Тудырғанға бар, таласқанға жоқ

Қазақтың ән өнері орны толмастай болып ойсырап қалды. 2021 жылдың сәуір айының ең соңында Ескендір Хасанғалиевтен айрылдық. Мемлекет басшысы мен миниистрлердің әлде ресми, әлде азаматтық тұрғыда көңіл айтқан жазбаларын былай қойғанда қалың бұқараның қайғысынан әлеуметтік желінің белі қайысып тұрды.

Не керек, бір жағынан коронавирусты тудырған, екінші жағынан гаджетті жасап, оған әлеуметтік желіні енгізген мына заман қазақты қаралы хабарды жеткізу мен көңіл  айту жағынан жарыстырып қойды. Бұл қазаға орай әлеуметтік желіге ат қосудан тартындық. Ескендір ағамызға бей-жай қарағаннан емес.

Ол кісінің азаматтық әрі шығармашылық бейнесін басқалардан артық жақсы көрмесек, кем түспеспіз. Елмен жарысып әлеуметтік желіде көңіл айтқан жазба қалдыруға тырыспаған себебіміз – ағаның қандай ғұмыр кешкені мен қай жағынан бағалы екенін ежелдің ерте күнінде жазғанбыз. Көзінің тірісінде.

Ескендір аға оқыса, риза болса, ішінде сақтаған шығар, әйтеуір "дұрыс жазбапсың" демеген. Жалпы, талантты тұлғалар өздері туралы қандай сөз айтылып жатқанын елең қылмайды. Олар тек алға қарайды. Маңайындағы күңкілді, соңындағы сөзді елей бермейді. Олар тудырғанға бар да, таласқанға жоқ. Шығармашылық жағынан.

Ескендір аға дәл осындай жан еді. Ортамыздан мәңгілікке аттанып кеткен 2021 жылдан есептесек тура бір мүшел бұрынғы кездесулеріміздің  қадау-қадау тұстарын қайта еске алғанды жөн көрдік. Өйткені, әлеуметтік желіде көктемгі саңырауқұлақтай қаптаған қалың жазбаның арасынан кезінде аға бізге айтып берген біраз жәйтті кездестіре алмадық. Енді соларды аз-кем термелеп өтелік.

Журналист болу бұйырмаған

Ескендір ағамен бірнеше мәрте сырластық. Сұқбаттастық. Сапарлас болдық. Қазақ телевизиясының 50 жылдық мерейтойында Қарағанды қаласындағы үлкен кешке қатысуын сұрадық. Аға ешқашан тілшінің көңілін қалдырған емес. "Өзім журналист бола алмаған соң, олардың меселін жыққым келмейді" дейтін.

Өйткені, 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне құжат тапсырған. Емтихандардан өткенмен, конкурста бағы байланған. Бір жағынан дұрыс та болған. Өйткені, түпкі арманы әнші болу екен, журналистика факультетіне достарының үгіттеуімен бара салған.

Осыдан кейін Хасанғалиев Теміртаудан бір-ақ шығуы мүмкін еді. Кейін аттары белгілі болатын тұлғалармен бірге. Өйткені, ауылға қайтуға арланып, құрылысшылар даярлайтын курсқа барады. Үш ай оқып, енді комсомолдық екпінді құрылысқа жолдама алатын кезінде ауылдан "анаң нашар жатыр" деген жеделхат жетеді. Амал жоқ, елге қайтады. Елі – Батыс Қазақстан.

Барса, анасы Бахия дін-аман. Жаңағы жеделхат "жас бала қалада жүріп бұзылып кетпесін" деген ағайынның тірлігі екен. 

Анда да, мұнда да Жылысбаев

Ескендір аға тәрбиеші, клуб меңгерушісі болған үш жылдан соң Алматыға қайта оралады. Енді дәл көздеген мақсатпен. Консерваторияға оқуға түспек. Бекен Жылысбаев, Ермек Серкебаев және бірнеше ұстаздың алдында "Жарқ етпес қара көңілім не қылса да" деп шырқайды. Оны үнемі радиодан Ермек ағаның орындауында тындайтын.

"Әй бала, әуеннен гөрі айқайың басым болып кетті" депті Бекен ағасы. Содан кейін Ермек екеуі ақылдасып, алдарында тұрған жігіттің алдымен бастапқы музыкалық білім алу үшін училищеде оқып келгені жөн-ау деседі. Сөйтіп Ескендір музыкалық училищеге кетеді. Оны бітірген соң Бекен Жылысбаев сөзге келмей консерваторияға қабылдаттырады. Міне, осындай уәдесінде тұратын кісілер болған.

Тура диплом алар кезінде бір ұстазбен келіспей қалады. Әлгі ұстаз "консерваториядан не мен кетемін, не Хасанғалиев кетсін" деген талап қойған. Диплом алғалы тұрған Ескендір солай оқудан шығады.

Қайтып консерваторияның маңайынан жүргісі келмеген. Кейін Қазақстан компартиясының ғылым-білім  бөлімін басқарған Санжар Жандосов Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы Мәдениет институтын бітіруге ақыл қосады. Оның ректоры Сәдуақас Темірбеков бірден бесінші курсқа қабылдап, "бір ай жүрсең болды" дейді. Әйелі Дарико емшектегі Біржанды алып, қасына, оңтүстіктегі қалаға келеді.

Енді мемлекеттік емтихан тапсыруға келсе, алдында баяғы Бекен Жылысбаев отыр. Ол кісіні Алматыдан Шымкентке Мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы етіп шақырған екен. Профессор ағасы өз көзіне өзі сенбей "Әй, Хасанғалиев, сен әлі оқып жүрсің бе?" депті.

Әрі қарай емтихан тапсырар сәтінде "сен бір шумақпен қайыр, әйтпесе жиырма бес жыл бұрынғыдай тағы бүлдіріп жүрерсің" деп күліпті.  Сонымен Хасанғалиевтың қалтасына Мәдениет институтының мөрі басылып, Бекен Жылысбаев қол қойған "хор дирижері" деген диплом түседі.

Халық тыңдайды, басшылар қыңбайды

Ескендір Хасанғалиев өз ұжымының Наурыз мерекесінде. Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Білім жорығы осымен тынған, ал еңбек жолы отыз бес жылдан астам уақыт Қазақ КСР Телевизия мен радио хабарлары жөніндегі мемлектетік комитеттің шаңырағында өтті. Бір кезде Серкебаев шырқаған әндерді радиодан ынтыға тыңдайтын Ескендір өзі жаңа әндерді жұртқа жеткізетін болды. Сөз арасында Серкебаевпен ерекше сыйласқанын айта кеткен ләзім. Ол кісінің ізбасар інісіне берген сыйы Хасанғалиевтер шаңырағының төріндегі құрметті орында тұрғанын көргенбіз.

Қазақ композиторларының жаңа әндерін радио арқылы орындау Хасанғалиев пен Нүсіпжановтың күнделікті жұмысына айналды. Ол кездегі әндер қандай? Әбілахат Еспаевтың, Базарбай Жұманиязовтың, Кенжебек Күмісбековтің, Шәмші Қалдаяқовтың, Мыңжасар Маңғытаевтың, Мансұр Сағатовтың, Әсет Бейсеуовтың шабытынан туатын. Бергі заманның құла тасқынымен салыстыру мүмкін емес. Ол кезде әнді халықтың ұнатуы мен ұнатпауы композитордың әуенін, ақынның сөзін қалай жазғанынан бұрын бірінші әншінің қалай орындағанына қатысты еді.

Бірде Нұрғали екеуі өзара келісіп, көркемдік кеңестен өтпей қалған әнді орындауға тәуекел етеді. Өйткені, кеңестің мүйізі қарағайдай мықтылары қабылдамаған ән бұлардың көкейіне қонып тұр.

Тәуекелдің соңы екеуінің жұмыстан шығып кетуіне жалғаса жаздайды. Радионың, одан жоғары комитеттің басшылары аттанға басады. Көркемдік кеңесте "жарамсыз" деп табылған әнді радиодан шырқаған не сұмдық! Сол үшін екеуінен түсініктеме талап етіледі.

Ертесінде радио қардай бораған хаттың астында қалыпты. Жұртшылық екі әнші бірігіп орындаған жаңа әнді радиодан қайталап беруді сұрап жатыр. Ал керек болса!

Күллі республикадан жауған өтініштер ғана Ескендір Хасанғалив пен Нұрғали Нүсіпжановтың жұмыстан шығып қалмауына қалқан болған. Әннің аты ... "Арыс жағасында" . Тура сол күннен бастап екеуін ешқандай жарлықсыз "халық әншісі" деуге болар еді.

Шырқыратып шыбын қуған

Ескендір мен Дарико Хасанғалиевтар, Бибігүл Төлегенова мен Нұрғали Нүсіпжанов. Фото автордың жеке мұрағатынан алынды

Әнші Ескендірді композитор ретінде алғаш танытқан "Анама сәлем" екені талассыз. Бұл әнді анасы Бахияға арнаған. Орындалуының өз қызығы бар.

Радио арқылы тарап, жұрт жақсы қабылдаған соң бір күні Мүсілім Асылбеков "әй, Ескендір, сенің әлгі әніңді телевизиядан орындап берейін" деп жанашырлық танытады. Сондай әнші болған. Қазір көп ешкім еске ала бермейді. Опера театрында қызмет еткен. Абай әулетіне туыстығы бар. Соғысқа қатысқан. Операда Абай рөлін ойнауды армандап, ол арманға жете алмаған. Дауыста мін жоқ, әттең бойы қолтоқпақтай кішкене кісі екен.

Ағасы пәлен күні телестудияға келмек болады, оған дейін Ескендірге "әніңнің сөзін қағазға үлкен етіп жазып қой" дейді. Өйткені, ол кезде телестудия камераларында "суфлер" аталатын тетік жоқ. Ал үш-төрт шумақты жаттауға Мүсекең ерінсе керек. 

Ескендір ағамыз "Анама сәлемнің" сөзін қағазға қағаз жалғап, әрбір әрпін бармақтай етіп, екі метрдей қылып шұбатып жазып қойған. Өзінің таныстары мен туыстарына "менің әнімді пәлен уақытта теледидардан тыңдаңдар" деп жар салып жіберген.

Дәл уақытында ән басталады. Онда жазып-монтаждау құралы шықпаған. Тікелей эфир. Мүсілім ағасы алғашқы екі жолды шырқағанда камераның түбінде қағаз ұстап тұрған Ескендір өз әніне өзі елітиді. Үшінші "сәбилік сезіммен" деген жолды айтқан соң Мүсілім ағасы "осы шыбынның жүрмейтін жері жоқ" деп қолын ербеңдетіп студия ішінде жүгіріп кетеді. Ескендір түкке түсінбейді. Аң-таң інісінің жанына келген әнші "әй, анау қағазыңды неге көтермейсің" депті.

Сөйтсе Ескендір әннің сөзі жазылған қағазды жоғары қарай жылжытып тұруды ұмытып, Мүсілім ағасы төртінші жолын оқи алмаған екен. Ертесінде теледидарды көруді тапсырған дос-жарандары "әншіңнің студияда шыбын қуып кеткені несі" деп күлісіпті.  

"Балада жазық жоқ"

Ескендір аға радиоға қызметке келген алғашқы жылдары әншілікпен қатар концерттер әзірлеген. Музыкалық хабарлар бас редакциясын басқарған Жиенбек деген ағасы Сыдық Мұхамеджановтың шығармашылық жолы туралы 30 беттік хабарды қолына ұстатқан. Осының музыкасын әзірлеп, эфирге беру керек.

Бұл хабарды парақтап шығып, онда көрсетілген әндерді фонотекадан алып келеді. Бәрін мәтін бойынша кетер тұстарға белгілейді. Сөзді оқыту үшін Әнуар Байжанбаевты қолқалайды. Ол кісі келіседі.

Дыбыс оқитын студияда біртуар диктор "Ескендір-ау, мәтін арасындағы әндерді бірден жазғызып отырмайсың ба" деп ескертеді. "Жоқ, аға, оқи беріңіз. Ертең ключте ән мен мәтінді кезегімен береді ғой" дейді өзіне сенімді Ескендір. Мұның ойы – ән тағы бір рет жазылмай таза күйінде кеткені жөн. Өйткені, таспа магнитофонның тісінен өткен сайын сапа кеми беретіні белгілі.

Ертесінде сағат 10.30-да хабар басталады. Байжанбаев барын салып Сыдықтың оркестр орындайтын "Дала" симфониясын жеріне жеткізе сипаттап, "сол туындыны тыңдайық" деп тоқтайды. Симфония қайда, эфирден "Білмеймін Ақмола ма, Ақтөбе ме?" әні кетеді. Ескендірдің төбесіне суық су құйып жібергендей болады. Эфирде отырған орыс тілді әйел былықтырып жіберген.

Бұл бастамасы екен. Әнуарбектің мінсіз дауысымен Сыдық Мұхамеджановтың алғаш романс жазғаны айтылады. Абайдың "Жарқ етпес қара көңілім не қылса да" өлеңіне жазылған романс жеріне жете талданады. Бұл – он тоғыз жасында алып-ұшып консерваторияға келген Ескендір Бекен ағасының алдында шырқайтын туынды. Байжанбаевтың "ал романстың өзін Ермек Серкебаевтың орындауында тыңдайық" деген сөзінен соң Бибігүл Төлегенова "Екі ғашық қол ұстасып, келе жатыр оңаша" деп сызылта жөнеледі.

Мәтін мен ән еш қиюласпай, ит қуған ешкідей болып шыққан хабар эфирден өткен 1 сағат 20 минут Ескендірге бір ғасырдай көрінеді. Ертесінде бұған екі ұрты онсыз да қомпылдап тұратын Жиенбек ағасы ұрсып үлгермейді. Екеуін Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары Нұрғожаев шақырады. Кабинетте түтігіп Сыдық Мұхамеджанов отыр екен.

Композитор атып тұрып "бәрін бүлдірген сенсің" деп Жиенбекті жағадан ала кетеді. Есіктің артына тығылып қалған Ескендірге қарап "ана балада жазық жоқ" дейтін көрінеді. Осындай ағалар өткен. Ескендір Хасанғалиевтың өзі кейін осындай аға болғанын көзіміз көрді.

Әлгі оқиғаға оралсақ, Ескендір хабарды қайта монтаждайды. Музыкасы рет-ретіне түседі. Эфирден беріледі. Сыдық пен Жиенбек ағалардың, Нұрғожаев бастықтың көңілдері жай табады. Хабар Қазақ радиосының "Алтын қорында" сақталады. Қайбір жылы "Алтын қорды" реттеу жөніндегі комиссияның жұмысына қатысқанымызда алдымыздан шыққан. "Ең төрде тұруы керек хабардың бірі" деген тұжырым айтқанбыз.

Күлкіге түспей кеткен

Ескендір ағаның көп ешкім біле бермейтін өнері бар еді. Әнші, композитор, адал жар, қамқор әке, елін сүйген азамат және басқаларынан бөлек бұл кісі қапысыз пародияшы болатын. Бала кезінде ауылдағы әркімнің сөзі мен жүрісін, бет қимылы мен бойын ұстауын дәл қайталаудан қалып қойған өнер. Қазақтың циркі. Әсіресе, шалдардың жүрісін салатыны ғажап. Бірнеше рет көрсеткен. Әр жолы күлкіден өліп қалатынбыз.

Әрбір жүріске өзі ат қойған. "Кел мұнда", "Кет әрі", "Алып кет", "Кетіп қалды", "Мә, саған". Бірде "түнімен ойланып, шалдардың алтыншы жүрісін таптым. Соны көрсетермін" деген.  Бірақ, оны тамашалауға уақыт болмапты. Атын да пысықтап сұрап қалмаппыз.

Өзіміз көрген бес жүріс түрін сөзбен сипаттау мүмкін емес. Көру керек. Өкініштісі, енді мәңгілікке көре алмайтынымыз. Тек Ескендір ағамыздың өзі ондай күлкіге түспей, бойын тік, ойын тұнық ұстаған қалпы өмірден өткені көңілге медеу.