Тоқтар мен "Тбилисидің" тоқайласуы

Қазір көп айтылмайтын "керме" деген сөз бар. Бала кезіміздегі ертегілерде кездесетін. Қыл арқан керіп шабысы жойқын тұлпарды тоқтатып алатын. "Керме" дегеніңіз – сол.

Сондай керме қазақ батыры Тоқтар Әубәкіровтің тағдырын сақтаған. Мұның ертегіден ерекшелігі: қылдан есілмей, болаттан өрілгені. Екіншіден: ұшақтың алдынан керілмей, арт жағынан іліп қалатыны. Ал мақсат сол ертегідегідей. Екпінді күрт басып, дереу тоқтатуға керек.

Бұл тетік әскери ұшақ үстіне ұшып-қонатын кемеде болады. Тоқтар ағамыздың ұшағы "Тбилиси" кемесіне қонғанда сол арқылы тоқтаған. Беріде "Адмирал Кузнецов" аталған бұл ұшақ тасығыш кемесінде бірнеше ұшқыш не ұшақты кермеге іле алмай, не болат арқан үзіліп кетіп, апатқа тап болған. Ал кеме бұрқыраған түтінімен Ресейді әлем күлкісіне қалдырғаны мәлім.

Аз-маз шежіреге көз салсақ, Кеңес Одағында бортына ұшақ қонып-ұшатын кеме жасау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында басталды. АҚШ-пен арадағы "жанталаса қарулану" аталған бәсекенің бір бөлігі еді. Суға түсірілген кеменің бәрі қалалардың атымен аталды.

"Рига" мен "Тбилиси" Николаев қаласындағы айлақта.ТАСС-тың фотохроникасы

Алғашқы "Киев" 1985 жылы Алжирге дейін барды. Үстінде бірнеше "ЯК-38" ұшағы болды. Олар өте ұшқыр емес, алысқа жете алмайтын. Бәрібір коммунистік керуенбасы елдің капиталистік керуенбасы – АҚШ-тан қалмайтынына айғақ, айналаға айбар еді. Кеңес Одағы тарқағаннан кейін айбары адыра қалып, кеменің қаруларын сыпырып алып, өзін Қытайға сатты. Қазір судағы қонақүй деседі.

Келесісі "Минск" аталды. Ол 26 ұшақ пен 26 тікұшақтың судағы әуежайы болып Тынық мұхитта жүзді. Мұның да тағдыры Одақ тарқаған соң Қытайда тынды. Бір қаладағы әскери паркте жәдігер болып тұр.  

Үшінші болып суға түсірілген, бортынан 1 900 рет ұшақ, 2 300 рет тікұшақ ұшырған "Новороссийск" өртеніп кетті. Содан кешікпей Ресей әскери флотының есебінен шығарылды.

Төртінші болып "Баку" жасалған. Кеңес Одағы тарқап, Әзірбайжан жеке ел болып кеткен соң оның атын "Адмирал Горшков" деп өзгертті. 1994 жылы ішіндегі бу қондырғысы жарылып, 6 матрос қаза тапты. ХХІ ғасыр басында Үндістан оны Ресейге жаңалатып, сатып алуға ниеттенген.

1982 жылы бесіншісі "Тбилиси" деген атпен жасалып жатты. Тоқтар ағамыздың тағдырына тап болатын – осы. Кеме Кеңес Одағының әскери-әуе күштеріне қабылданған "СУ-27" мен "МиГ-29" жойғыш ұшақтарын ұшыру мен қондыруға арналды. Сондықтан палубасы ұзартылды.

Кеме жасалып жатқанда Кеңес Одағының көсемі Брежнев қайтыс болып кетті. Ұмытпасақ, 1982 жылдың қараша айы. Арада он күн өткенде партия мен үкімет келмеске кеткен көсемді мәңгі есте қалдыру туралы қаулы қабылдап, Алматыдағы алаң, сараймен қатар осы кемеге "Леонид Брежнев" атын берді. Бірақ, қайта құру заманында ол тағы "Тбилиси" аталды. Грузия орыстан дербес жолын тапқан соң "Адмирал Кузнецов" деп атады.

"Тбилиси" теңіз төсінде.ТАСС-тың фотохроникасы

Алтыншысы "Рига" 1988 жылы әдеттегідей Николаев зауытында жасалып, айдынға аттанды. Балтық бойындағы республикалар бөлінгенде оның атын "Варяг" деп өзгертті. Кеңес Одағы ыдыраған соң Ресей мен Украина Қара теңіз флотына таласқаны белгілі. Бұл кеме украиндарда қалды. 1998 жылы оны 20 миллион долларға Қытай алып, өзінің алғашқы ұшақ тасығыш кемесіне айналдырды. Қазір "Ляолинь" деген атпен жүзіп жүр.

Жобаның шарықтау шегі – "Ульяновск". Ол атом қондырғысымен жүзуі керек еді. Бұған дейінгінің бәрі дизель жағатын. "Адмирал Кузнецовтың" түтіні бұрқырап әлемге күлкі болуы содан. Оны жасау әдеттегідей Украинаның Николаев кеме құрастыру зауытында 1988 жылдың 25 қарашасында басталды. Одақтағы 600 зауыт қажетті бөлшектерді беруі керек. Атом қуатымен қозғалатын ұшақ тасығыш кеменің қаңқасы құрастырылғанда Одақ тарқады. 1992 жылы 4 ақпанда Украинаның үкіметі кеменің қаңқасын бөлшектеу  туралы шешім шығарды.

Сонымен Ресейде қалғаны, әрі атышулысы – "Адмирал Кузнецов". Ол бірде Жерорта теңізінде жорыққа шығып бара жатқанда бортындағы электр сымның кесірінен өртенді. Одан жүздеген тонна соляркасы теңізге төгіліп, экологияға зардабы тиді. Сириядағы соғысқа араласпақ болғанда бортында екі рет ұшақ апатқа ұшырады. Ақыры Мурманскіде жөндеуге қойылғанда үстіне доктағы кран құлады. Нағыз жолы болмайтынның өзі. 2020 жылы жөнделіп шығуы керек еді. Бірақ, 2021 жыл басталғанда әлі жөнделмегені мәлім болды.

Қалай десек те бортына Тоқтар ағамыз ұшып-қонғандықтан қазаққа қатысы бар кеме. Қалқайып тұра берсін дейміз.


Оқи отырыңыз: Басқа майданның маршалы


Горбачев пен Гришиннің кеңірдектесуі

Тағдыр табыстырған адамның бірі – Тоқтар ағамыз. Нағыз батыр. Бағзы Қобыланды, одан берірек Қабанбай, одан бері Кенесары мен Наурызбай, ХХ ғасыр басындағы Кейкі, ғасыр ортасындағы Қасым мен Бауыржаннан кейінгі, осы заманның батыры деп білеміз. Ғарышқа ұшқан кезінде аттандырып салған журналистер тобының ортасында жүрдік. Беріде бірнеше рет сұқбаттастық. Сапарлас болдық. Батыр атанған оқиғасын егжей-тегжейлі айтып берген.

"Маған Кеңес Одағының Батыры атағын сол кездегі мемлекет басшысы Михаил Горбачев бергісі келмеді, – деп еске алған қиын кезеңді Тоқтар Әубәкіров. – Ол Желтоқсан оқиғасынан кейін қазаққа қырын қараған. Мені Батыр атағына Микоян атындағы конструкторлық бюроның өтініші бойынша Москва қалалық партия комитеті ұсынған. Жоғарғы Кеңес Президиумының шешімі әзір тұрғанымен, Горбачев бұлтаққа салып, Жарлыққа қол қоймады".

Ғарышкер, сынаушы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров пен автор. Фото автордың жеке мұрағатынан

Тоқтарды Микоян атындағы конструкторлық бюро төбесіне көтеріп құрметтеген. 1988 жылы 19 сәуірде алғашқы "МиГ-29К" жойғыш ұшағы әскери аэродромға әкелінген. Оны жер бетінде барынша сынап, барлық жүйелерін тексерді. Содан соң алғаш Тоқтар Әубәкіров 23 маусымда ұшып көрді. Сынақ сәтті өтті. Отыз рет ұшқан соң ұшақты "Тбилисиге" ұшып-қондыру көзделді.

Бірнеше ұшқыш Қырым түбегіне келді. Мұнда Саки аталатын әскери әуежай бар. Сонда кеменің палубасына ұқсайтын кешен жасалды. Бұл кешеннің жалғыз айырмашылы – тербеле алмайтын. Басқасының бәрі кемедегідей. Жоғарыда сөз болған керме осында қойылды. Тоқтар бастаған ұшқыштар тобы бір жыл осында даярланды.

Қазақта "қыз даяр болса, біз даяр" деген әзіл сөз бар еді. Соның кері келді. Ұшақ әзір болғанымен, кеме әзір емес. "Тбилиси" толық жабдықталып бітпепті. Бәрібір "жанталаса қарулану" саясатын ұстанғандар оны Қара теңіз төсіне шығартты. Ұшқыштар ұшу-конструкторлық сынақтар өткізуі керек. Мұнда "МиГ-29К" мен "СУ-27К" қонбақшы.

Шыны керек, бұл кезде "СУ-27К" ұшағы әлі жетілмеген. Теңіздегі әскери тапсырманы орындауға жарамайтын. Ал "МиГ-29К" ұшағын бағыттау кемемен толық үйлестірілген.

"Кемеде "Цилиндр" аталатын жүйе болды. Сол бойынша кез-келген тапсырманы орындаймыз, – деп еске алған Тоқтар Әубәкіров. – Біздің ұшаққа содан тапсырма түседі. Онда қайда шабуыл жасап, нені жою керектігі және нысанның тұрған орны көрсетіледі. Соған аттанамыз".

"МиГ-29К" жойғыш ұшағы кемемен бірлесе қимылдауға әзір болғанымен бәсекеде әлі ауы мен бауы түгенделмеген "СУ-27К" ұшағының бағы жанды. Өйткені, мемлекеттік комиссияның құрамында "СУ" ұшақтарын жасайтын конструкторлық бюроның басшысы Михаил Симонов болды. Соның ықпалымен 1989 жылы 1 қараша күні "Тбилиси" ұшақ тасығыш кемесінің бортына Сакиден алғашқы болып "СУ-27К" қонуға жіберілді.

Тоқтар Әубәкіровтің ұшағы бұл күні онда қонбауы да мүмкін екен. Мемлекеттік комиссияның төрағасы: "Жолдастар, бүгін мұнда "МиГ-27К" ұшағын да қабылдайық" дегенде Симонов қарсы болады. Бірақ, төраға енді оны тыңдай бермей, "тепе-теңдік сақталсын" деп Қырымдағы әуежайда даяр тұрған Тоқтар Әубәкіровке "Тбилисиді" бетке алуға бұйрық бергізген.

"Қонуға қиын болса да, мен ұшаққа жанармайды толтырып құйғыздым. Өйткені, бір есебім болды, – деп күледі батыр аға. – "Тбилисидің" палубасына сәтті қонған соң өз экипажыма қайта ұшып шығуға әзір тұруды тапсырдым. Толқында тұрған кемеде ұшақтың гироскоптарын алып тастайтын құрал жоқ екен. Сондықтан олар сынып қалмауы үшін ажыратып қойғыздым. Экипажға аталармыз сияқты кәдімгі магнитті компаспен ұшамыз дедім".

Тоқтардыкінен кейін тағы бір "СУ" қонып, үш ұшқыш комиссияға нәтижелерді баяндайды. Одан кейін кают-компанияда "табысты жуу" басталады. Осы кезде Тоқтар комиссия төрағасынан қайта ұшып шығуға рұқсат сұраған. Оның қолындағы шампанды әлі ішпегеніне көзі жеткен комиссия төрағасы рұқсат етеді.

Осылайша Тоқтар аға күн кешкіргеніне қарамай "Тбилисиден" бірінші болып ұшып шығады. Бәсекелес "СУ-27К" келесі күні жарықта бір-ақ ұшқан. Осы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған ғой. Ал Кремльде Горбачев Жарлыққа қол қоймай отыр.

Сонда Москва қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Гришин мұның атақ алуы жолында Горбачевпен жағаласа жаздайды. Өйткені, Микоян атындағы конструкторлық бюроның партия ұйымы осы қалалық комитетке қарайды. Ал Виктор Гришин Компартияның Саяси Бюросының мүшесі. Онда әлі азулы. "Мәселе ұлтында емес, істеген ерлігінде" деп қоймай отырып Горбачевке қол қойғызған.

Осылай "МиГ-29К" ұшағын аспанға алғаш шығарған, оны ұшақ тасығыш кемеге қондырған және одан бірінші болып ұшып шыққан ерліктері бар еңбек сіңірген сынаушы-ұшқыш Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровке Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.  


Оқи отырыңыз: Қораң қайда, "Боран"?


Арқан мен айдын арасы

Тоқтар ағамыз "Тбилисиге" аман-сау қонып, ұшып шыққаны абырой болды. Өйткені, беріде дәл осы палубада бірнеше рет ұшақ апаты орын алды. Керменің кесірінен. Дұрыс керілмей қалуынан, үзіліп кетуінен. Соның мысалдарына тоқталайық.

Атлант мұхитының солтүстік бөлігі. 2005 жылғы қыркүйек айының 5-і. Ресей теңіз авиациясының ұшақтары үшін жоспарлы ұшу кезінде борттағы нөмірі "82" "СУ-33" жойғыш ұшағы "Адмирал Кузнецов" ұшақ тасығыш кемесінің үстіне қонуға ыңғайланған.

Кеме үстіндегі алаңқайда аэрокерменің төрт болат арқаны болады. Біріншісі палубаның ұшақ қонар шетінен 42 метрден кейін іске қосылады. Әрі қарай 12 метр сайын келесілері ұшақты арттан тартуға дайын. Әрбірі 12 сантиметрге жоғары көтеріледі. Осы болат арқанның ілмегіне ұшақты ілгізіп қалу ұшқыштың басты шеберлігі саналады.

Саки аэродромындағы палуба тәріздес ұшып-қону кешені.ТАСС-тың фотохроникасы

Олар көбінесе екінші керме арқылы тоқтауды дұрыс көреді. Өйткені, біріншісіне іліну қиындау, палубаның шетіне тым жақын. Үлгере алмауың мүмкін. Тоқтар ағамыз еш қорықпай, қиналмай ұшағын әрдайым біріншісіне ілгізетін. Жүрек жұтқан ғой! Кейбір ұшқыштар тіпті, үшіншісі арқылы тоқтайды. Төртіншісі резерв саналады.

Қонар кезде "СУ-33" ұшағының жылдамдығы сағатына 240 шақырымға тең болса, "МиГ-29" ұшағында бұл көрсеткіш – 250. Ұшқыштар жылдамдықты кергішке ілінген соң ғана бәсеңдетуге міндетті. Оған дейін тежегішті басып қойса, ұшақ екінші айналымға шыға алмайды. Егер ұшақ кермеге ілінбеген болса, екінші айналымға кетуі керек.

Ұшақтың салмағы – 20 тонна. Қонғандағы екпіні алып кеменің өзіне онай емес. Палубаның астындағы бөліктерде жұмыс істейтін теңізшілер ондай сәтте сұрапыл дүрсіл мен селкілді сезеді. Қазақта "диірменде туған тышқан күннің күркірінен қорықпайды" деген сөз бар емес пе, бұл да соның кері.

Ұшақ кермеге іліккенде ұшқыш зор қысымды сезінеді. Омыртқа мен мойын сынып, жұлын үзіліп кете жаздайды. Әрбір жолы ағзаға орасан зор күш түседі. Ұшақ палубаға дүрс ете түскендегі сұрапыл соққыдан көздің нәзік торы жыртылады. Сондықтан әрбір ұшқыш күніне үш реттен артық ұшып-қонбайды. Көбінесе екі рет қана. Міне, Тоқтар Оңғарбайұлының қандай сыннан өткені осыдан аңғарылады.

Енді 2005 жылғы 5 қыркүйектегі оқиғаға оралайық. "СУ-33" қонғанда ілінген болат арқан үзіледі. Бұл кезде ұшақ төрт тоспадан түгел өтіп кеткен. Ұшқыш тежегішті басып қозғалтқыштарды өшірген. Бәрібір екпіні басылмаған ұшақ кеменің арғы шетінен шығып, суға құлайды. Соңғы сәтте ұшқыш өзін құтқару тетігін басып үлгереді. Бес минуттан кейін оны құтқару тікұшағы бортқа көтереді. Ал ұшақ  1 100 метрлік су түбіне шым батты.

Бұл кезде әуеде қону кезегін күтіп және 4 жойғыш ұшақ жүрген. Келесі "88" борт нөмірлі "СУ-33" қонғанда және бір кергіш арқан үзілген. Абырой болғанда бұл ұшақ келесі айналымға көтеріліп үлгереді.  Енді төрт ілгішектің екеуі ғана қалғанын ойлаңыз. Ұшқыштар соған әйтеуір жанталаса ілініп, шыбын жанын сақтауға тырысқан.

Айтпақшы суға батқан ұшақтың "қара жәшігі" мұндай апат кезінде өздігінен бөлініп шығады екен. Оны басқа кеме толқын қуалап бара жатқан тұстан тауып әкеледі.

"Адмирал Кузнецов" ұшақ тасығыш кемесінің борттағы әуе машинасынан айырылып қалуы бір бұл емес. Ендігі апат 2016 жылғы 16 қыркүйекте Жерорта теңізінің төсінде болды. "МиГ-29 КУБ" ұшағының үшеуі ұшып шығып, қайта қонуы керек. Бұл Ресейдің ең жаңа әуе машинасы саналған. Салмағы "СУ-33"-тен сәл жеңілдеу. Бір жыл бұрын ғана әскери мақсатта қолдануға алынған. Үш ұшақ арасына төрт минуттан салып палубаға қонуы тиіс. 

Екінші болып қонған ұшақ екінші кермені үзіп, төртіншісіне қайта ілініп тоқтайды. Енді мына масқараны қараңыз. Үзілген екінші болат арқан үшінші арқанмен шырмалып қалыпты. Кемедегі механиктер мұны жөндегенше соңғы ұшақ аспанда айналып ұша тұруы керек. Сөйтіп күтіп жүргенде оның екі қозғағышы қатар істен шығады. Шамасы, жанармайы таусылған. Анығы құпия сияқты. Не болса да теңізге құлаған ұшақты кешікпей су бетіне шығарып алады. Әйтпесе арттан аңдыған Америка теңіз күштерінің олжасы болуы кәдік.

Сол жылдың 5 желтоқсанында тағы бір оқыс оқиға тіркелді. Кезекті "СУ-33" қонған кезде тартып қалатын болат арқан және үзілген. Жойғыш ұшақ екпінін баса алмай суға құлаған. Үзілген арқан жаңадан қойылған әрі алғаш рет пайдаланылған екен.  

Құрастырылғанда "Баку" аталып, одан "Адмирал Горшков" болып, беріде Үндістанға сатылған ұшақ тасығыш кемеге 1995 жылы қонар кезде "ЯК" маркалы жойғыш ұшағы суға құлағаны тағы бар. Осының бәрін ескергенде, айдын мен арқан арасынан әрдайым аман шыққан, өйткені ұшағын кемедегі керменің біріншісімен-ақ тоқтататын Тоқтар ағаның тәжірибесі тәнті етпей қоймайды.