Күйік пен теміреткіге шипа. Жантақ пен түйе сүтін қалай емдік мақсатта қолдануға болады
Қызылорда облысы Арал қаласының тұрғыны Арсена Күшжанова әртүрлі тері аурулары мен ашық жараларды емдейтін бірегей сабын жасап жүр. Бұл сабындар негізінен түйе, ешкі сүтінен және жантақ шөбінен әзірленеді.
Арсена Күшжанова – 4 баланың анасы. Бір жыл ішінде екі бірдей мемлекеттік грант иегері атанып, бүгінде авторлық өнімін шетелге экспорттауға дайындалып отыр. Ол экологиялық таза сабын жасауына баласының тері ауруы себеп болғанын айтады.
"Сабын жасауды қолға алғаныма 8 айдың жүзі болды. Бастапқыда бұл істі табыс көзіне айналдыру, пайда табу деген мақсат болмады. 6 айлық қызым ауырып, денесіне бөртпелер шығып кетті. Сабын мен одан басқа химиялық заттар қолдануға тыйым салынды. Сол кезде youtube видеохостингіндегі түрлі видеоларды қарап, Ресейден алдырған дайын өнімнен сабын жасап көрдім. Итошаған, түймедақ, әртүрлі қоспа мен эфир майын араластырдым. Алайда уақыт өте келе өзіміздің Аралдан шығатын шикізаттың өте пайдалы екеніне көзім жетіп, соларды пайдаландым. Ал ең керек деген қоспаларды қазір тек Малайзия мен Америкадан алдыртып жатырмын", – деді Арсена Күшжанова.
Кәсіпкер бастапқыда сабынның 11 түрін жасап шығарған. Кейін жүргізілген зерттеулерден соң ең пайдалы деген 6 түрін қалдырған. Оларды Павлодар, Астана, Ақтөбе және Қызылорда дүкендерінен табуға болады.
"Қазір сабындарды негізінен ешкі мен түйе сүті және жантақ шөбінен жасап жатырмыз. Осының ішінде жантақ шөбі қолданылатын түрі – өзімнің авторлық сабыным. Ол дәл қазір үлкен тексеруден өтіп жатыр. Толықтай пайдалы екеніне көзіміз жеткен соң шетелге экспорттайтын боламыз. Өйткені, қазір тек Қазақстан бойынша емес, шетелдіктер тарапынан да сұранысқа ие болып жатқанын көріп отырмыз. Дәл қазір жанымда бір көмекшім бар. Дегенмен, сабынды қаптау жұмыстарына, шөп оруға, олардан тұнбаларды қайнатуға үйдегі жақындарым мен балаларым көмектеседі. Осылай отбасыммен бірге кәсіпті дөңгелетіп отырған жайымыз бар", – деді кәсіпкер.
Арсена Күшжанова кәсіпті бастау алғашқыда қиынға соққанын жасырмайды. Менің артымда көптеген адам тұр, соларға алғысым шексіз, дейді кәсіпкер. Себебі өнімді дайындаудан бөлек, бизнес бастау бойынша білімін жетілдіру үшін әртүрлі қалаға барып курстар оқуына тура келген. Мұнымен қатар ол неліктен түйе сүтіне басымдық берілгенін түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Италия биотехнологы: Косметика өндіріп бастауыма баламның тері ауруы себеп болды
"Түйе сүті – косметикалық өнімдерге тамаша қоспа. Ең алдымен, оның құрамында күшті зеңге, вирусқа қарсы және бактерияға қарсы қасиеттерге ие иммуноглобулиндер бар. Түйе сүтінен жасалған сабын теріні сау, сұлу қалпында ұстауға көмектеседі. Оны псориаз және тағы басқа тері ауруларына ем ретінде қолдануға болады", – деп түсіндірді Арсена Күшжанова.