Көктем

"Жүректің төрт мезгілі" деген өлең кітабын сүйсіне оқып едік. Біз үлкен өмірге енді араласа бастаған кезде шықты. Қазір де тауып алып оқуға болады. Өйткені өзекті. Қазақ қоғамы үшін. Мына шумақ өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазылғанымен, ХХІ ғасырдағы Заманбек пен Алтынбектің қайғылы қазасына арналғандай емес пе:

Иә, иә қанышерлер сол ерлерді жоқ қылды,

Мен байғұстың жанарымда өшігу мен от тұрды.

Ойыншығы суға кетсе, жылаушы еді сәби де,

Ал мыналар асылдарды көрмеді ғой доп құрлы.

Аттың басын осы жерден іркейік. Айтпағымыз басқа еді. Испан тілінде жазылған, Чили ақыны Пабло Неруданың өлеңдерін аударған – ақын Фариза Оңғарсынова. Кітап шыға сала қолдан қолға тимей кетті. Қазақ әдебиетінде ара-тұра мұндай құбылыс болып жататын. Оны Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылыш", Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романы шыққанда көргенбіз. Ал өлең кітабын, әрі аударма жинақты таласа-тармаса алып кету – керемет емес пе!

Кешікпей біз сияқты жастармен болған кездесуде Фариза апай "бұл аударманың ішінде Неруда тұрмақ, өзіме қимайтын шумақтар жүр" деп салды. Айтсаң – осылай айт. Қазақ қыздарының өткір мінезі апамыздың әр сөзінен де, ісінен де аңғарылатын.

Айналып-айналып, тақырыпқа енді жеттік. Мақаламызға "Әйелдің төрт мезгілі" деген тақырып қойғанда оның төркіні қайда жатқанын оқырмандар аңғарған болар. "Жүректің төрт мезгілі" деген атауды сәл өзгертіп пайдаландық.  

Әйелдің төрт мезгілінің басы – қыз! Отбасының қастерлі мүшесі. Әкеге ерке, анаға қолғанат, бауырға жанашыр. Қазақтың сан ғасыр бойғы рухани қазынасы қыздың бойына құйылған. Жинақталған. Және сақталған.

Табиғатта төрт мезгілдің басы көктем емес пе. Көктемді қызға теңеу, қызды көктемге теңеу әрбір ақында бар. Қызы Шолпан дүниеге келгенде Мұқағали Мақатаев қалай тебіренген:

Біздің үйге көктем келді, қыз келді,
Қызығың да, тамашаң да бізде енді.

Содан берідегі қаншама ақыннан "қыз-көктем" немесе "көктем-қыз" деген сөз тіркесін қиналмай табамыз. Бір ғана мысалды біздің өлшеммен жас ақын Ербол Бейілханнан келтірейік. Оның осы теңеуді қалай қолданғанын көрелік:

Қыз – Көктем, таранады тырна келіп,
Қызғалдақ, жасыл белді қырға көрік.

Өзіне дейінгілерді қайталау емес, дамыту, үдету. Тіпті қайталай берсе де артығы болмайды. "Қыз-көктем" – қалыптасқан ұғым, санаға сіңірілген сөздер.  

Ал бұл кезеңде ұлдардың "көктем-қызға" көзқарасы қандай? Бір ғана шумақпен сипаттай аламыз. Тұманбай Молдағалиевтен:

Осы ауылда қызыққа араластым,

Көкірегімді жан досым, саған аштым.

Суға барған қыздарды ыза қылып

Иінағаш, шелегін ала қаштым. 

Иә, ол кезде ойын баласы қыздарды ыза қылғанына мәз. Мектептегі сабақ үстінде арт жағында отырып мұғалімге байқатпай бұрымынан тартып қалу, суға барғанда бастау басында шелегін ала қашу. Көктемге ғана жарасатын мінез.

Жаз

Қыз бой жетті. Бойжеткен атанды. Көзге – көрік, көңілге – өрт. Гүлдеген кезі. Ақын апамыз оны былай сипаттаған:

Бойжеткен дала бойына гүлдер өріпті!

Кербез Алатау ақ сусар әсем бөрікті

Сүйіншісіне сыпырып бастан беріпті!

Жақсы теңеу. Жаздың ыстығы таудың ақ қарын еріткен кезін болашақ жардың ыстық лебі кез-келген жігіттің бойын балқытарын қапысыз бейнелеген. Ұмытып кетпейік, бұл – Тұрсынхан Әбдірахманованың өлеңі. Қазақ поэзиясында ондай ақын болған.

Көктем қандай, Көкшем қандай, Ай қандай,

Айнакөлді Айдан қиып қойғандай, –

дегендей әсерлі жырлары бар еді.

Қыздың жарға, біздің ұғыммен жазға айналар шағы әдебиет үшін ең құнарлы топырақ еді. Ежелгі шығарманың тең жартысынан көбі ғашықтық дертіне арналған немесе оны айналып өте алмаған. Алғаш шығарған жан белгісіз болып қалған бүкіл дастандарымыз осы желіге құрылған. "Қыз Жібек" те, "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу" да.

Өмірде болғаны анық Баян Сұлу өзінің ғашығымен қоса жерленіп, басына таудың тасынан биік күмбез орнатылған. Қыз Жібектің соңында ондай белгі қалмаған. Кинода Ғабит Мүсіреповтің сценариі бойынша Жайыққа ағып кететіні содан болса керек. Кейін махаббаттың күйігінен суға аққан әйелді Мұхтар Шахановтың балладасынан оқыдық.

Бағаласаң – махаббатты бағала,

Сәлден кейін сорлының

Орамалы ғана жатты жағада. 

Ғашықтық эпостарды айтпағанда ел қорғайтын ерлерді дәріптеген "Батырлар жыры" аталатын дастандардың бір бөлігі бәрібір қыз бен жігіт арасындағы сезімді айналып өте алмайды. Қобыландыда қыз Құртқа бар, Алпамыста Гүлбаршын дегендей.

Классиктер тегіс қыз бен жігіт және олардың махаббатына кедергі болған кейіпкер төңірегіне бір ат шалдыртып өткен. Кейбірінің белгісі бар. Шекспирдің Гамлеті Офелияға ғашық болатын сарайды Данияда көргенбіз. Кронберг аталады. Дат тілінен аударғанда "жұдырық" деген сөз. Шамасы арғы жағалаудағы швед еліне қарсы түйілген жұдырық деп саналса керек.  

Автор журналист әріптестерімен бірге Даниядағы Кронберг сарайын тамашалауда

Шығыс елдерінен керуенмен бірге жетіп, шайырларымыз қазақ тіліне жырлаған "Ләйлі – Мәжнүн", "Жүсіп – Зылиха" және басқасының өзегі – қыз бен жігіт арасындағы сезім. Қарасөзбен айтылатын қаншама ертегі мен аңыз осы тақырыпты қаузайды. Ал өзіміздің ақындар?

Махаббаттың тұңғыш жыры тіл қатпау,

Тіл қата алмай қыз соңында бұлғақтау

– деген Қадыр ақын.

Иә, енді ұлда қызды шаштан тартып қалатын тентектік жоқ. Қайта сол шашты бір сипау арманға айналады.

Ғашық болсаң әрі суып, әрі ысып,

Жаттым дей бер ертеңді-кеш дәрі ішіп.

Қыпша белге жетпейді ғой, бір жетсе

Құмар құшақ қалар еді қарысып.

Мысал тағы сол Қадырдан.

Әйелдің төрт мезгілінде  жаз – ең қысқа маусым көрінеді. Бірақ, қысқа болуына орай ең қылықты, қызық кезі. Әйел табиғатындағы жазға арналған ақындар жыры жетеді. Біз ең танымал бірер жолын еске сала кетелік, оны негізі әрбір ер адам әуендетіп бір рет болсын қайталағаны хақ:

Мөп-мөлдір жанарың-ай, 

Жаз дидар жамалың-ай.

Тынышбай Рахимов деген ақынның қаламынан туған. Анығында қаламмен жазылған, ал жыр жүрегінен туғаны хақ.

Бұл кезде қызды қырсықтыру емес, оған ұнау – басты талап. Жар етудің жорығы, жоралғысы.

Алматыны суреттеген өлеңінде Жұмекен Нәжімеденов студенттер жатақханасына көз салады:

Екі-үш жігіт қутыңдап, балконда жүр әне өріп.

Тамып түсе жаздайды қыздың көзі – қара өрік.

Әйелдің жазғы маусымын бұдан артық суреттеу қиын.  Жаз – жар болар шақ. Азаматтың екінші жартысына айналар кезең. Таңдау түскен кездегі сөзді Абайдан артық кім айтсын:

Дүниеде маған сендей жар жоқ, сірә,

Саған жар менен артық табылса да.

Жаз – жар уақытында жігіттерге негізінде бала кезінде бұрымынан тартқан, шелегін ала қашқан қыздар бұйыра қоймайды. Оны сол "шелек ала қашқыш" Тұманбай аға өзі мойындаған:

Біз сендерге қоя алмаймыз кінә түк,

Жолыққанда кетуші едік жылатып.

Басқа ауылға бәрің кетіп қалдыңдар,

Басқа ауылдың жігіттерін ұнатып.

Осылай лезде ең қысқа маусым өтеді. Алда жемісті күз. Әйелдің төрт маусымының ең ұзағы, әрі берекелісі.

Ана

Жемісті кезең. Жеміс – дүниеге әкелген ұл-қыздары. Балалық – көктем, махаббат – жаздан кейін сезімі байсал тартқан, енді бойындағы нәрін ұрпағына сіңіруге көшкен кезі. Бәрі солар үшін. Ойы да балаларында, көзі де соларда. Солар үшін от пен суға түсуге дайын.

Қазақтың барлық ақыны анасына өлең арнаған. 2021 жылғы ақпан айында 75 жасында өмірден өткен Шөмішбай Сариев марқұмның өзі жас, біз мүлде бала кезде жазған өлеңі бар. Жыр жолына сапарға шыққан бір толқын ақындардың жұқалтаң топтамасында шыққан. Жалпы сол топтамада өлеңдері жарияланған Дәуітәлі Стамбеков те, басқалары да кейін айтулы ақындарға айналды. Сонымен Шөмішбайдың анасына арнаған өлеңі әлі күнде ойымызда жаттаулы жүр:

Шақтарда хаттар менен баяулаған,

Тартып кеткің келе ме жаяу маған.

Ұл-қызыңның барлығын жинап алып,   

Түс көріп жүр ме екенсің, аяулы анам.

Көпшіліктің басы қосылған жерде шырқалатын "Әлемнің жарығын сыйладың сен маған" деген өлең жолы ананың дәл сипаты. Күз-ана ғана перзентті жарық дүниеге әкеледі. Бүкіл перзентке сондықтан анасы ыстық. Мына тура Қадыр Мырза Әли тура, дәл жыр еткен ғой:

Бәрі де, Ана, бір өзіңнен басталды.

Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.

Қуандым ба, өзің бар деп қуандым.

Жыладым ба, өзің жоқ деп жас тамды.

Кез-келген ақынның алғашқы өлеңінің бірі анасына арналғаны ақиқат. Өйткені баланың бірінші жақсы көретіні адамы – өзінің анасы. Мұқағали оны былай жырлаған:

Анашым! Асыл анам, есіл анам,

Елжіреп есіркеймін, есіме алам.

Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді

Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам!

Қазақ әдебиетінде ана туралы әңгіме, хикая жеткілікті. Ең көбі, көрнекісі Ғабит Мүсіреповтің қаламынан туса керек. Классиктің тақырыптары "Ана" деп басталатын сериясы – қазақ әдебиетінің бір жетістігі. Бұл шоғырды аяғында "Ұлпан" романымен түйіндеген. Ананың бүкіл қасиеттері новеллаларда жан-жақты көрініс тапқан. Тіпті, баласын озбырлықпен қара жұмысқа алатын тізімге қосқан болысқа пышақ салатын Қапия бейнесіне дейін шынайы жазылған.

Екінші жаһандық соғыстағы ана бейнесіне "Шырағың сөнбесін" атты роман арналды. Тахауи Ахтановтың бұл туындысы қазақ әдебиетіндегі анаға соғылған алып ескерткіштің бірі іспетті.

Әже

Төртінші мезгіл – қыс. Бірақ бұл қытымыр қыс емес. Өмір циклының соңғы кезеңі ерекше жылумен, мейіріммен өтеді. Қысқа ұқсайтыны – шаштың ақтығы, сол ақ шашты ешқашан кісіге көрсетпей тұратын кимешектің ақтығы. Қардай әппақ шағы. "Бәлкім, қар емес, бор шығар" дейді бір ақын:

Әлдекім әжемнің шашына

Әдейі бор жағып қойғандай.

Кимешек тартқандай басына

Болады ақша бұлт қонғандай.

Балаларға арналған өлең. Дәлдей түссек, баланың аузымен айтылатын өлең. Оны Қастек Баянбаев жазып кеткен. Бұл ақынның "Қолшатыр көтерген он батыр" сияқты ерекше кітаптары бар еді.

Кимешекті әже – қаншама немеренің көз алдында мәңгі ұмытылмас көрініс болып қалды. Сол немерелер кейін арқалы ақынға айналып, әлгі көріністі айна-қатесіз қағазға түсірді.

Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса, нені көрем?

Бұл – Мұқағалидан. Қыс – әже немерелерін жан жылуына бөлеп қоймады. Олардың құлағына қазақтың бүкіл ертек, аңызын құйып кетеді. Біз әжемізден естіген ежелгі әңгімелердің бірталайын  қағазға түсіріп үлгергеніміз жоқ. Ретіне қарай қолданып келеміз. Жазғанымыздың кемінде он пайызында жарықтықтың үлесі тұрады.

Әже ұрпақтарына ұлттың дәстүр-салтын көрсетеді. Осылайша қазақ болып аталып, қазақ болып сақталудың алтын сандығының кілтін тапсырады.

Текемет басып, тері илеп,

Көрпеше құрап қиықтан,

Әжелер — бізді жер үйде

Саусағымен-ақ жылытқан.

Қалай? Ғажап өлең ғой. Мұндай өлеңді Сағи Жиенбаев ғана жаза алатын!

Төрт мезгіл тегіс бітіп, Алланың өлшеп берген уақыты аяғына жетері аян. Негізі әжелер ұзақ жасайды. Неғұрлым көп бейнет шеккені соғұрлым көп жасқа жетеді. Жаратушы да әділ.

Қыс – әженің соңғы сәтін сөз басындағы Фариза апамыз аударған "Жүректің төрт мезгілі" атты шыққан жинақтан табамыз:

Мен талай тірілгенмін,

Әділдігін паш етіп жұмыр жердің.

Енді өлемін, айналам топыраққа,

Естімеймін бірін де дүбірлердің.

Естімеймін күлкісін сүйіктімнің,

Естімеймін ысқырған үнін желдің.

Бірақ бейнесін, ақылын, сабырын және тағы басқа жүздеген асыл қасиеттерін ұрпақтары ұмытпақ емес. Табиғаттағы сияқты төрт мезгіл болып айнала бермек, жалғаса бермек! Жырға қосыла түспек.