Дүниежүзілік семіздікті емдеумен айналысатын World Obesity Federation федерациясы жуырда жариялаған баяндамасында 12 жылдан кейін әлем халқының жартысынан көбінде артық салмақ болатынын мәлімдеді. Дәлірек айтқанда, 4 млрд адам семіздікпен байланысты қиындықтармен бетпе-бет келеді. Мұнымен қатар, мамандардың болжауынша, семіздікке бірінші кезекте балалар мен жасөспірімдер шалдығады. Көрсеткіш ұлдар арасында 208 миллионға (100% өседі), ал қыздар арасында 175 миллионға (125%) дейін артады.

Сондай-ақ, семіздіктің алдын алу немесе емдеу шығыны әлем бойынша 4 трлн долларға өседі. Бұл бірінші кезекте халықтың табысы аз, күнделікті дұрыс тамақтану үшін ақшасы жетпейтін Африка және Азия елдерінде көрініс табады. Осы орайда, Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетіне қарасты Нутрициология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Майгүл Қайнарбаева адамдардың семіздікке шалдығу себебі мен оны алдын алу үшін не істеу керегін әңгімеледі. 

Майгүл Сейдуллақызының айтуынша, адамның семіздікке шалдығуына басты бірнеше себеп бар. Олар:

  • ағзадағы зат алмасу процесін бұзатын құрамында қант, май, дәмдеуіштері бар және калориясы жоғары тағамдарды мөлшерден тыс тұтыну;
  • гиподинамия немесе гипокинезия. Әсіресе, қалалық жерлерде кеңседе жұмыс істейтін азаматтар қозғалысының шектелуі;
  • генетикалық факторлар – ағзадағы майды сыртқа шығаратын немесе ыдырататын ферменттерің жеткіліксіздігі;
  • жеңіл сіңірілетін кондитерлік тәттілер, торт, пирог, шоколад, қанты көп сусын – көмірсуларды шектен тыс тұтыну;
  • гипогонадизм, гипотериоз және инсулинге төзімділікпен байланысты ауруларға шалдығу;
  • тамақтану дағдысының психологиялық тұрғыдан бұзылуы – психогендік артық тамақтану немесе әртүрлі эмоцияға берілудің нәтижесінде болатын өзгерістер;
  • жастың ұлғаюына байланысты артық салмаққа шалдығу мүмкіндігінің жоғарылауы;
  • жынысқа байланысты семіру – ерлерге қарағанда әйелдер артық салмақ қосуға бейім;
  • әлеуметтік-экономикалық ахуалдың әсері – дамыған мемлекеттерде тамақты бірнеше рет өңдейді, осының әсерінен құрамындағы пайдалы заттардың азаюы;
  • адамның күйзеліс пен депрессияға бейім болуы;
  • ұйқының қанбауы, биологиялық ритмнің бұзылуы;
  • гормондық, психотроптық препараттардың ұзақ уақыт ішу.

Оқи отырыңыз: Оразада денсаулыққа зиян тимес үшін қалай тамақтану керек? Диетологтан 5 кеңес 


– Артық салмақтан арылу процесін неден бастаймыз?

– Әдетте арықтауды қатаң диеталардан бастап жатамыз. Алайда мұндай шектеулер керісінше ағзаны бұрынғысынан бетер күйзеліске түсіріп, адамның әлдеқайда көп салмақ жинап алуына себеп. Салмақ қайтып келмейтіндей сапалы арықтауға болады. Біріншіден, тамақтану тәртібін өзгертіп, күнделікті үздіксіз бірнәрсе жеу әдетінен арылу қажет. Зиянды тағамдарды пайдалысына алмастыру, құнарлылығы жоғары, майлы және тәтті тағамдардан уақытша бас тарту. Арықтау кезінде күнделікті рационға 500 грамм көкөніске дейін қосуға болады. Олардың құрамындағы дәрумендер мен талшықтар қарынның ашпауына, асқазан-ішек жолдарындағы зиянды өнімдердің сыртқа шығуына көмектеседі. Екіншіден, күнделікті тұтынатын тағам құрамындағы тұз мөлшерін бақылау. Әдетте тұз бен әртүрлі дәмдеуіш адам тәбетін ашып, керісінше адамның салмақ тастауы қиындап кетеді. Мысалы, консервіленген, тұздалған, үйде жапқан, балық құрамында көп кездеседі. Үшіншіден, бұрын-соңды спортпен тұрақты түрде шұғылданбаған болсаңыз, күнделікті 10 мың қадам жүру және 30 минут жаттығу жасау. Төртінші маңызды кеңес – баяу арықтау. Себебі, адам жылдам салмақ тастайтын болса, денедегі қорғаныс реакциясы іске қосылады. Диетаны тоқтатқанда екі есе салмақ жинап алады. Осыны ескеріп 3-6 ай бойы аптасына  500-700 грамм салмақ тастау жеткілікті.

– Артық салмақ пен психосоматиканың байланысы қандай? Адамның жағымсыз эмоциядан арылуы үшін тамақ жейтіні рас па?

– Семіздікке ерте жаста шалдығудың қауіп-қатері жоғары. Есейгенде әртүрлі аурудың дамуымен шектелмейді, адамның еңбектену, ойлау қабілеті төмендейді. Өзін әлеуметтік қарым-қатынастан шектеп, қоғамға араласуды қояды. Мұнымен қатар, отбасында бір қазаннан тамақтану – ересек адамдардың да, балалардың да тамақ порциясының бірдей болуы. Осылайша адам өз ағзасының қажеттілігіне қарай емес, жанындағы адамдарға қарап тамақтанады. Бұл "экстернальды тамақтану" деп аталады. Бұдан өзге адамдар депрессия мен күйзелісті басқаша емдей алмайтындықтан, тоқтаусыз тамақтанатын кездер болады. 


Оқи отырыңыз: Қалай қант диабетінің алдын алуға болды? Дәрігер кеңесі


– Түйсікпен тамақтанудың пайдасы мен зияны қандай?

– Ғылым тұрғысынан тиімділігі толық дәлелденбегендіктен, мұны біздің тағамтану ғылымында талас тудыратын концепцияларға жатқызады. Десе де кейбір топтарға тиімді түрде көмектеседі. Түйсікпен тамақтанудың басты қағидасы – адам өзін қатты шектемей, ағза қажеттілігін қалауына қарай толық өтеу. Сондай-ақ, түйсікпен тамақтану қағидасында физикалық және эмоциялық ашығуға мән береді. Бұл қағидамен тамақтану үшін адамның күш-жігері мықты болып, қалай ашығып тұрғанын түсіне білуі керек. Тағы бір мәселе – дұрыс тамақтану үшін ақшасының жеткілікті болуы. Ал жасөспірімдер мұны басқаша түсініп, фастфуд, газдалған сусын, қанты көп өнімді қалағанша тұтынады. Мұнымен қатар, қант диабетімен ауыратын адамдар түйсігіне сүйенбей, белгілі бір уақыт аралығында міндетті түрде тамақ жеуі керек. Әйтпесе, гипергликемиялық комаға шалдығады.


Оқи отырыңыз: "Ана сүтін ештеңе алмастыра алмайды". Бала емізудің пайдасы жөнінде маман кеңестер


– Қант диабеті де кеңінен таралған аурулардың бірі. Қандай тағамдардан бас тарту қажет?

– Қант диабетінің бірнеше түрі бар, І, ІІ типі инсулин мөлшеріне тәуелді. Ол сырттан инсулин беру арқылы емделеді. Мұнымен қатар, қант диабетін дұрыс тағам түрлерін таңдау арқылы тиімді емдеуге болады. Бұл жағдайда келесі өнімдерді тұтынбаған абзал:

  • жоғары сорттағы ұннан жасалған нан өнімдері, қатпарлы қамырдан жасалған тағамдар;
  • ұнтақ жармалар мен сүт қосылып жасалған күріш ботқасы, майлы сүт өнімдері;
  • майлы сорпа, құрамында холестерині жоғары қой еті;
  • ысытылған шұжық, балық уылдырығы мен тұздалған, консервіленген балық;
  • көкөністердің тұздалған, маринадталған, үйде жапқан түрлері;
  • әртүрлі дәмдеуіш пен тұздық;
  • жүзім, мейіз, інжір, құрма, кәмпит, балмұздақ және тосап. 

– Көктемде қалай тамақтануға кеңес бересіз?

Бұл мезгіл жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі. Адамның ағзасындағы пайдалы қордың мөлшері азаятындықтан, дастарханға ерекше мән беру керек. Бірінші кезекте рационда ақ және асылған ет, балық пен құс еті көп болуы тиіс. Екіншіден, сүт өнімдері мен сүт қышқылы өнімдері фосфор мен кальций мөлшерін реттеп, адамның сүйек, тырнақ және шашына оң әсерін береді. Сүттен гөрі сүт қышқылы өнімдерінің ағзаға жылдамырақ сіңетінін ескеру керек. Ұннан жасалған тағамдарды жармалар мен бұршақ тұқымдастарға, жаңғақ, күріш және қара құмыққа алмастыру. Үшіншіден, көктемде ағзадағы дәрумендер мен минералдық элементтер азая бастайтындықтан, көкөністер мен жемістерді көбірек тұтыну қажет. Олар адамның жүйке жүйесіне де оңтайлы әсер етеді. Сары, сарғыш және жасыл түсті көкөністер мен жемістердің тағамдық құндылығы жоғары болады. Төртіншіден, ағзаға оттекті тасымалдап, шаршағанды басу үшін судың мөлшері жеткілікті болуы тиіс. Итмұрыннан жасалған тұнбалар мен қақтан жасалған компоттардың да пайдасы зор. Бір сөзбен айтқанда осы уақытқа дейін тұтынып келген өнімдерді пайдалы түріне алмастыру арқылы ағзаны көктемге бейімдей аламыз. 


Оқи отырыңыз: Қымызда қандай дәрумендер бар және ол қай ауруларға ем?