Дегенмен әуе компаниясы билетті жеңілдікпен алу үшін бірқатар шарт қояды.

  • Мүгедек бала ұшақпен сапарға міндетті түрде ата-анасы не өзге серік болатын ересек адамның ертуімен ғана ұшуы тиіс. Бұл ретте билет тек балаға тегін берілетінін және қосымша қызметтер үшін ақы төлеуге тура келетінін есте ұстаңыз.
  • Ұшақ билетін бір бағытқа немесе қайту сапарын ескеріп бірден екі бағытқа алуға болады. Бұл жағдайда екі бағытқа алынған билеттер бір бланкіде рәсімделуі тиіс. Тек кері ұшу кестесі болмаған жағдайда билетті түрлі бланкілермен алуға рұқсат етіледі.
  • Жеңілдік алатын әрбір баламен жеке ересек адам сапарға еріп шығуы тиіс. Яғни, бір ересек адам екі немесе одан көп мүгедек баланы алып жүре алмайды. Бұл жағдайда билет жеңілдікпен рәсімделмейді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда арзан әуе билеттерін қалай сатып алуға болады?

Жеңілдік мүгедек балаға бір жылда бір мәрте ұсынылады және әуе компаниясының Қазақстан ішіндегі тұрақты рейстерінде ғана қарастырылған. Жеңілдік билеттерін Қазақстан азаматтығы жоқ балаларға да рәсімдеуге болады.

Жеңілдікке ие билетті алу үшін өзге құжаттармен бірге баланың мүмкіндігі шектеулі екенін айғақтайтын бекітілген үлгідегі анықтаманың түпнұсқасын ұсыну керек.

Назар аударыңыз: жеңілдікпен рәсімделген билеттерді қосымша айыппұлсыз ауыстыруға немесе қайтаруға болады. Тек қосымша алымдар қайтарылмайды.

Есте сақтаңыз: мүгедек балаларға жеңілдік билеттері SCAT әуе компаниясының сату кеңселері мен өкілдіктерінде ғана рәсімделеді.