Таразда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша сотталғандарға үкім шықты.

"24 сотталушы өз кінәсін толық мойындады, 10-ы ішінара мойындады, 17-сі кінәсін мүлдем мойындамады. Сот 50 адамды кінәлі деп танып, бір адамды кінәсінің дәлелденбегені үшін ақтау туралы шешім қабылдады", – деп хабарлады Жамбыл облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов.

Ол прокурорлар 23 адамға нақты бас бостандығынан айыруды, қалғандарына шартты түрде бас бостандығынан айыруды немесе шектеуді сұрағанын атап өтті. Жәбірленушілер адам өлтіргендерді қатаң жазалауды сұрады.

"Келесі сотталушылар кісі өлтіріп, полиция қызметкерлерінің өміріне қастандық жасады. Сотталушы Джумахан Ботабасов мылтықтан көптеген адамға оқ жаудырды. Нәтижесінде үш адам қайтыс болып, төртеуі жарақат алды. Ол кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды", – деді Соттар әкімшісінің өкілі.


Оқи отырыңыз: Қордайдағы төтенше оқиғадан қайтыс болғандар саны 10-ға жетті


Сотталушы Медет Токобай автокөлікпен әдейі бір топ адамды қақты. Бір адам оқиға орнында көз жұмды, үшеуі түрлі жарақат алды. Токобай 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы Марлен Карибаев осындай қылмыс жасағаны үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылды – ол бір адамды қасақана көлікпен қағып, сол жерде мерт қылды.

"Сотталушы Солтанаев мылтықтан бір топ адамға оқ жаудырды, нәтижесінде бір адам қайтыс болды. Ол жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, кісі өлтіргені, қаруды заңсыз сақтағаны үшін 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылар Сангуй және Чешонло топ болып адам өлтірді. Сангуй жәбірленушінің кеуде тұсына бірнеше соққы жасады,ал Чешонло оның басынан темір таяқпен тоқпақтады. Басқа сотталушылар Ислам Кимуров, Исмар Хижин және Мухарме Хижин аяқ-қолдарымен соққылар жасады. Сараптама жәбірленушінің өлімі кеуде тұсына тиген қатты соққынының және темір таяқтың соққысы салдарынан болғанын көрсетті. Басқа сотталушылардың соққысы өлімге себеп болған жоқ. Сангуй мен Чешонло 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Кимуров, Исмар және Мухамерме Хижин кісі өлтірді деген айыптан ақталды, бірақ жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін сотталды", – деді Берік Құлтасов.


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады


Сотталушы Эрса Дауров полиция қызметкерлеріне екі рет мылтық атып, төрт полицейді жарақаттады. Ол 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

Басқа сотталушыларға тағайындалған жаза:

  • сотталушы Ерік Байтенов жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, қаруды заңсыз сақтағаны және кісі өлтіруге көмектескені үшін 15 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды;
  • сотталушы Әнуар Оразай жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, тонау жасағаны, қаруды заңсыз сақтағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • сотталушы Ринат Иманғазиев жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін, қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды;
  • тоғыз сотталушыға бөтеннің мүлкін өртеп жіберумен бірге зорлық-зомбылық қолданумен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысуға шақырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды;
  • 31 сотталушыға тәртіпсіздікке шақырғаны, оған қатысқаны, бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Олардың барлығы келтірілген шығынның орнын толтырды.

"Осылайша, адамдардың өліміне әкеп соққан ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған, жаппай тәртіпсіздіктерге қару қолдана отырып, белсенді қатысқан 19 адам нақты бас бостандығынан айырылды. Тәртіпсіздікке қатысқан 31 сотталушы кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, келтірген залалды толығымен өтегеніне байланысты қоғамнан оқшауланумен байланысты емес жаза алды. Үкім заңды күшіне енбеді", – деп қорытындылады Берік Құлтасов.


Оқи отырыңыз: Сапарбаев: Басты мәселе – өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету


Еске сала кетейік, 7 ақпанда Қордай ауданының Масаншы, Бұлар батыр және Аухатты ауылдарында жаппай тәртіпсіздік болған. Оқиға салдарынан 11 адам қаза тауып, 158 азамат пен 20 полиция қызметкері жарақат алды. Сондай-ақ, 156 тұрғын үй мен кәсіпкерлік нысандары, 100-ден астам көлік бүлінді. Меншік иелеріне келтірілген залал 829 млн 848 мың теңге болды. Жамбыл облысы Полиция департаментінің 10 автокөлігі зақымдалды. Мемлекетке 3 млн 291 мың теңге залал келтірілген.