2023 жылы Қазақстанда экстремизм мен терроризм үшін 122 адам сотталды. Тексеру кезінде радикалдардың үштен бір бөлігінің терроризмді насихаттаумен немесе терроризм актісін жасауға үндеумен айналысқаны белгілі болды. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар – қоғамдық немесе діни бірлестіктердің қызметін ұйымдастыру және қатысу, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру болды. 

Ranking мәліметі бойынша, өңірлер бойынша экстремизм мен терроризмге қатысты ең көп қылмыс Астанада тіркелген – 50 оқиға, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 28,2% көп. Сондай-ақ:

  • Алматыда – 21 жағдай;
  • Солтүстік Қазақстанда – 16 жағдай;
  • Атырау – 14 жағдай;
  • Жамбыл облысында – 13 жағдай тіркелді. 

Тінту кезінде 153 экстремистік материал тәркіленді, бір жыл бұрын 302 материал табылған еді. Осы орайда Ішкі істер министрлігі лаңкестер шабуылы туралы хабарланғанда және террористер шабуыл жасағанда не істеу керегін айтып берді. 

Террорлық шабуыл қаупі туралы полицияға қалай дұрыс хабарлау керек?

  • Біріншіден, терроризм туралы хабарлаған кезде міндетті түрде жеке ақпаратты да айту қажет. Мұнымен қатар оқиғаны бүге-шүгесіне дейін айтып беру маңызды. Бұл кейін терроризм туралы жалған хабарлама берді деп айыпталмау үшін қажет. Сондай-ақ күдікті азаматпен әңгімені диктофонға жазып алу маңызды.
  • Екіншіден, қандай жағдай болса да, қорқынышқа бой алдырмау. 

Оқи отырыңыз: Наиб мүфти: Діни басқарма лаңкестер мен содырлардың теріс әрекетін айыптайды


  • Лаңкестер жарылғыш заттарды көбінесе адам көп шоғырланған сауда және ойын-сауық орталықтары, метро, қоғамдық көлік аялдамасы, алаң, саябақ және базарларға қояды. Сол себепті сағатқа ұқсас дыбыс қатты шықса, бейтаныс сымдарды көргенде, иесіз қалған заттарды тауып алғанда міндетті түрде хабарлау қажет.
  • Жарылғыш зат салып қойған болуы мүмкін деген көлемдегі сөмке немесе қорап тауып алсаңыз, оны ашпаңыз, ұстамаңыз. Оны тауып алған уақытты белгілеп, "102" нөміріне хабарласыңыз. Жарылғыш заттың жанында тұрып ұялы телефон мен рацияны қолдануға болмайды.
  • Сондай-ақ, мектеп жасындағы балаларға бөгде зат тауып алса, бұл туралы ата-анасына немесе мұғаліміне дереу ескертуі керектігін айту қажет. 
Фото: depositphotos.com

Елге немесе қалаға лаңкестер шабуыл жасағаны туралы хабарланса, не істеу керек? 

  • Лаңкестер адам көп жүретін жерде шабуыл ұйымдастыратындықтан, көпшілік ортадан оқшаулану маңызды. Дененің қан қысымы көтеріліп, жүрек соғысы жиілесе, түймелерді ағытып, мойын тұсын босату керек. Кейін шынтақты бүгіп, диафрагманы қорғай отырып, денеге қарай басады. Абайсызда құлаған жағдайда басты қорғап, кейін тез тұрып кету қажет. 

Оқи отырыңыз: Ұлттық қауіпсіздік комитеті: Лаңкестер Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жармақ болды


  • Жарылыс болған жағдайда ғимараттың артына жасырынып, басты қолмен қорғай отырып жерге жату абзал. Электр сымдары мен ғимараттардан аулақ жүруге тырысу қажет. Полиция қызметкерлері келгенде өзіңіз білетін ақпаратпен бөлісіңіз.
  • Қару-жарақтың атылған дыбысын естісеңіз, терезе мен есікке жақындамаңыз. "102" арқылы полицияға хабарласып, олар келгенше бөтен адамдарға есік ашпаңыз. Ал егер қылмыскерлер ғимараттың ішінде шабуыл жасаса, басыңызды қолмен жауып, бірден жерге жатыңыз. Әйнек заттар мен терезелерден, керегелерден аулақ болыңыз.
  • Лаңкестердің шабуылы туралы хабар алсаңыз, қауіпсіз жерге көшуге дайын болыңыз. Яғни алдын ала керек азық-түлік, ақша, құжат пен дәрі-дәрмекті сөмкеге салып қою қажет. Бұдан кейін радио мен теледидар арқылы барлық жаңалықты бақылап отырыңыз. Төтенше жағдай қызметкерлеріне телефон арқылы шұғыл хабар беруге дайын болыңыз.
  • Кейін жаппай қауіпсіз жерге көшіру туралы ақпарат алған соң, үйдегі су, электр қуаты мен газды өшіріп, арнайы органдар нұсқаулығын орындаңыз. Ең бастысы – дүрбелеңге салынбау. Міндетті түрде жақындарыңыздың толықтай сыртқа шыққанына көз жеткізіңіз. 

Лаңкестер кепілге алса, не істеу керек?

Қарапайым азаматтардың лаңкестермен келіссөз жүргізу әрекетінің арты жақсы бола бермейді. Сол себепті барынша олармен байланысқа шықпауға тырысу қажет. Қауіпсіздігіңіз үшін толық сенімді болмасаңыз, қашуға тырысудың қажеті жоқ. Мұндайда ең маңыздысы – полицияға хабар беруге тырысу. 


Оқи отырыңыз: Қаңтар оқиғасына 20 мың террорист қатысып, адамдардың басы кесілгені рас па? Бас прокурор жауабы


Мұнымен қатар құтқарушылар келген кезде оларға қарай жүгірудің қажеті жоқ. Қолыңызды басыңыздың үстіне қойып, жерге жатыңыз.