Алыстан жеткен ақиқаттар
Бес жыл бұрын өмірден өткен ғалым талайлар естімеген шындықты шығарып еді..."Белка" және "бықпырт"
Карта ойынын бала кезден көрдік. Әкей өз қатарымен "преферанс" ойнады. Есебі қағазға жазылып, пулька біткенде барып кім қанша ұтқаны мәлім болатын. Ауыл қарттары, оның ішінде атамыз Олжай бар, "гарб" ойнайтын. Ұтамын деген ойыншы бес картаның үшеуін алуы керек. Беріде Батыс өңірінде "гарб" қатты қарқын алғанын көрдік.
Одан Шығыс ойыншылары бір қолға үш карта таратылатын "тринкаға" көшті. Ол Қалихан Ысқақтың романында суреттелген. Институт бітіріп келген бас кейіпкерден орман-өнеркәсіп шаруашылығының директоры "сауатың бар ма?" деп сұрайды. "Сауаттың" не екенін кешкілік көрсетеді. Директор жұмысшыларға күндіз таратқан айлық ақшаны түнде қайта ұтып алады.
Ал сексенінші жылдар ортасында Қарағанды мен Жезқазған арасында сабылып, жастар газетінің аймақтағы меншікті тілшісі болғанда "белка" деген карта ойыны түрін білдік. Еңкейген қартынан еңбектеген баласына дейін ойнайтын. Ойын ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында Орталық Қазақстанда кен көздерін иемденген ағылшын алпауыттарынан қалған деседі.
Ағылшындардан одан басқа "бықпырт тигендей" деген сөз қалған. Бұл – бикфорд жібі бар жарылғыштың әрекетін айтатын теңеу. Шахтада кен жынысын осы тәсілмен құлатып, одан соң вагонеткаға тиеп алатын.
Арқа төсіне большевиктік билік келген соң амалсыз еліне қайтқан ағылшын инженерлерінен бар қалғаны осы шығар дейтінбіз. Жоқ, ең маңыздысы – карта ойыны мен "бықпырт" сөзі емес, олардың көзімен көріп кеткен ақиқаттары екен.
Оның ішінде "қазақтар шетінен шешен және әзілді жақсы айтып, қабылдайды" деп жазып кеткен инженер Дж. Уорделдің естелігі. Егер қазақтан шыққан көшелі ғалым болмаса, онда бұл естелік туралы білмес те едік.
Бас тартқан мен бастатқан
Ағылшын инженері еліне барған соң аласапыран уақытта Орталық Қазақстанда не көргенін естелік етіп шығарған. Кеңестік "темір шымылдық" тұсында ондай кітап барын там-тұмдап, астарлап жеткізген тұлға болды. Ол – Көшім Есмағамбетов.
Қандай адам, анығында ғалым екенін "Атамұра" баспасынан кітабы шығып жатқанда білдік. Онда "Атамұра" корпорациясының газетінде редактордың орынбасары едік.
Көшім Лекерұлы 1965 жылы Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін тарихшы және ағылшын тілі мамандықтары бойынша бітірген. Оған дейін Әуе шабуылынан қорғаныс күштерінде әскери қызметте болған. Кеңес Одағының астанасын дұшпанның зымыран шабуылынан қорғағанымен, сонда білім алғанымен көкірегіне ұлтшылдық сезім тұнған жан еді.
Алпысыншы жылдар басында Мәскеуде оқыған қазақ жастары "Жас тұлпар" атты ұйым құрған. Жиналыстар өткізіп, концерт қойып Ресей мен Украинаның ірі қалаларында білім алып жүрген жерлестерінің басын қосқан. Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Қалқаман Тілеуқұлов сияқты КСРО Мемлекет хауіпсіздігі комитетінің бақылауына түсетіннің бірі Көшім болған. Сара Тыныштықұлова әр концерт сайын ән шырқайтын. Шарықтау шегі – "Менің Қазақстаным"!
Көшім аға университетте көптеген шетелдік жастармен достасқан. Соның бірі жапон Террадо Тоцио кейін сағынышпен хат жазған. Ол өз елінде беделді "Асахи Симбун" газетінің халықаралық шолушысы екен. Есмағамбетов болса, газеттегі қызмет тұрмақ, дипломат болудан бас тартқан.
Университеттен кейін оны Сомали мемлекетіндегі КСРО елшілігіне қызметке жібермек еді. "Денсаулығы Африка құрылығында жұмыс істеуге жарамды" деген медициналық анықтамасы бола тұра жолдамадан бас тартады. Қазақстандағы жоғары оқу орнында жұмыс істеуге сұранады. Өзгелер қол жеткізе алмайтын дипломат қызметіне барғысы келмейді.
КСРО Сыртқы істер министрлігінің басшыларын таң қалдырған бас тартудың өз сыры бар. Жас маман осы тұста ұлттық мүддені терең ойлаған. Айдаладағы бір елде Кеңес мемлекетінің мүддесін қорғағанша әзірге одақтас, анығында отар Қазақ респубикасындағы жастардың көкірек көзін ашуды көздеді. Қауіпті мақсат еді. Осындай астарлы мақсатпен жазылған Ілияс Есенберлиннің "Қатерлі өткел" романының атауы жас Көшімнің таңдауын дәл сипаттары хақ.
Автор мен астар
Келесі құқайды республикаға қызметке келгенде әріптестерінен көреді. Бақталастық, бақастық емес, қастандықтың өзі. Оның мына біліммен, қарқынмен ректор боларын, соған ұмтылмаса да, ондай биікке шығарын байқаған біреулер нақақ күйдірген. Соның кесірінен бірнеше жылға қызмет тұрмақ, ғылымдағы жолы жабылған. Сергелдеңнен соң "Қазақ энциклопедиясына" жұмысқа тұрғанда ешкімге сенбей тұйық, оңаша жүретін.
Бұған жоғары оқу орнындағы ғылыми ізденіс кезінде Түркиядан "Алаш" қайраткерлері жайындағы бірқатар басылымдарды ала келуі, "Азаттық" радиосының Хасен Оралтай бастаған қызметкерлерімен жолығуы баяғы КСРО Мемлекет хауіпсіздігі комитетінің тарапынан елеулі күдік тудырғанын қосыңыз. Ол әкелген кітап, журналдар бірден тәркіленген.
Бірақ, бәрін санасында сақтаған ғалым кейін ең ірі шоқайтанушы болып, "Әлем таныған тұлға" атты классикалық монографиясын жарыққа шығарды. Мәскеу, Санкт-Петербург, Ташкент, Грузия, Германия, Франция және Түркия мұрағаттарындағы алуан тілдерде жазылған материалдарды талдады. Зор мехнатпен жиналған Мұстафа Шоқай шығармаларын 12 томға топтастырып, академиялық жинақ құрастырды. Мұстафа Шоқайға арналған конференцияларда сөйлеп, туған ауылында бюст қою салтанатына шақырылғаны содан.
Бұл – беріде тындырғаны. Ал кеңес кезінде Көшім Есмағамбетов бөгеттер мен қиянаттарға қарамастан тарих ғылымынан кандидаттық диссертация қорғайды. Тақырыбы "ХІХ және ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстан тарихының Батыс Еуропа мен Америка Құрама Штаттарында зерттелуі" деп аталды. Соған орай орыс тілінде "Действительность и фальсификация: Англо-американская историография о Казахстане" атты монографиясы жарыққа шыққан. Өте астарлы еңбек. Батыс авторларының "Қазақстан отарлық жағдайда өмір сүріп жатыр" деп жазғанын сынаған болып, түптеп келгенде Кеңес Одағына әкелінбейтін, қазақ жұрты мүлде хабарсыз сол зерттеулерде не жазылғанын көрсетіп кеткен.
Байыптап қарасақ, бұл әдісті Көшім Лекерұлы ғылымда пайдаланса, оның жерлесі Қадыр Мырза Әли поэзияда қолданған:
Елімізде ерлерге
Лайық сан бұрылыс бар.
Біз білетін жерлерде
Біз білмейтін құрылыс бар.
Әскери сынақ полигондары, космодром, зымыран шахталары деп нұсқамаса да, ақын қазақ жерінде құпия нысандар көп екенін ишаралаған ғой. Астарлап ұғындыру – жазушылар мен ғалымдардың кеңестік цензураны айналып өтудегі басты тәсілі. Әрине, оған шеберлік керек.
Астар демекші, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында Қызылорда облысын Мұстахим Ықсанов басқаруға келгенде облыс орталығында канализация мен ауыз су құбыры болмаған. Қалаға суды қайдан тартамыз дегенде Ықсанов Сырдарияның астында тура сонда арна бар деген. Және дәл тапқан. Осындай екінші ағыс Көшім Есмағамбетовтің зерттеуінде, Мұхтар Мағауиннің романдарында және Қадыр Мырза Әлидің өлеңдерінде бар. Байқағанға.
"Урасы" мен турасы
Алыстағы аралына оралған инженер Дж. Уорделл қазақтар туралы маңызды естелік қалдырғанын тәуелсіздіктің елең-алаңында, 1994 жылы "Атамұра" баспасынан шыққан Көшім Есмағамбетовтің "Қазақтар шетел әдебиетінде" кітабынан білдік.
Ғалымды көретініміз осы тұста. Сырластық дей алмаймыз. Көбінесе корпорация басшысы Мұхтар Құл-Мұхамедтің кабинетіне кіретін. Ескертулері болса, баспа бөліміндегі редактор Әділхан Пірмановқа айтатын.
Кітап өзекті әрі тың тақырыпты қозғағандықтан авторға және баспаға абырой әкелді. XVI ғасырда қазақ даласы арқылы өткен ағылшын көпесі А. Дженкинсонның жазбасын, тағы бір ағылшын Джон Кэстльдің Әбілқайыр ханға сапары жөніндегі күнделігін көпшілік осы еңбектен білді. Юджин Скайлер атты америкалық дипломаттың 1867-1876 жылдар арасында Мәскеуде консул, одан Петербургтегі елшілікте қызмет істеп, "Түркістан, Орыс Түркістаны, Қоқан, Бұқара және Құлжа саяхатынан жолжазбалар" деген құнды кітап шығарғанын да.
Ең құндысы – шетел зерттеушілерінің Қазан төңкерісінен кейін қазақ даласында не болғанын жазғаны. Патша заманындағы саяхатшылардың еңбектерін табу мен аударуға онша қатаң бола қоймаған қызыл билік өзінің зымияндық істерін әшкерелейтін кітап пен мақаланың "темір шымылдықтан" бері өтіп кетпеуін қадағалады. Қазақ қауымы талай зерттеуден құр қалды.
"Қазан революциясын Орта Азия мен Қазақстан тұрғындары арасында орыстар ғана қабылдады" деп жазыпты Лондон университетінің профессоры Х. Сетон-Уотсон. Бізді мектепте бүкіл қазақ "уралап қарсы алған" деп оқытып еді.
Колумбия университетінің профессоры А. Парк "1917-1927 жылдардағы Түркістандағы большевикшілдік" зерттеуінде былай депті: "Жетісуда қазақтарды түгелдей ауыл шаруашылығына жұмылдыру деген желеуге негізделген құлдық тәртіп орнады. Шын мәнінде қазақтарды орыс шаруаларына бөліп берді, бас тартқандар мен қашқандарды өлім жазасына кесті". Міне, Қазан төңкерісінің шын көрінісі.
Шекара мен Черненко
Кеңес өкіметінің жерге, ата кәсіпке, туыстық қатынастарға, тілге, дінге, байырғы өзін-өзі басқару салтына, түптеп келгенде бүкіл өмірлік ұстанымына жасаған қысымдарына шыдамағандар амалсыз бас көтеретін еді. Олардың бәрі "банда" деп жарияланды. Қолма-қол ұрыста атып өлтірілді, тірі қалғандары өлім жазасына кесілді.
Оны Колумбия университетінің профессоры А. Парк дәл байқап, тура бағалаған екен. Бірақ, дер кезінде Кеңес Одағына, оның бір құрамдас бөлігі саналып, жергілікті тұрғындары қудалау мен қорлық-зорлық көрген, жаппай аштан қырылған қазақ даласына жете қоймады. Парк "1917-1927 жылдардағы Түркістандағы большевикшілдік" кітабында кеңестік тәртіпке көнбегендерді, құл болғысы келмей шет жаққа қашқандарды өлім жазасы күтіп тұрғанын ашық жазған. Осы орайда мына бір оқиғаны еске сала кету керек.
Кеңес Одағының ең дәрменсіз көсемінің бірі Константин Черненко билікке келгенде және бір жылдан соң өмірден өткенде оның отызыншы жылдар басында Қазақстандағы Қорғас шекарасында әскери қызметте пулеметші болып, бандыларды жойғаны туралы айтылатын. Ол қайтыс болған соң Қорғастағы шекара отряды мен Сібірдегі Шарыпово қаласы бірнеше жыл Черненко атанғаны мәлім.
Профессор Парктің зерттеуін Көшім Лекерұлы тауып, аударғанда Черненконың большевиктік зорлық-зомбылықтан қашқан бейбіт қазақтарды пулеметпен қырғаны мәлім болды. Міне, ақиқат қалай түбінде шығады, бағамдап отырыңыз.
Күштеп ұжымдастыру қалай өткенін Қазақстанда жұмыс істеген америкалық геолог Джон Литлпейдж 1938 жылы Нью-Йоркте шыққан "Кеңестік алтын кендерін барлау кезінде" атты кітабында жазыпты. Бұл кітапты Көшім аға қалай тауып, қажет тұсын іріктеп алғаны таң қалдырды. Оқыдық: "Біз талай рет бұрынғы малшылардың тұрағы болған үйлердің өртенген орындарынан көлбей көтерілген түтін көрдік. Бұл қыстаулар көшпелілер мен коммунистік өкілдер арасында болған ұрыста өртелген еді, кейін айлар бойы олар бықсып жанып жатты".
Отызыншы жылдардың зобалаңынан бері жылжиық. Ғалым келесі тарауда Канада тарихшысы Р. Пирстің еңбегін келтіреді: "Кеңес дәуірінде экономикалық және мәдени салаларда біршама жетістіктерге қол жетті. Бірақ, медальдің басқа жағы, мәселенің екінші қыры бар. Мысалы, коллективтендіру барысында зорлықпен отырықшыландыру ашаршылыққа әкеліп, бір миллионнан астам қазақ қырылды. Қазақ даласы астық шаруашылығы ауданына айналдырылды, бірақ оны орыстардың отарлауы әлі жүріп жатыр. Нәтижесінде қазақтар өз жерінде азшылықта отыр".
Бұл – кеңес өкіметі құлағанша қазақтардың құлағына жетпеген ащы шындық.
Халық пен қаріп
Р. Пирс тың және тыңайған жерді игеру қазақ даласын асқан жыртқыштықпен пайдалану арқылы жүзеге асқанына назар аудартқан. Миллиондаған адам ішкі Ресей мен Украина, Беларусьтен әкелінді. Басым көпшілігі бұрын сотталғандар еді. Олар кеңестік насихат құралдарында "еріктілер" деп көрсетілді. Бұл саясат салдарынан орыс тілінің өктемдігі артып, өзі аз қазақты осы тілде сөйлеп, жазуға мәжбүрледі. Бүкіл құжат пен қызмет орыс тілінде жүргізілді.
Мұның сыртында бірнеше миллиондаған астықты алқап пайда болған соң жергілікті халықтың ата кәсібі мал шаруашылығына екінші рет жойқын соққы жасалды. Бірінші жолы жиырмасыншы жылдардың соңындағы күштеп ұжымдастыру мал басын күрт кемітсе, енді жыртылған жерде қой мен жылқы бағу мүмкін емес еді. Осылайша солтүстік облыстарда қазақтар дәстүрлі мал шаруашылығынан толық қол үзді.
Енді шаруашылықтан рухани салаға ойысалық. Мынаған назар аударыңыз. О. Кэроу, ағылшын тарихшысы: "Араб әліпбиінің орнына кириллицаны енгізу Орта Азия халықтарын сол кезде араб әліпбиін пайдаланып келген Түркия ықпалынан бөліп тастауды көздеді". Өте құнды ой ғой. Ал Түркия латын жазуына көшкенде Сталин Орта Азия республикаларын латыннан кириллицаға ауыстырады. Бүгінде қазақ жазуының латынға қайта көшуі ресейлік саясатшыларды неге шошындыратыны түсінікті ме?
Қазақстанның саяси ғана емес, экономикалық тәуелсіздікке ұмтылғаны белгілі. Мұны Одақ тарқар тұста америкалық "Интернэшнл бизнес уик" журналына шыққан мақала тап басқан: "Горный садовод" совхозы таңқурай мен қарақатқа тұнып тұр. Батыс Еуропа компаниялары жемістерді мұздатып, экспортқа шығару жөнінде өз көмектерін ұсынды. Бірақ, совхоз директоры өз шаруашылығы Мәскеудегі Мемлекеттік агроөнеркәсіптік комитетке қарайтындықтан бұл ұсынысты қабылдай алмайтынын айтты".
Орталықтың озбырлығы осыдан байқалмай ма? Өз қолын өз аузына жеткізбеу ғой. Бізді бұл озбырлық емес, мақаланы тауып, аударған Көшім Лекерұлының ізденгіштігі таңырқатқан. Осының бәрі компьютер мен интернет жетпеген замандағы еңбек еді.
Бейнетқор Көшім Лекерұлы докторлық диссертацияны 1999 жылы қорғады. Кезінде кейбір жазушыларға докторлық атақты қорғатпастан берген. Академияға сайлай салған. Есмағамбетовке келгенде бүкіл есік тарс жабылатын, ашылса зорға ашылатын.
Осындай ғалым болғанын қазіргі Батыс басылымдарын еркін оқитын ұрпақ білсе, шіркін! Ақиқаттар тек алыстан жеткенін, оны жеткізудің қаншама азапқа түскенін де білсе...