Көлік шиналары ұзақ уақыт қызмет етуі үшін қалай сақтаған дұрыс
Көліктің қысқы және жазғы шиналарын маусымаралық кезеңде дұрыс сақтау – олардың ұзақ уақыт қызмет етуіне кепілдік береді. Алайда, көлік жүргізушілер шинаны сақтау талаптарын біле бермейді және сақтай бермейді. Көбінесе шиналар балкондарда, жылытылмайтын гараждарда немесе бірінің үстіне бірі үйіліп сақталады.
Мамандар мұның резеңкенің деформациялануына және мерзімінен бұрын тозуына әкелетінін айтады.
"Автомобиль шиналары жарықтың, температураның, ылғалдылықтың және механикалық әсерлердің ықпалына сезімтал күрделі химиялық-технологиялық өнім. Технологиялық талаптарға сәйкес, шиналар құрғақ, қараңғы және жақсы желдетілетін үй-жайда, +5-тен +25°C-қа дейінгі температурада, шинаның қаңқасының деформациясын және резеңке қоспасының кебуін болдырмайтын арнайы сақтау жүйелерін қолдана отырып сақталуы тиіс", – дейді Attar шиналарын өндіретін қазақстандық Tengri Tyres зауытының мамандары.
Сондай-ақ технологиялық талаптар бойынша шиналар арнайы сөрелерде тік күйде орналастырылуы шарт. Бұл бүйір қабырғаларының деформациялануын болдырмайды.