылық қарсылығын жоюға арналған мұқият ойластырылған нұсқау болды, шаруашылықтың ол кездегі жағдайы екі оттың арасында еді: ұжымдастыру мен кулактардың мүлкін тәркілеу деп аталатын қаулы Қазақстан үшін директивті тапсырмаларды белгіледі. Бірінші категорияға 5-6 мың отбасы, екінші категорияға 10-15 мың отбасы кірді.

Бірінші категориядағы адамдардың ісі бойынша үкімдер партия органдарының, ОГПУ (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) мен прокуратураның бірінші басшылары кіретін "үштік" деп аталатын соттан тыс отырыстарында тізім негізінде шығарылды. Екінші топ кедейлер мен батырақтардың қатысуымен өткен ұжымшар жиналыстарының билігіне берілген болатын, бірақ тізімнің барлығын жергілікті билік органдары бекітті. Акция 1930 жылдың ақпан-мамыр айларында өткізілуі керек еді.

2 ақпанда ОГПУ құрылымдарына "контрреволюциялық агентураны", "бірінші категориядағы белсенді кулактарды" тұтқынға алу және жою бойынша жедел операциялар бастауын талап ететін нұсқаулық жіберді. Бірден Қазақстанда 3 111 адам қамауға алынды. Одан кейін жаппай көшіру басталды. 1930 жылдың мамыр айының басында-ақ 1 421 отбасы немесе 7535 адам өлкеішілік қоныс аударуға жіберілді.

1931 жылдың наурыз айының екінші жартысында Голощекин орталыққа шекаралық аймақтар мен мақта алқаптарындағы 1 500 шаруашылықты Қазақстаннан көшіруге рұқсат сұраған жеделхат жолдады. Бірақ республика территориясының өзі "кулактық айдалу жері" болғандықтан, Крайком мен ОГПУ-дің Өкілетті Өкілдігіне "өлке ішіндегі қоныс аудару мүмкіндіктерін" табуға кеңес берілді.

1931 жылдың 20 шілдесінде БК(б)П ОК Саяси Бюросы өзінің отырысында кулак шаруашылықтарын жаппай жер аудару аяқталды деп мәлімдеді және одан әрі жеке-жеке көшіру ұсынылды. Шындығында, бұл жеке көшіру он мыңдаған жаңа құрбанмен өлшенді.

Сол кездесуде Қазақстанға кулактар мен байларды көшіруге рұқсат етілді. Осыған байланысты, ОГПУ-ға жер аударудың санын, уақыты мен орнын анықтау тапсырылды. Мұндай жұмыс көп ұзамай жүзеге асырылды да, 30 тамызда Саяси бюро 5 000 шаруашылықты өлкеішілік жер аударуға санкция берді.

Осылайша, жаппай тұтқындау, концлагерьлерге жіберу мен жер аудару 1930 және 1931 жылдары жалғасты. ОГПУ ГУЛАГтың арнайы көшірілгендер департаментінің мәліметі бойынша, осы кезеңде тек Қазақстан ішінде ғана 6 765 шаруашылық жер аударылды. Есепке тек бірінші және екінші категориядағы, яғни арнайы мекендерге айдалған шаруашылықтар кірді. Ұжымшар алқабының шекарасынан тыс шығарылған үшінші топтағы шаруашылықтарға келетін болсақ, ОГПУ органдары олардың статистикасын тіпті бақыламаған сияқты (олар алғашқы екі категорияны да шатастырды, өте қарама-қайшы деректер келтірді). Бірақ олардың саны қисапсыз болғанын елестету қиын емес.

Республикадан тыс та жер аударатын. Қолда бар мәліметтерге сәйкес (қосымша нақтылауды қажет етеді), 1931 жылы Қазақстаннан 5500 отбасы жер аударылды. 1930 және 1931 жылдары Қазақстанда 12 265 шаруашылықтың мүлкі тәркіленді, яғни кем дегенде 60-70 мың адам, оның ішінде қарттар, балалар мен әйелдер жер аудару азабына ұшырады деп айтуға болады. Олардың көбі үшін жер аудару өлімге айналды.

Жоғарыдан келген бақылау көрсеткіштері бірден орындалғанына күмәндану тіпті мүмкін емес. Сталиннің сөзін тағы да еске түсірейік:

"біздің жоспарлар болжамдық жоспарлар емес, директивалық жоспарлар".

Оның үстіне Голощекин бұл жоспарларды жүзеге асырушы ретінде әрекет етті және оның большевиктердің БК(б)П ОК Саяси бюросының құрамына ұжымдастыру жөнінде де, кулактардың мүлкін тәркілеу жөнінде де енуі кездейсоқ емес еді. Сонда Қазақстанда кем дегенде 6 мың шаруашылық бірінші категория бойынша, 15 мыңы екінші категория бойынша репрессияға ұшыраған.

Біз "шектеулі контингенттің" бірнеше есе асыра орындалғанын да білеміз. Мұны басшылықтың өзі мойындады. "Ұжымшар қозғалысындағы партиялық бағыттың бұрмалануына қарсы күрес туралы" деген БК(б)П-ның 1930 жылдың 14 наурызындағы қаулысында "... кейбір аймақтарда мүлкі тәркіленгендердің үлесі 15 пайызға, ал сайлау құқығынан айрылғандар 15-20 пайызға дейін жетеді" деп айтылды (БК(б)П Орталық Комитетінің 1930 жылдың 30 қаңтарындағы нұсқауына сәйкес барлық шаруашылықтың 3-5%-ын тәркілеу жоспарланғанын естеріңізге сала кетейік).

"Таптық күрестің" бақытсыз құрбандарынан тұратын, қарауылдың бақылауындағы эшелондар бір-біріне қарай ерсіліқарсылы жүріп жатты. Біреулері Қазақстаннан Кола түбегіндегі тау ұңғымалары, Колыманың кен орындары және Сібірдің ағаш құлататын жерлерінде ауыр еңбекке жегілетін шаруаларды әкетіп, ал екіншілері жалаңаш қазақ даласына басқаларын әкеп түсіріп жатты.

Солтүстік, Орал және Сібір аудандарымен қатар, Қазақстанның территориясы елдің басқа аймақтарынан келген ондаған мың шаруа үшін "кулактардың айдалған" орны ретінде сипатталды. ОГПУ бұйрығына сәйкес (1930 жыл, 2 ақпан), ең біріншіден республиканың игерілмеген аудандарына Солтүстік Кавказдан 5000 шаруашылықты жіберу жоспарланды. Бірақ көп ұзамай аймақтық биліктің мұндай адам санын қоныстандыруға дайын еместігі белгілі болды. ОГПУ 50 мыңнан астам отбасын Солтүстік пен Оралға (173) көшіру жоспарын жасады. Оны қарағаннан кейін Сталин бұрыштама соқты:

"Көшіру аймақтары ретінде Қазақстан мен Сібір жоқ. Оларды қосу керек".

1931 жылдың 6 шілдесінде Қазақстанға Орта Азиядан 80 отбасы (281 адам) жіберілді, ал 1932 жылдың 1 қыркүйегінде комендатура есебінде 46 091 отбасы немесе 180 015 арнайы көшірілгендер тіркелді. Олар Төменгі және Орта Еділден, Орталық Қара топырақты облыс пен Мәскеу облыстарынан, Солтүстік Кавказ өлкесінен және Орта Азиядан келген шаруалар болды.

Кеңестік тарихнамада шаруалардың "кулактық қуғын" каторгалық Голгофасына шығуы екіжүзділікпен "еңбекпен тәрбиелеу" деп аталған. Осылайша, "тарихтың буржуазиялық бұрмалаушыларына қарсы тұруға" көмектесетін көптеген жұмыстың бірінде мынандай тебіренген сөздер бар:

"Бірте-бірте Кеңес мемлекеті бұрынғы кулак-эксплуататорларды социалистік қоғамның еңбеккерлеріне айналдырып, еңбекпен қайта тәрбиеледі. Еліміздің тәжірибесі аса күрделі әлеуметтік мәселені шешудің үлгісін ұсынды – эксплуататоркулактардың экономикасын, сана-сезімін, психологиясын, бұрынғы өмірін түбегейлі өзгерту, оларды социалистік құрылысқа қосу қолға алынды".

Бұл тәжірибе туралы дау айту қиын, өйткені ол шынында да көптеген диктаторлық режимге, соның ішінде Мао мен Пол Поттың "қызыл кхмерлеріне" үлгі болды. Тәрбиелік әсеріне келетін болсақ, мұнда тек сергелдеңді көруге болады, өйткені ол арнайы мекендерге "еңбекпен тәрбиелеу" үшін жыл сайынүй шаруашылығының ауыр еңбегімен айналысатын, "шаруа көркін" бейнелейтін ең білімді, тәжірибелі және еңбекқор жұмысшылар жіберілді.

Кеңес заманында әйгілі "КСРО-дағы эксплуатациялық тап­­­тарды жою" монографиясында былай жазылған:

"Кеңес мемлекеті переселендердің жұмыспен қамтылуына және өмір сүруіне байланысты үлкен шығындарды өз мойнына алды. Олардың шығыны олардан тәркіленген мүлік құнынан едәуір асып түсті". "Бірден айтайық, бұған сену қиын, өйткені, біріншіден, КСРО Қаржы халық комиссариатының толық емес мәліметтері бойынша, 1930 жылдың жазында "кулактардың" тәркіленген мүлкінің құны елде 180 миллион рубльге бағаланды. Екіншіден, кеңестік тарихнамада ешкім "ұлы сталиндік индустрияландырудың" құрылыс алаңдарында құқығынан айырылған кулактардың тегін жұмыс күшін есепке алмаған".

Қарағанды көміріне арналған жұмыс күші

1931 жылы ақпанда Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің Саяси бюросы мүлкі тәркіленгендерді көшіру туралы мәселені арнайы қарастырды. Осыған байланысты ОГПУ-ға жарты жыл ішінде арнайы тағайындалған коменданттардың бақылауындағы 200-300 мың отбасы тұратын кулак ауылдарын салу үшін аудандарды дайындау операциясын жүргізу туралы нұсқау берілді, бұл ең алдымен Қарағандыдан оңтүстікке қарай Қазақстанның облыстары еді. Мақсаты айқын – Қарағанды көмір бассейнін арзан жұмыс күшімен қамтамасыз ету.

Қарағанды көмір бассейнінде мұндай елді мекендердің 30-ы орналастырылды, бұл – Қазақстанда орналасқан арнайы коменданттар басқаратын жүз ауылдың үштен бір бөлігі. Бастапқыда бұл сталиндік әлеуметтік-таптық геттолар тура далада қолмен қазылған 2×2 м ор немесе шыммен жабылғанқамал түрінде болды (қабірден не айырмашылығы бар?). Кейіннен ғана даланың қарлы боранымен суықта қатқақтап қалатын ағаш барақтар салына бастады.

Әрине, сол кездегі сипаты ортағасырлық көмір өндірушілер мен кеншілердің еңбек әдістерінен алшақ емес (адамның бұлшықет күші және оған қосылған балға шот немесе қайла, күрек пен қол арба) "индустриялық" физикалық жұмыстың ауырлығын бәрі де бастан өткерді. Бірақ, арнайы көшірілгендерден айырмашылығы, ол кеншілер өмір сүру шегінде тұрса да, күнделікті өмір жағдайы біршама төзерлік болды және, әрине, күн сайын жүргізілген үгіт-насихатпен нәрленген қоғамдық моральдық террордың қысымына ұшыраған босқындар сияқты емес еді.

Міне, Қарағанды шахталарындағы тәркіленгендердің еңбек жағдайы туралы естеліктердің біреуі ғана. Иван Тимаков:

"...Мен жас едім, жанымда әйелім және кішкентай балам бар еді. Тереңдігі бір метр шұңқыр қазып, шатырды жабумен жаптық. Сәбиіміз осы шұңқырда бір ай тұрып, шетінеп кетті. 31-32-жылдары балалар мен қарттардың дені қайтыс болды, ал 1933 жылы жастар ғана қалды, қарт адамды сирек көретінсіз. Күніне 200 адам қайтыс болатын. Үш бригада ені екі метр, ұзындығы бес метр болатын қабірлер қазды. Қыста қабір қазып үлгермеді. Марқұмдарды үйдей биік үйінді етіп жинады, әр үйіндіде 500-700 адам жататын, отын сияқты. Мен сегіз шақырым жердегі Киров шахтасында жұмыс істедім. Күн сайын сол жаққа даламен барып қайтасың. Шахтада жұмыс істесең, жерасты сулары төбеден жаңбыр сияқты құйылады. Шахтадан шықсаң, үсті-басың су, галошың суға толы, шұлғауың су, жалғыз құрғақ күпәйкеңді киіп, отыз градус аязда ауылға қарай жүгіресің. Жүгіріп жеткенше киімің қатып, денеге жабысып қалады. Кеншілер жұмыстан үйге келіп, шаршағаннан өліп құлайтын. Қыс бойы жолда жататын сосын. Кейде боран кезінде жол көрінбесе, даладағы белгілердің орнына өліктерге қарап жететінсің. Оларды көктемде арбаға жинайтын...".

1934 жылдың басында "Қарағандыкөмір" кәсіпорнында 10 397 адам жұмыс істеді, олардың 5 525-і арнайы көшірілгендер болды. 1938 жылдың ортасына қарай Қарағанды облысында 91 297 мүлкі тәркіленген адам өмір сүрді, олардың ішінде 19 115 адам көмір өнеркәсібінде жұмыс істеді. Сөйтіп, "Үшінші одақтық кочегарканың" жұмыс күшінің ең көп бөлігі арнайы көшірілгендер есебінен құрылды. Сонымен қатар, олар Халық комиссариаты ауыр өнеркәсіп, Түстіметаллалтын жүйесінің қазақстандық кәсіпорындарында жұмыс істеді (16 822 адам), жол (тек арнайы көшірілгендердің күшімен 170 шақырым қара жол салынды) және темір жолдың (мысалы, Ақмола-Қарағанды темір жолын салуға алғашқы тәркіленгендер этаптарының 2567 адамы жұмсалды) құрылысында жұмыс істеді және тағы басқа Сталин мен оның ОГПУ мен НКВД-дегі жендеттері салған "ауылдың бұрынғы эксплуататорларын еңбекпен қайта тәрбиелеу" жүйесі дегеніңіз осы болды.

"Кулактық қуғынға" ұшыраған шаруалар өнеркәсіптік жұмыс күшінің үлкен резервіне айналды. 1932 жылдың басында Қазақстанда 186 000 арнайы жер аударылғандар деп аталатын топ арнайы комендатураның тіркеуіне алынды (ГУЛАГ-тың иезуиттік екіжүзді терминологиясы бойынша, мүлкі тәркіленген шаруалар осылай атала бастады; "арнайы" деген сөзді алып тастаса, бұл жаңа территорияны игеруге жөнелген ерікті колонистер, романтик-авантюристерге қатысты деп ойлауға болушы еді), 1933 жылдың 1 қаңтарында олардың саны мұнда 140 383 адам, 1938 жылдың 1 қаңтарында – 134 655 адам, ал 1940 жылдың қаңтарында 137 043 адам болды.

Кеңестік тарихнамада мүлкі тәркіленгендердің тұрмысы да барынша бұрмаланған болатын. Осындай бастан-аяқ өтірік шығармалардың бірінде "бұрынғы кулактар мен олардың отбасыларының гүлденіп, мәдени өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған", арнайы мекендерде клубтар салынды, онда тәркіленгендер көркемөнермен айналысып, шахмат ойнайды және тағы басқа деп жазылған. Арнайы жер аударылғандардың өмірі шынымен қайғылы болмады ма немесе жалпы қалыпты болды ма? Бүгінгі таңда бұл мәселеге байланысты Қазақстанға қатыс­ты сенімді әңгімелер бар. Отбасының басынан кешкенін есте сақтап қалған, бүкіл дүние-мүлкі тәркіленгендердің отбасы мүшелері мен ұрпақтарының естеліктерінің арқасында біраз әңгіме сақталған. Алайда қарағандылық арнайы переселендер тарихын ұзақ және жанқиярлықпен зерттегендердің алғашқыларының бірі, еңбекті ізденістің нәтижесінде зор куәгерлік материалдар жазып алып, оны Кеңес уақытының өзінде "Индустриальная Караганда" газетінде (1989 жыл, 29 сәуір) жариялаған Дмитрий Чиров болды. Сол кезде Дмитрий Чиров жазып алған Қарағандыға қоныс аударушылардың Естеліктерінен бірнеше үзінді келтірейік.

М.В. Копейкинаның естелігінен: "Мен 1925 жылы Тамбов облысы Рассказов ауданының Родник ауылында дүниеге келдім... 1930 жылы ұжымдастыру басталды... Әкем мен ағамды түрмеге әкетті. Ал бес жасар мені және үш жарымдағы інімді арбаға отырғызып, Платоновка станциясына әкетті... Станцияға келсек, халық сансыз көп. Әкелерімізді отбасымен қосылуға жіберді, күзетті алып тастаған жоқ, сондықтан өзімізді қамауда болғандай сезіндік...

Бізді бұзау тиейтін вагондарға тиеп, есіктерді сырттан ысырмамен бекітті, қаша алмайсың. Вагонда әйелдерге де, ерлерге де ортақ бір-ақ параша (кіші, үлкен дәретке отыруға арналған сауыт) болды. Қысқасы, тұтқынға алынған қылмыскерше жүрдік ол пойызбен. Ұзақ жүрдік, жалаңаш далаға әкеліп, қазіргі Компанейский ауылы тұрған жерде түсіңдер деп, шығарып жіберді. Бұл 1931 жылғы қыркүйек болатын, біз түскен жерде дала сарғайған екен. Қолмен өзіміз жасаған шатыр құрастыра бастадық: тереңдігі жарты метр шұңқыр қазып, олардың үстінен таяқ бекітіп, төсеніш не көрпелермен жаптық. Ал төсектің орнына ағаш тырманы қолдандық, оны неге өзімізбен әкелгенімізді білмейміз.

Жақын жерде су да болған жоқ, сондықтан су әкелу үшін 20 шақырым жерге бару керек болатын. Қандай тамақ берді десеңіз... Бірінші күндері ештеңе де берген жоқ, содан кейін ұн әкеліп, бір адамға бір күрішке беретін. Әкелінген адам мен салынған жеркепе сансыз көп болды. Осылай халық аштық пенаурудан өле бастады. Дизентерия және сүзек болып ауырды. Менің жасым ол кезде сегізде болатын, бірақ әлсіреген, аш және ауру адамдардың туыстарын жерлеуге күші жетпей, қайтыс болғандарды жинап, жалпы шұңқырға апарып тастайтыны есімде. Ол кезде көп адам қайтыс болды, әсіресе кішкентай балалар мен қарттар көп өлді. Барақ баспананы шымнан салғаны есімде. Бізді ол үйлерге қыстың басында кіргізді. Сол бірінші қыста аштық пен суықтан көп қиындық көрдік... Жазда балалар алаңын ашты, сонда інім екеуміз түскі ас ішетінбіз, бір тілім нан мен қызылша көжесін беретін, оны ішу мүмкін емес еді, аш болсақ та. Әлі есімде, інім екеуміз сол алаңнан келе жатырмыз, ол жылап тамақ сұрап қоймады, оған тамақты қайдан алушы едім? Інім жылады, мен де онымен бірге жыладым..."

Прасковья Михайловна Горбунова: "1931 жылдың жазында менің бір жасқа толған қызым қайтыс болды, сол кезде бесалты жасар балалардың барлығы дерлік дизентериядан қайтыс болды".

Прасковья Михайловна Украинская: "Анам және он жасар інім қайтыс болды. Менің жасым жетіде еді. Бізді Осакаровкада шатыры жоқ бараққа орналастырды, әрқайсына 70-80 адамнан. 1932 жылдың көктеміне таман бір барақтан 5-6 адам ғана тірі қалды".

Василий Михайлович Судейкин: "1932 жылдың қаңтарында бізді Кубаньнан Тоғызыншы ауылға әкелген кезде отбасымызда алты адам болатын. 1933 жылдың жазына таман мен ғана қалдым".

Жоғарыда келтірілген куәгерлер сөзі ОГПУ мәліметтерімен де сәйкес келеді, ол бойынша 1932 және 1933 жылдары ғана қазақстандық арнайы мекендерде 55 441 адам қаза тапқан. 1933 жылы Солтүстік Қазақстандағы "кулактар жер аударылған жерде" өлген адамдардың саны туылған адам санынан 19 есе артық болды, Оңтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш 13 есе еді. Әлеуметтік-таптық геноцидтің шындығы да осында.

"Жадыңнан өшпес" жинағы "Сорос-Қазақстан" қорының қолдауымен Open Mind жобасы аясында орыс тілінде жарық көріп, кейін қазақ тіліне аударылды. Монография редакторлары: Жұлдызбек Әбілғожин, Михаил Акулов, Александра Цай, қазақ тіліне аударғандар: Әнуар Дүйсенбинов және Жұлдыз Әбділда. Сондай-ақ, жоба аясында қуғын-сүргін тақырыбы бойынша әзірленген виртуалды көрмемен осы сілтеме арқылы өтіп танысуға болады.