Қарабақ аспанындағы қазақ
... әлі күнге тікұшақты тізгіндеп жүр.Құдайдың қаққанын қарашы
Кейбір кейіпкер арада қаншама жылдардан соң қайта жолығады. Журналист ретінде кезінде ол адам туралы жазарымызды жазып кетеміз. Қайта оралып, "енді не болды" деп қазбалау – әдетімізде жоқ. Өздері іздеп жатса, жөні басқа.
Соңғы айда қайта табысқан кейіпкеріміз отыз жыл бұрын жолыққан еді. Сонау түтіндеп жатқан Таулы Қарабақта. Ол сапардың қыр-сыры туралы 1991 жылы мақала жазғанбыз. Арада үш жылдан соң мақаламыз кітапқа кірген. Сонымен тақырып тәмам.
Ал 2020 жылғы күзде Әзірбайжан мемлекеті басқыншы табанында қалған ата мекенді азат ету соғысына шыққанда Таулы Қарабақ тақырыбын қаузап, бірер мақала жаздық. Кейінгі соғыстың жаңаша сипатын, соны технологиясын бағамдық. Бір кездегі қазақтың ата мекенді азат еткендегі соғысымен рух, дәстүр жағынан салыстырдық. Бірақ, бұрынғы кейіпкер туралы қайта тебіренген емес едік.
Сол кейіпкер – Таулы Қарабақта біз мінген тікұшақтың ұшқышы – 2021 жылы ақпан айында өзі хабарласқан. "Мені қайта жаз" деген жоқ, "өмірлеріңізді сақтап қалғанымды неге ұмыттыңдар" деген жоқ. Хабарласқанда қазақтың салтымен, азаматтық парызбен телефон соққан. Ол қандай салт екенін соңыра сөз етерміз. Әзірге азаматымызды таныстырып алайық: Ерболат Әбішев. Жаңа айтқанымыздай, тікұшақтың ұшқышы.
Торғай өңірінің тумасы. Саратовтағы жоғары әскери ұшқыштар училищесінде оқыған. Сонау Солтүстік Мұзды михит жағасындағы авиация полкінде қызмет еткен. Одан Кеңес Одағындағы тәртіпке сай Байкалдың арғы жағындағы бөлімге жіберілген. Үшінші рет әскери қызметін Кавказдың төсіндегі әскери округке ауыстырған. Бұл – Таулы Қарабаққа таласқан Армения мен Әзірбайжан республикалары арасындағы қарулы қақтығыс басталып кеткен тұс. Осыған орай Ерболат екі арадағы кеңес әскерін таситын авиация бөлімінде мазасыз міндетті атқарып жатқан.
Оқи отырыңыз: Даулы Қарабақ
1991 жылғы күзде Әзірбайжан мен Арменияны татуластыру үшін арнайы барған Ресей мен Қазақстан президенттерін әлбетте, басқа арнайы тікұшақ тасыды. Ал Қазақстаннан барған делегацияны алып ұшу осы капитан Әбішевке жүктелген. Әдейі таңдалды ма, кездейсоқ жәйт пе, кім білген?!
Екі республика президенттерінің төрт күндік татуластыру сапарынан соң Ресей мен Қазақстаннан мұнда тұрақты бақылаушылар жіберілді. Қазақ жағынан миссияны басқару Еркін Әуелбековке жүктелді. Оқ пен оттың арасы ғой. Негізі ондай тәжірибелі, елге еңбегі сіңген қайраткерлерді қатерлі жерге жібере қоймайтын.
– Мен Таулы Қарабақта Еркін Нұржанұлын күнделікті тасып жүрдім, – деген Ерболат Әбішов. – Ол кісі ержүрек екен. Атыс болып жатқан аудандарға барудан қаймықпайтын.
Жаратушының көзі дұрыс болған шығар, бұлар от пен оқтың арасынан аман оралды. Бірақ, бортында қазақстандық миссия құрамына кірген республика милициясы басшыларының бірі полковник Сайлау Серіков бар тікұшақты атып түсірген. Қай жағының оғы тисе де, бітімгерге қару кезеу – адамзат тарихы үшін шетін жәйт. Имансыздық. Тікұшақ командирі, штурман, борт механигі және ішкі істер министрінің орынбасары Серіков тегіс қаза тапты.
Дәл сол сапарға кесте бойынша Ерболат аттануы тиіс болыпты. Бірақ, әуе машинасынан ақау шығып, оны майор Вячеслав Котовтың экипажының тікұшағымен ауыстырған. Мұндайды қазақ "құдай қаққан екен" дейді.
Оқи отырыңыз: Бейрутты емдеген бауыр
Тағы да тағдырдың "тартуы"
Қазақстан тәуелсіздік алған соң бұрынғы Одақтың әр қиырында жүрген көптеген әскери қазақтар сияқты Ерболат Әбішев елге оралған.
– Бұл орайда мені Таулы Қарабақта көріп, біраз сөйлескен жазушы Әнуар Әлімжановтың еңбегі болды, – дейді Ерболат. – Сол кісі хат жазып жүріп, Қазақстанға алдыртты.
Біз де әлгі сапарда Ерболатпен сөйлесіп, газетке жазғанбыз. Ал елге шақырту мәселесінде журналиске қарағанда депутаттың қолы ұзын, сөзі өтімді. Әрі Әнуар аға жай депутат емес, беделді, саяси салмақты тұлға еді. Кеңестер елінің тарих сахнасынан түскені туралы Одақтық парламенттің соңғы шешімінде сол кісінің қолы тұр.
Ерболатқа келсек, одан әрі өзінің нақты Отанында әскери қызметті жалғастырған. Германияның әскери ұшқыштар академиясында оқуға мүмкіндік алды. Кеңес заманы болса, қазақ ұшқышына ондай мүмкіндік берілмесі аян. Подполковник шенінде экипаж командирі болып, шекарашыларды таситын міндетті мойынға алған.
– Қазақстанның Қытаймен шекарасы ылғи биік таулы, ой-мен қыратты болып келеді. Заставалар не атпен, не тікұшақпен ғана жете алатын тұстарда тұр. Сондықтан бұған тәжірибелі ұшқыштарды жібереді, – дейді Ерболат.
Оқи отырыңыз: Қораң қайда, "Боран"?
Қарабақ аспанында шыңдалған тікұшақ ұшқышы бірнеше жылдан соң тағы ерлігімен көзге түскен. Онда Үшаралдағы шекара отрядындағы авиациялық базада қызмет істейтін. "МИ-8" тікұшағының экипаж командирі. Экипаж құрамында бірі борт механигі де, бірі штурман Марат Кәушенов пен Қажымұқан Дәуірбаев бар.
1998 жылдың көктемі еді. Ерболаттың тікұшағы 2 800 метр биікте ұшып бара жатып кенет бір жағына қисайып кетті. Оны түзеткенде келесі жағына қарай бүйірлеп қалды. Енді құйрық жағы төмендесін. Экипаж тікұшақты түзеумен әлек. Әуе машинасы сәт сайын төмендеп келеді. Арпалыс 5 минутқа созылады. Тікұшақ сол уақытта 115 рет алай да былай бұраңдаған екен.
Дереу қону керек. Бірақ, қайда қонарсың? Төменде түгел тау, шың, жартас, қия беткей. Алақандай түзу жер таппайсың. Сонда әрі-бері теңселген борттағы штурман картаға қарап алда, анау таулардың ар жағында "Жұмақ" деген сай, сол сайда тегіс алаңқай барын айтқан. Командирдің ендігі міндеті тікұшақты сайға дейін жеткізіп, аман-сау қондыру еді.
Негізі тікұшақты қалдырып, төмен секіріп кетуге болатын. Бәрінде парашют бар. Бұл үшеуі өз бастарын емес, борттағы шекарашыларды да ойлайды. Әрі, командир өкіметтің мүлкі саналатын тікұшақты аман сақтауға тырысады.
Ол қайбір жетіскен машина дейсің. Кеңес кезінің техникасы. Енді не жанармай жетпей, не жөндейтін қосалқы бөлшекке жарымай жүрген заман ғой. Жерге дейін 1 100 метр қалғанша кезек бүйірлеген тікұшақты Ерболат ақыры дегеніне көндіріп, "Жұмақ" сайына жеткізіп, тікесінен тік қондырған.
Осы оқиғадан кейін басқа біреу болса, "ескі-құсқы тікұшағы құрысын, одан тірі жүргенім жақсы" деп рапорт жазып, әскери қызметті тастап кетер ме еді. Денесі шағын болғанымен Ерболаттың рухы мықты. Сол "МИ-8-дің" экипаж командирі болып қала берді. Ескі техниканың өзімен талай рет қиын жағдайдан шыға білген.
Үшаралдағы ерлігі үшін оны Қорғаныс министрлігі наградаға ұсынған. Орденін алған. Бірақ, жарқыратып кеудеге тағып жүру оған мұрат емес. Оның мұраты – өзінің міндетіне деген жоғары жауапкершілік еді.
Оқи отырыңыз: Басқа майданның маршалы
Азамат азада танылады
Әскери қызметтің уақыты аяқталып, отставкаға шыққанмен бұл аспанды қиып кете алмапты. Енді коммерциялық тікұшақты меңгеруге көшіпті.
Бұл күндері Италияның бірнеше адамға ғана арналған тікұшағымен ұшып жүр. Жаңа. Баяғы сүйегі саудыраған "МИ-8" емес. Атырауда. Мұнай компанияларына құрылыс жағынан қызмет ететін компанияның ұшағы. Мекеменің атын атап жарнама жасамай-ақ қоялық.
– Сен бізбен түйдей құрдас едің. 63 жастағы адамға да тікұшақ жүргізуге рұқсат бар ма? – деп сұрадық.
– Белгілі мерзімде медициналық комиссиядан өтіп тұрамын. Денсаулығымда еш кінәрат жоқ, – дейді Ерболат. – Денсаулығы жарамды болса, коммерциялық тікұшақтың ұшқышына жас жағынан шектеу қойылмаған.
Иә, отыз жылдан соң Алматыда жүздескендегі алғашқы сұрақ-жауаптың бірі осындай болды. Ол сонау Атыраудан тікұшақты тексертуге әкелген екен.
– Не, бұл тікұшақтан ақау шықты ма? – деп сұрадық.
– Жоқ, Ешқандай кінәраты жоқ. Тек тәртіп бойынша оны белгілі уақытта техникалық тексеруден өткіземіз. Ал тексеретін орын Алматыда, – дейді.
Атыраудан Алматыға дейін тікұшақпен ұшу айтқанға оңай. Жолда Ақтөбе облысы аумағындағы шағын әуежайға қонып, жанармай құяды. Одан Қызылордаға дейін жетіп сонда бір түнейді. Ертесінде Таразға дейін жетіп, тағы жанармай үшін тоқтайды. Содан кештетіп Алматыға табан тірейді.
Иә, шынында "табан тірейді". Өйткені, қазіргі тікұшағында дөңгелек жоқ, шана сияқты қос табанды. "МИ-8" көкке көтерілу үшін біраз жорғалап баратын. Мынау бірден самғай береді.
Енді осы жолғы жүздесуіміздің сырын айтып, сөзді түйіндейік. Әңгіменің басында Ерболат отыз жылдан соң қазақтың салтымен телефон соққан дедік қой. Мәселенің мәні былай.
Онда қазақ тележурналистерінің тарланы Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өткен. Қаралы хабарды естіген соң сол кісінің шаңырағында жүрдік. Нұрекең жарықтық өте тиянақты кісі еді ғой. Өзін қалай жерлеудің жөн-жосығын тиісті азаматтарға тапсырып кетіпті. Содан бізге қарап тұрған шаруа да жоқ екен. Бір ғана істі сұрап алғандай болып, соны атқарып бергенбіз.
Оқи отырыңыз: Қазаға қатысты наза
Сол кезде телефонымызға қоңырау түсті. Ерболат!
– Қайнар, Нұртілеу ағаның қайғысына орай, көңіл айтайын деп едім. Қайда барғаным жөн?
– Қазір сол кісінің үйіндеміз.
– Кешке қарай ше?
– Кешке қонақасы беріледі. Пәлен деген жерде.
– Онда соған барайын.
Келді. Келгенде адасыңқырып кетіпті. Өзіміз тауып алып, дәл жеткіздік. Алматының іргесіндегі көшелер аспандағыдай емес, ығы-жығы болғандығынан шығар. Аста сөйледі.
– Осыдан отыз жыл бұрын Таулы Қарабақ аспанында Қазақстан делегациясын алып ұшқанда Нұртілеу Иманғалиұлы соның құрамында болып еді. Әрбір жолы теледидардағы бағдарламасын тыңдайтынмын. "Бай-қуатты болайық" деп қоштасатын еді, – деді.
Отыз жыл бұрын жүздескен журналистің қайтыс болғанын естіп, көңіл айтуға келу – ол да ерлік. Ерболаттың бұл жолғысы әскери емес, азаматтық ерлік енді.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.