Басқа майданның маршалы
Қазақ даласында обаға шалдыққандарды емдеген және Қиыр Шығыста соттың бактериологиялық қару бойынша сарапшысы болған Жуков жайындаҚамау мен Қиыр Шығыстың арасында
Соғыстан кейінгі жылдары қазақ даласында оба ауруы пайда болды. Тұтас ауылдың тұрғындары баудай түсіп жатты. Бұл жерді қазақ ертеде "Қамау" деп атаған. Өйткені, ол аймаққа жол бір жақтан ғана баратын әрі тіреліп қалатын. Батыс жағы арынды Іле, солтүстігі шалқыған Балқаш көлі, шығысы шексіз құмды өңір еді. Кіріп-шығар ауыз біреу ғана, сондықтан нағыз қамайтын, қамалатын жер. Қазақ ешқашан жер атауын негізсіз, себепсіз қоймаған.
Енді нағыз қамаудың өзі болды. Карантин. Ауылдан айлап ешкімді шығармаған. Дәрігерлерден басқа ешкім кіргізбеген. Жұқпалы дертке шалдыққандарды емдеу үшін Москвадан атақты маман келді. Обадан тірі қалғандар оның фамилиясын ұмытпаған. "Жуков" дейді.
Анығында Жуковқа қосарланған екінші фамилиясы бар еді. Оны ауылдықтар есіне сақтамаған. Ал Жуковтың ұмытылмайтын жөні бар. Кешегі Екінші жаһандық соғыста даңқы шыққан маршалдың фамилиясы осындай. Сондықтан Москвадан келіп қап-қара дәрі ішкізіп емдеген ғалым елдің есінде.
Бірақ медицина маршалы іспетті бұл Жуковқа кешікпей жоғарыдан басқа тапсырма түскен. Ол Алматы арқылы Москваға барып, одан Хабаровск қаласына ұшады. Суыт сапардың сыры ол кезде көп жазыла қоймаған. Біз медицина ғылымдарының докторы, КСРО Медицина ғылымдары академиясының Экспериментальді биология институтының иммунобиология зертханасын құрушы және басқарушы Николай Жуков-Вережниковтің өмірін зерттей отырып, қазақ даласынан кейін Қиыр Шығысқа не үшін аттанғанын білдік.
Ғалымның Қиыр Шығысқа сапарының себебін айтпастан бұрын оба, сүзек сияқты жұқпалы аурулар қайда пайда болады, оны қолдан жасап тарату мүмкін бе деген сұрақтардың жауабын іздеп көрелік. Мысал дайын. Осы заманғы ең үрейлі дерт көз алдымызда пайда болып, өрбіп, өрістеп жатыр.
Оқи отырыңыз: Палуанның табаны, жазушының қаламы
Қай жақтың "қашқыны"?
2020 жылдың басынан жер үстіне әбігер әкелген коронавирус хақында бірталай зерттеу материалдарымен таныспыз. Сонда байқағанымыз, басты сауалдың жауабы табылмаған сияқты. Бұл пәле қайдан, қалай пайда болды? Адамзатқа алғаш жануардан, оның ішінде жарқанаттан жұқты ма? Жоқ, әлде құпия зертханаларда әзірленіп, арнайы таратылды ма?
Негізі зертханада жасалған ауру қоздырғыш қолданылмас бұрын, емі қоса қарастырылатын. Содан кейін ғана "оны таратамыз ба, жоқ па?" деген саяси мәселе шешілетін. Әрине астыртын түрде.
Мұндай астыртын шешімнің кейін жария болып, бұл әрекетке қатыстылар анықталған немесе ұсталған жағдай бар. Ондайда дипломатиялық шиеленіс туындап қалады. Кейінгі уақытта Ресей мен Ұлыбритания арасында осындай түсінбестік болған. Бірақ, орыс елінің оны мойындағысы келмей жүр.
Сондықтан ол оқиғаны қазбаламайық. У немесе ауру қоздырғыш жасалған кезде оның емі қоса қарастырылатынын басқа бір мысалмен айта кетелік.
1997 жылы 25 қыркүйекте Иорданияның астанасында Израиль барлау қызметінің агенттері бір адамның құлағына у шашты. Амман көшесінде уланған жай адам емес, Ислам қарсыласу қозғалысының көсемдерінің бірі Халед Машаля болатын. Оны өлтіру үшін агенттер әдейі жұмсалған және әрекетке Израильдің сол кездегі премьер-министрі рұқсат берген.
У шашқан қуларды сол сәтте жасауылдар ұстап алды. Ал Машаляның халі күрт нашарлап, әл үстінде жатты. Осы кезде іске Иорданияның королі араласқан. Ол Израиль премьер-министрінен бұл удың бетін қайтаратын дәріні дереу жіберуді талап еткен. Әйтпесе, қолға түскен агенттер дар ағашында салбырап тұрмақ деген.
Оқиға удың күшін жоятын дәрінің тездетіп әкелінуімен, соның арқасында Машаляның тірі қалуымен аяқталды. Бұған қоса Израиль түрмесінде жатқан 20 палестиналық босатылды. Еврейлер елінің агенттері аман-сау қайтарылды. Олардың Иорданияға Канаданың жасанды төлқұжатымен келгені мәлім болды.
Қазақтың "уды у қайтарады" деген сөзінің растығын осы оқиға дәлелдеген. Демек, қандай у немесе ауру қоздырғыш жасалмасын, оны қолдану үшін алдымен қарсы у немесе дәрі болуы, сынақтан өтуі керек. Онсыз алғашқысы кәдеге жаратылмайды.
Кейінгі жылдары Ресейдің "даңқын асырып жүрген" атақты "новичок" аталатын удың бетін қайтаратын дәрі бар шығар. Бірақ, ондағылар қарсы дәрінің бары тұрмақ, "новичоктің" өзін мойындай қоймайды.
Оқи отырыңыз: Қораң қайда, "Боран"?
Жапоннан алып жетілдірген
Енді медицина ғылымдарының докторы Жуков-Вережниковтің Қиыр Шығыс сапарының сырын ашайық. 1948 жылы Кеңес елінде Жапонияның Квантун армиясының "Бактериологиялық қару қолданғаны туралы" сот отырысы басталды. Танымал ғалым сол үшін құрылған сот-медицина комиссиясының бас сарапшысы болып тағайындалған.
Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары жапон армиясының биологиялық соғысқа қатысты ізденістері тым қарқынды жүрген. Бұл орайдағы тәжірибесі одақтасы Гитлер басқарған мемлекеттен асып түспесе кем соқпаған.
Соғыс соңында жеңімпаздар саналған АҚШ пен Кеңес Одағы немістердің жаңа зымыран қаруын қалайда бірінші қолға түсіруге тырысса, жапондықтардан бактериологиялық қарудың қыр-сырын көріп қалуға жанталасқан. Бұрынғы одақтастар енді бәсекелестерге айналып шыққан.
Жапондардан алынған бактериологиялық қару туралы құжаттар дереу Москваға жөнелтіліп жатты. Оның арасында мұндай қару өндіретін зауыттардың сызбалары болды. Кеңес Одағы соған қарап бактериологиялық қару жасайтын зауыттар салуға кірісті. Алғашқысы Свердловск қаласының түбінде бой көтерсе, кейін қазақ даласының қақ төріндегі Степногорскіде жетілген түрі жер астында салына бастады.
Зерттеуші Э. И. Колчинскийдің тұжырымдауынша, кеңестік биологиялық қару жасаушылар өз жетістіктері жайында ауыз аша қоймайтын. Атом қаруы мен зымыран мамандарына қарағанда олардың үндемейтін сыры бар. Өйткені, бұл қару жапондардың үлгісімен жасала бастады. Ал олар қаруды адамға сынау арқылы жасап, жетілдіріп келген.
Кеңес Одағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде-ақ жапонның бактериологиялық қару жасап, сынап жүргенін білген. Бұл туралы бірнеше рет Харбиндегі Бас консулдан хабарлама түскен. Соны ескеріп, Қиыр Шығыс әскери округінің бүкіл жауынгеріне жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егілген.
Оқи отырыңыз: Бейрутты емдеген бауыр
Тұтқындар арасын тексергенде
Екінші жаһандық соғыс аяқталғанда Кеңес Одағында 600 мың жапондық әскери тұтқын болды. Оларды қара жұмысқа салды. Біз бірнеше жыл Қарағанды қаласында тұрғандықтан ондағы 1940 жылдар соңы мен 1950 жылдар басында жапондық әскери тұтқындар салған бірнеше ғимаратты білеміз. Ал Қарағандыдағы кеншілер сарайының тура көшірмесі Түркіменстандағы Красноводск қаласында алдымыздан шыққанда аузымызды ашып таң қалып едік. Сөйтсек мұнда да жапондық тұтқындар құрылыс саласына жегіліпті ғой.
Қолға түскен әскерилер арасынан кеңестік мемлекет қауіпсіздігі органдары бактериологиялық қару жасаумен айналысқандарды қатты іздестірді. 1946 жылы Москваға Хабаровск өлкелік ішкі істер органының бастығы генерал Долгихтан шұғыл мәлімет түседі. Онда тұтқындалған үш жапон генералының осы қаруды жасаумен айналысқаны анықталған. Дереу жапон армиясының бактериологиялық қару жасағанын тергейтін топ құрылып, оны полковник Карлин бастап келді. Тергеу барысында алғашқы 713-отряд аталғаны Жапония императоры Хирохитоның құпия жарлығы бойынша 1936 жылы құрылғаны анықталды. Бактериологиялық соғыстың басты уағызшысы болып медицина қызметінің генерал-лейтенанты Сироиси тағайындалыпты. Отрядқа арнап Харбин қаласынан 20 шақырым жердегі Пинфан теміржол стансасынан үлкен кешен салынған. Мұнда оба, сүзек, қанды ірің, күйдіргі, іш, сал және басқа аурулардың қоздырғыштары өсірілген. Тергеу кезіндеПинфандағыдан басқа Қытай жерінде тағы екі осындай отрядтың болғаны анықталды.
Ақыры 12 жапондық әскери маман биологиялық қару жасау мен қолдану ісі бойынша сот алдына әкелінген. Хабаровскіде трибунал ашық өтті. Қызыққан адамдар өз көздерімен көрген. Сырттан тыңдаймын дегендер үшін іштегі сөздер дыбыс күшейткіш арқылы көшеге естіліп тұрған. Жапондық сотталушылардың не дегенін іштегілер мен сырттағылар бас аудармашы Г. Пермяковтың аузынан естіген.
Істі қараған Примор әскери округі трибуналына әділет генерал-майоры Д. Чертков төрағалық еткен. Сарапшылар комиссиясын жоғарыда жазғанымыздай, Н. Жуков-Вережников басқарды. Оған эпидемолог, иммунолог, микробиолог, паразитолог және мал дәрігері мамандары тартылды.
Оқи отырыңыз: Долан менен Вазген додаласса аз-кем
Бактерия толы бомбалар
Айып төрт бөлімнен тұрды: биологиялық соғыс жүргізу үшін арнайы құрылым құру; тірі адамдарға қанқұйлы тәжірибе жасау; Қытайға қарсы бактериологиялық қару қолдану және Кеңес Одағына қарсы бактериологиялық соғысқа дайындалу. Сотталғандардың төртеуі: Кавасима, Карасава, Ниси және Митомо тірі адамдарға тәжірибе жасауға қатысқандары үшін айыпталды.
Мемлекеттік айыптаушы Смирнов сот үстінде мына мәліметтерді келтірген: арнайы құрылған 731-отрядта тірі адамдарға сұмдық тәжірибелер жасалған. Олар бактериологиялық соғысқа ғана емес, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу мен емделуге және адам ағзасының төзімділігін анықтауға қатысты еді.
Мұндай тәжірибе үшін 731-отрядта барокамералар болған. Ол адам ағзасының қаншалықты биікке төзетінін анықтауға арналған. Барокамераға түскен адам сұмдық азаппен біртіндеп өлетін.
Сотта айыпталушы Кавасима мынаны мойындаған: Егер тұтқын ажалға себепкер бактериядан өлмей, сауығып кетсе, бәрібір оны тірі қалдырмайтын. Ол қашан өлгенше басқа тәжірибелер жасалатын. 1940-1945 жылдар арасында түрлі бактериялар жұқтырылған 3 мыңнан астам тұтқын өлген. "1940 жылға дейін қаншама тұтқынға тәжірибе жасалғаны маған белгісіз" деген Кавасима.
Ауру жұқтырғандарды емдеудің түрлі тәсілдерін қолданатын. Дұрыстап тамақтандыратын. Олар денсаулығын толық түзеп алған соң енді бактерияның басқа түрін егіп, кезекті сыныққа салатын. Әйтеуір бұл фабрикадан ешбір тұтқын тірі шықпайтын.
Келесі 100-отряд Чанчунь қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 10 шақырым жерде орналасты. Онда жаппай қырып-жоятын күшті улар жасалды. Осында қызмет еткен Кадзуо Митомо 1944 жылы тамыз-қыркүйек айларында тірі адамдарға тәжірибе жасағандарын мойындады.
8 орыс пен қытай тұтқынға білдіртпей ұйықтатын дәрі мен у берілген. Әрбірі екі аптаның ішінде 5-6 рет у қосылған тамақ ішкен. Сол мерзімде олардың саудасы бітіп, одан әрі тәжірибе жасауға жарамаған. Әлбетте бәрін өлтіре салған.
Николай Жуков-Вережников басқарған Сот-медициналық сараптама қомиссиясының қорытындысына қарағанда 731, 100 және 1641-отрядтарда әртүрлі бактериологиялық қаруларды қолдану мүмкіндігі сыналған. Оған "тәжірибе нысаны" ретінде тірі адамдар пайдаланылған. Полигон жағдайында бұдан адамдар өлетін болса, ондай қару қолдануға жарайды деп саналған. Обаның, күйдіргінің микробтарына толған бомбалар сынақтан өткен. Оба таратқыш бүргелерге толы бомбаның тиімдігілі анықталған. Мұндай қаруды қыш ыдыстан жасаған. Тұтқындардың аяғын, белін, иығын жалаңаштап, ағашқа байлап қоятын. Содан кейін ауру таратқыш паразит, бит-бүргеге толы бомбаны жарады. Кейін осы қаруды Қытайдың бірнеше қаласында қолданыпты.
Бактериологиялық қаруға қатысы бар жапондықтардың қылмысы ауыр болса да, Хабаровскідегі әскери трибуналда өте жеңіл жаза тағайындалды. Сот ең айыбы үлкен дегендерін 25 жылға, кейбірін 20, 12 және 10 жылға соттайды. Біразы небәрі 2 жылға кесілген. Бәрі кейін еліне қайтарылды. Әрине үкімге медициналық сарапшылардың қатысы мен ықпалы жоқ.
Ал біз профессор Николай Жуков-Вережниковтің Қамауда немен айналысқанын келесі мақалада сөз етеміз.