Шымкентте жаңа әуежай терминалы құрылысының бірінші кезеңі аяқталды
Шымкентте жаңа әуежай терминалы құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Бүгінде жобаның екінші кезеңінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.
Басылымның мәліметінше, қасбеттік жүйелерді монтаждау 15 маусымға дейін аяқталады деп күтілуде. Қазір жолаушылар терминалының аяқталған құрылыс жұмыстарының жалпы үлесі 60 пайызды құрайды.
Оқи отырыңыз: "Қызыл аймақтағы" өңірлерде әуежай мен теміржол вокзалына қарсы алушылар мен шығарып салушылар кіргізілмейді
Сонымен қатар, әуежай аумағын абаттандыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы қала әкімдігі әуежай алдындағы алаңдағы автотұрақты абаттандыруға 912 млн теңге бөлген болатын. Бұл жұмыс қазір аяқталды. Бүгінде жобалық құны 1,7 млрд теңге болатын жаңа кіреберістің құрылысы жалғасуда, оның аяқталуы бірінші жартыжылдықтың соңына жоспарланған.
Бұдан басқа, инженерлік желілер құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Оның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.