ONAY картасы жоғалса, қалай бұғаттауға және қайта жасатуға болады?
ONAY картасын сатып алған соң, оны дереу жеке ЖСН нөмірі арқылы Оnay мобильді қосымшасына тіркеген жөн. Қосымша арқылы қоғамдық көліктің қай жерде келе жатқанын, картада қанша қаражат қалғанын көруге болады. Сондай-ақ, картаны жоғалтқан жағдайда оны бірден бұғаттап тастауға мүмкіндік бар. Бұғатталған карта жарамсыз болып, үшінші адамның сіздің ақшаңызды жұмсауына жол бермейді. Егер төлем картасы бұғатталмаса, оны тауып алған адам емін-еркін пайдалана алады.
Көлік картасының келесі түрлері бар:
- Бірыңғай көлік картасы;
- Оқушының көлік картасы;
- Алматы облысына арналған оқушының картасы;
- Студенттің көлік картасы;
- Әлеуметтік көлік картасы;
- Зейнеткердің көлік картасы;
- Көп балалы ананың әлеуметтік картасы;
- 1-2 топтағы мүгедектің әлеуметтік картасы;
- 18 жасқа дейінгі мүгедектің әлеуметтік картасы;
- ҰОС ардагерінің көлік картасы;
- Ардагердің жеңілдік картасы;
- "Желтоқсан оқиғаларына қатысушы" картасы;
- "Дизайнерлік карта";
- "ОNAY" салпыншағы.
Оқи отырыңыз: Автобуста билет алмаған жолаушы 68 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі мүмкін
Бірыңғай көлік картасының құны – 500 теңге. Ол бір жол жүру құнын (80 теңге) және 420 теңге кепіл құнын қамтиды. Кепіл құны бірыңғай көлік картасын қайтарған жағдайда қайтарылады. Бұл ретте қайтару мерзімі бірыңғай көлік картасын сатып алған не алғаш рет іске қосқан күннен бастап 6 айды құрайды. Карта қайтарылған жағдайда тозбаған болуы және жұмыс істеп тұруы тиіс.
Егер пайдаланушы картаны белгіленген мерзімде қайтармайтын болса, ол пайдаланушының меншігіне өтеді. Ал оның кепіл құны бірыңғай көлік картасының тікелей құнының төлемі ретінде операторда қалады. Бірыңғай көлік картасының қолданылу мерзімі шектелмеген.
Оқи отырыңыз: Алматы автобустары неге кешігеді? Көлік холдингі түсініктеме берді
Есте ұстайтын нәрсе: бірыңғай көлік картасы жоғалған жағдайда қайта қалпына келтірілмейді және ондағы ақша қалдығы қайтарылмайды. Бірақ мобильдік қосымша арқылы қаражатты бұғаттаған болсаңыз, "ОNAY" операторының кеңсесіне барып өтініш жазуыңыз керек.
Пайдаланушы тиісті құжаттарын ұсынған жағдайда, жоғалған картадағы қалдық ақша жаңа картаға аударылады немесе қолма-қол беріледі. Егер қалдық ақшаны қолма-қол алсаңыз, бұл кезде қайтарылатын қаражат қалдығының 2 пайыз мөлшерінде комиссия ұсталынады.
"Дизайнерлік карта" мен "ONAY салпыншағы" ішіндегі қаражатты қайтару дәл осындай тәртіппен жүзеге асады.
Оқушының, студенттің және әлеуметтік санаттағы жеңілдігі бар көлік карталарын қайта қалпына келтіруге болады. Ол үшін "Алматы қаласы көлік холдингіне" (Рысқұлбеков көшесі 33/1 және Абылай хан даңғылы 3 а мекен-жайы бойынша) барып, картаны жоғалтқаны туралы өтінішті толтыру қажет. Өтініштер жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қабылданады. Картаны пайдаланушы тиісті өтінішпен жүгінген соң, бірден қайта жасалады.
Оқи отырыңыз: Astra Plat көлік картасын қалай алуға болады?
Картаны қайта жасату үшін қандай құжаттар қажет?
Оқушының көлік картасын қайта жасату үшін – туу туралы куәлік, карта қолданушысының жеке басын куәландыратын құжат және оқу орнынан анықтама керек. 16 жасқа толмаған оқушылар өтініш толтыруға міндетті түрде ересек адаммен баруы қажет. Оның жеке куәлігі өзімен бірге болуы тиіс.
Студенттің көлік картасын қайта жасату үшін – карта қолданушысының жеке басын куәландыратын құжат, оқу орнынан анықтама қажет.
Әлеуметтік көлік картасын қайта жасату үшін – карта қолданушысының жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер және 18 жасқа толмаған мүгедек балалар мүгедектік туралы анықтамасын қоса ұсынуы керек. 18 жасқа толмаған төрт немесе одан да көп баласы бар аналар – ағымдағы жылға сәйкес Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан анықтама апаруы қажет.
Ал жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар – балалар үйінің немесе мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі екенін растайтын анықтама беруі керек.
Оқи отырыңыз: Алматыда атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қайда құжат өткізу қажет?
Есте ұстайтын нәрсе: оқушының, студенттің және әлеуметтік санаттағы жеңілдігі бар көлік карталарын қайта қалпына келтіргенде, картаның қайта шығару құнын төлеу қажет.
Мектеп оқушыларының, Алматы облысына арналған оқушының және студенттердің көлік картасының құны – 500 теңге. Бірақ картаны жоғалтқан жағдайда оны қайта шығару үшін 1500 теңге төлеу керек. Ал жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бұл – 950 теңгені құрайды.
Әлеуметтік санаттағы карталар қолданушыға бастапқыда тегін беріледі. Ал қайта шығарғанда жеңілдігі бар карта иелері 950 теңге төлейді.
Оқи отырыңыз: Электронды-цифрлық қолтаңбаны онлайн алудың жолы қандай?
Көлік картасындағы қаражаттың қалдығын барлық қоғамдық көліктегі терминалдан, QIWI терминалдарында, CityBus және Оnay мобильді қосымшасы, "Халық банк" АҚ және "Kaspi Bank" АҚ қаржы порталы арқылы және оператордың сайтында тексеруге болады.
Бірыңғай көлік картасын Алматы қаласындағы төмендегі мекен-жайлардан сатып алуға болады:
- Әуежайда (Б.Майлин көшесі, 2);
- Алматы 1 теміржол вокзалында (ЖК "Раисова"; ЖК "Мищенко");
- "Караван" агенттік дүңгіршектер желісінде;
- "Akson-mobile" салондарында;
- Z-Press нүктелерінде;
- "ОNAY" бақылаушыларынан;
- Оператордың кеңсесінде (Рысқұлбеков көшесі, 33/1 үй және Абылай хан даңғылы 3 а, "Алтын Тараз" СО ғимараты);
- Метрополитен кассаларында;
- "Guidejet TI" ЖШС (Манас көшесі, 7 б және 1а үй-жайы);
- "Rixos" қонақ үйінде (Сейфуллин даңғылы, Қабанбай батыр көшесінің қиылысы, 506-99).