Педикэб, ол – қандай жұмыс?

Педикэб Америка құрлығына Оңтүстік-шығыс Азия, Қытай және Жапония елдерінен келген. Бастапқыда АҚШ-тың батыс бөлігіндегі Сан-Франциско және Лос-Анджелес қалаларында сұраныста болды. 1990 жылдардан бері Нью-Йорк қаласында да туристерді педикэбпен тасымалдау сәнге айналды.

Педикэб индустриясы 2009 жылға дейін Нью-Йорк қаласының әкімдігі немесе құқық қорғау органдары тарапынан бақыланбаған. Тек осыдан он жыл бұрын оларға жүргізуші куәлігі мен арнайы лицензия алу міндеттелген. Ал 2017 жылдың қазан айынан бастап бұл сервис қала әкімінің жеке бақылауына өтті. Себебі, педикэб жүргізушілері туристерді алдауға көшкен.

"Олардың жауапкершіліктен ауа бастағаны маған ұнамайды. Мен олардың статус куосын тоқтатамын" деген болатын Нью-Йорк қаласының әкімі Билл Де Блазио педикэб қызметкерлерінің электрлі байктерді қолданып, көлік қозғалысына кедергі келтіретініне және туристерден артығымен ақша талап ететіндеріне қатысты.

Педикэб индустриясы өкілдерінің барлығы дерлік Манхэттен округінде шоғырланған. Мұнда туристер көп жүреді. Педикэб жүргізушілерінің табысы да сол туристерден болып отыр. Себебі қаланың жергілікті тұрғындары педикэб қызметін пайдаланбайды. Олардың ойынша, тым қымбат.


Педикэб транспортына Азия және Латын Америкасынан келген туристер көп міне бермейді екен / Фото іnformburo.kz

Нью-Йорк – иммигранттар үшін ең тартымда әрі қолайлы қала болғандықтан, олардың басым бөлігі алдымен осы қалаға жетуге асығады. Педикэб индустриясында жұмыс істейтіндер де солар. Көбіне түріктер, тәжіктер, афроамерикалықтар. Әрине, аз болса да өзге ұлт өкілдері де велосипед теуіп, нәпақасын тауып жүр.

Олардың арасында қазақтар да бар

Informburo.kz тілшісіне пікір беруге келіскен отандастарымыз аты-жөнін және өз суретін жарияламауды сұрады. Олар мұны АҚШ иммиграция департаментінің назарына ілікпес үшін және туыстары мен бүкіл қазақстандықтардың алдында ыңғайсыз болады деп түсіндірді.

Азамат (есімі өзгертілді), 27 жаста, Қостанай қаласынан,
Мамандығы – ресторан ісі,
Қазіргі қызметі – педикэб жүргізушісі.

– Нью-Йорк қаласына келгеніме 2 жылдан асты. Белгілі бір себептермен осы қалада қалып қойдым. Елге оралмауымның басты себебі – қаржы тапшылығы. Мұнда еңбек етсең, салыстырмалы түрде табыс жақсы табуға болады. Мысалы, қарапайым даяшы күніне 150-180 АҚШ долларын табады. Қазақстанда ондай ақшаны апталап жүріп, кейде тіпті бір айда әрең табасың.


Педикэб жүргізушілері өзге көліктермен қатар қалаішілік жолда жүруге құқылы / Фото іnformburo.kz

Педикэбте әркім жұмыс істей алмайды

Себебі ол үшін алғыр, ашық әрі адамдармен тез тіл табысып кете алуың керек. Ағылшынша сөйлей білу де қажет. Өз қызметіңді сату үшін туристерді тарта алуың керек. Бұл жұмысқа күнде қанша адам келіп, бір цент те таба алмай кететіндер бар. Алғырлық танытып, туристерді өзіңе тарта алсаң, күніне 700-1000 АҚШ долларына дейін табыс табуға болады. Әсіресе, сенбіде жолымыз болады.

Педикэбте жазда және жаңа жыл қарсаңында жұмыс көбейеді. Ал қаңтар айынан сәуір, тіпті мамырдың соңына дейін табыс жоқ дерлік. Оны біліп алған қазақтарымыз "вахтовый" жұмыспен Қазақстанның батысына барғандай жылына бір рет Нью-Йоркке келіп тұрады (күліп).

Төлемді минутына есептейміз. Әдетте минутына $4-7 аламыз. Турист тасымалдау құны қанша екенін сұраса, уақытқа қарай charge ("charge" – "қызметті ақысын төлеу" – ред.) жасайтынымызды айтамыз. Мысалы, мен әдетте туристерге жеңілдік жасап, әр ride ("ride" – "жол жүріс, сапар" – ред.) құнын 20-30 пайызға төмендетіп отырамын. Соның өзінде кейде туристер "мұның тым қымбат екен, – деп кетеді.

Педикэбте жұмыс істеу үшін не керек?

– Қазақстандағы көлік жүргізу күәлігің болса, осындағы Қазақстан Бас Консулдығынан күәлікті растайтын анықтама қағазын алу керек. Сосын педикэб жүргізуге арнайы лицензия талап етіледі. Оны Нью-Йорк қаласы әкімдігінде жасаттым. Ал ол үшін Нью-Йорк қаласының резиденті екеніңіз растайтын күәлік алу қажет. Ол құжатты Department of Motor Vehicles береді. Оған да өзіндік талаптар бар.

Педикэб велосипедтерін көбіне түріктер жалға береді. Ал жүргізушілердің басым бөлігі – тәжіктер мен афроамерикалықтар. Жалдау құны аптасына – $200.

Соңғы кездері біздің жұмысымызды бақылайтын полиция қызметкері көбейді. Олар кейде жол жүру ережесін бұзбасақ та тоқтатып, ticket ("ticket" – "айыппұл" – ред.) жазып береді. Мен кейде айыппұлды орынсыз жазғанын айтып, төлемеймін. Ол кезде іс сотқа жіберіледі. Сот кейде бір жылға дейін созылып кетеді. Сотта жеңіп шығуға болады. Ондай жағдайда, менің кейсім dismiss ("dismiss" – "жою" – ред.) жасалады. Ал шынымен ереже бұзсам, айыппұлды төлеймін немесе оның орнына қоғамдық жұмысқа тартыламын.


Педикэб – Орталық паркті айналуға таптырмайтын транспорт түрі / Фото іnformburo.kz

АҚШ-та адам құқығы жоғары деңгейде қорғалады. Менің ақшам болмаса, үкімет тегін адвокат береді. Ол өз абыройы үшін менің кейсімді жеңіп шығуға тырысады.

Қоғамдық жұмыстарға көшелерді тазалау және жеңіл құрылыс жұмыстары кіреді. Қазір менің мойнымда 5 айыппұл бар. Екеуі dismiss болуға жақын, ал қалғандарын білмеймін. Айыппұл төлейтін шығармын.

Елге қайтуды жоспарлап жүрмін, әрине. Қазақстанда әке-шешем, туыстарым және достарым бар. Әзірге тіршілік етіп, қолдан келгенше қаржы жинағым келеді. Бәріміз де жақсы өмір сүруге құқылымыз ғой. Сол үшін бизнеске бастапқы жарнаны тауып, сосын қайтуды ойлап жүрмін. Астанаға барып ресторан ашып, өз салам бойынша істемекпін".

Педикэбта уақытша істеп жүрмін...

Қайсар (есімі өзгертілді), 26 жаста, Тараз қаласынан,
Мамандығы – тарих мұғалімі.
Қазіргі жұмысы – педикэб жүргізушісі.

– Мен АҚШ-қа 3 жыл бұрын келдім. Ағылшын тілін оқып жүргенімде әке-шешемнің Тараздағы бизнесінде табыстары азайып, оқуымды қаржыландыруға мүмкіндіктері болмай қалды. Сосын өзіме жұмыс істеуге тұра келді. Маған нақты schedule-сыз ("schedule" – "жұмыс тәртібі" – ред.) жұмыс істеген ұнайды. Себебі өз уақытыңды өзің ұйымдастыра аласың.

Көп уақытты ағылшын тілінде кітап және жаңалықтарды оқуға бөлуге тырысамын. Сол үшін де, педикэб – маған ыңғайлы. Табысы да жақсы. Күніне 2-3 рет туристерге қаланы көрсетемін. Кейде одан да көп, ал кейде мүлде жолым болмай қайтамын. Бір ride құны орта есеппен 80-100 АҚШ долларына тең.

Жақында Uber такси қызметінде жұмыс істеуге құжаттарымды алдым. Енді көлік алуды ойластырып отырмын. Сосын педикэбтен біржола кетемін.


Афроамерикалық педикэб жүргізушісі Манхэттендегі Орталық паркте туристерге қызмет құнын түсіндіріп жатыр / Фото іnformburo.kz

"Мұғалім болуды жоспарлағанмын. Қазір де бұл ойымнан қайтқаным жоқ"

– Педикэб және Uber қазіргі күнкөріс үшін қажет. Одан қалса, Қазақстандағы туыстарыма да қаржылай көмектесе бастадым. Біршама аяққа тұрып алған соң, тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуге ең болмағанда associate degree ("associate degree" – "орта білім деңгейі" – ред.) алғым келеді. Кейін бакалавр, сосын магистратурада оқуымды жалғастырмақпын.

Расында Педикэбте жұмыс оңай емес. Еш ақша таппай кететін кездеріміз де болады. Тәжік және афроамерикалық әріптестеріміздің туристерді жылататыны жайлы көп естимін. Олар бастапқыда қызметтің құнын айтпай мінгізіп алып, сосын 200-300 АҚШ долларын бір-ақ айтады. Демалыс күнін полиция мекемесінде өткізбеу үшін туриске бар ақшасын беруден басқа амал қалмайды. Сол себепті де қазір Нью-Йорк әкімдігі бізге қысым жасай бастады. Соңғы кездері ticket көп ала бастадық. Тағы аз уақыт төзсем, сосын Uber қызметіне ауысамын.

Қазақстанға қазір қайтуды жоспарлап отырған жоқпын. АҚШ-та білімімді жетілдіріп, сосын осы елде жұмыс тәжірибемді арттырғым келеді, – дейді.

Егер Манхэттенге жолыңыз түссе, 5 авенью мен 58 көше қиылысындағы "Apple" дүкенінің маңына келуді ұмытпаңыз

Ол жерде өзіміздің қазақтың қара домалақ жігіттері туристерді шақырып тұрады.

Қанат (есімі өзгертілді), 31 жаста, Атырау қаласынан.
Мамандығы – логистика,
Қазіргі жұмысы – педикэб жүргізушісі.

– АҚШ-қа келгеніме көп болмады. Аз уақытта сіңісіп кеттім десем де болады. Бір жылда ағылшыншамды жақсартып алдым. Қазір көшеде кез келген америкалықпен тілдесіп кете аламын. Тіпті афроамерикалықтардың диалектісі де қиындық тудырмайды.

Педикэб жайлы досымнан естідім. Басында бұл жұмысқа жақындағым келмеді. Себебі полицияға түсіп, олардың есебіне жазылып қалуың мүмкін. Ал құқық қорғау органдарымен байланысқа енбеген жөн деуші едім. Себебі біз полиция көрсек, артқа басуға үйренгенбіз ғой. Ал Америкада олай емес. Сен құқық бұзсаң, құқық қорғау органдары алдымен сенің азаматтық құқықтарыңды құрметтеп, өз міндетін орындауға көшеді. Олардың пайымында құқық бұзған жүргізушіні тоқтатып, оның ақшасын алу деген жоқ. Сосын полиция қызметкерлері сіздің АҚШ-тағы статусыңызға қатысты сауалдарды қоймайды. Олар қаладағы тәртіпті сақтауға міндетті. Ал қала тұрғындарының иммиграциялық мәселесіне араласпайды.

Педикэбте біз жергілікті тұрғындар сияқты туристерді Манхэттен көшелерін серуендетіп, қаладағы зәулім ғимараттарды таныстырамыз. Көбіне өзге штаттардан келген америкалық туристер мінеді. Сосын Бродвей бойындағы шоу кештерінен шыққан азаматтар, таза ауада үйлеріне әңгіме құрып жеткілері келеді. Сондықтан біздің негізгі клиенттеріміз Бродвей театрларынан шығады. Олар кейде шоудан алған әсерінің арқасында артығымен төлеп кетеді. Ондай кезде, әрине, қуанасың.


Жұмысын енді бастаған педикэб жүргізушісі / Фото іnformburo.kz

Логистика бойынша оқу курстарын алуды жоспарлап отырмын

Оған біршама қаржы жинап, сосын кірісемін. АҚШ-та логистика саласы жақсы дамыған. Бұл сала мамандарының жылдық табысы да жоғары. Ол үшін мен ағылшын тілін академиялық деңгейде білуім керек. Алдағы 1 жылда осы мақсатыма жетемін деп ойлаймын.

Үйдегі әке-шешемнің банктен алған несиесін бар күшімді салып, ерте жауып тастадық. Енді олардың өмірін жақсарту үшін ай сайын ақша жіберіп отырмын. Олар қуанса, мен де мұнда шабыттанып, өз мақсаттарыма нық қадам баса бермекпін.

Қазақстанға қайту, әрине, ойымызда бар ғой. Бірақ қазіргі атқарушы биліктің жұмысы мен елдегі сөз бостандығын шектеуі мені көп ойландырады. Америкалықтар демократияға бірден қол жеткізген жоқ. Мен де дайынға келіп, осы елде қалып қойғым келмейді. Қазақстанға оралып, азаматтардың демократиялық ұстанымдары мен көзқарастарын жақсартуға ат салыссам деймін. Әзірге, маған білім алу ауадай қажет болып отыр, – дейді.