Қазақстандағы алаяқтықтың жаңа түрлері: пандемия кезінде адамдарды қалай алдайды?
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін нені есте сақтау қажет кеңестер.2021 жылдың бірінші тоқсанында ғана полицейлер интернетте алаяқтық жасаудың 6 824 фактісін тіркеді. Finprom.kz-тің хабарлауынша, қаңтарда "Алаяқтық" бабы бойынша 4 000 іс тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда 30%-ға артық. Олардың жартысына жуығы, яғни 1,8 мыңы – интернеттегі алаяқтыққа қатысты.
Алаяқтардың қандай схемаларды қолданатынын және олардың тұзағына қалай түспеу керек екенін талдаймыз.
Банк қоңырауы
Бұл алаяқтықтың соңғы жылдарда ең кең тараған түрі. Әрбір қазақстандық банк қызметкерлерінен қоңырау алып, ең болмағанда мұндай оқиғаны туыстары мен достарынан естіген болар.
Алаяқтар қалай әрекет етеді. Телефоныңызға қоңырау шалады.
Қоңырау шалушы өзін банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырады. Телефон арқылы сөйлесу кезінде алаяқтар жеке деректеріңізді біліп алуға тырысады. Алаяқтардың ақпарат алу үшін айтатын бірнеше "оқиғасы" бар:
- "Сіздің шотыңызда күдікті транзакциялар анықталды". Шотта күмәнді әрекеттер орын алғанын хабарлайды. Ақшаның аударылуын немесе алынуын болдырмау үшін алаяқтар жеке деректерді сұрайды. Құпиясөзді өзгертуді және өздеріне банктен келген құпия кодты жіберуді ұсынады. Ақпарат алған соң алаяқтар сіздің атыңыздан несие рәсімдеп немесе шотыңыздан өздеріне ақша аудара алады.
- "Алаяқтар жеке кабинетіңізге кіруге тырысуда". Жалған банк қызметкерлері кедергілердің алдын алғысы келеді. Сізге қосымша орнату арқылы шоттарыңыз бен салымдарыңызды қорғауды ұсынады. Шын мәнінде, зиянды қосымшалар сіздің телефоныңызда сақталған шотыңыз, құпиясөздеріңіз туралы ақпаратты алып, деректерді алаяқтарға жібереді.
- "Шотыңыздан ақша ұрланды". Сізге осы сәтте алаяқтардың шотыңыздан ақша аударуға тырысып жатқаны туралы хабарлайды. Жинақтарыңыз өзіңізде қалу үшін сізге ақшаны "айна шотына", "сақтандыру ұяшығына", "сақтандыру агентіне" аудару ұсынады. Осылайша сізді жалған шотқа немесе тікелей алаяқтарға ақша аударуға мәжбүрлейді.
- Акцияға қатысуды ұсыну. Көбінесе мұндай хабарламалар мессенджерлер немесе әлеуметтік желілердегі жеке хабарламалар арқылы жіберіледі. Сіз болмайтын ұтыс ойынына сілтеме жасағаннан кейін жеке және банк деректерін енгізуді ұсынады. Кейде жіберген сілтеме қызмет көрсететін банк сайтына ұқсас болуы мүмкін. Деректерді енгізсеңіз алаяқтар шотыңыздан ақша және сіздің атыңыздан несие алуы мүмкін. Оған қоса құрылғыңызға вирус кіріп, жұмысын тоқтатуы мүмкін немесе оны алаяқтар өз мақсаттары үшін пайдаланады (шотыңыздағы ақшаға сауда жасап, ақша жұмсайды).
Оқи отырыңыз: Банк карталарымен жасалатын алаяқтықтың қалай алдын алуға болады?
Сізге не істеу керек:
№1. "Банк қызметкерлеріне" ешқандай деректерді бермеу
Банк қызметкерлері деректер алу үшін клиенттерге қоңырау шалмайды. Сіз туралы, шоттарыңыз және олардағы қаражаттың қозғалысы туралы барлық қажет ақпарат банкте бар.
Тіпті банктер кодтарды ешкімге, тіпті банк қызметкерлеріне бермеу туралы SMS-хабарлама жібереді.
Қандай банк деректерін айтуға болмайды?
- Карта нөмірі.
- Латынша аты, тегі, әкесінің аты.
- Картаның жарамдылық мерзімі.
- CVC / CVV кодтары (картаның артындағы үш саннан тұратын кодтар).
- Кодты сөз
- SMS-ке келетін кодтар.
- Шоттағы қалдық ақша
- Шот нөмірі
№2. Әңгімені доғару
"Банк қызметкері" жеке ақпаратты сұрай салысымен әңгімені доғарыңыз. Неғұрлым ұзақ әңгімелессеңіз соғұрлым алаяқтардың қақпанға түсіріп, жеке деректеріңізді алып алу мүмкіндігі жоғары. Finprom.kz ұсынған статистикаға сәйкес, алаяқтардың 95%-ы айла-шарғыларды жасау арқылы адамдардан деректерді алып ақша ұрлаған, несие рәсімдеген.
№3. Алаяқтық туралы хабарлау
Банкке хабарласып, қажет болған жағдайда шот пен қосымшаны бұғаттау керек. Телефон арқылы сізге банк қызметкерлері арасында есепшоттарыңызды және ондағы қаржыны алғысы келетін қылмыскерлер бар екенін айтатын алаяқтарға сенбеңіз. Сізге көмектесе алатын адамдар – банк қызметкерлері. Әдетте, егер сіз деректерді ұсынбаған болсаңыз, сізден карточкадағы ПИН-кодты және банктік қосымшаға кіру кодын өзгертуді сұрайды.
№4. Шотта ақшаның сақталуын тексеріңіз
Егер шотыңыздан ақша шешілген болса, банкке қоңырау шалыңыз. Неғұрлым тез хабарлассаңыз, соғұрлым жақсы. Содан кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлерін шақырып, арыз жазыңыз.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк атын жамылған телефон алаяқтары көбейген. Банк сақ болуды ескертті
Ақшаны қателесіп аудару
Шотыңызға ақша түскені туралы хабарлама келсе, қуануға асықпаңыз. Бұл алаяқтар болуы мүмкін. Сіз шынымен ақша алған-алмағаныңызды тексеру үшін интернет-банкингтегі шоттағы қаражаттың қозғалысын тексеріңіз, болмаса банкке қоңырау шалыңыз. Егер ақша түскен болса, кімнен екенін анықтауға тырысыңыз.
1-нұсқа: ақша түскен жоқ
Алаяқтар қалай әрекет етеді. Әдетте, күтпеген пайда қайдан түскенін анықтауға үлгермей тұрып сізге ақша аударған алаяқтар хабарласады. Ақша түспесе де," қате аударып қойыппын, ақшаны қайтарасыз ба" деп әсерлі оқиғаны айтып хабарласатын жағдайлар бар. Алаяқтар ақшаны терминал арқылы телефон нөмірі бойынша жіберуді ұсынады. Бұл шамалы ақша туралы. Мұндай тәсіл қазақстандықтардың алаңғасарлығы мен мейірімділігін ескере отырып жасалады.
Сізге қалай әрекет ету керек. Күтпеген ақшаны алуға әлі де болсын сенімсіз болсаңыз қоңырау шалушыға банкке хабарласып, ақшаны қайтарып алуды кеңес беріңіз. Ақшаны алу туралы SMS-хабарламаны лаяқтар жасайды және банк нөміріне ұқсас телефон нөмірден жібереді. Банкинг арқылы шотыңызды тексергенде сізге ешкім ақша аудармағанын, сізді қақпанға түсіруге тырысқанына көз жеткізесіз.
2-нұсқа: ақша түсті
Алаяқтар қалай әрекет етеді. Кенеттен сіздің шотыңызға ақша түсті. Содан кейін сізге тауар немесе қызмет ақысын төлеу үшін деректерді дұрыс енгізбегеніңіз туралы айтып қоңырау шалады. "Мазалағаны үшін" аздап ақшаны өзіне қалдырып, ақшаны қайтаруды сұрайды.
Сізге қалай әрекет ету керек. Банкпен байланысып, қоңырау шалушыға дәл солай істеуге кеңес беріңіз. Банк клиенттің қаражатты басқа біреудің шотына қате аудару туралы өтініш білдірген жағдайда, көрсетілген соманы есептен шығара алады. Өзіңіздің қауіпсіздігіңіз үшін телефон хабарламадан басқа, қаражаттың қате түсуі туралы өтініш жазыңыз.
3-нұсқа: қате аударылған ақшаны қайтардыңыз
Алаяқтар қалай әрекет етеді. Сіздің шотыңызға ақша түседі, содан кейін оны қайтару туралы өтінішпен қоңырау шалады. Сіз оған сеніп, қаржыны қайтарасыз. Сізге хабарламас бұрын алаяқ банктен транзакцияны сұрап үлгерген. Нәтижесінде жіберілген қаражаттан басқа, көрсетілген сома сізден тағы алындаы.
Сізге қалай әрекет ету керек. Өз бетіңізше ештеңе жасамаңыз. Аударымдар, оларды болдырмау, бәрі банк арқылы жүзеге асырылады.
4-нұсқа: несие қарыз сізге аударылды
Алаяқтар қалай әрекет етеді. Деректеріңізді біліп алса сіздің атыңыздан шағын несие алуға өтініш бере алады. Сіз несие алушы боласы. Күтпеген жерден шотыңызға кенеттен ақша түседі, содан кейін бәзбіреулер оны қайтару туралы өтінішпен қоңырау шалады. Ақшаны алаяқтарға аударсаңыз, кейінірек коллекторлар қоңырау шалып, мерзімі өткен несиеңіз барын хабарлайды.
Сізге қалай әрекет ету керек. Тек құқықтық алаң арқылы. Банк өтінішіңізден кейін шотқа қате енгізілген кез келген ақшаны өздігінен есептен шығара алады. Сондықтан ақшаның қайдан келгенін анықтаңыз.
Оқи отырыңыз: Бейтаныс нөмірден ақша аударылғаны туралы SMS келсе, не істеу керек?
Olx жеткізу
Танымал Olx сауда алаңында алаяқтар жаңа схема ойлап тапты.
Алаяқтар қалай әрекет етеді. Сіз Olx арқылы тауар сатасыз. Сізге тауарды сатып алуға дайынмын деп әлеуетті сатып алушы қоңырау шалады. Тауарды алып кете алмайтынын не боолмаса басқа қалада екенін айтып, сатушыдан тауарды алып кететін "Olx-жеткізу" қызметін рәсімдеуді ұсынады. Қызметке тапсырыс беру үшін алаяқтар сатушыға сілтеме жібереді. Сатушы деректерді енгізіп, жеткізу ақысын төлеуі керек.
Екінші нұсқа – алаяқ сатушы өнімді тартымды бағада қояды. Әлеуетті сатып алушы оны сатып алғысы келеді, бірақ жарнама беруші оны тек "Olx-жеткізу" арқылы жіберуді ұсынады. Сатып алушы тек жеткізу үшін төлейді, ал тауардың негізгі сомасы курьерге қолма-қол төленуі керек.
Бірақ Olx жеткізу қызметін ұсынбайды. Ол тек тауарларды сатып алу мен сатуға арналған алаң. Сілтемені басу арқылы адамдар сауалнама толтыруға шақыратын фишинг сайттарға өтеді. Енгізген деректер алаяқтардың қолына түседі.
Сізге қалай әрекет ету керек. Сізді қызықтыратын алаңдағы тауарлар мен қызметтерді сатып алу немесе сату шарттарын оқыңыз. Белгісіз сайттар банктік деректеріңізді енгізуді сұрағанда, абай болыңыз.
Сіз жеңімпазсыз!
Бұл бұрыннан келе жатқан алаяқтық схемалардың бірі және күні бүгінге дейін жақсы жұмыс істейді.
Алаяқтар қалай әрекет етеді. Сізге сыйлық ұтып алғаныңыз жайлы хат, хабарлама, ақпараттық бюллетень, қоңырау келеді. Бірақ оны алып кету үшін сізге көрсетілген нөмірге жеткізу ақысын төлеуді немесе сауалнамада банк деректерін көрсету керек екенін айтады.
Сіз қалай әрекет етуіңіз керек. Тексерілмеген сілтемелерді ашпаңыз және банк деректеріңізді ешқайда енгізбеңіз.
Оқи отырыңыз: Интернет алаяқтарынан қалай сақтануға болады? Маман кеңесі
Досыңызды құтқару
Сіздің деректеріңізді емес,тек ақшаны қажет ететін ашық алдау схемасы.
Алаяқтар қалай әрекет етеді. Өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, тергеушілер деп таныстыратын адамдар қоңырау шалып, досыңыздың немесе туысыңыздың қылмыс жасағанын және оған қазір белгілі бір мөлшерде ақша төлеп (пара беру - қылмыс) көмектесе аласыз деп хабарлайды. Әңгіме айтарлықтай сома туралы болып отыр. Көбіне мұндай айла-шарғыға қиын жағдайға тап болған туысқандарына көмектесу үшін бәрін жасауға дайын қарт адамдар ұрынады.
Ұқсас схема: сізге жақындарыңыз жол-көлік апатына ұшырағанын, оларды белгілі бір ақша құтқара алатынын, бірақ жылдам әрекет етуіңіз керек екенін жазып хабарлама жібереді. Әлеуметтік желілерде парақшаны жүргізетін адамнан көбінесе жол-көлік апатына байланысты көмекке мұқтаж деген хабарлама пайда болуы.
Сізге қалай әрекет ету керек. "Көмекке мұқтаж" адаммен байланысуға тырысыңыз. Телефоны өшірулі болса (жиі кездеседі), туыстарыңызға, достарыңызға, әріптестеріңізге қоңырау шалуыңыз керек. Бірақ ақша аудармаңыз. "Уәкілетті адам" құқық бұзушылық туралы хабарлап қоңырау шалғанда мүмкіндігінше көбірек ақпарат біліп алуға тырысыңыз. Адам қай бөлімде, қандай баппен ұсталды, онымен қалай байланысуға болады және т.б. Қосымша сұрақтар алаяқты сізді алдау идеясынан бас тартуға мәжбүр етеді.
Кез келген алаяқтық схемасында алаяқтар психологиялық тұрғыдан әсер етуге, тыныштықты бұзуға тырысады. Осылайша сіз қырағылықты жоғалтып, оларға өз деректеріңізді бересіз. Дүрлікпеңіз, айла-амалға сенбеңіз.
Деректер қауіпсіздігі жадынамасы
Қарапайым ережелер жеке деректеріңізді қауіпсездендіруге айтарлықтай көмектеседі:
- Картаңыздың ПИН-кодын ешкімге айтпаңыз. Оны тек POS терминалы арқылы төлем жасаған кезде немесе банкомат арқылы қолма қол ақша алған кезде ғана енгізіңіз.
- Картаңызға ПИН-код жазбаңыз. Қосымша арқылы немесе банкте есіңізде сақталатын кодты орнатыңыз.
- CVC / CVV кодтарды ешкімге айтпаңыз. Толық реквизиттермен картаны суретке түсірудің қажеті жоқ, өйткені деректер интернетке шығып кетіп, алаяқтар қолға түсіруі мүмкін.
- Картаны суретке түсіріп мессенджер немесе әлеуметтік желілер арқылы жібермеудің қажеті жоқ.
- Ақшаны аудару үшін картаның нөмірі жеткілікті екенін ұмытпаңыз.
- Жеке ақпаратты интернетке жарияламаңыз.
- Сізден сыйлық алу немесе қатысу үшін жеке деректерді енгізуді сұрайтын ұтыстарға қатысудан бас тартыңыз.
- Картаңызды және басқа да құжаттарды қараусыз қалдырмаңыз.
- Онлайн-сауда жасаған кезде сайт мекенжайы https және жабық құлып белгісінен басталатындығына көз жеткізіңіз.
- Қауіпсіздікті арттыру үшін интернетте бөлек картамен төлем жасау арқылы сауда жасаңыз. Оған ақша сақтамаңыз. Картаны тек сатып алуға қажет сомаға толтырып отырыңыз.
- Тек онлайн сатып алуларға арналған жеке карта пайдаланыңыз.
- Картадағы транзакцияларды басқарыңыз, ыңғайлы болу үшін жасалған транзакциялар туралы SMS/Push хабарламаларды қоса аласыз.
- Төлем жасамасаңыз, бірақ хабарлама алған болсаңыз, банкке қоңырау шалыңыз. Көрсетілген сілтемелерді баспаңыз.
- Банкте төлем картаңызға қосымша қорғаныс орнатыңыз. Ол үшін VISA карталарына арналған 3D-Secure немесе MasterCard карталарына арналған SecureCode қызметін қосыңыз.
- Күмәнді сайтқа деректерді енгізген болсаңыз немесе оларды алаяқтарға хабарлаған болсаңыз, банкке қоңырау шалып, картаны бұғаттаңыз. Неғұрлым тез әрекет етсеңіз, соғұрлым зардабы аз болады.
- Смартфонға және компьютерге шынайылығы мен қауіпсіздігіне сенімді емес қосымша бағдарламаларды орнатпаңыз.
- Гаджеттерге арналған антивирус бағдарламаларын қолданыңыз.
- Сенімді, есте сақтауға жеңіл құпия сөздер қойыңыз. Банк карталарымен байланысқан поштаға ерекше назар аударыңыз.
- Онлайн төлемдер жасау үшін ашық желілерді пайдаланбаңыз.