Жыл басынан бері қазақстандықтар 3,1 триллион теңге зейнетақы алды
2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 730 теңге болды.Жыл басынан бастап республикалық бюджеттен 3 триллион 118,2 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 982,2 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 триллион 136 миллиард теңге қарастырылды, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 миллион 421 мың адам.
"2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 730 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 89 122 теңге, базалық зейнетақы – 42 608 теңге", – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сонымен қатар міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
"Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сонымен бірге мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-на тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 %-ға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 85 %-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 105% белгіленеді", – делінген хабарламада.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.