Жүйелі қызыл жегі дертіне шалдыққан әйелдерге бала көтеруге бола ма?
ЖҚЖ кезіндегі жүктілік кей жағдайда ағзаны зақымдап, түсік тастауға алып келеді.Жүйелі қызыл жегі дерті – бұл дәнекер тіндер мен тамырлардың созылмалы аутоиммунды ауруы. Бұл ауруға шалдыққан адамның ағзасы өз жасушаларымен күресіп жатқандай болады. Осының себебінен бүйрек, тері, буын, жүрек, қан жасушалары және өкпе қабынады. Осы орайда кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімінің меңгерушісі, ревматолог дәрігер Майса Қалыкова ондаған жылдар бойы аурудың өршуіне және ұрықтың түсіп қалу қаупіне байланысты ЖҚЖ бар әйелдерге жүкті болудың қауіптілігін ескертеді.
"Аурудың қауіпті екеніне қарамастан, заманауи емдеу тәсілдері әйелдерге бала көтеріп, сау бала тууға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда науқастар баласын еш қиналмай босанып жатыр", – деді Майса Қалыкова.
Дәрігердің айтуынша, ЖҚЖ кезіндегі жүктілік кей жағдайда ағзаны зақымдап, түсік тастауға алып келеді. Преэклампсия, мерзімнен бұрын босану, ұрықтың жетілуіндегі бұзылулар, плацентада тромбтың пайда болуы сияқты басқа да қиындықтар болуы мүмкін.
Оқи отырыңыз: Туберкулездің белгілері қандай және қалай емделуге болады? Фтизиатрмен сұхбат
"Ең алдымен, жүкті әйел ревматолог және акушер-гинеколог маманмен байланысқа шығуы керек. Кейін ұрықтың өсуі мен дамуын бақылау үшін қосымша зерттеулер тағайындалады – мысалы, аурудың ауырлығын бақылауға көмектесетін "қызыл жегі антикоагулянтына" арнайы қан талдауы. Қан қысымын, баланың өсуін бақылау үшін ультрадыбыстық, кіндік арқылы қан ағымының қалыпты екенін анықтау үшін допплерометрия, нәрестенің жүрек соғу жиілігін тексеру және жүрек бітелуінің белгілерін бақылау үшін ұрық мониторингі, жүктіліктің соңғы екі айында нәрестенің жүрек соғу жиілігін өлшеуге арналған стресстік емес тест, құрсақта оттегі жеткіліктілігін, нәрестенің дамуын бағалау және анықтау үшін биофизикалық профиль жасалады. Аталған шарттар орындалған жағдайда, ЖҚЖ сырқатымен жүктіліктің көпшілігі сәтті аяқталады. Көптеген әйел мұқият тексерілсе және босану кезінде ЖҚЖ белгілері болмаса, нәрестені өзі босана алады", – деді ревматолог дәрігер.
Сондай-ақ, дәрігер келесілердің көмектесетінін атап өтті:
- жиі және көп демалу;
- дәрігердің барлық ұсынысын орындау;
- дұрыс тамақтану: жемістер, көкөністер мен дәнді дақылдарды жеу, тұтынатын тұз мөлшерін азайту;
- дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмек терапиясын өз бетінше өзгертпеу керек.
Оқи отырыңыз: Баланы неше айға дейін емізуден шығаруға болмайды? Психолог кеңесі