Оқушылар үшінші тоқсанда қалай білім алады? Вице-министр түсіндірмесі
Оқу жоспары бойынша үшінші тоқсан 11 қаңтарда басталып, 20 наурызға дейін жалғасады. Екінші тоқсандағыдай жалпы білім беретін мектептерде 1-5 кезекші сыныптар, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптар, шағын жинақталған мектептер дәстүрлі форматта оқиды. Үшінші тоқсанның ерекшелігі жалпы білім беретін мектептердің, халықаралық және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 9-12 сынып оқушыларын оқыту штатты форматта жүргізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді.
Осы сыныптарда сабақтардың 70 пайызы штаттық режимде, қалғандары қашықтан өтеді. Әр мектеп қай пәнді қашықтан, қай пәнді штатты режимде оқыту туралы шешімді дербес қабылдайды. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды ескеріп, 15 оқушыға дейін сыныпқа бөліп оқыту жалғасады.
Оқушыларға интернаттарда тұрып оқуға рұқсат етіледі. Қажет болған жағдайда штаттық форматта білім алып жатқан оқушылар үшін мектепте жеке консультациялар өткізуге рұқсат етілген. Бір топта 5 адамнан артық болмауы қажет.
Қазақстанда 3,4 млн оқушы мектепте білім алады. Олардың 58,3%-ы қашықтан оқыса, 41,7%-ы дәстүрлі форматта оқиды:
- 1-5 сынып оқушыларының 24%-ы – кезекші сыныптарда;
- 10,3%-ы – шағын жинақталған мектептерде;
- 9-12 сыныптарда оқитын 260 мың оқушы штаттық форматта оқуын жалғастырады.
Штаттық оқыту бойынша шешім тиісті аумақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерімен бірлесіп қабылданады.
Оқи отырыңыз: Білім министрі қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы қалай өсетінін айтты
Ауыл колледждері дәстүрлі форматта жұмыс істейді
Қазақстанда 796 колледж бар. Жаңа семестр 18 қаңтарда басталады. 149 мың бірінші курс студенттері оқуын штаттық форматта жалғастырады. Пәндердің 70%-ы – дәстүрлі форматта, 30%-ы қашықтан оқытылады. Қашықтан оқытылатын пәндерді әр мекеменің өзі таңдайды.
Ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан 97 колледж және жабық түрдегі 15 колледжде оқыту дәстүрлі форматта ұйымдастырылады. Жергілікті атқарушы органдар мен білім беру ұйымдары жатақхана орындардын санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға дайындайды.
Мектептерде де, колледждерде де штаттық форматта оқыту кезінде әр білім мекемесі икемді сабақ кестесін жоспарлағанда міндетті түрде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлар ескеріледі.
Аудиториялық сабақтардың ұзақтығы 45 минуттан аспайды. Аудиторияларда үзілістер кезінде және сабақтар аяқталған соң да санитарлық тазарту жүргізіледі.
ЖОО біртіндеп дәстүрлі оқыту форматына көшеді
Қазақстанда 128 жоғары оқу орны жұмыс істейді және онда 619 мыңнан астам студент білім алады. 18 қаңтар мен 15 ақпан аралығында ЖОО-да көктемгі семестр басталады. Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов дәстүрлі оқытуға біртіндеп көшу мәселесі пысықталып жатқанын айтты.
1-курс студенттері, яғни 150 мың адам аралас форматта оқиды: дәрістер – онлайн форматта, семинарлар, қолданбалы сипаттағы зертханалық және практикалық сабақтар күндізгі форматта өтеді. 2, 3 және 4-курс студенттері дайындық бағыттарына байланысты бұрынғы режимде қалады.
ЖОО-да тиісті санитарлық-эпидемиологиялық режим орнатылды:
- аудиторияларда студенттердің саны 40%-дан аспайды;
- әртүрлі топ студенттері бір-бірімен үзілісте кездеспеуі үшін жылжымалы ауысу кестесі жасалады;
- аудиторияларда парталар арасында екі метр әлеуметтік қашықтық сақтау;
- зертханаларда бір студентке бес шаршы метр қашықтық сақтау.
Басқа қалалардан келген студенттерге жатақханадан орын беріледі, бірақ толымдылық 50%-дан аспайды. Магистратура, докарантурада оқитындар бұрынғы форматта оқи береді.
Оқи отырыңыз: "Балалар үйірмесі" қызметі қалай іске асады? Министр түсіндірмесі
Алматыда мектептерге қандай талаптар қойылады?
Алматыда аралас форматтағы оқытуды ұйымдастыру кезінде келесі шаралар сақталуы қажет:
- сыныптағы оқушылардың саны санитарлық ережелер мен нормалар стандарттарына сәйкес келуі керек;
- басталу және аяқталу уақытын көрсете отырып, сабақтардың икемді кестесін құру;
- әлеуметтік қашықтықты сақтау мақсатында физикалық байланысты қысқартып, ауысым мен кезекті көбейту;
- кабинет жүйесін алып тастау;
- әр сынып үшін әртүрлі уақытта сабақ арасындағы үзілістерді ұйымдастыру;
- кіші блокпен байланысты болдырмау;
- кіреберісте педагогтар мен оқушылардың дене қызуын өлшеу;
- барлық орынды, кабинеттерді желдету, кварцтеу;
- қолды арнайы құралдармен жуу;
- әр екінші сабақтан кейін сыныптарды ылғалды тазарту;
- ауысым арасында дəлізді, демалыс аймағын, залды жəне басқа үй-жайларды ылғалды тазалау;
- дене шынықтыру сабағын таза ауада өткізу немесе спорт залдарын үнемі желдету;
- мұғалімдердің кабинеттер арасында қозғалуына, мұғалімдер бөлмесіне баруға, сыныптан тыс жұмыстар мен ата-аналар жиналысын өткізуге тыйым салу;
- шұғыл жиналыстарды қашықтан өткізу;
- мектептерді заттардың беттерін өңдеуге арналған дезинфекциялау құралдарының жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз ету;
- мектептің кіреберісінде аяқ киімге арналған дезинфекциялық төсеніштердің, барлық қабатта қолды тазарту құралдарының болуы;
- қолды жуғыш заттармен жуу үшін сапалы сумен жабдықтау.