Нұр-Сұлтанда жастардан жалдамалы баспанаға құжат қабылдау басталды
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтін жастардан жалдамалы баспанаға құжат қабылдау басталды. Бұл бағдарламаға айлық табысы 101 мың теңгеден кем емес 29 жасқа дейінгі үміткерлер қатыса алады. Құжаттар 5-10 қараша аралығында smart.astana.kz сайтында онлайн режимде қабылданады. Құжат өткізу үшін өтініш берушіде ЭЦҚ болуы шарт. Пәтер бес жылға жалға беріледі, оны сатып алу және жалдау уақытын ұзарту мүмкіндігі жоқ.
Нұр-Сұлтандық жастарға пәтерлер Уәлиханов пен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы "Астаналық" базарының маңайында, сондай-ақ, Бөгенбай батыр мен Жангелдин көшелерінің қиылысында бой көтерген тұрғынүйлерден беріледі. Бір бөлмелі пәтер ауданы 30-45 шаршы метр болса, екі бөлмелі пәтердікі 46-70 шаршы метр. Іріктеуден өткен өтініш беруші жастардың тізімі 10-желтоқсаннан кешікпей жарияланады.
Айта кетейік, Алматы қаласының жастарынан құжаттарды тіркеу 30 қазанда басталған болатын. Өтініштер 12 қарашаға дейін almaty-jastary.kz сайтында қабылданады. Пәтерлер Алатау ауданына қарасты "Саялы-2" ықшамауданында орналасқан үйлерден үлестіріледі. Алматы қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы байқау нәтижесіне қарап, қараша айының соңына дейін тиісті талапқа сай келген алғашқы 250 адамға пәтер кілтін тапсырмақ. Қалған үміткерлер жыл соңына дейін үйлі болады деп жоспарланып отыр.
Жаңа бағдарлама талабы бойынша үміткерлер соңғы екі жылда пәтер алуға өтініш беріп отырған қалада тіркеуде болуы тиіс. Сондай-ақ, жеке баспанасы болмауы шарт. Іріктеу нәтижесінде ең көп балл жинаған 1050 адамға пәтер беріледі. Бір айлық жалға беру құны пәтердің ауданына қарай 5-15 мың теңге аралығын құрайды. Пәтерді жалға алушы коммуналдық шығындар ақысын төлеп отыруға міндеттенеді.
Тағы оқи отырыңыз: Биыл ипотекаға пәтер алу жеңілдей түсті. 2019 жылы жылжымайтын мүлік нарығы қалай өзгереді?
Жалға алушылар бөлмелердің қабырғалары мен есік-терезелерін өз бетінше өзгерте алмайды. Егер пәтерді күтіп қарамай, тоздырып жіберсе, келтірген шығыны үшін шартқа сәйкес қосымша ақы төлейді.
Бағдарламаға қатысуға қажетті құжаттар тізімі:
- форма бойынша өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжат;
- білімі туралы құжаты;
- 2008 жылға дейін алынған неке қию туралы куәлік;
- 2008 жылға дейін туылған балалардың туу туралы куәлігі;
- жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
- жұмыс орнынан анықтама;
- өтініш берушінің соңғы 6 ай ішіндегі табысы туралы анықтама;
- еңбек өтілін растайтын құжаттары;
- банктік жинақ шотының болуы және нөмірі туралы анықтама;
- өтініш берушінің түрлі қызметіндегі жеке жетістіктерін растайтын құжаттар (диплом, марапаттар және алғыс хаттар).
Жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Тапсырмаға сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға үш жыл қатарынан 3 мың пәтерден үлестіріліп отырмақ. Бұл мүмкіндікті пайдаланған жастар өз баспаналарын сатып алуға қаражат жинай алады. Әзірге Шымкент қаласында мұндай байқау әлі басталмады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі үстіміздегі аптаның соңына дейін пәтерлердің қай аумақтан берілетіні анықталып, одан кейін құжат қабылдау басталатынын хабарлады. Қалада бастапқы кезекте 300 пәтер жалға беріледі.