Әлемдегі ең биік Эверест шыңына шығып, "Жеті шың" клубына мүше болған алғашқы қазақстандық альпинист Ерванд Ильинский жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқавтың қолынан "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алды.

Елімізде альпинизм мектебін негізін қалаған біртуар тұлғадан талай альпинист-спортшылар тәлім алды.

Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңды бағындырды. 


– Альпинистер туралы көп айтыла бермейді, себебі альпинизм – кез келген адам айналысатын спорт түрі емес. Маған берілген марапат бұл барша қазақстандық альпинистердің еңбегін мойындау деп білемін. Алғашқы буын альпинистерге құрмет көрсетілгенімен осы саланы жалғастыратын жас буынға алаңдаушылық бар. Білуімше, елімізде альпинизм саласында қысқартулар болып жатыр. Альпинизм бойынша бас бапкер қызметін қысқартты. Өңірлердегі бас бапкерлер де қысқартылды. Қазір альпинистер саны мүлде азайып барады. Күрделі мәселелерді шешу үшін адам тапшы. Ашығын айтқанда, альпинизм біртіндеп құлдырап бара жатыр. Орталық және жергілікті билік тарапынан альпинистер мен тау туризміне жағдай жасалуы керек еді... Сала даму үшін қаржы бөлініп, тиісті инфрақұрылым керек. Ол бөлек әңгіме. 

Бүгінде балалар арасындағы құзға өрмелеу, жастар альпинизмі ерікті түрде жиналған қаражаттың арқасында ғана өмір сүріп отыр. Ал мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді бұлай шешу мүмкін емес. Өз қаражатына жастар секциясын, балалардың құзға өрмелеу үйірмесін ұстап отырғандар бар.

Балалар құзға өрмелеумен бес жастан бастап айналысады. Ал енді бес жасар баладан іс-шара өткізуге немесе сапарға шығуға ақша сұрау қаншалық дұрыс?

Альпинизм үшін барлық жағдай жасалуы керек. Сондықтан осы салаға Үкімет тарапынан, жауапты министрлік жағынан тиісті көңіл бөлінсе де деген үміт бар.  

Шыңға шығу мәдениеті жаттығу мен білім арқылы қалыптасады

Альпинизмді қауіпті спорт, онымен айналыспау керек, себебі адам өліп кетуі мүмкін деп жатады. Альпинизм Францияда пайда болды. Танымал француз альпинист дәл осылай сұрақ қойылғанда:  "Қауіпсіздігімнің негізі –  жоғары деңгейдегі техникам" деп жауап берген екен. Яғни адам жақсы дайындықпен барса онда оған қауіп төне қоймайды. 

Елімізде бапкерлерді қысқартпай, керісінше санын көбейтсек, олардың қызметін кеңейтсек, альпинизм әлдеқайда қауіпсіз спортқа айналар еді.

Тау табиғатын қорғаумен және оны зерттеумен айналыспау қылмыспен тең. Орманға қарау, сирек өсімдіктерді анықтау, жануарларды қорғау – мұның бәрі қатар жүруге тиіс. "Көк-Жайлау" тау курорты – бұрыннан бар жоба. Оның қалай пайда болғанын айтып берейін.

Мен әлі күнге дейін "Армия орталық спорт клубында" жұмыс істеймін. Ол жерде альпинизм жақсы дамыған әрі тау шаңғысы да мықты болды. 1970 жылдары бірде тау шаңғысынан аға бапкер Анатолий Кирьянов маған келіп:  "Бұтақты шатқалында жаңа трасса салғым келеді, барып көрейік", – деді. Бардық. Қарасам, өте тік, тар, шамамен 5-10 метр болатын трасса. Сонда мен оған мұндай қауіпті трасса Грузияда бар екенін айтып, ол жерде жаттығып көрмесе де дәл сондай трассаны осында жасағалы отырғандарын айттым. Оларға тау шаңғы трассасын жасауға болатын жерді көрсетемін деп Көк-Жайлауға апардым. Ол жерді көргенде таң қалып:  "Мұнда бір уақытта 10 мың адам шаңғы тебе алады" деді. Сол жерден Үлкен Алматы шатқалына қарай түсетін кең, қарлы аңғарлар бар. Нағыз шаңғы базасын салуға таптырмас орын.

Бұл идеяны кейін Альпинизм федерациясында талқылап, жоба жоғары деңгейге дейін жетті. Тіпті сол кезде-ақ Көк-Жайлаудан Шымбұлаққа, Т1-ге және басқа бағыттарға аспалы жолдар салу, оларды өзара байланыстыру ұсынылған болатын. Басшылық та қолдады. Бірақ кейін қоғамда шу болып, "қар барысы бар" деген себептермен жоба тоқтап қалды. 

Кейінірек Александр Гужавин бастаған мамандар жобаны зерттеп, қардың мөлшеріне дейін есептеп, толық құжат дайындады. Бірақ, ол да аяқсыз қалды.

Жалпы, мұндай жобаларға таудан хабары бар, табиғатқа жаны ашитын адамдардың басқарғаны игі деп ойлаймын. 

Тауда арнайы инфрақұрылым болуы қажет

Елімізде альпинистік лагерьлер, альпинизм мектептері, тау шаңғы базалары бар. Мұнда адамдар тауға қауіпсіз шығу, қауіпсіз сырғанау жолдарын үйренеді. Тауда адам сауығады, себебі оттегі тапшы болғанда адамның өкпесінің кеңінен жұмыс істеуіне жағдай туады. 

Мен тауға өз бетіммен шыға бастадым. Содан кейін ғана альпинизмге келдім. Альпинимзге дайындық кітаптары бар. Қазір ешкімді тыңдамай, ештеңе білмей шығып кететіндер өте көп. жастар топ-тобымен тауға шығады. 50-70 адам болып жүреді. Бірақ қайда бара жатқанын білмейді.  "Жетекшілерің қайда?" деп сұрасаң бірі алда, бірі артта дейді. Бұл, әрине, адамдар үшін де, экология үшін де қауіпті. Білімі жоқ адам жаттықтырушымен барса, онда ол таудағы қандай гүлді ұстауға болмайтынын білер еді.

Тау бөктерінде салынатын жаңа жоба дегеніміз табиғатты құрту емес, ол қауіпсіздік деп білу қажет. Яғни, инфрақұрылым дамып, қауіпсіз жолдар, маршруттар пайда болады. Бұдан бөлек, жаңадан бой көтеретін тау курорттарында адамдарға арнайы альпинисттік жаттығулар өткізетін орталықтар ашу міндеттелуі қажет. 

"Дені сау ұлт" деген ұлттық жоба бар. Ұлтты қозғалыс арқылы сауықтырамыз. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін дұрыс өмір салтын ұстану керек.  "Қозғалыс – өмір" дейді ғой. Демек, спортпен айналысу қажет. Қозғалыстың түрі көп: біреу тау шаңғысымен айналысса, біреу жаяу жүреді. Біреу велосипед тебеді. 

Таумен өмірім тығыз байланысты. Сондықтан, осы төңіректегі барлық мәселелерді назарда ұстаймын. Білуімше Көк-Жайлау шатқалында жүзеге асатын жоба аясында балаларға Еуропа елдеріндегідей "тегін шаңғы тебу сабақтары" ашылады. Бұл өте дұрыс.

Спорт мектептерін көбейтіп, бапкерлер санын арттыру керек. Адам өмірі оқумен, жұмыс істеумен, жаттығумен және демалыспен өтеді. Осының бәрі жүйелі түрде ұйымдастырылуға тиіс. Бұл – мемлекеттің де міндеті, өйткені халық саны өсіп келеді. Егер осының бәрі дұрыс жолға қойылса, онда  "Дені сау ұлт" ұлттық жобасы жүзеге асады. Сонда Қазақстан азаматтарының өмір сүру жасының ұзақтығы да артады.