Көпқабатты үйдегі өрт: Тұрғындар қандай сақтық шараларын білуі тиіс
Өрт – тілсіз жау. Қайдан шығатынын ешкім білмейді. Жазда ыстық күнде өрт қаупі арта түседі. Әсіресе, үйде тоқтан, газдан өрт тұтануы мүмкін. Көпқабатты үйде өрт шықса, көршілер де зардап шегеді. Олай болса пәтерде өрт тұтанса, не істеу керек? Өртті немен сөндіруге болмайды? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.
Өрт шыққанда не істеу қажет?
- Үйіңізден өрт шықса алдымен неден тұтанғанын анықтаңыз. Ауқымы кішкентай болса сумен не дымқыл шүберекпен сөндіруге тырысыңыз. Бірақ электр тоғынан шыққан өртті электр желісін сөндірмей жатып сумен өшіруге болмайды;
- Өз бетіңізбен өшіре алмасаңыз дереу өрт сөндіру бөліміне, яғни 101 немесе 112 құтқару қызметіне қоңырау шалыңыз;
- Ғимараттағы барлық тоқ көздерін ажыратып, газды өшіріңіз;
- Желмен өрт тарап кетпес үшін есік-терезені жабыңыз;
- Пәтерден шықпас бұрын есіктің ар жағында оттың бар-жоғын тексеріңіз. Ол үшін есікке жақын барып, оның тұтқасы сияқты металды жерлерін ұстап көріңіз. Ол ыстық болса, есікті ашпаңыз. Керісінше, есіктің саңылауларын дымқыл матамен бітеп тастаңыз. Есіктің бер жағына су шашыңыз;
- Өрт есіктерді жаппаса, онда дереу далаға шығыңыз. Мүмкіндігінше қауіпсіз эвакуация жолын табыңыз;
- Сыртқа шығу үшін сыртқа шығатын баспалдақты қолдану қажет;
- Далаға шығу үшін үстіңіздегі синтетикалық киімдерді шешіңіз. Оның орнына жүн немесе мақтадан тігілген киім киіңіз. Күйік шалмау үшін басыңызға ішік, жейде, орамал сынды қалың дымқыл жамылғы жабыңыз. Түтіннен уланып қалмау үшін мұрныңыз бен ауызыңызды да жабу керек;
- Түтіннің арасынан еңкейіп, тізерлеп немесе бүк түсіп өту керек;
- Көпқабатты үйде өрт бірініші қабаттан басталса, онда кіреберістен шығу өте қауіпті. Сондықтан да терезе немесе балконға шығып құтқарушыларды күтіңіз;
- Далаға шыға алмасаңыз үрейленбей, сабыр сақтап, пәтердегі ең қауіпсіз орында мұрныңыз бен аузыңызды дымқыл орамалмен жауып құтқарушыларды күтіңіз. Өрт сөндірушілер балконға келіп құтқара алады. Балкон болмаса жуыну бөлмесіне кіріп, есікті жауып алыңыз. Суды ағызып, барлық киіміңізді сулаңыз. Сол жерде көмек күтіңіз;
- Өрт сөндірушілер келгенде дүрбелеңге салынбай олардың айтқанын бұлжытпай істеңіз.
101 немесе 112-ге қоңырау шалғанда нені хабарлау керек?
- мекенжайды;
- аула, пəтер, қойма секілді өрт нысанын;
- плита, жиһаз секілді жанған затты;
- қажет болған жағдайда кіреберіс, пəтер нөмірі, қабаты, оған кіруге ыңғайлы жерді;
- аты-жөні мен телефон нөмірін.
Оқи отырыңыз: Өрт сөндіруші Әліби Сәрсенбай: Құтқарушының дайындығы кәсіби спортшынікінен кем болмауы керек
Не істеуге болмайды?
- Киіміңізге от тигенде жүгірмеңіз. Желмен одан сайын өршуі мүмкін. Одан да киімді шешіп, еденге жатып аунау керек. Қасыңыздағы адамның киімі жанып жатса, дымқыл матаны үстіне жабыңыз;
- Есік-терезелерді ашып, түтінді шығаруға болмайды. Таза ауа отты өршітеді;
- Ешқашан өрт шыққанда шкафты, төсекті тасаламаңыз;
- Лифтті қолданбаңыз. Өрт кезінде сақтық үшін электр желісін өшіреді. Лифт тоқтап қалып, ішінде қалып қоюыңыз мүмкін;
- Далаға шығу керек деп жоғарғы қабаттан секірмеңіз. Бұлай басыңызды одан сайын қатерге тігесіз.
Зардап шеккендерге қалай алғашқы көмек беру қажет?
- 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырыңыз;
- Күйік алған адамның киімін дереу шешіп алмаңыз, өйткені терісін киіммен бірге жұлып алуыңыз мүмкін. Күйген жеріндегі киімін қиып, теріге жабысқан күйі қалдыру керек. Күйікті спирттелген немесе марганец ерітіндісіне батырылғын матамен жабады;
- Денесі қатты күйген адамды үлкен матаға немесе төсек жаймасына орап, ыстық сусын беріп, жылылау керек;
- Түтінге уланған адамды таза ауаға алып шығу қажет.
Өрттің алдын алу үшін не істеу қажет?
- Үйде темекі шекпеңіз;
- Тамақ істеп жатқанда плитаны өшіруді ұмытып кетпеңіз;
- Үтікті, қызатын құрылғыларды сөндіріп жүріңіз;
- Электр тогы мен газ құбырларын үнемі тексеріңіз. Қандай да бір ақау барын байқасыңыз, бірден мамандарға хабарласыңыз;
- Өртке арналған сатылар мен төтенше жағдайда шығатын есіктерді жаппаңыз;
- Өрт сөндіргішті қолданып үйреніңіз;
- Сіріңке мен оттықтарды балалар ала алмайтын жерге қойыңыз.
Оқи отырыңыз: Өрттің 70 пайызы тұрғын үй секторында болады. Бір жылда кешендердегі өрт саны 9 пайыз қысқарған
Балаларыңызға Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің нөмірлерін жаттатыңыз:
- Өрт сөндірушілер – 101;
- Полиция – 102;
- Жедел жәрдем – 103;
- Газ апатынан құтқару қызметі – 104;;
- Құтқару қызметі – 112.