Алматыда тұрғындар санымен қоса, көлік жүргізушілерінің де қатары күн санап артып келеді. Ресми дерек бойынша қазір қала тұрғындарының саны екі миллионға жуықтаса, шаһарда жалпы саны 600 мыңға жуық көлік тіркелген. Ал Алматы көшелерімен күніне 900 мыңнан астам автомобиль қатынайды. Бұл, әлбетте, ұзын-сонар кептеліске әкеледі. Ахуалды түзеу үшін жергілікті әкімдік бірқатар жолайрықтың құрылысын қолға алған болатын. Олардың кейбірін, тіпті, 2019 жылдың соңына дейін қолданысқа беруге уәде еткен еді. Алайда қалада жолайрықтар мен өзге ірі жобалардың құрылысы тұралап тұр.

Биыл қолданысқа берілуі тиіс жолайрықтың құрылысы әлі басталмаған

Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысы. Бұл жерде Қапшағай қаласы мен Бірінші Алматы темір жол бекеті жақтан келетін көліктер топтасып, таңның атысынан қас қарайғанға дейін қозғалыс қиындайды. Осыны ескерген жергілікті әкімдік 2017 жылы аумаққа ірі жолайрық салу жұмыстарына кіріскен болатын. Алдын-ала болжам бойынша, нысан іске қосылғаннан кейін ондағы көліктік жүктеме 15 пайызға азаюы қажет. Дегенмен, құрылыстың аяқталу мерзімі биылғы желтоқсан айы деп белгіленсе де, құрылыс басталмақ түгілі, жер телімдерін босату жұмыстары да әлі бітпеген.


Сейфуллин-Жансүгіров қиылысында сүрілуі тиіс үйлер / Алмаз Төлекенің фотосы

Оқи отырыңыз: Болашақта Алматы үздік жүздікке кіреді. Қала әкімі тағы қандай жаңалықтарды айтты?

Жолайрық құрылысы үшін әлі 117 жер учаскесін босату қажет

Жоғарыда аталған жолайрықтың құрылысы үшін жалпы саны 262 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін сатып алынатыны туралы шешім шыққан. Алайда шешімді орындау өте ұзақ уақытқа созылды. Әуелі бағалау жұмыстарына көңілі толмаған тұрғындар өтемақыны өсіруді сұрап, сотқа қайта-қайта арызданды. Сот шешімімен баспаналардың құны нақтыланғанда, бюджетте тұрғындарға төлейтін қаражат қарастырылмағаны белгілі болды. Осылайша, 2017 жылы тек 28 жер телімі сатып алынса, араға жыл салып, биыл 117 жер учаскесі мемлекет қажетіне пайдалану үшін мәжбүрлеп алынды. Енді қалған 117 жер учаскесін сатып алу үшін қазір бағалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның тағы қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Құрылысқа жауапты Алматы қаласы Мобилділік басқарамасы Іnformburo.kz сауалына жолайрық жер телімдерін сатып алу рәсімдері толығымен біткеннен кейін ғана салынатынын мәлімдеді.


Сейфуллин-Жансүгіров қиылысында салынатын жолайрық / Алматы Мобилділік басқармасы ұсынған эскиз

Жолайрық құрылысына 8,7 млрд теңге бөлінеді. Қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен қарастырылмақ. Бүгінгі күнге дейін соның 4 млрд теңгеге жуық бөлігі жұмсалған. Бұл қаражатқа жер телімдерін сатып алудан бөлек, нысандарды сүру, инженерлік желілерді қайта құру, "Шығыс", "Батыс" және "Солтүстік" жаяу жүргіншілер өткелдерінің құрылыс-монтаж жұмыстары орындалған. Көлік жолайрығы төрт жолақты болады. Сейфуллин даңғылы бойынша 2 тоннель және 4 жаяу жүргіншілер өткелі салынады.


Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы осы күйінде тоқтап тұр / Алмаз Төлекенің фотосы

Рысқұлов-Емцов қиылысындағы жолайрықтың тоқтау себебі де алынбаған жер телімдері

Бұл аумақтағы жұмыс 2017 жылы басталып, эстакада биыл қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Бірақ, мердігерлер белгіленген мерзімге үлгермейді. Жоба бойынша мұндағы жолайрықтың құрылысы үшін 101 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынатын болған. Оның ішінде:

  • 2017-2018 жылдары 75 жер учаскесі сатып алынды;
  • 2019 жылдың аяғына дейін 20 жер учаскесі сатып алынады;
  • 6 жер учаскесін сатып алу келесі жылға жоспарланған.

Жобаның жалпы құны – 5,4 млрд теңге. Бүгінгі күнге дейін бұл қаржының 1,9 млрд теңгесі жұмсалған. Бөлінген қаражатқа сатып алынған жер телімдеріндегі нысандар сүріліп, инженерлік желілер қайта құрылған. Сондай-ақ, "Батыс" жаяу жүргіншілер өткелі, эстакаданың тіректері және аралық құрылымдарын орнату бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары орындалды.


"Алтын Орда" базары маңындағы құрылыстың тұралауынан кептеліс бірнеше шақырымға созылады / Алмаз Төлекенің фотосы

"Құрылыс материалдары қымбаттап кетті"

"Алтын Орда" базары маңындағы жолайрық құрылысы да 2017 жылы қазан айында басталған еді. Бірақ қарқыны тым баяу. Салдарынан онсыз да кептелістен көз ашпайтын күре жолдың бойындағы қозғалыс тіпті қиындаған. Әсіресе, таңертең және кешкі уақытта көліктер баяу қозғалып, жолаушылар жолдың екі шақырымдық бөлігіне бір сағат уақыт жұмсайды.

Оқи отырыңыз: 2020 жылы Алматы түгел жарықтандырылады. Қаланы тағы қандай өзгеріс күтіп тұр?

Алматыға күн сайын 300 мыңға тарта автомобиль кіріп-шығатын болса, соның 25 пайызы Райымбек даңғылының батыс бөлігі арқылы "Алтын Орда" базарының алдымен қозғалады. Сондықтан, көлік қозғалысын жеңілдету үшін он жолақты жол салу жоспарланған. Оның төрт жолағы транзиттік көліктерге арналса, төртеуі жергілікті маңайға жүретін машиналардың бағыты үшін жасалады. Жолдың қалған екі жолағы қоғамдық көліктерге қарастырылған. Әрі құрылыс кезінде "Жеті Құрдас" базары, "Leroy Merlin", "Апорт" сауда кешендерінің маңына және "Асыл Арман" тұрғын үй кешенінің алдына айналма эстакада тұрғызылады. Сондай-ақ, үш жерүсті өтпежолы салынады.


"Алтын Орда" маңында салынатын жолдың жобасы / "ҚазАвтоЖол" ҰК эскизі

"Алтын Ордадағы" құрылыстың баяу жүруіне жер телімдерінің уақытылы босатылмауы бірден-бір себеп. Мұнда Алматы облысы аумағындағы 53 учаске алынуы қажет болса, қазір екі жанармай құю бекеті құрылысшылардың қолын байлап отыр.

"Олар мүліктеріне ұсынған өтемақыны азсынып, сотқа бірнеше мәрте шағымданып жатыр", – дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов.

Оның үстіне құрылыс материалдарының қымбаттауы да жұмыстарды бәсеңдеткен. Жобаның құжаттары 2016-2017 жылдары жасалып, қажетті материалдардың тізімі мен бағасы көрсетілген еді. Бірақ содан бері құрылыс заттарының құны екі есе шарықтап, қаржылық қиындықтар тудырған. Дегенмен, Ұлан Әліпов жолайрық 2020 жылы қолданысқа берілетініне сендіріп отыр. Құрылысқа 10 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған.


Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолының қиылысындағы жолайрық жобасы / Алматы Мобилділік басқармасы ұсынған эскиз

Алматы әуежайының маңына 20 млрд теңгеден астам қаржыға жолайрық салынады

Алматы әкімдігі бірнеше жыл бойы созылып келе жатқан, жоғарыда аталған жолайрықтардың құрылыс мәселесін шешпей тұрып, биыл тағы ірі жобаға кірісті. Ол – "Әуежай" айналымы аталып кеткен Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолының қиылысындағы жаңа жолайрық. Қолданысқа 2022 жылы беріледі деп күтіліп отырған тораптың құны – 20,2 млрд теңге. Биыл қаражаттың 100 млн теңгесі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленген, мердігерлік ұйымдар анықталған.

Құрылыс үшін мемлекет мұқтажына 21 жер учаскесі мәжбүрлеп алынады. Оның ішінде:

  • 2019 жылдың аяғына дейін 8 жер учаскесі сатып алынады;
  • 2020 жылы 13 жер учаскесі алынады.

Қала орталығын халықаралық әуежаймен байланыстыратын айналма жолда бірнеше шақырымға созылған кептеліс мәселесі бар. Өйткені Алматыға күніне 40 мыңға жуық автомобиль дәл осы Құлжа тас жолы арқылы кіреді. Сондықтан жолайрық қолданысқа берілгенде тораптың көліктерді өткізу қабілеті 15-20 пайызға артады деп болжанып отыр.


Алматыда көліктердің шамадан тыс болуы кептеліс тудыруда / Алмаз Төлекенің фотосы

2025 жылға қарай Алматының жол-көлік инфрақұрылымы қарқынды дамиды

Айта кетейік, 28 қарашада "Ашық Үкімет" порталында Алматы агломерациясын дамытудың нұсқасы жарияланды. Жобада Алматы қаласының маңында орналасқан елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамыту жоспары қамтылған. Бекітілген қаулыға сәйкес, орын алатын өзгерістер төмендегіше болмақ:

Алматыда жаңа жолайрықтар пайда болатын тұстар:

  • Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысы;
  • Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысы;
  • Бөкейханов көшесі мен Солтүстік айналма жолының қиылысы;
  • Әл-Фараби даңғылы мен Ремизовка көшесінің қиылысы.

Күрделі жөндеуден өтетін көшелер:

  • Солтүстік айналма жолының Рысқұлов даңғылынан Бөкейханов көшесіне дейінгі аралығы;
  • Ворошилов көшесінің Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейінгі аралығы;
  • Жандосов көшесінің Саин көшесінен Таусамалы ықшамауданына дейінгі аралығы;
  • Метро желісінің құрылысы біткеннен кейін Әуезов көшесі;
  • "Алматы – Көкпек – Шонжы – Көктал" жолын Үлкен Алматы айналма жолына дейін 6 жолаққа дейін жеткізу;
  • "Алматы – Талғар – Евгеньевка" және "Алматы – Шамалған – Ұзынағаш" автомобиль жолын 4 жолаққа дейін жеткізу;
  • "Алматы – Бішкек" автомобиль жолын Үлкен Алматы айналма жолына дейін 6 жолаққа дейін жеткізіп жаңарту.

Оқи отырыңыз: Бүгін Алматыда дизайн кодының жобасы таныстырылады. Қала келбеті қалай өзгереді?

Ұзартылатын көшелер:

  • Саин көшесі: Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін;
  • Абай даңғылы: Момышұлы көшесінен Әуезов көшесіне дейін;
  • Нұрлы көшесі: Абай даңғылынан Райымбек даңғылына дейін;
  • Жандосов көшесі: Яссауи көшесі қиылысынан Рысқұлов көшесіне дейін;
  • Мұқанов көшесі: Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін.

Бұл жобалардың жүзеге асу мерзімі 2025 жыл деп көрсетілген. Дегенмен, Алматыда мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерінің сатып алу жұмыстары өте баяу жүретінін ескерсек, бұл жобалардың қашан шын мәнінде жүзеге асатыны белгісіз.