Бүгінде магистратураны ғылым іздеп емес, өзге мақсатта оқитындар көбейді. Жаппай айыптаудан аулақпын, бірақ, айтпасақ болмайды. Бүгінгі жұрт магистратураға не үшін түседі?

Біріншіден, бакалавр бітіре салып, жұмыс тауып істеуден, үлкен қаладан туған жеріне қайтудан қашқандардың бәрі ары қарай магистратура жалғастыра салады. Қалада тағы 1-2 жыл оқу сылтауымен жүре тұрарлық жақсы орай.

Екіншіден, бакалаврдың грантты өтеу міндеттемесiнен құтылу. Мысалы, ауыл квотасымен оқуға түскендер магистратураға түсіп алса, оны ешкім "ауылға барып жұмыс істе" деп міндеттей алмайды. Тіпті, "Серпiнмен" солтүстікке оқуға түскендер бағдарламаның солтүстікте 3 жыл жұмыс істеу міндеттемесінен оңтүстiкке барып, ақылы болса да, магистратураға түсіп құтыла салады. Құлақ тыныш, айыппұлдан айналып өте шығады.


Оқи отырыңыз: Мектепте физика, химия, биологияның сағаты неге азайды және оның ҰБТ нәтижесіне кері әсері бар ма?


Үшіншіден, магистратура стипендиясы үшін. Қазір магистратура стипендиясы көтерілді. Айына шәкіртақы – 76 мың теңге. Кішігірім жарты айлық. Жұмыс істемей-ақ студенттік өмірді жалғастыра тұруға сылтау.

Төртіншіден, жұмыссыздық, жұмыс таппау. Жұмыссыз бекер жүрмейін деп оқуға түсіп алады.

Бесіншіден, қазір "педагог мәртебесі" заңы бойынша магистр дәрежесі барларға қосымша үстемеақы төленеді. Сол үшін мұғалім жалақысы көтеріліп жатқан тұста "25 мың болса да қайда жатыр" деген оймен оқуға түседі. Бірақ, 10 жылдан жоғары тәжірибесі бар маман мен тәжірибесіз жас маман магистрдің қайсы жоғары жалақы алуы керек? Ойланатын дүние…

"Байдың асын байғұс қызғанады". Мен жұрттан магистр дәрежесін немесе стипендиясын қызғанып отырған жоқпын. Тек ойланайықшы.

Біріншіден, бізде дәл қазір магистр дәрежесі бар жұмыссыздар көбейіп барады. Оларды мемлекет қаражатынан 6 жыл оқытып, стипендия беріп, жұмыссыз қалдыру аса үлкен шығын емес пе?

Екіншіден, адам бакалавр бітіргесін сол салада 2-3 жыл өзін сынап көріп, ол сала таза өзіне қол, болашақ бола ма дегенді шешіп алып, ары қарай өзіне жұмыс барысында не керегін түсініп алып, келесі басқышты оқымай ма?

Тіпті, магистратураны бітіріп алып, "бұл салада жұмыс iстемеймін, мамандығым ұнамайды" дегенді естіп жүрміз. 6 жыл өмір текке өткені ме?

Үшіншіден, магистр – дәреже. Дәрежені алу үшін адам кiшкене жұмыс істеп, шыңдалмай ма? Магистр дәрежелі сауатсыз мамандар қаптап барады. Бұл ертең елдің ертеңіне қиын болмай ма?

Төртіншіден, "Серпiн", ауыл квотасы секілді мемлекеттік саясаттың орындалуы ойыншық болмай ма? Ауыл квотасы да, "Серпiн" де – мемлекет үшін ең маңызды бағдарлама. Оны айналып өтуге жол беру сол бағдарламалардың өнімділігін төмендету емес пе?


Оқи отырыңыз: Оқушыларға арналған гранттар. Qazbilim олимпиадасына қалай қатысуға болады?


Өзім кезінде бакалаврдан соң үш жыл жұмыс істеп, сосын магистратураға өз зерттеу тақырыбыммен барған едім. Ал бүгінгі мақсатсыз жұртты түсіне алмадым.

Соңғы 3-4 жыл магистратураға 22 мыңнан астам грант бөлінеді. Тым көп емес пе? 2 500-ден астам грант PhD-ға бөлінеді. Бір жылда 2 500 адам PhD атанса, 22 мың адам магистр атанса, 10 жылда ғалымдар елі боламыз. Құжат жүзінде.
Бұл ғылымды тірілту ме, әлде өлтіру ме?

Неге десеңіз, осынша магистр мен докторды оқытуға университеттер дайын ба? Зертхана көрмеген магистрлер шығып жатқанын ескерсек, әрине, қорқынышты.

Сондықтан Білім және ғылым министрлігінде өткен бiр кездесуде осы мәселені көтердім. Министр Асхат Аймағамбетов мырза бұл қарастыратын мәселе екен айта келе, "Магистратура мен докторантура арасы секілді кемінде 9 ай еңбек өкілін талап етуді заңдық нормасын жасау керек шығар", – деді.


Оқи отырыңыз: Білім алу депозиті: университетке бірінші сыныптан бастап ақша жинау дұрыс па?


Ал менің ұсыныстарым келесідей:

  • Магистратура мен бакалавр арасын кемінде 2-3 жылға ашу керек. Магистратураға түсу үшін адам дәл сол мамандықпен немесе туыстас мамандықпен 2-3 жыл жұмыс істеген іс-тәжірибесі талап етілу керек! Сонда ғана ол магистратурада өзіне керегін іздейді. Көзсіз салпаңдаған 4 жылын ары қарай тағы екі жылға ұзартып, әбден магистратура біткесін "маған осы сала керек пе?" деп ойланып отырмайды.
  • Магистр, PhD дайындайтын университеттердің материалдық, зертханалық, кадрлық базасы арнайы тексерістен өтуі қажет. Арнайы лицензия беру керек, себебі магистратураны сырттай оқып бітіретін инженер, сырттай оқып алатын педагог тым көп. Ал университеттер үшін бұл сала мемлекет бюджетін алатын амалдың бірі болып барады.
  • Магистратура бітіргесін міндеттемені нақты талап етіп күшейту керек. Жеке біреудің ЖК не ЖШС-сынан зейнетақы жинақ қорына ай сайын ақша төлеп, жұмыс істеп жатырмын деп айналып өтіп кетпеуі керек. Себебі, магистратураға әр шәкірт үшін бөлінетін қаржы – халық қазынасы, ол және аз сома емес. Ол тиімді жұмсалуы керек.
  • 2-3 жылдан бері түсу жолындағы жемқорлық тыйылды. Бірақ, грант тым көп. Гранттар университет шамасына қарай оқыта алатын шекте болуы керек. Елдің ертеңін білікті маман жасайды.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін