Сандықтан шыққаны

Бұл тақырыпты жазуға біраз уақыттан бері ниеттендік. Ел астанасында Сержан Бәшіровтің көрмесінде болғаннан бері. Сержан – зергер. Өзі әшекей жасап қоймайды, көненің көзі іспетті құнды заттарды жинайды. Баяғы Өзбекәлі ағадан қалған үрдіс. Сержанның көрмесінде аса құнды жәдігерді көргенбіз.

Ал жазудың кезегі енді келді. Сандыққа кілт болатын жәйт жақында кездесті. Бұл бұйым алғаш рет осы заманғы ең озық технология – 3D принтер арқылы жасалды. Демек, тиегі табылды.

Әрі қарай жұмбақтамай-ақ қоялық, әңгіме қазақ халқының ең көне бұйымының, анығында бас киімінің бірі – сәукеле туралы. Ең көне ғана емес, ең қымбаттысы дегеннің еш қатесі жоқ. Керек десеңіз, ең сәулелісі осы – сәукеле.

Сержан Бәшіров көрмеге сәукелені Шығыс қазақстан облысы Марқакөл ауданынан әкелген. Сатылмайды, сыйланбайды. Музейге өткізілмейді. Көрмеден кейін иесіне қайтарылады.

Сержан Бәшіров көрмеге қойған Марқакөл сәукелесі. Фото интернеттегі ашық көздерден алынды

Ғажап мүлік екен. Ескі құжаттарда жазылатындай жүз жылқының құны бар. Күмістің көптігі, оны нақыштаған шеберлік таңдай қақтырды.

Сәукеле әжей сандығында жатқандықтан күміс жалтырап тұрған жоқ. Көмескі тартқан, сонысымен құнды. Маңдайға төгілген маржан, екі иыққа түсетін ақ желекте жібек жіпті кесте бар. Негізгі ұстыны киіз екенін ескергенде сәукелені жасауға бірнеше адамның еңбегі сіңген. Киіз басушы. Пішіп, тігіуші. Шекелікке шілтер тоқушы. Күміспен өрнектеуші. Маржан тізуші. Кесте тоқушы.

Осы сәукелені атақты этнограф, академик Әлкей Марғұлан көрмеген шығар. Бірақ оның ғылыми еңбегінде сипатталған белгілерді түгел табуға болады. "Сәукеле – қиық конус түріндегі биік бас киім, негізі барқыт, шұға, атласпен қапталған киіз" дейді ғұлама. Мұнда тура солай. "Алдыңғы жағынан маржан, моншақ және күміс салпыншақтармен сәнделеді" дейді. Дәл солай. "Сәукелеге екі жақ самайынан қыздың беліне дейін жетіп тұратын ұзын салпыншақтар ілінеді". Ол да бар.

Біз Шығыс Қазақстанда тусақ та, бала, тіпті жігіт кезіміздегі үйлену тойларына қалыңдық сәукеле кимейтін. Мынандай сандықта сақтағанмен жұрт алдына көрсетпейтін. Себебі, қазақ күніне бес рет бас ұратын жайнамазды құртқан большевиктік билік қалыңдықтың өз босағасынан аттанарда басына кигізілетін бас киімді де ескіліктің белгісі деп тапты.

Коммунистік заманда сәукеле көненің қалдығы қатарында саналғанда оны сипаттап жаза алған Әлкей Марғұланнан кейін Өзбекәлі Жәнібеков еді. Орыс тіліндегі "Эхо" атты кітабында бұл бас киімге назар аудартады. Керек десеңіз, түрлі-түсті суреттерін жариялады.

Өзбекәлі Жәнібековтың "Эхо" кітабының сәукелеге арналған беті. Автордың фотосы

Ал қызыл билік тысы көбінесе қызыл болып келетін сәукелеге неге шүйлікті? Мұның өз сыры бар.


Оқи отырыңыз: Маржан – табиғи түзіліс


Жадыда жаңғырған жыр

Ертеректе қазақ ұзатылар қызға бүкіл киімді жаңадан тіктірген. Осында екі киімнің жөні бөлек. Бірі – аяқ киімі, екіншісі – бас киімі.

Аяқ киім үшін үйге шебер шақырған. Ол асай-мүсейін: қоныш пен ұлтанның былғарысын, тігетін тарамысы мен қағатын ағаш шегесін, бізі мен пышағын, қалыбы мен балғасын ала келеді. Той болатын ауылда апталап жатып, қыздың аяғын өлшей отырып, шап-шақ етігін тіккен. Ақысына бірнеше қой алатын. Жомарттар жылқы жетектеткен. Етіктің бәсі – сол.

Қалыңдықтың бас киімі – сәукеле одан әлденеше есе қымбат. Оның шебері ауыл аралаған емес. Оған арнайы барып тапсырыс беретін. Уақыт жағынан ертерек тапсыратын.

Сәукелені тігу мен әшекейлеуге өте көп күн керек. Сипатын жоғарыда академиктің еңбегінен оқыдық. Ол аз десеңіз, кейде маңдайына гауһар орнатқан. Бәрін бағалағанда бір сәукеле жүз жылқы тұрса, оған таң қалмау керек.

Мұндай бас киімді өз қызына кім тіктіре алады? Әлбетте дәулетті адамдар. Ал Кеңес үкіметі байларды тегіс кәмпескелеп жер аударды. Байлықтың белгісі болатын сәукеле бұдан кейін көзден бұл-бұл ұшпай қайтеді?!

Қазақ байының Антропология және этнография музейінде сақталған фотосы

Солай тұрмыстан шеттетілген кезде біздің алданышымыз сәукеле сөзі кездесетін өлең ғана болды. Марқұм Ғабиден Құлахмет ақынға рахмет. Ол көктемді қалыңдыққа теңейді:

Бетіңнен қаққан жел дүрмек,
Кімдерге ерік береді.
Ұялшақ қызды келін ғып,
Отауға сүйреп келеді.

Бәрекелді. Қалыңдық ұялшақ қана емес. Оның ерекше бас киімі бар:

Сәукеле қыздың басынан,
Сәуір боп, сәуле қаптады.
Боз үйдің босағасынан
Оң аяғымен аттады.

Біз осылайша ауыл тойларынан сәукеле көрмесек те, ол туралы әсерлі өлеңді естіп өсіп едік. Онда сандықта тығулы сәукеле барын білмедік. Шалғайдағы сандық қана емес, сәукеленің сәнділерін сонау Санкт-Петербургтің қоймалары да сақтаған екен. Орыс билеушілері озбырлық немесе аярлықпен алғызған. Сандықта сол озбырлардың көзінен таса болу үшін жасырылған шығар.


Оқи отырыңыз: Тіршілік тігіндісіндегі Талапты


Көрме керуеніндегі керім

Қазақ ертегілерінде "сегіз ұлым бір төбе, тоғызыншысы бір төбе" дейтін еді. Сол сияқты қазақ үшін бүкіл киім бір төбе де, сәукеле бір төбе болары даусыз. Мәселе құнында ғана емес, маңызында. Сәукелені қыз ұзатыларда ғана кигізген.

Қыздар он екі жасқа дейін үкілі тақия киетін. Одан бөріктің кезегі келеді. Жиегі сусар, кәмшат, құндыз сияқты аңның қымбат терісімен әдептелген. Ұзатылғанда бөрікті шешіп, сәукеле кигізеді. Келін болып түскен соң бірер ай "құтты болсын" үшін киіп жүреді. Ары қарай сақтауға қойылып, орнын келіншектің жаулығы мен қасабасы басады. Жылдар өте ақ кимешектің кезегі келеді.

Әйелдер ғана емес, еркектердің бас киімдері түгелге жуық қамтылған бір тарихи фото бар. Анда-санда әлеуметтік желіде жарияланып жатады. Түпнұсқа Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Антропология және этнография музейінде. Әу баста музей емес, кунсткамера. Ресей патшалары бодан халықтардан адал не арам жолмен сатып алынған, тіпті тартып алынған ерекше нәрселерді сақтайтын орын.

Қазақтың талай дүниесі сонда. Көруіңе болады, бірақ қайтара алмайсың. Мына фотода қазақтың бай отбасы түсірілген. Байдың өзі мен үлкен ұл тұмақ киген. Тұмақ әдетте түлкі терісінен. Тізерлеп отырған екінші ұлда құндыз бөрік. Бәйбішенің басында ақ кимешек. Шебердің қолынан шыққаны шетіндегі әдебінен байқалады. Байдың екі жақта тұрған екі қызы кәмшат бөрік киген. Үстіне үкі таққан. Халық әніндегі:

Үкілі камшат бөркің-ай,
Туған айдай көркің-ай, –

дейтіннің өзі. Бөрік қыздың көркіне көрік қосқан. Басқаны айтпағанда Абайды тамсандырған:

Білектей арқасына өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай көркін.

Қыздың ақ тамағы мен қара қасы, білектей бұрымы – жаратылыс сыйлаған сұлулық десек, сылдыр қаққан шолпы мен кәмшат бөрік оны үстемелей түсуге керек екен. Абайдан ұққанымыз.

Әлгі суреттің шарықтау шегі бар. Ол – жеті адамның ең ортасында қырынан тұрған қалыңдық, байдың ұзатылатын қызы. Ал қалыңдықтың тұла бойының өз шарықтау шегі бар. Әлбетте, сәукеле. Қазақ байының рухани және материалдық дәулетін жарқырата көрсету мақсатымен түсірілген фото сайып келгенде сәукеленің өзгеше сәулетін танытады.  

Ресейдің кунсткамерасында фотосы ғана емес, сәукеленің өзі де бар. ХХІ ғасыр басында "Бір бұйымның әлемі" атты көрме акциясын бастағанда Орта Азиядан жиналған 10 мың жәдігердің арасынан ең бірінші болып сәукелені көрсеткен. Негізі, он мыңның төртеуі сәукеле екен. Жұрт алдына шығарылғанының музейдегі нөмірі 439-21.

Қазақ, қырғыз, тәжік, түркімен және басқа халықтардың небір бұйым-киімінің арасынан "Бір бұйымның әлемі" көрмесіне бірінші болып қойылғаны – сәукеленің қайталанбас сәулеті мен ол туралы айтылатын хикаяның молдығынан. Бірінші Петр іргетасын қалап кеткен қоймаға ерікті-еріксіз кетсе де, төрт сәукеленің сақталып тұрғанына тәубе. Иә, сәукеле тұрмақ оны киген қыздың талайы еріксіз кеткенін ұмытпайық.


Оқи отырыңыз: Тақырыпқа тереңдеген таланттар


Жиһаздан соңғы жұмыс

Әлем ғажайып адамдарға толы. Алыстағы, шетелдегі халықтар арасындағылар емес. Өзіміздің айналамыздағылар. Іні-қарындастарымыз. Өз өрендеріміз. Биліктегілердің әулеттері емес, қарапайым адамдардың ұрпақтары.

Сержан – соның бірі болса, тағы бірі – Ниса. Фамилиясы Кинжалина. Негізі, атасының аты Кенжалы болған шығар. Құжаттандыру бір ғасырдан астам орыстың билігі арқылы жүргізілгендіктен, кімнің тегі өзгермей, бұрмаланбай қалды дейсіз.

Нисаны да сыртынан бірнеше жыл бойы қызықтап келеміз. Түрлі ақпарат құралдарында шыққан мақалалар арқылы. Екібастұздағы Өнер үйін сақтап, жөндеп, жұмысшы табы арасына ізгілік нұрын сепкен, бейнелеп айтсақ қалың күлдің үстіне гүл өсірген анасы қызын дизайн болуға тәрбиеледі.

Компьютерде үлгілеуді үйренген Ниса дизайнер болды. Орындықтары, журнал үстелдері әлемге танымал. Миланда, Токиода, Парижде, Гонконгте талайға таңдай қақтырған. Өйткені, бұрынғы көз үйренген ағаш емес. Осы заманғы материал және технология. Суреттей алмайсыз, тек көру керек. Ең болмаса интернеттегі парақшасынан.

Күндердің күнінде Ниса тұрмысқа шығарда ата салты еске түсіп, сәукеле кигісі келеді. Иә, сәукеле тәуелсіздіктен соң ортамызға оралды ғой. Қазір ұзатылар қыздың көбі сәукелелі. Әріптесіміз, белгілі радиожурналист Жанар Оразымбет те өз қызын солай кигізіп ұзатқан. Сандықтан алып берген жоқ, қазіргі шебердің қолынан шыққаны.

– Қызымның таңдауы еді. Ұзатылар сәтте өз қолыммен кигізіп, бақытты отбасылық өмір тіледім, – дейді Жанар. 

Жариялау үшін фотосын берді. Жарасымды екен. Жас аруды одан әрі жайнатып жіберіпті.

Журналист Жанар Оразымбет қызын ұзатуда. Фото Жанар Оразымбеттің жеке архивінен алынды

Басқа қалыңдықтар сияқты Ниса да сәукеле кигісі келді. Өзі дизайнер. Жас та болса, әлем таныған. Сондықтан есте қалар оқиғаның есте қалар бұйымын өзі жасағанды жөн көрді. Жоғарыда сипатталған ақ киіз, қызыл мақпал, аң терісі, күміс, маржан, ақ атлас, жібек кестенің ешбірін қолданбастан.

– Алдымен басымды айналдыра өлшедім, – депті сәукелені қалай жасағаны туралы жазбасында  Ниса. – Содан кейін өлшем бойынша басыма дәл тұра қалатын дөңгелектер жасадым. Оны компьютерге салып ары қарай жоғары жағын үлгіледім.

Дизайндық жұмыс компьютерде толық бітті. Енді оны зат ретінде жасау керек. Үлгіні 3D принтер арқылы құйып шығатын компания іздейді. Принтер арқылы 3D омыртқа жасап, адам денесіне салғанын, осы тәсілмен автокөлік бөлшегін жасағанын, ақыр аяғында кәдімгі үй құйып шыққанын оқығанбыз. Бірақ, мұның бәрі шетелде. Біздің елде жоқ екен.

Ниса өз үлгісін 3D принтерде құйып беруді мәскеулік әріптестеріне тапсырған. Бірнеше күнде әппақ, жарқыраған сәукеле жасалды. Әрине құны жүз жылқы деуге болмас. Бірақ, мұның да көркі көз тартады. Ерекше ақ пластик өте берік және әппақ. Жарық түскенде тіпті жарқырап кетеді. Әлкей Марғұлан сипаттап жазған екі самайдан ілінетін сәнді салпыншақтарға дейін бар.

Ниса Кинжалина 3D принтерде құйылған сәукелесін киіп тұр. Женя Балагуттың фотосы

Осылайша дәстүр сақталды. Ниса сәукелемен ұзатылды. Тек музейге қойылатындай қымбат емес. Бірақ, кім білген, жылдар өте осы заманғы технологиямен жасалған бірінші сәукеле деп бұл да музейде тұрар.