Қазақ баласының қазақ болып қалғаны кімге керек
Журналист, медиа сарапшы Ресейде қазақ мектептерінің ашылатынына қатысты ойын айтты.Иә, рас, мүдде мен міндет дейтін қағидалар бар. Бұл тұрғыдан алғанда да, көрші елдер қазақ диаспорасын сақтауға міндетті де, мүдделі де болмауы мүмкін. Сонда, айналып келгенде, қай жерде жүрсе де, қазақты алдымен қазақ ойлауға тиіс болады ғой.
Яғни, көрші елдерге "қазақ мектебін ашпадың, менің тілімде оқытатын оқу орны жоқ сенде" деп бақшасына тас лақтыру – орынсыз дүние. Егер қандас ағайының өссін, өркендесін десең, соған мүдделі бол, міндетіңе ал, қолыңнан келгенін жаса.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Ресейдің Қазақстанмен шекаралас қалаларында қазақ мектептерінің ашылуына мүдделі
Фараби университеті көрші Ресейде, Омбы қаласында өзінің филиалын ашыпты деп жатыр. Қуанышты жаңалық! Сең бұзылды!
Біз шет елдегі қазақ баласының қазақ болып қалуына мүдделі болсақ та, міндетімізге алып көрмеп едік. Оларға аспандағы айды алып бермесек те қазақ баласы болып қалуына жағдай жасауға кірістік.
Ең бастысы: қазақ елі тарапынан көрші елдегі қазаққа қол создық. Бұған дейін тек көрпенің астынан әу деп қойып бұғып жатыр едік қой. Сол жылдар бойы қатпарланып жатқан қасат қар мен сірескен сеңді бұздың сен, алып Фараби университеті!
Пікір Facebook желісінен алынды