Қатерлі ісік, қант диабеті, ревматизм. Әлеуметтік мәні бар сырқатқа шалдыққандарға қандай көмек көрсетіледі?
Науқастар ауруының дәрежесіне байланысты тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі.Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әлеуметтік мәні бар сырқаттарға шалдыққан азаматтарға медициналық көмек көрсету тәртібі туралы түсініктеме берді.
№1. Әлеуметтік мәні бар аурулар тізімі
Әлеуметтік мәні бар аурулар қоғамда кең таралуына байланысты тұрғындар арасында ең көп өлім және мүгедектік тудыратын аурулар қатарына жатады. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінде оларды диагностикалау мен емдеуге үлкен мән беріледі.
Қазақстанда әлеуметтік мәні бар аурулар:
- туберкулез;
- адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауру;
- созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы;
- қатерлі ісіктер;
- қант диабеті;
- психикалық, мінез-құлық бұзылулары (аурулар);
- балалардың церебралды сал ауруы;
- жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай);
- ревматизм;
- дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы;
- жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;
- орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары;
- орфандық аурулар.
Оқи отырыңыз: "Қатерлі ісіктен жазылуға болады". Обырды жеңген 4 жанның әңгімесі
№2. Медициналық көмекке не жатады?
Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек диагностикалау, емдеу, динамикалық қадағалау қызметтерін қамтиды.
Әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастарға (яғни, оларға диагноз қойылған болса және олар өз емханасында әлеуметтік мәні бар ауру бойынша диспансерлік есепте тұрса) негізгі ауруы бойынша медициналық қызметтер ТМККК шеңберінде көрсетілетінін түсіну (ескеру) маңызды. Осылайша, жүргізілетін терапияны түзету немесе созылмалы аурудың өршуі кезіндегі медициналық қызметтер ТМККК аясында ұсынылады, демек, МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, қолжетімді болады.
Алайда диспансерлік есепке қою үшін диагностикалық процедуралар мен мамандардың консультациялары талап етіледі, ондай қызметтер МӘМС пакетіне енгізілген. Осыған орай әлеуметтік мәні бар ауруды анықтау үшін бастапқы диагностика, сондай-ақ басқа ауруларды, оның ішінде әлеуметтік мәні бар ауру расталған кезде ілеспе ауруларды диагностикалау МӘМС жүйесінде жүргізіледі, яғни ол қызметтерді алу үшін сақтандыру мәртебесі қажет.
№3. Қандай медициналық көмек қарастырылған?
Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға:
- амбулаториялық жағдайларда;
- стационарлық жағдайларда;
- стационарды алмастыратын жағдайларда медициналық көмек көрсетіледі.
Оқи отырыңыз: Обыр жастарды обып барады
№4. Диагноз қалай қойылады?
Егер учаскелік дәрігер (ЖПД, терапевт немесе педиатр) пациентте әлеуметтік мәні бар аурулардың белгілерін байқаса, онда ол пациентті тиісті бейінді маманға (тар бейінді дәрігерге, психологқа) консультацияға жібереді. Бұл ретте тар бейінді мамандардың консультациялары МӘМС пакетіне жатады, сондықтан бұл қызметті алу үшін науқастың сақтандырылған мәртебесі қажет (диагностикасы ТМККК-де жүргізілетін және сақтандырылмаған науқастарға қолжетімді болатын туберкулезге және АИТВ инфекциясына күдіктенуді қоспағанда). Көрсетілімдер болған кезде дәрігер науқасты диагностикаға жібереді – бұл басқа бейінді мамандардың консультациялары, инструментальдық және зертханалық зерттеулер болуы мүмкін. Диагноз расталғаннан кейін учаскелік дәрігер пациентті диспансерлік есепке қояды және ол қажетті медициналық көмекті ала алады.
Емхана деңгейінде әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын азаматтар диагностика және амбулаториялық емдеу қызметтерін ала алады. Оларға үздіксіз диспансерлік бақылау жүргізіледі. Көрсетілімдер болған кезде маман пациентті тәулік бойы немесе күндізгі бақылау жүргізетін медициналық ұйымға жібере алады.
№5. Дәрі-дәрмек тегін беріле ме?
Белгілі бір әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын пациенттер ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі, оның ішінде:
- туберкулез;
- АИТВ инфекциясы;
- бауыр циррозының сатысын қоса алғанда созылмалы С вирустық гепатиті;
- В вирустық гепатиті;
- қант диабеті;
- онкологиялық аурулар;
- жүректің ишемиялық ауруы;
- жүрек қақпақшасын протездеу;
- психикалық аурулар;
- церебралды сал ауруы;
- реактивті артрит;
- аутоиммунды аурулар мен иммун тапшылығы жағдайында;
- түйіндік полиартрит;
- Альцгеймер ауруы;
- Бехчет ауруы;
- Крон ауруы;
- мукополисахаридоз;
- орфандық аурулар.
Науқастар аурудың дәрежесі мен сатысына байланысты дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Тиісті препараттар туралы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығымен бекітілген Дәрілік заттармен және медициналық бұйымдардың тізімінен білуге болады.
Оқи отырыңыз: Сүт безі қатерлі ісігінен қалай сақтану керек? Дәрігер кеңесі
№6. Науқастарға оңалтудан өте ала ма?
Әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастар оңалтуға жататын аурулардың тізбесі бойынша жалпы негізде медициналық оңалтудан өте алады.
Оңалту немесе қалпына келтіру емі қызметтерін алу үшін науқас учаскелік дәрігерге жүгіну қажет. Ол оңалтудың қажеттілігі мен тиімділігін анықтау үшін реабилитолог немесе мультидисциплинарлық топ мамандарының консультациясына жібереді.
Медициналық оңалту МӘМС пакетіне кіреді, сондықтан оны өту үшін сақтандырылған мәртебесі болуы керек.
(материал "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі ұсынған ақпарат негізінде әзірленді)