Тұрғын үй сатып аларда нені ескеру қажет? Риэлтор кеңестері
Саяжан Мұқанова Қазақстанда жаңадан салынып жатқан үйлердің көбісінің жер сілкінісіне төзімсіз екенін айтады.Тұрғын үй сату саласының маманы Саяжан Мұқанова риэлтордың қызметіне не кіретіні, үй сатып аларда не нәрсеге мән беру қажет екені және шетелде пәтер сатып алудың тиімді тұстары туралы әңгімеледі.
– Қазақстан нарығында риэлторлар бір айда қанша табыс табады?
– Бұл салада еңбекақы қандай объектіні сататыныңызбен тікелей байланысты. 20-30 млн теңгенің үйін сатсаңыз, сәйкесінше табысыңыз аздау болады. Алматы мен Астана қалаларында бір айда кемінде – 500 мың теңге, ал ең көп дегенде 10 млн теңгеге дейін табыс табуға болады.
– Риэлтордың бірінші жұмысы Instagram, Facebook, Tik-tok, OLX және Крыша алаңдарында үйге қатысты шынайы ақпарат жазылған хабарландыру орналастыру.
Екіншіден, үйдің құжатын бастан-аяқ тексеріп шығамыз: тұруға заңмен тыйым салынған, жуырда тәркіленуі мүмкін, кепілде тұрған үй болуы мүмкін.
Мұнымен қатар, бұрынғы үй иесінің 7-8 ұрпағы келіп, пәтердің өзіне мұрагерлікке қалғанын заңмен дәлелдейтін жағдайлар жиі кездеседі. Риэлтор осы келеңсіз жағдайлардың барлығын алдын алады.
Үшіншіден, қажет жағдайда ипотеканың барынша тиімді түрін таңдап, келісімшартта не жазылғанын толық түсіндіріп береміз. Кейде клиенттер үйін сатарда ақылға қонымсыз баға қойып қояды. Нақты фактілермен қандай бағаға лайық екенін дәлелдейміз, яғни құжат жүзінде үйдің бағасын анықтауға көмектесеміз.
– Ең алдымен, үйді таңдаған кезде не нәрсеге мән беру қажет?
– Бірінші кезекте, үйге емес, ол орналасқан ауданға назар аударамыз. Үйге жақын жерде балабақша, мектеп, колледж, университет, метро мен автобус аялдамасы және азық-түлік арзан супермаркеттің болғаны абзал. Әсіресе, Алматы мен Астана қалаларында жұмысқа дейін және кейін кептеліссіз жету маңызды.
Әдетте осы объектілер бар үйлер 2-3 млн теңгеге қымбат болады. Екіншіден, газ, жарық, орталық кәріз жүйесінің болуы, қай жылы салынғаны, бірінші және соңғы қабат болмауына, пәтердің шетте орналаспауына, көгерген иістің шықпауына мән береміз. Қазақта "Алыстағы ағайыннан, жаныңда тұрған көршің артық" деген сөз бар. Үйді сатып алмай тұрып көршілермен танысқан да артық болмайды.
Оқи отырыңыз: Ләззат Ибрагимова 2023 жылы жаңа үйлердің арзандайтынын айтты
– Үйді сататын кезде жөндеу жұмысын жасау қаншалықты тиімді?
– Үйді жөндеу сатушыға тиімді. Көбіне инвесторлар үйді арзан бағаға сатып алып, жөндеу жұмысын жасап, кейін үстіне 10 млн теңге қосып сатады – бұл үстінен көретін таза табыс. Мұнымен қатар, клиенттер "черновой" үйге қарағанда "чистовой" нұсқаны таңдайды. Сондықтан жөндеу жұмысы кезінде үйдің ішін талғаммен әрлейтін болса, бұл нұр үстіне нұр болады.
– Үйдің қанша балдық жер сілкінісіне шыдайтыны құжатта көрсетіле ме?
– Алтын төртбұрыштың ішінде орналасқан үйлер 50-жылдары салынғанына қарамастан, қымбат бағаға өтеді. Тіпті, көп адам ипотекаға рәсімдеп алғысы келеді. Себебі, 9 балдық жер сілкінісіне шыдайтын жапон үйлері сол жерде орналасқан. Өкінішке орай, қазір көптеген тұрғын үй жер сілкінісіне шыдамайды, тез сатылуы үшін жалған ақпарат көрсетіледі. Тіпті, бір пәтердегі баланың дауысы екіншісіне естіліп жатады.
– Қазақстаннан өзге қай елден үй сатып алуға кеңес беретін едіңіз?
– Алдыңғы қатардағы елдердің үй нарығын зерттей келе шетелде тек Дубайда үй сатып алуға кеңес беретін едім. Мысалы, Қазақстанда 50 млн теңгеге Қалқаман ауданынан екі бөлмелі пәтер аласыз. Ал Дубайда бұл сомаға орналасқан аумағы мен сапасы жоғары үйді иеленесіз.
Оқи отырыңыз: "7-20-25", "Бақытты отбасы" және өңірлік ипотекалар. 2023 жылы қалай баспана алуға болады?
– Жуырда Отбасы банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова 2023 жылы жаңа үйлер бағасы арзандайтынын мәлімдеді. Үйлердің бұлай арзандауы немен байланысты деп ойлайсыз?
– Үй бағасының арзандауы немесе қымбаттауы сұраныспен тікелей байланысты. Банктер ұсынған ипотека бағдарламасы көптеген азамат үшін тиімсіз. Ал мемлекеттік бағдарламалардың қатысушыларға қатысты нақты шектеуі бар. Осылардың себебінен үй арзандамаса да, аз уақытқа тұрақтайды. Дегенмен, үй бағасы жыл сайын 25-30 пайызға қымбаттайды.