Итжығыс түсіп жатқандар

2020 жылдың басты әңгімесі тосыннан шығып, бар әлемді, оның экономикасын есеңгіретіп кеткен коронавирусқа қатысты болды. Бәрібір оның қоздырғышы қай тұстан пайда болғаны немесе "қашып шыққаны" анықталмады. Сондықтан дәл емін табу, әрі қарай етек жайғызбай тұншықтырып тастау әзірге мүмкін емес.

Мамандардың бір тобы "бұл зертханада жасалмаған, ертеректен белгілі вирус" дейді. Тіпті, жетпісінші жылдары медицина институтында жазып алған конспектісін көрсеткендер бар. Сонда оқытушы-профессордың аузынан басқа вирустардың қатарында коронавирус айтылған екен. 

Ендеше елу жыл бойы ол туралы ешкім естіп-білмей, 2020 жылы құтырынып шыға келуінің сыры неде? Оған да жауап айтылыпты. Мәселенің мәнісі былай сияқты.

Кейінгі жарты ғасырда әлемнің денсаулық сақтау саласы бактерия арқылы тарайтын аурулармен қатты күрескен. Олардың қоздырғыштарын жоятын небір тәсілдер мен дәрілер ойлап тапқан. Сол арқылы бактериямен тарайтын ауруларды тежеп келеді.

Обаның өзі ін қазатын кеміргіштердің ағзасындағы бактерия арқылы келмей ме? Соңғы жылдары адамзаттың жаппай обаға шалдыққаны жайында дерек жоқ. Ара-тұра пайда болатын ошақтары дереу жойылып жатады. Бұл – бактерияға қарсы күрестің нәтижесі. Сол сияқты ара-тұра жаппай сүзек, шешек, іш ауруы көрініс берсе, кешікпей тұрғындар одан емделіп жатады.

Ал енді бактериядан басқа вирус деген бар. Бұлар – екі түрлі нәрсе. Бұлар зат емес, тірі ағза. Бактерия бір клеткалы. Туады, өседі, өзі сияқты ұрпақ қалдырады, ақыр аяғында өледі. Қайнамаған судан ішіңіз өтсе, суда бектерия болғаны. Бруцеллез малдың сүтін толық қайнатпай ішсеңіз, сол аурудың бактериясы сізге өтпек. Түсінікті шығар.

Санитарлық талаптардың дені оны жою мен жолатпауға арналған. Зарарсызданудағы басты нәрсе хлордан бастап. Бұған дәрі-дәрмектің ең көбі бактерияның өсіп-өнуіне жол бермеу үшін жасалғанын қосыңыз. Осылай медицина бактерия атаулыны тұншықтырған заманда оның басты бәсекелесі вирустар назардан тыс қалды.  

Вирус өз-өзінен тіршілік ете алмайды. Ол бөтен ағзада ғана өсіп-өнеді. Коронавирус дертінен сақтанудың басты тәсілі ретінде неге ауыз бен мұрынды тұмшалау ұсынылады? Бір адамнан шыққан вирус бірер секундта басқа адамға ауысса ғана өмір сүрмек. Ешқандай ағзаға түспесе, кешікпей жойылып кетпек. Бактерия болса ауада, суда, топырақта, жапырақта дегендей тіршілік ете береді. Тышқаннан шөпке түсіп, шөпті түйе жегенше тұра береді дегендей. Айырмашылығы осында.

Адамзатқа екеуінің қайсынан көп шығын келген деген өте қызғылықты сұрақ бар. "Испандық" аталған тұмау вирусынан 1918-20 жылдар арасында 20 миллион адам қайтыс болса, 1968-69 жылдары "гонконгтық" атымен таңбаланған тұмау вирусы 34 миллион өмірді жалмап кетті. Бірақ бұлар бактерия арқылы жұғатын оба әкелген шығынға қарағанда көп емес. Екінші жағынан қарасаңыз, оба, сүзек ара-тұра төбе көрсетсе, тымауыңыз бір жылда бірнеше айналып соға береді.    

Сан ғасыр "итжығыс" түсіп келе жатқан екі пәленің бірін тежеу арқылы адамзат екіншісіне жол ашып берген сияқты. Барлық араласу пенициллинді ойлап табудан басталды. Енді адамзатқа микроб қауіпті емес деп жар салынды. Бірақ, бактерия оңай берілетін емес. Олар әр жолы белгілі дәріні елемейтін деңгейге шығып алады.

Бәрібір бактерия шектеле берген соң вирустар көп мүмкіндік алды дейді ғалымдар. Сондықтан енді Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі көптеген ауруларды бактерияға қарсы дәрісіз емдеуді ұсынып келеді. БҰҰ Бас ассамблеясының 2016 жылғы күздегі мәжілісіне 193 елдің өкілі қатысып, дәріге бой үйретіп алған бактерия мен вирустар туралы сөз қозғасты. Денсаулық сақтау мәселесі бұған дейін әлемнің басты мінберінен үш-ақ рет көтерілген екен. Төртіншісі – осы.

Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамдарды антибиотик қолдана бермеуге шақырып отыр. Оның пайдасы мен зияны қатар жүретінін түсіндіруде. Мұның жарнамасы Қазақстан қалаларының көшесінде тұратын. Қашан орнын коронавирустан сақтандыратын плакаттар басқанша.


Оқи отырыңыз: Оба жайлаған жыл


Судағы соғыс

Егер айналадағы қаптаған вирусты құртса, адамдардың өмірі тамаша болар ма еді? Жоқ. Керісінше бүкіл вирустан жер беті тазарған сәттен кейін екі тәуліктің ішінде адамзат ұрпағының өзі Жер бетінен құрып кетпек. Неге?

АҚШ-тың Винконсин-Мэдисон университетінің эпидемологы Тони Голдбергтің пайымдауынша, вирустар жауап беретін жақсы істер олар келтіретін зияннан әлдеқайда көп. Бұл пікірді Мексика ұлттық автономды университетінің вирусологы Сусана Лопес Шаритон қолдайды: "Вирус болмаса бәріміздің біткеніміз!"

Барлығы қанша вирус түрі бар екендігі ғалымдарға әлі белгісіз. Түгендеп біткен жоқ. Жүздеген мыңы анықталған, бірақ олардың қатары миллионмен саналады. Неге толық анықтамаған десек, ғалымдарды вирустың тек ауру шақыратын, қоздыратын, яғни патогендік түрлері қызықтырған. Басқасы бәймәлім қалпы қалып келеді. Әсіресе судағысы.

Мұхиттың таза деген суының бір миллилитрінде 250 миллион вирус жүреді. Оны тек электронды микроскоппен анықтайды. Ғалымдар арнайы өсірген зертханаларда мұншалықты көп болмаған.

Суда біздің көзімізге көрінбейтін сұрапыл соғыс жүріп жатыр. Бактерия мен вирус арасында. Бактерия жегіш вирустарды фаги деп атайды. Олар мұхит пен басқа да экожүйелерде реттегіш ретінде танылған. Айталық, қазақ даласында қасқыр ақбөкен үшін қандай табиғи реттегіш болса, бұлар да сондай. 

Мұхиттағы сүтқоректі кит, одан бөлек акула бастаған барлық балықтың салмағы сондағы көзге көрінбейтін ағзалардың салмағынан тоғыз есе аз дегенге сенесіз бе? Солай. Осы бактерияның тең жартысын күн құрғатпай вирустар құртады. Бектерияның қалдығы су түбіне шөгеді. Одан темір, фосфор және басқа химиялық элементтер бөлінеді де, планктонның жеміне айналады. Ал планктон көмір қышқыл газын жұтып, сіз бен біз дем алатын оттегінің тең жартысын өндіріп отыр. Жартысын Жер бетінің бүкіл ағашы мен шөбі жабылып шығарады.  

Судағы нақты соғыстың бір көрінісін ғалымдар Тынық мұхиттың Калифорния шығанағында тіркеді. Америка биологтары бес жыл бойы шығанақтың әр тұсынан барлық микробтар мен вирустарды алып, ДНК құрылымдарын зерттеді. Сонда вирус штамдарының жиі құбылып тұратыны анықталды. Бактерия жегіш вирустың біраз уақыт өткен соң біраз өзгерген түрі пайда бола берген. Сөйтіп бактерияңыз қалай қорғанса, вирус солай шабуылдаудың жаңа құралдарын шығарады.

"Бұл соғыс циклді түрде айналып тұр, – дейді шығанақтағы микроағзаларды зерттеу командасын басқарған Фармэн деген ғалым. – Судағы микробтар мен бактериофагтердің соғысы жауласқан елдердің соғысынан еш кем емес. Соғысатын әскер саны мен олардың шыққан тегі еш өзгермейді. Бірақ қолданатын қаруы үнемі жетіледі. Осылайша қорғанушылар да, шабуылдаушылар да жаңа мүмкіндіктерге ие болады".

Ғалым осылай дейді. "Бітіспес дұшпан" болған бактериялар мен олардың түбіне жетуші бактериофаг вирустардың соғысы судағы бүкіл тіршіліктің дамуын жалғастырып тұр. Тіпті, таза ауа беру арқылы жұмыр жердің үстіндегі тыныс алатынның бәрін өздеріне қарыздар еткенін білдік.

Бұл соғыс қалай жүреді дегенді сипаттай кетелік. Вирус судағы бактерия мен басқа бір клеткалы азғзаға енеді. Қандай жолмен? Клетканың қабыршағын тесіп кіруге эндолизин аталатын ферментті қолданады. Ол клетка қабырғасын қаусатты. 

Содан соң оның генетикалық мүмкіндігін өзі сияқты вирус жасауға пайдаланады. Қазіргі IT мамандарының тілімен жеткізсек, бактерия басқаша бағдарланады. Енді ол жаңа вирустар құрастыратын фабрикаға айналады. Ақыры фабриканың корпусы қирап, ішінен жаңа самсаған сансыз вирус шығып, мұхитқа таралады.  Олар тәулік сайын судағы биологиялық тіршіліктің 20 пайызын өлтіріп тұрады. Өлген ағза енді жаңа бактериялардың өсуі үшін азыққа айналмақ. Осылай айнала береді, айнала береді.         

Мұхиттағы майданда екі жақтың бірі ешқашан жеңіске жете алмайды. Сондықтан әлемді басып жатқан телегей-теңіздің қай жерінен алып қараса да олардың саны бір мөлшерде болып шығады.

Бұл тепе-теңдік өзгермек емес. Өзгере қалса, судағы ғана емес, бүкіл қара Жердегі тіршілктің басына қара бұлт үйірілді деңіз.


Оқи отырыңыз: Басқа майданның маршалы


Құрылықтағы қырқыс

Мұхиттан құрғаққа шығалық. Бактерия мен бактериофагтер әрбір шалшықта бықып жатыр. Мұнда да сол күрес. Тек судағыға қарағанда құрғақтағы жағдайға адам жиі араласады. Мәселен, қысқа қаптап қойған картобы шірімеуі керек қой. Адам не істейді? Қоймадағы картопты шірітетін бактерияларды жою үшін оларға қарсы дәрі қолданады. Бактериялар өлді, бірақ мұндай дәрі адамның денсаулығына зиян. Ғалымдар енді дәрінің орнына бактерияны жегіш вирус бұдан пайдалы болар еді десіп отыр. Мұны биологиялық қалқан деп атайды. Шірітетін бактериялардың өзін өлтіріп тастайтын вирустар бірнеше елде сынақтан өтті. Дамыған елдердің агрокешендерінде қолданыла бастады.

Австралия құрылығында қоян қаптап, өсімдікті жаппай құрта бастағанда миксом вирусы арқылы қырды. Бірақ, кешікпей қоянның оған өлмейтін түрі жетілді. Енді келесі вирус таратылды. Бірақ, қояндардың келесі буыны тағы оған төзімді болып шықты. 

Табиғи түрде вирус өз міндетіне адал. Егіске, мал шаруашылығына зиянды деп танылған құрт-құмырсқа, көбелек, шыбын-шіркей атаулының шектен асып кетпеуі ежелден соған тікелей байланысты. "Олардың бір түрі шектен аса бастаса, вирустардың тәбеті артып, оларды құртуға кіріседі" дейді ғалымдар. Әлгі зиянкестердің арасында бәсекеге бейімділері тым көбейіп кетсе, басқалардың тіршілік етуіне мүмкіндік қалмас еді. Осылайша, вирустар болмаса, планетамыз биологиялық әртектілігінен айырылады. 

Төрт түліктің бірі сиырдың күйіс қайыратынын қазақ ежелден біледі. Жайылымда жеп келген шөбін қайтадан шайнау арқылы оны сүтке айналдырады. Осының бәрі вирустың қатысуымен болады. Ғалымдардың зерттеуінше, шөптің құрамындағы целлюлозаны қантқа айналдырып, ақыр аяғында сүт етіп шығаратын және етіне ет қосатып, салмағын арттыратын дәл осы вирустар екен. Демек, адам мен жануарлардың ағзасының сау болуы осындай вирустардың жұмысына байланысты.  

Америкада атақты Йеллоустон ұлттық қорығы бар. Мұнда бүкіл құрылықта аман қалған аз ғана бизон өсіріліп, қайтадан табиғи ортаға жіберіліп тұрады. Ұлттық қорықта жер астынан шығып жататын буы бұрқыраған қайнарлар көп. Сондықтан топырағы басқа аймақтардан ыстық. Осында ауаның ылғалынан микроскоппен ғана көрінетін саңырауқұлақтар жеткілікті. Олар вирустың шабуылына ұшырайды. Содан шіріген саңырауқұлақтар арқылы шөптің бітік өсуіне қажет қалыпты температура орнайды. "Егер вирус болмаса, жай саңырауқұлақ шөптің ыстық жерде қалың өсуіне алғышарт бола алмайды" деп тұжырыпты зерттеу жүргізген ғалымдар.

Бұл вирусты саңырауқұлақтың өзінен келесісіне мұраға қалдырып отырады. Егер дәл осы вирус болмаса, шөп шықпас еді, онда бизондардың да күні қараң.

Көптеген аурулар вирустан пайда болғанымен, кейбір ауруларды олар арқылы емдейді. Бұл ауру тарататын бактерияларды вирус арқылы жою – фаготерапия аталады. Бұдан бір ғасыр бұрын ашылған ғылыми жаңалық болатын. 1963 жылы Кеңес Одағында оның клиникалық зерттеулері жүргізілгенімен, нағыз ілгерілеуі енді басталды. Мұның артықшылығы мынада.

Ауруды емдеуге берілетін антибиотик дәрілер ағзадағы барлық бактерияны қырып тастайды. Ал фаготерапия барысында ағзаға бактерияның бір түрін ғана жоятын вирус жіберіледі.

Мәселен, қатерлі ісік түрлерін вирус арқылы емдеу қатты зерттеліп жатыр. Олар рак клеткаларына ғана залал әкеліп, оны жоятын болады. Әрі химиялық және сәуле тәсілдеріне қарағанда улы, уытты емес. Хирургиялық операция жасау сияқты ағзаға ауыр емес. Демек, қатерлі ісікті емдеудің барлық тәсілдерінен гөрі тиімді екен.

 Рак клеткаларын жоятын вирустар тобы. Фото kommersant.ru сайтынан алынды

Вирус бірден ісікке егіледі. Вирусқа шалдыққан рак клеткасы өз-өзінен ыдырайды. Ал ағзада осымен бір сәтте тура осындай рак клеткаларына қарсы қорғаныш пайда болады. Бұл тәжірибе тышқандарға жасалып, оң нәтиже көрсетті. Енді бұйырса, медицинада қолға алынбақ.

Біз жоғарыда зерттеулер жасап жатқанын айтқан Тони Голдберг – бұл тақырып бойынша белді маманның бірі. Терапиялық вирустардың пайдасын дәлелдеп келеді.

"Мұндай вирустар көзге көрінбейтін қанатты зымырандар ғой. Оларды тек бағыттай біліп, нысанаға дәл тиюіміз керек, – дейді ғалым. – Сол арқылы ауруды емдеудің жаңа сатысы басталмақ. Бұл сатыға бізді вирустар шығарады".

Ал енді вирустың өзі құбылып тұрады. Оның мысалын мына коронавирустен көріп отырмыз. Ағылшын аралында, тағы басқа аймақтарда тұрғындар оның өзгерген штамына тап болып жатыр.

Дәл осы құбылғыштық қасиетін пайдалану керек екен. Онда таусылмас генетикалық қор жатыр. Мұны басқа ағзаларды сауықтыру үшін пайдалана білу керек. Онда вирус бактерияның клеткасына енгізіліп, дұшпанның көбейгіш құралын жаулап алады.