"Менің министрім"
Мәдениет саласында әркім өз министрін іздейді.Шашбаудың шашылған шашақтары
Қазақта "шашбауын көтерді" деген теңеу бар. Біреудің соңынан ере жүріп дәріптегенді білдіреді. Бұл орайда мақтауға кенелген екеу болса, бірі – бұрынғы министр, қазіргі Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы шығар. Ал оның шашбауын көтеруші екеу болса, бірі – Айдар Қырықбайұлы бауырымыз сияқты.
Мына жазбаны 2019 жылы 6 сәуірде Айдар Қырықбайұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан оқығанбыз. Стилін сақтап, "Қайнар Олжайдың сабақтары" тобында талқылап едік. Онда мәтіннің олпы-солпы тұстарына назар аудартқанбыз.
"ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Гүлзира Үсенқызының ардақты анасы, белгілі әнші Қайрат Нұртастың нағашы әжесінің қайтыс болуына байланысты, марқұмның барлық туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Аяулы анаңыз мезгілсіз дүниеден озғаны туралы қаралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген Сіздей перзентті тәрбиелеген, үлкен отбасының ұйытқысы болған өнегелі анамыздың өмірден өтуі бәрімізге ауыр тиді. Орны толмас қазаға байланысты Сізге және туған-туысқандарыңызға көңіл айтамын. Қайғыңызға ортақтаса отырып, Сізді және отбасыңызды сабырлылық пен ұстамдылыққа шақырамын. Осы қиын сәтте болаттай берік болыңыздар. Асыл анаңыздың топырағы торқа, иманы жолдас болсын".
Онда жоғарыда айтылғандай, мәтіндегі қиыспайтын тұстарды талдап едік. Мәселен, бір сөйлемді "айтамыз" деп көпше, келесі сөйлемді "қабылдадым" деп жекеше етістікпен аяқтау қисынды емес. Бірінші сөйлемде "қайғырып көңіл айтқан" соң төртінші сөйлемде тағы "көңіл айту" қаншалықты қажет? Бірде пікір көпке ортақ айтылып, содан соң бір адамға қаратылуы да стильдік олқылық саналмақ. Осылар "Қайнар Олжайдың сабақтарында" Айдарға ескертілген.
Ал Қайрат Нұртастың әжесіне "орны толмас қаза" деп министрдің қайғыра көңіл айтқанын жеткізген Айдар бауыр Ескендір Хасанғалиев немесе Қабдеш Жұмәділов өмірден өткенде Арыстанбектің азалы күйдегі сөздерін неге әлеуметтік желіге салмады екен? Қазір болмаса да кешегі министр ғой, қазақтың атақты композиторы мен дарабоз жазушысының қазасына бірер ауыз жұбату сөз айтқан шығар. Олардың еңбегі Қайрат Нұртастан төмен емес еді...
Мұхамедиұлы министр қызметінен кеткен соң Айдар Қырықбайұлы оны насихаттауды қойған-ау дейін десек, олай емес көрінеді. Бауырымыздың әлеуметтік парақшасы әлі күнге Арекеңнің уағыз алаңы іспетті.
2021 жылғы 1 қарашада ол өнертану ғылымдарының докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының "Ұлттық кино индустриясы" деген тақырыптағы сұхбатын қайталап ұсынады. Әрине, "өлеңге әркімнің-ақ бар таласы" деп Абай айтқандай, кино туралы пікір айтуға әркім хақылы. Бұл мысалды Арыстанбек "ағасы" министр қызметінен кеткеніне қарамай, Айдардың оған насихатшы болып қалғанын дәлелдеу үшін келтіріп отырмыз.
Айдардың әлеуметтік желідегі парақшасында дәлел баршылық. Екі күннен кейін Ұлттық музей директорының Ресейде қалған қазақтың құнды заттарын елге қайтару туралы бір сайтқа шыққан пікірін қайталап береді.
Әрине, парақша өзінікі, кімді қалай мақтау да – өз шаруасы, бірақ оны сауатты түрде жеткізу керек қой. Кейбір жазбалары үшін Арыстанбек Айдарды маңдайдан сипамай, қайта желкеден неге түйіп жібермейді деп ойлайсың.
Шашбау көтерушінің "Ұлттық өнерді құрметтеген Арыстанбек Мұхамедиұлы Нұрсұлтан Назарбаевқа берген ұсынысы бойынша елімізде бүгінде Ұлттық домбыра күні пайда болды" деген бір сөйлемін оқыған соң ойланса. "Берген ұсынысы" дегеннен гөрі "айтқан ұсынысы" деген құлаққа қонымды ғой, өйткені көбінесе "ұсыныс емес, уәде береді" деп түзеткізсе. Оған қайда...
Айдар бауырдың жазбаларында қиыса қоймайтын жалғауды жөндеп беруіне де болар еді. Әлгі сөйлемде "Арыстанбек Мұхамедиұлы" емес, "Арыстанбек Мұхамедиұлының" деп жазылғаны дұрыс. "Кімнің ұсынысы бойынша?" – "Арыстанбек Мұхамедиұлының ұсынысы бойынша" ғой. Әйтеуір мақтаған соң сауатты түрде мақтаған ләзім. Әйтпесе ағасының иығына өте қымбат, бірақ жыртығы бар ішік жауып жатқан сияқты ыңғайсыз-ақ. Бір емес, бірнеше рет.
Табанға таптаудың танкісі
Қазақта сол сияқты "табанға таптады" деген теңеу бар. Бұл "шашбауын көтерді" дегенге кері мағынада, біреудің жұмысын, кісілігін, бет-бейнесін жоққа шығаруды білдіреді. Айдар бауырымыз мұның да қыр-сырын игергені әлеуметтік желідегі парақшасында аңыздап алдан шығады.
2021 жылғы жаз айында жазушы Аягүл Мантайдың тосын қазасынан кейін қоғам дәл осы табанға таптау – кибербуллиң ісіне қатты назар аударған. Ниеті оңды қауым мұндай жаппай жазықсыз қаралауға араласудан тыйыла бастады. Бәрібір Айдарға сабақ болмаған сияқты.
Ол бұрынғы мәдениет және спорт министрін қалай жанын салып мақтаса, қазіргі министрді солай жамандап қалуға тырысады. Дәлелдер келтірелік. Бір немесе жарты жыл емес, бір айдың ішіндегі мысалдар ғана. Арыстанбек Мұхамедиұлына қараша айында ғана қаншама жазба арнаса, сол қарашада Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға сонша жазба бағыттайды. Екеуінің айырмашылы – ниеттің мүлде керісінше екендігінде.
"Сұмдық! Сұмдық" Сұмдық!" дейді тура 1 қараша күні парақшасында. "Екі жылдың ішінде мәдениетіміздің дамығаны осы ма?" деп сұрайды содан соң. Бұл бауыр неге тәуелсіздіктің 30 жылдығымен немесе ХХІ ғасырдың 20 жылымен өлшемейді деп ойлағанбыз. "Бақсақ, бақа екен" демекші, Айдардың өз өлшемі бар. Мына екі жыл – Арыстанбек мырзаның министр қызметінен кетіп, Ақтоты ханымның сол қызметке тағайындалған уақыты.
Не сұмдық болған екен деп ары қарай көз салайық. "Сахнаға шығатын қыздардың етектерін енді жапқанда ел қорғайтын еркектердің шешінгені мыйға кірмейді" депті. Түсініп көріңіз. "Сахнаға шығатын қыздардың етектерін енді жапқанда" дегенінің астарында "Арыстанбек министр кезінде оған дейін етектері ашық-шашық әртістерді қымтаған екен-ау" деген ой жатқан сияқты. Қайдам...
2019 жылғы шілдеде "TalkLIKE" жобасы Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловпен сұхбат жариялады. Онда Тұқаң Арыстанбек Мұхамедиұлы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры кезінде не үшін араздасқаны айтылған. "...осы оқу орнын бітірген Еңлік Сыдықова есімді бойжеткен ректордың өзіне азғындық көрсеткенін айтып, видеоүндеу арқылы шағым жасаған еді. Артынша Жаманқұлов Еңліктің сөзін сөйлеп, министрді ашық айыптаған. "Осы жағдайдан кейін ол менің әр қадамымды аңдып, ізіме түсіп алды". Үзіндінің соңы. Ары қарай Тұқаңның сөзі тіпті ащы екен, тоқталайық. Осының өзінен Арекең етек қымтауға ма, жоқ етек ашуға тырысқан ба деп ойлануға болар.
Айдар бауыр әлгі постында "Кім кінәлі? Кім жауап беруі керек?" деп Мәдениет және спорт министрлігін нұсқайды. Сондағысы әлдебіреудің тізкиіммен ән айтып тұрғаны. Бұған министрдің не қатысы бар? Оқиға мемлекеттік сахнада, министрлікке қатысты мекемеде болса жөні басқа. Тізкиім тұрмақ оны шешіп тастап шауып жүрген ансамбль жетекшісі туралы оқиға бар. Белгілі журналист Жұматай Сабыржанұлы 2001 жылы "Өкпелесең, өзің біл" кітабында жазған. Сол үшін мәдениет министрін қызметінен алып тастап еді? Ондай мәселені құқық қорғау органдары қарайды. Айдар бұл суретті "Ішкі істер министрлігіне" деп нұсқаса, анағұрлым қисынды болар еді.
Келесі жазбада министрлік қызметкері Мейрамхан Жәпектің кітабы мемлекеттік "тапсырмаспен" шығатын болды деп аттандапты. Иә, "тапсырыспен" емес, "тапсырмаспен" деп жазылған. Оны пілге үрген кәнденге теңер едік. Еш қате кетпейтін Мейрамханның жазбасы мен әрбірінде қате өріп жүретін Айдардың жазбасын басқаша салыстыру қиын.
Қазақ интернет журналистикасының негізін салушының бірі Жәпектің кітабын шығарса, Айдардың "ағасы" министр кезінде ай қарап отырды ма? Мейрамханның Ақтөбе және Қостанай қалаларында SMM жөнінен қазақ тілді тілшілерге оқыған дәрісіне тәнті болғанбыз. Айдарға әпкесінен сабақ алса, жазатын постарының сапасы анағұрлым жақсарар еді. Ең болмаса шығып жатқан кітабын оқыса да пайдасы тиері хақ.
Айдарға қазақ тілі мен SMM-нен сабақ алудың қажеттігін келесі жазбасы және айғақтайды. "...Ақтоты әпшемнің қола дауірінен АЛТЫН дәуіріне көшіріп..." дегеніне қарағанда ол ілік септігі мен табыс септігінің арасында адасып жүр. Ең болмаса сонысын түзеп алмай тұрып мәдениет пен спорт министрін сынағаны ұят-ты.
Үйренудің үздік үлгісі
Ал тақырыптағы "менің министрім" кім? Иә, Айдардың министрі белгілі болды. Менің министрім Ілияс Омаров еді. Қолымызға жиі-жиі "Шабыт шалқары" кітабын ұстаймыз. Сонау 1973 жылы шыққан. Жарты ғасыр өтсе де, жарқыраған шамшырақ іспетті.
Иә, Ілияс Омаровтың мәдениет министрі кезінде жасаған қызметі басқалар үшін шамшырақ болып қалды. Бірақ, оған жүгіну керек, не істегенін білу керек. Басқа уақытта қолы тимесе де, Айдардың Арыстанбек ағасы министр болғанда "маған дейінгілер не істеп еді" деп ойлануы, Ілияс Омаров пен Еркеғали Рахмадиев сияқты тұлғалардың қызметін пайымдауы керек-ті. Еркеғали ағаны қосып отырғанымыз – ол кісі мәдениет министрі кезінде бүкіл министрліктің құжаты тек қазақ тілінде жүргізілген. Және сауатты түрде. Айдардың жазбасы сияқты емес.
Жарайды, тек Ілияс Омаровқа келейік. Ол кісі ешбір таланттың соңына түсіп соттатпаған. Қайта олардың мәртебесін асырып отырған. Мына кітаптағы Шәкен Айманов туралы "Өнерпаз жолы" деген мақаласының өзінде Шәкенге деген қандай құрмет жатыр десеңізші!
Өнердің әр саласын талдауының жөні тіпті, бөлек. Спектакльдегі тіл шұбарлығы мен жұтаңдығын орынды сынаған. "Тіл шұбарлығы дегенде өзге тілдерден сөз араластыруды айтып отырған жоқпыз; ана тіліміздің барша әуезін, әрін, нәзік мінездерін жете білмей салдыр-салақ сөйлеуді айтып отырмыз" депті. Өзінен қаншама жылдан кейін мәдениет министрінің қазақша қалай сөйлейтінін естімей кеткені дұрыс болған екен-ау!
"Қазақ драматургиясының М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов сияқты шеберлерінің шығармасындағы тіл соншалықты нәрлі, соншалықты күйлі-сазды еді. Ол шығармаларда екі сөздің бірі афоризм болып келетін. Мұның өзі халқымыздың сөйлеу табиғатында ежелден бар құбылыс". Пай-пай, жазған екен жарықтық! Ал Арыстанбектің министр кезіндегі қоржынынан осындай толғам шыға ма?
"Абай жолын" қалай талдаған десеңізші! "Құнанбай – мейлінше күшті, кесек тұлға. Ақыл мен айла да, қайтпас қайсарлық пен жібімес қаталдық та, өзінің қатал заманының қайраткеріне лайық күш те оның бойына түгел дарыған". Міне, бағалау! Думан Рамазанның не Жүсіпбек Қорғасбектің кейіпкерлерін осылай бағалады ма Айдардың министрі?!
Ілияс Омаров қазақтың ақын-жазушылары Жұбан Молдағалиевтың, Сырбай Мәуленовтың, Әнуар Әлімжановтың шығармашылық деңгейін талдаған. Бәрі кітапта сайрап тұр. Тіпті, Қадыр Мырза Әли өз естелігінде ақындық жолында Ілияс ағаның қолдағаны ерекше қанат бітіргенін жазған. Айдардың "ағасы" министр кезінде республика президенті атынан өнер қайраткерлеріне мемлекеттік наградаларды қалай тапсырғанын әлеуметтік желіге күйініп жазғанбыз. Ерінбегендер тауып алып оқыр. Өшірген жоқпыз. Қайта көшіріп басқандар көп болған.
Сонда қазақ жазушысына, күйшісіне, суретшісіне орден, медаль, атақ тапсырып тұрып, олар туралы жұмған аузын ашпады. Күйші Секен Тұрысбековтің, бірқатар қаламгерлердің қолын қысумен шектелді. Ал ресейлік дирижер Владимир Спиваковқа орден бергенде мақтасын келіп. Тағы бірнеше ресейлікке осылай көпшік тастады. Олар әрі кеткенде ел астанасына бірер рет концерт қойып кеткен шығар, ал қазақтың күйін ХХІ ғасырға жеткізген Секен ше?
Айтпақшы, әлгі Спиваков Беларусь президенті Лукашенкодан алған орденін қайтарып берген. Бізге де солай істеп жатса, қайран қалмаспыз. Тек Арыстанбектің соншама мақтаған сөзінің қор боларын айтпағанда.
"Шабыт шалқарына" алғысөзінде Ғабит Мүсірепов: "Ілияс Омаров ... екі рет министр, екі рет облыстық, бір рет өлкелік партия комитетінің секретары болды. Бірақ, ол отырған орнына қарай үлкен де, кіші де көрінген емес. Орын оны көркейтпейтін, орынды ол өзі көркейтетін" деп жазыпты. Осы өлшеммен Айдар бауырымыздың министрін өлшеп көрсе.
Не керек, Айдар екеуіміздің министріміз екі басқа екен. Жалпы министр екі басқа болғаны не, Отан екі басқа болып барады. Оны ақын Светқали Нұржанов дәл жазған:
Сіздің отан – қолдан соққан ұшпақта,
Біздің Отан – сордан соққан қыстақта.
Сіздің отан – мәрмәр үйлер қоздаған,
Біздің Отан – боз торғайлы боз далам.
Айтпақшы, Арыстанбектің мәрмар үйлері туралы бірнеше материал оқығанбыз. Ал менің министрім туралы Ғабең "Еш уақытта, ешбір қызметте Ілиястың артынан өсек-аяң, жәбір-жапа, сықақ-келемеж ере жүрмейтін" деп жазыпты. Үйренудің үздік үлгісі емес пе!
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін