Жыл басынан бері Алматыда коронавирус жұқтыру 18 есе өсті
20-39 жас аралығындағы азаматтардың үлесі 40%-дан 35%-ға дейін төмендеді.Коронавирустық инфекция жұқтыру бір апта ішінде 40% өсті. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер арасында инфекция бұрынғысынан көп тарап жатыр, деп мәлімдеді Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
"Қаңтар айында коронавирустық инфекция жұқтыру өткен аптамен салыстырғанда 40%, ал жыл басынан бері 18 есе өсті. Ал науқастардың жас мөлшері бойынша 20-39 жас аралығындағы азаматтардың үлесі 40%-дан 35%-ға дейін төмендеді. Десе де, олар үлес жағынан ең көп болып қала береді. Бұдан кейін ең көп зиян шеккен жас контингенті – 40-59 жастағы азаматтар. Олар үлес жағынан 26%-ды құрады. Ал 60 жастан асқан азаматтардың үлесі – 22%", – деді Әсел Қалықова.
Мұнымен қатар, маман балалар мен жасөспірімдер арасында инфекцияның таралу қарқыны өскенін айтты:
- 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 5,4%, 1 463-тен 1 920 жағдайға дейін;
- жасөспірімдер арасында – 1%, 388-ден 589 жағдайға дейін;
- 60 жастан асқандар арасында – 3%, 2 530-дан 3 262 жағдайға дейін өсті.
"1 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус жұқтыру, керісінше, 450-ден 438 жағдайға дейін аздап төмендегені байқалады. Бірақ балалар үлес жағынан 22,8%-ды құрап отыр", – деп қосты департамент өкілі.
Еске салсақ, Айжан Есмағамбетова оқушы III тоқсанда да Covid-19 жұқтырса, сынып түгел карантинге жабылатынын мәлімдеген еді. Оқу штаттық форматта жүруі үшін мектептің жобалық қуаттылығына жүктеме 50%-дан аспауы тиіс.