Шетелден әкелінетін тауарға қатысты шектеу алынып тасталады
2020 жылдан бастап бір жеке тұлғаның атына жеке пайдалану үшін шетелден келетін тауарлардың мөлшері мен олардың құнына қатысты шектеулер өзгереді.
Бұл туралы Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
"2020 жылғы 1 қаңтардан бастап халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін, сондай-ақ, басқа да тасымалдаушылар жеткізетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қойылатын жаңа өлшем күшіне енеді. Атап айтқанда, аталған жеткізу қызметтері арқылы заттарды салықсыз әкелудің әр тұлға үшін бір ай ішіндегі шекті мөлшері – заттың құны үшін 200 еуродан және салмағы 31 килограмнан аспауы керек," – деді комитеттің Жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас Отар.
Еске сала кетейік, қазіргі уақытта (2019 жылдың 31 желтоқсанға дейін) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік салықтарды және басқа да салықтарды төлемей әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың шекті мөлшері әр тұлғаның атына күнтізбелік 1 ай ішінде 500 еуродан және салмағы 31 килограмнан аспауы керек болатын.
Сонымен қатар, белгіленген мөлшерден асқан жағдайда, асқан құнынан 15%-дық, асқан салмақтың әр 1 килограмы үшін кемінде 2 еуролық мөлшерлеме бойынша кедендік төлемдерді төлеуі керек.
Қазіргі уақытта едендік салықтардың және басқа да салықтардың бірыңғай мөлшерлемелеріне сай белгіленген құн және салмақ мөлшерінен асқан жағдайда асқан құнының 30 пайызына дейін, ал асқан 1 кг салмақ үшін 4 еуроға дейін кедендік төлем төлеуді міндеттеген еді.
Оқи отырыңыз: Транзиттік жүк тәртібін бұзып, салығын жасырғандар ұсталды
Мысалы, бағасы 300 еуро болатын затты интернет-дүкендер арқылы тапсырыс берген болса, жолаушыларға арналған кедендік декларациясын тапсыру жолымен, сондай-ақ, белгіленген құн мөлшерінен асатын бөлігінде кедендік төлем төлейді. Яғни, заттың құны белгіленген 200 еуродан 100 еуро асып кеткендіктен, осы 100 еуроның 15 пайыздық мөлшері бойынша кедендік декларация толтырылуы керек (яғни, 100 еуродан 15 еуро кедендік салық алынады).Егер жіберілген заттың құны 200 еуродан аспаса, бірақ оның салмағы 35 кг болса (яғни салмақ белгіленген 31 килограмнан 4 кг асып тұрса), онда артық салмақтың әр килограмы үшін 2 еуродан кем емес мөлшерде кедендік салық салынады.