Көшеде

Демалыс немесе мереке күндері жазудан сергу үшін ауыл көшелерін айналып шығамыз. Алматы мен оның төңірегінде көктемнің салтанат құрған кезі. Ағаштың алды гүлдеп болып, кейінгілері гүлін ашып, жұпарын шашып тұр. Жоғары өрлеп, төмен құлдилап жүріп, екі көшедегі екі үйдің жанына аялдаймыз. Мұнда туыс жоқ, тіпті тұрғындары таныс емес. Аялдайтын себебіміз: ағашы.

Аулаға жеміс ағашын егіп, көше жақ бетке сәндік ағаш отырғызу – жеке үй мәдениетінің белгісі. Қақпаның алдына неше түрлі гүл, бұта, ағаш жайқалтып қойған тұрғындар көп. Ұзын көшеде бір үйдің алды ғана ыбырсып жатады. Оны иесі жалға береді. Жалға беруші де, жалға алушы да үйдің көше жақ сыртын сәндеуге құлықсыз. Шамасы, үй иесі барынша көп пайданы көздейді, пәтер жалдаушы барынша аз шығын шығаруды ойлайды. Абай айтпақшы, "байда мейір, жалшыда пейіл" жоқтығының белгісі.

Біз тоқтайтын екі үйдің алдына қатарлап каштан егілген. Ең жақсы көретін ағашымыз. Өзіміз ауланың сырт жағына қатарлап қарағаш еккенбіз. Бас жағын жылына екі рет шар тәрізді дөңгелетіп, төмен жағын төрт қырлы етіп күзеп қоямыз. Мұндай күзеуге қарағаштан ыңғайлысы жоқ. Сондықтан каштанды көру үшін көше жағалап кетеміз.  

Автор қарағашты  сәндеу кезінде. Фото автодың жеке архивінен алынды

Оның дiңi қарағаш сияқты айқыш-ұйқыш емес, түзу, дөңгеленiп өседi. Бұтақтары жан-жаққа бірдей жайылып, белгілі тәртіппен тұрады. Қарағашқа қарағанда анағұрлым "мәдениетті" екені осыдан байқалады. Тамыры өте мықты. Бiрақ, емендiкi сияқты тарбайып, жер бетiне шығып кетпейдi. Жапырақтары шоғырланып, бiр сағада 5-7-ден өседi. Ертегідегi дәудiң саусақтары сияқты. Саусаққа тағы бiр ұқсастығы – ең ортаңғысы екi жақтағыдан iрi болады.

Мамыр айының алғашқы онкүндігінен бастап Алматының маңайында каштан гүлдейді. Гүлі ерекше. Алыстан қарағанда тігінен қадап қойған ақ шырақ сияқты. Бiр қарысқа дейін жетіп қалатын бұл "шырақта" 20-дан 50-ге дейін ұсақ гүл шоғырланып тұрады. Олардың ақ күлтесінде бастапқыда сары секпiл болса, бiрер күннен соң секпілі қызғылт реңкке ауысады. Күлте сары секпiл кезiнде ара құжынап жүреді. Шырынын аямай-ақ сорады. Каштаннан жиналған ара балының құрамында қант 75 пайызға дейін жетедi.

Ара көптеген өсімдікке тұқым тастау жолында ұрықтану үшін қажет. Оны шақыратын әлбетте, гүлдің иісі. Гүлдеген шақтағы хош иіс жағынан жиде мен жөкеге жете қоймаса да, каштанның талай ағаштан озық тұрғанын интернет пен әдебиетті қопармай-ақ мұрныңызбен сезесіз.

Манағы шоғырдағы көп ұсақ гүлден жазда небәрi 5-6 жаңғақ шығады. Сырты кiрпi сияқты. Тiкені тым қатты. Ол кезде түсi жап-жасыл. Табиғаттың үшiншi маусымы – күз келгенде "жасыл кiрпi" өз-өзiнен жарылып, түрiн шаш бояйтын әйелдер жақсы бiлетiн жылтыр қоңыр дән түседi. Каштан дәнінен медицинада дәрi жасайды. Екi жаһандық соғыста оны крахмал алу үшiн жинаған. Еуропаның бiрқатар елдерi дәннiң ұнтағымен кенеп, кендiр, жүн тоқымасын ағартқан.

Көп жерде жiпке тiзiп, сәндiк моншақ жасағанын көрдiк. Қалада Үлгі деген көршіміз болды. Сол апа қызымызға каштанның біркелкі қоңырқай дәнінен моншақ тізіп беретін. Дәнiн мойынға таққанмен, адамға жеуге болмайды, аздап улы. Бiрақ, жылқыға жақсы азық деседi.

Тек каштанның бiр түрiнiң тұқымын адамдар шикі қалпында емес, пiсiрiп немесе қуырып жейді. Түркияда, одан кейін Францияда көрдік. Париждің орталық көшесінде каштанды қуырып, қағаз қорапқа салып беретін пысық біреуді көргенбіз. Қалай рұқсат алды деп ойлағанбыз. Қуыратын табасы электр қуатымен қызатын болған соң, қала билігі шүйліге қоймаған шығар. Біздегідей түтіндетіп тұратын шашлықшылармен салыстырғанда бұрқыраған түтін жоқ.


Оқи отырыңыз: Қабырғадағы қағаз қару


Әдебиетте

Әлемдік әдебиетте бұл ағашқа жақсы орын берілген. Сөз өнерінде "каштанды оттан алып шығу" деген тұрақты тiркес бар. Оның мағынасы қазақтың "бiреудiң қолымен от көсеу" дегенімен сәйкес келедi. Каштанды оттан алып шығу туралы алғаш француз сықақшысы Жан де Лафонтен он жетiншi ғасырда мысал жазыпты. Сықақта маймыл оттың күлiне пiскен каштан дәндерiн көреді. Алайын десе, пештің іші ыстық. Ол мысықты үгіттеп, соған алғызады. Өзі рахаттанып жейдi. Мысықтың табаны күйген әрi ұры атанған, ал маймыл оны мақтап қойып, қарнын тойғызған.

Дәл осы мысал Қазақстанның тәуелсіз 30 жылында қаншама рет кездесті десеңізші. Талайлар ұсталып сотты болды, анау мысық сияқты табанын күйгізді. Ондай әрекетке көндірген маймыл сияқтылар бай атанып, бағлан саналды.

Әдебиетте ағылшынның ең сезiмтал ақыны Хаусман каштанды жырлапты. Ол "Шропширден шыққан бозбала" атты жыр кiтабымен өзін танытқан. Ондағы "Алау жаққан каштанның…" атты өлеңiн талай ағылшын жатқа соғады. Бар қазақтың Жұмекеннің:

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы.

Думанды бастады

Далама қарашы, –

деген жыр жолын гимнге айналмай тұрғанда-ақ жатқа білгені сияқты.

Хаусман өлеңiн орыстың төрт бiрдей ақыны аударған. Ағылшын ақыны кейінгі талантты шәкірттеріне: "поэзияның табиғатын табиғаттың поэзиясынан табу керек" деп өсиет қалдырыпты. Басқасын білмейміз, каштан ағашы табиғаттың поэзиясы екенін мойындаймыз.

Ол беріде сәндік ағаш түрі ретінде Еуропадан әкелініп, қолдан егілгендіктен арыдағы қазақ ақындары тілге тиек ете қоймаған. Махамбетте иір бұтақты емен, қарсы бұтақты қарағай кездескенмен, каштан жоқ. Жалпы қазақта бұл ағаштың атауы да жоқ. Өткенде әлеуметтік желіде танымал досымыз "ясень қазақша қалай?" деп сұраған. Бір мырс еттік те, сол сәтте "үйеңкі" деп жауап жолдадық. Егер "каштан қазақша қалай?" десе, он сағат ойлансақ та, жауабын таппас едік. 

Тұздыбастау ауылы Елібаев көшесіндегі каштан қатары. Фотоны түсірген автор

Ал көзтаныс ағашты жырлау қазақ ақындарының дәстүрінде бар. Мұқағали бозқарағанды тамаша өлең етті:

Қара судың жағасы бозқараған,
Бозқараған бұтағын қозғама, адам.
Бозқараған ішінде бойжеткенге,
Бозбалалар бозарып көз қадаған.
...Армысың, қасиеттім, бөзге ораған!
...Қайда жеңгем, соңынан сөз бораған.

Немесе:

Тораңғының тоғайы бір әуенге көміліп,

Түнде көктен жұлдыздар тұрады екен төгіліп, –

деп басталатын өлеңді Дәуітәлі Стамбеков жазған.

Есләм Зікібаев:

Есіл жағасында,

Еркем, нанасың ба?

Ақ қайың жылап тұрды,

Қалың тал арасында, –

деп толғанған.  

Орыс елінен амалсыз кетіп, шетелде жүріп өзін мойындатқан ақын Владимир Набоков каштанның гүлдеген кезін есігі ашық шіркеуге теңеген. Бұл өлеңдi 1920 жылы 20 мамырда Кембриджде жазған. Күні мен жазған орнын көрсетілген қолжазбасы сақтаулы. Өте қымбат жәдігер саналады.

Әдебиет зерттеушілері Набоков өлең еткен каштан қайсы екенін таппаған сияқты. Бірақ, әлі өсіп тұрғаны анық, Каштан ұзақ жасайды. 300 жыл өсе бередi. Биiктiгi 36 метрге барады.

Владимир Набоков ағылшын аралында неге емендi емес, каштанды жырлады? Сөйтсек мұнда емен – қара дүлей күштің, ал каштан – ақсүйектің ағашы саналады екен. Бүкiл болмысы, сұңғақ сымбаты соны дәлелдейді. Бекзада әулетiнен шыққан Набоковтың көзіне емен емес, каштан жылы ұшырағанының ар жағында табиғатқа тамсану ғана емес, саясатты астарлау жатыр.


Оқи отырыңыз: Қойнаудағы қыстау


Тарихта

Негiзiнде Еуропаның Балқан тауында табиғи түрде өсетiн бұл ағаш қазақ топырағына жақсы жерсiндiрiлген. Қонаев заманында республика үшiн ең басты ғимарат болған қазiргi Алматы қаласының әкiмi резиденциясының айналасында ондаған каштан жапырақ жаяды. Республика алаңы салынғанда оны көгалдандыру жоспарын биология ғылымының докторы Иса Байтуллин бастаған ғалымдар тексерген.

Алаңды жиектей өскен көгiлдiр шыршалар, негiзiнен, Солтүстiк Американың ағашы болса да, Аляскадан емес, iргедегi Ботаникалық бақтан әкелiнген. Кейiн алаңның астын сауда орталығына айналдыру барысында көк шыршаны құртты. Жалпы Желтоқсан көтерілісі өткен алаңды түгелдей өзгертті. Басқа елдер өз тарихындағы елеулі орындарды көздің қарашығындай сақтайды. Бізде Тәуелсіздік үшін басты күрес өткен алаң сол тәуелсіздік жылдары тас-талқан етілді. Неге деген сұраққа ешкім жауап бере қоймас.

Тұздыбастау ауылы Елібаев көшесіндегі каштан қатары.  Фотоны түсірген автор

Каштаны көп қала деп Киевті айтуға болар. Алғаш егiлген кезi тарихтан белгiлi. 1842 жыл. Осы қалаға Николай Бiрiншi ат басын тiрейтiн болған кезде Ұлы Мәртебелiнiң құрметiне жаңа көше салынады. Сосын көшенiң ортасындағы аллея мен екi шетiне бұрын Киевте өсiрiлмеген каштан егiледi. Бар жұмысты атқарған соң генерал-губернатор Бибиков бiр түнде көше ортасындағы каштанды қайта қопартып, орнына терек еккiзедi. Не болды?

Ақ патша келерде оған қаланың дайындығын мәлiмдемей ме. "Пәлен түп каштан егiлдi" деген тұста ат үстiнде келе жатқан Ақ патша тыржың етiптi. Жаушыдан осыны естiгенде дайын отырған генерал-губернатор "қап, каштан ұнамаған екен" деп байырғы теректi құп көредi. Тек көшенiң шетiндегi ботаникалық баққа егiлген каштандар аман қалады. Ақыр аяғында Николай Бiрiншiнiң каштанға еш қастығы жоқтығы анықталған, тыржың ете қалғаны – сол кезде мойнын сона шағып алған. Ендi қалаға қайтадан жаппай каштан отырғызылған.

Ол кездегi жаңа көше – қазiргi Тарас Шевченко даңғылы. Оны бойлап сан мәрте жүрдiк. Иә, ортасындағы аллеяда қарт теректер өсiп тұр. Басқа жердiң бәрi каштан.

Днепрдiң екi жағасындағы төбелердi қуалай салынған қаладағы 200-ден астам ағаш түрiнiң арасындағы ең көбi, құрметтiсi – каштан. Киев кезiнде Парижбен сән-салтанат жағынан жарысқа түскен. Сол жарыстың бiр көрiнiсi – жаппай каштан егу.

Париждегi каштанды да көргенбiз. Ресейдегi бұлғақ кесiрiнен басқа жаққа босып кеткен келесi қаламгер Борис Пастернак 1927 жылы "Бальзак" атты өлеңiнде бұл қалада каштан қалай гүлдейтінін өлең еткен.

Киевке оралсақ, мұнда тұрғындар "23 мамыр – Каштан шырағының күнiн" атап өтедi. Бұл каштан жаппай гүлдейтiн кез. Ақ шырақ күнi каштанға арналып ондаған өлең жазылады. Сосын жинақ болып шығады. Осы өлеңдердi оқитын арнайы жер бар. Киевтiң түбiнде Крюков селосындағы мектептiң бағы. Онда алуан түрлi ағаш егiлген. Ең биiгi – Семен Гудзенконың каштаны.

Каштан туралы ғылыми орталықта ғана емес, украин бұқарасы арасында аңыз бен әңгiме жетерлiк. Черниговтағы дендропарктегi каштанның бiр жылы оң жағы, келесi жылы сол жағы гүлдейдi. Ағаш жүз жылдан берi бұл дағдысынан жаңылмаған. Бұл табиғи құбылыс болса, адам қолымен жасалған кереметтi Киев түбiндегi "Александрия" дендропаркiнен көруге болады. Ондағы бағбандар каштан тоғайын күзей-түзей "жол соққан жолаушылар" атты мүсiндерге айналдырған. Иә, алты-жетi каштан ұйықтап жатқан адамдардан аумайды екен.

Германияда каштан түбiне отырып сусын iшкенбiз. Ағаш әу баста келушiлер саялау үшiн емес, көлеңкесiне өзеннiң мұзын сақтау үшiн егiлiптi. Мұз сыраны салқындатуға керек. Одан сыра iшушiлер мiндеттi түрде каштанды саялайтын дәстүр қалыптасқан көрiнедi. Бiр ағаштың түбiнде қаншама ұрпақ сыра iшкенiн санау қиын.

Амстердамның қалың үй орамы ортасында Анна Франк каштаны өсiп тұр. Оның отбасы Германияда фашистiк режим еврейлердi жаппай қудалай бастағанда Голландияға көшедi. Бұл елдi фашистер басып алғанда олар бiр үйдiң шатырына жасырынады. Шатырдың қуысынан жасөспiрiм Анна сығалап, сыртқа көз салғанда тек каштан ағашын көретiн. Сондықтан күнделiгiне үнемi каштан жайында жазу түсетiн.

Оның күнделiгi кiтап болып 70-ке жуық тiлде миллиондаған таралыммен басылады. Бірер жыл бұрын қазақ тілінде басылды. Тығылған үйi мұражайға айналды. Қыз суреттеген каштан Амстердамның ең құрметтi ағашы деп саналады. Арада алпыс жылдан астам уақыт өткенде Аннаның каштаны ауруға шалдығыпты. Өзегiне құрт түскен.

Каштанды кесу-кеспеу мәселесi  Голландияны дүрлiктiрген оқиға болды. Соңғы сөздi сот айтыпты: ағаш кесiлмейдi. Тек ол құлаған жағдайда жанындағы үйдi сақтау жобасы жасалып, араға биiктiгi 8 метрлiк болат қалқан қойылды. Сөйтiп, өткен зұлматтың табиғи ескерткiшi сақталып қалды.

Көршілердің каштанына қарап тұрып, осы тарихи оқиғаларды ойға түсірдік.