Жылына – 120 мың автокөлік: Алматыдағы AMMKZ мультибрендті зауытынан алғашқы репортаж
Алматыда Astana Motors Manufacturing Kazakhstan автокөлік шығаратын мультибрендті зауыты биыл қыркүйекте ашылғанымен, оған алғашқы медиатур желтоқсанда ұйымдастырылды. Оның да өз сыры бар. Бұл аралықта зауыт "етек-жеңін жинап", өндірістік процесті өз өрісіне түсірді. Қытайдың үш ірі автокөлік бренді – Chery, GWM және Changan-ның көліктерін шығаруды бастады. Қытай, Германия, Франция, Жапония және өзге де елдерден әкелінген жабдықтардың жұмысы жүйелі ырғаққа ілесіп үлгерді.
Нәтижесінде медиатурға қатысушылар ТМД елдерінде теңдесі жоқ жаңа да заманауи зауыттың жұмысына куә болды.
Статистиканы қысқаша сөйлетсек, зауыт аумағының жалпы ауданы 309 мың шаршы метрді құраса, оның 211 мың шаршы метрін өндірістік орындар алып жатыр. Бұл жерде 3600-ден астам адам еңбек ететін болса, зауыт жылына 120 мың көлік шығаруға қауқарлы. Әзірге Chery Tiggo 2 Pro, Haval Jolion жжәне Changan CS55 өндіріліп жатқанымен, өндіріс желісі қайта құруға икемді. Яғни, нарықта сұраныс болса, AMMKZ кез-келген көлік өндірісін тез арада жолға қоя алады. Оның техникалық жабдықтары бір уақытта көліктің 12 моделін қатар шығаруға мүмкіндік береді.
"Астана Моторс" ҚМК бас директоры Бекнұр Несіпбаевтың айтуынша, зауытқа қажет жабдықтардың басым бөлігін Қытайдың Automotive Engineering Corporation компаниясы жеткізген.
"Бұл – әлем бойынша 30 мыңнан астам жобаны жүзеге асырып, автокөлік зауыттарының 80 пайызын жабдықтаған көшбасшы компания. Сондықтан, сенім өте жоғары. Жалпы, мультибрендті зауыт тәжірибесі әлемде танымал, бірақ біздің зауыттың басты ерекшелігі, ол әлі жоба кезінде-ақ үш брендпен алдын ала келісім жасалып үлгерді. Бұл құжаттарға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдың Сиань қаласына жасаған сапары кезінде қол қойылған болатын", – деді Бекнұр Несіпбаев зауыт тарихына аз-кем шолу жасап.
Бұл ретте ол зауыттың қандай қаржыға бой көтергенін де атап өтті. Бұл жобаға 215 миллиард теңге инвестиция салынса, оның 41 пайызын компанияның өзі құйып, 59 пайызын Қазақстан даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының несиесі құраған. Несие 15 жылға жылдық 9 пайыз мөлшерлемемен берілген.
AMMKZ зауытының Дәнекерлеу, Бояу және Құрастару цехтерінде жалпы саны 54 робот жұмыс істейді. Айталық, Дәнекерлеу цехінде шанақ элементтері қосылымдарының жоғары дәлдігін және сапасын 17 Fanuc роботы қамтамасыз етсе, Бояу цехінде 34 өнеркәсіптік робот пен ABB маркалы атомайзерлер бар. Ал үшінші – Құрастыру цехінде бөлшектерді дәл орнату және жұмыс процесінің тиімділігін арттыру үшін 3 Fanuc роботы жұмыс істейді.
Аталған цехтерден бөлек, зауытта логистикалық қоймалар, сынақ полигоны, дайын көлікті тиеп жөнелтуге арналған алаңдар, тазарту қондырғылары, инженерлік желілер әкімшілік-тұрмыстық корпус та бар.
Аталған мүмкіндіктер мен технологиялар, жабдықтар біріге келіп, зауыттың жылына 120 мың көлік құрастыру әлеуетін қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен, медиатур барысында "Бұл Қазақстан нарығы үшін тым көп емес пе?" деген сауал да туындады. Оған жауап берген Бекнұр Несіпбаев компания алдағы уақытта экспортқа аса көңіл бөлетінін алға тартты. Бірақ, бұл саланың да өз күрмеулері мен түйткілдері бар екен. Дегенмен, компания жоспарынша, жылына 120 мың көлік өндірілген жағдайда оның 40 пайызы Қазақстан нарығында сатылса, қалған 60 пайызы шетелге эспортталмақ.
"120 мың бір қарағанда көп болып көрінетіні рас. Бірақ, бұл зауыт бір-екі жылға есептелген қысқамерзімді жоба емес. Біз жиырма жылдық перспективаны есепке аламыз. Бұл ретте біз 20 жылда Қазақстан экономикасы көтеріледі, халқымыз жаңа көлік мінуге көшеді, экспорттық әлеуетіміз артады деп сенеміз", – деген Бекнұр Несіпбаев Өнеркәсіп министрлігі тарапынан көлік шығаруда шанақты дәнекерлеу мен бояу ісіне ауысу бойынша жыл сайын талаптар күшейіп келе жатқанын алға тартты.
Бұл ретте өндірісті жергіліктендіру (локализация) көлемін арттыру да маңызды. Жергіліктендіру үлес қаншалықты жоғары болса, ол тек экономикалық тиімділігімен шектеліп қалмайды, оған қоса экспорт әлеуетін арттыруға да жол ашады. Оның жайын Бекнұр Несіпбаев баспасөз брифингі кезінде түсіндіріп берді.
Қазіргі таңда компания автоорындықтар пен мультимедия жиынтығын шығару есебінен жергіліктендіру үлесін 9 пайызға жеткізіп отыр. Almaty Autoparts Production және Kazakhstan Mobility Engineering аталатын бұл зауыттар да Astana Motors компаниясының серіктестермен бірлескен жобалары және олар да Алматының индустриялық аймағында орналасқан. Медиатур қатысушылары олардың қызметімен де жан-жақты танысты.
Бекнұр Несіпбаев оларды компания қосалқы бөлшектер шығаратын бір зауыт ретінде қарастыратынын алға тарта келе, алдағы уақытта олардың қатарын жылыту жүйелері мен карпет, яғни еден жабындысымен толықтыру жоспарланып отырғанын айтты. Қажетті алаң құрастырылып, жабдықтар да алынып қойған. Бұйырса, өндіріс жұмыстары 2026 жылғы наурызда бастау алмақ.
"Автоорындық пен мультимедия жиынтықтарының бағасы қымбат. Сондықтан қосалқы бөлшек өндірісін осы екеуінен бастадық. Ал жылыту жүйелері мен карпет жергіліктендіру үлесі шамамен 20 пайызға дейін көтереді. Біз үшін бұл маңызды. Өйткені, 5 жылда бұл үлесті 51 пайызға жеткізу жоспарымыз бар. Сонда бізге көліктерімізді шетелге экспорттауға жақсы мүмкіндіктер ашылады", – деді компания басшысы.
Бекнұр Несіпбаевтың түсіндіруінше, компания алғашқыда көліктерді Ресейге экспорттауды қарастырған. Алайда, геосаяси жағдайларға және Ресейдің утиль алымының мөлшерін арттыру арқылы қытайлық автобрендтердің көліктерін Ресейде шығаруына ынталандыруына байланысты бұл жоспар мүмкін болмай қалған.
"Дегенмен, Қырғызстан, Беларусь, Армения сынды нарықтар бар. Одан қалды, Қазақстанның әлемнің көптеген елдерімен жасалған сауда келісімдері де біз үшін маңызды. Алайда, бұл келісімдер жұмыс істеуі үшін қазақстандық, дәлірек айтқанда ЕАЭО қамтудың үлесі 51 пайыздан жоғары болуы тиіс. Сонда біз өнімдерімізде көптеген елге ол мемлекеттерге кеден салығын төлемей шығара аламыз. Бұл көлік экспортының заңды жолы және біз соған ұмтылып отырмыз. Қазір біз жергіліктендіру үлесін арттырумен қатар, осындай мүмкіндіктерді зерттеп жатырмыз", – деді Бекнұр Несіпбаев.
Жергіліктендіру үлесін арттыруға қазақстандық дөңгелектер мен аккумуляторды қолдану да үлкен рөл ойнамақ. Бұл ретте компания бұған дейін Hyundai Trans Kazakhstan үшін аккредитация алынған "Қайнар АКБ" аккумулятор зауытымен серіктестікті AMMKZ зауыты бойынша да жалғастыруды көздеп отыр. Ал дөңгелек бойынша Саран қаласындағы көлік дөңгелек шығаратын KamaTyresKZ зауытымен келіссөздер жүргізілген. 2026 жылғы күзде бұл зауыт "Астана Моторс" сұраныстары мен талаптарына сәйкес келетін дөңгелек прототипін әзірлейді. Егер ол сынақтан өткен жағдайда компания көлік өндірісінде қазақстандық дөңгелектерді қолданатын болады.
Компания басшысы брифинг барысында AMMKZ зауытын іске қосарда кадр мәселесін қалай шешкенін де айтып берді. Жаңа зауытқа 3600 адамды тарту – оңай шаруа емес екені анық.
"Бұл біз үшін расымен қиындық тудырған мәселе. Дегенмен, біз оны ерекше тәсілмен шештік. Индустриялық алаңда жанымызда өзіміздің Hyundai Trans Kazakhstan зауытының болғаны көп көмектесті. Сәйкесінше, директор орынбасарлары жаңа зауытқа директор, инженерлер бас инженер болып келді. Ал желіде жұмыс істейтін жұмысшыларға "егер досыңды жұмысқа тартып, ол жақсы еңбек етсе, сыйақы береміз" деген ұсыныс тастадық. Осылайша, 6 айда 2200 адамды қызметке алдық", – деді Бекнұр Несіпбаев.
Айта кетерлігі, зауытта жұмысшыларға жақсы жағдай жасалған. Өндірістік нысандардан басқа 430 жұмыс орнына арналған кеңселер мен демалыс орындары қарастырылған, атап айтқанда мың орындық асхана, 168 орындық кинотеатр, кітапхана, футбол, волейбол, үстел теннисі, бокс және күреске арналған спорт залдары, фитнес тренажерлері, киім ауыстыру және душ бөлмелері орнатылған. Кеңселер мен демалу аймақтарының аумағы 25 мың шаршы метр болса, зауыттың жалпы ауданының шамамен 20 пайызын алып жатыр.
Медиатур барысында қатысушылар ТМД-дағы теңдессіз зауыттың болашағы зор екенін көз жеткізіп тарқасты.