"Қазақстан" телерадиокорпорациясы қазақстандық жоғары оқу орындарындағы журналистика факультетінің II, III, IV курс студенттері арасында қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы стипендияға байқау жариялайды.

"Нұртілеу Иманғалиұлы – өзінің эфирдегі үлгісімен Қазақ телевизиясының тұтас бір буынын тәрбиелеген тұлға.  Біздің мақсатымыз – осы сабақтастықты жалғау, телевизияда Нұртілеу Иманғалиұлының ізбасарларын дайындау, есімі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау. Екіншіден, бұл болашақ журналистердің шығармашылық шеберлігін шыңдауға көрсеткен қолдауымыз", – дейді "Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Үміткер Нұртілеу Иманғалиұлының телевизиядағы тұлғасы жайлы бейнематериал әзірлеуі тиіс. Материалдар қазақ тілінде қабылданады. Грант иелері – екі жеңімпазды "Қазақстан" телерадиокорпорациясының қызметкерлерінен құралған арнайы комиссия анықтайды. 

Стипендия әр жеңімпазға 2021-2022 оқу жылына беріледі. Жұмыстар 2021 жылғы 28 маусым – 28 тамыз аралығында baiqau@qazaqstan.tv электронды поштасы арқылы қабылданады.