Алматыда байқаудан шеттетілген кинематогрифистер ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына өз өкпе-ренішін білдірді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Жиналғандардың айтуынша, қазақ киносының басы қасында жүрген шығармашылық топ наурыз айының басында ұлттық киноны қолдау орталығы жариялаған байқауға құжат тапсырған. Алайда, бірінші кезеңнен кейін тек 130 өтініш қабылданып, қалған 153-і кері қайтарылған. Бұл салада жүргенімізге талай жыл болды деген азаматтар неліктен бұлай болғанын түсінбей дал. Оның үстіне өзгертілген жаңа ережені ешкім ашып түсіндірмеген.

"Жаңа бекітілген бұйрықтың ережесінде біз өтініш беруші емес, қаражатты алушы болып тұрмыз. Енді бізге соны айтып жатыр. Біз 9 наурыз күні құжаттарымызды өткізіп тастағанбыз. Ал ол бұйрық 10 наурыз шыққан. Бірақ күшіне 22 наурыз енген. Сонымен бірге үшінші шарттың тармақшасын, яғни 3-5 күннің ішінде түзету енгізуге рұқсат берілетін тұсын алып тастау да үлкен күдік ұялатады", – деді режиссер Азамат Шарғын. 

Ал қазір байқауға қатысушылар үшін бұл мерзім өтіп кеткен. Құжатқа емес, сценарийге қаражат аламыз дегендер шығармашылыққа назар аудармай ең бірінші құжатты алға шығарғандары түсініксіз деп ашулы.

"Жыл сайын әйтеуір жаңа заңдар шығарылып жатады. Бір жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Мына біздің қазіргі қазақ киносын қолдайтын қордың жұмысы шындап келгенде қазір қазақ киносына қиянат жасауда", – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Әбдірашев. 


Оқи отырыңыз: Кинотеатрлар неге әлеуметтік фильм көрсетуден қашады? Режиссермен сұхбат


Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының маманының айтуынша, конкурстың өзіндік ережелері мен қағидалары бар. Ережелер туралы әрқайсысына жеке жазып жіберген.

"Негізі әрқайсысының электронды поштасына қандай қателік жібергені туралы жазып жіберілген. Олар сол күні келіп осы жерге біздің басшылармен кездесті. Ең көп кеткен қателіктер кейбіреуінде – авторлық құқық бойынша патенттің жоқтығы. Кейбіреуінде қарызы бар, енді бірінің құжаттары толық емес. Бүгінде конкурстың бірінші кезеңі ғана аяқталған. Енді екінші кезеңінде сараптамалық кеңестің алдында әрбір жоба ашық қорғалмақ. Қазіргі уақытта қабылданған 130 жобаның да барлығы бірдей байқаудан толыққанды өтті деген сөз емес , – дейді ұлттық киноны қолдау орталығының баспасөз хатшысы Жангелді Өмірәлиев.

Биыл кинематографтарды қолдауға 5 миллиард теңге бөлінген. Оның жартысы өткен жылғы жобаларды қаржыландыруға жіберіледі екен.