2021 жылдың қаңтарынан барлық педагогтің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
"Биыл президент біздің алдымызға мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға өсіру міндетін қойған еді. Біз тапсырманы орындадық. Келесі жылы қаңтар айынан бастап барлық педагогтің жалақысы тағы 25 пайызға көбейеді", – деді Асхат Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол тек мектеп мұғалімдерінің емес, балабақша, колледж, қосымша білім беру жүйесінің педагогтерінің айлығы көтерілетінін атап өтті.
Бұдан бөлек, министр білім жүйесінде басқа да қосымша ақылар барын еске салды. Мәселен, біліктілік санатына қарай мұғалім өз жалақысының 30-50 пайызына дейін қосымша ақы алады. Егер ол шебер болса, ай сайын еңбекақысының 50 пайызына дейін үстемеақы беріледі. Сондай-ақ, пәнді ағылшын тілінде беру, сынып жетекшілігі, дәптер тексергені үшін қосымша ақылар қарастырылған.
Мұғалімді қағазбастылықтан арылтатын бұйрыққа қол қойылды
Мұғалімдерді көптеген есептіліктен арылту үшін заңды негіздер пайда болды. Ол үшін арнайы бұйрыққа қол қойылды. Орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізбесі белгіленді.
"Артық есептілікті талап еткені үшін лауазымды тұлғалар айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мектеп басшысы мен оның орынбасарлары толтыратын нақты қажетті құжаттар тізімі де белгіленген, қажеті жоқ құжаттар алынып тасталды", - деді министр.
Оның айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарында да қатаң есептегі құжаттардың 11 формасы алынып тасталды. Бұл оқытушыларға сабаққа дайындалуға және кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов үшінші тоқсанда 9,11,12-сынып оқушылары қалай оқитынын түсіндірді.
Бұған дейін коронавирустың таралуы жөніндегі ведомствоаралық комиссия үшінші тоқсанда 9,11,12-сыныптар аралас оқу форматына көшетінін мәлімдеген еді.
"Мен мұны өте маңызды шешім деп санаймын. Бұл шешім, ең алдымен, бірнеше айдан кейін қорытынды аттестация, яғни мемлекеттік емтихан тапсыратын балаларға қатысты. Олар тоғызыншы және он бірінші сыныптар. Оқушылар бағдарламаның 70%-ін дәстүрлі режимде және қалған 30%-ін қашықтан оқиды. Аралас оқыту дегеніміз осы", - деп түсіндірді Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеу мен қорытынды аттестацияға кіретін пәндер мектепте оқытылады. Олар: математика, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физиака, химия, биология, алгебра, геометрия және тағы басқа.
"Мектептерде санитарлық нормалар сақталады. Бұл бір кабинет, әртүрлі уақыттағы үзіліс, әлеуметтік арақашықтық", – деді ведомство басшысы.
Айта кетсек, колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері де II семестрден бастап аралас оқыту форматына көшеді.
Мектеп оқушыларына вакцина салына ма?
Отандық вакцина клиникаға дейінгі зерттеуден, бірінші және екінші фазадан өтіп, клиникалық зерттеудің шешуші үшінші фазасына келді. Бәрін хаттамаға, халықаралық стандартқа және талаптарға сәйкес жасалып жатыр. Барлық принциптер мен барлық нормаларды сақталу керек.
"Наурыз айының ортасында бұл вакцинаны шығарып, азаматтарды вакциналай бастау жоспарда. Бірақ бұл жерде вакцинаны дайындауға қатысты ғылыми мәселелер Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне жататынын, ал вакциналаудың одан әрі мәселелері министрлік құзыретіне кірмейтінін еске салғым келеді", – деді Білім министрі.
Оның айтуынша, мектеп оқушыларын екпе салдыруға ешкім мәжбүрлемейді. Мектептердегі медициналық бөлім Денсаулық сақтау министрлігінің құзіретінде.