Жұмыссыздықпен күрес: Түркістан облысы 74 мың адамды қалай еңбекпен қамтымақ
Түркістан облысында өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған "Өңірлік жұмыспен қамту картасы" аясында 74 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Осы орайда, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы алдағы ауқымды жоспарлар туралы баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, аталған құжат шеңберінде өңірде 74 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу және төрт негізгі бағыт бойынша кешенді шараларды іске асыру көзделген. Осы орайда Мекенхан Қозыханұлы алдағы кезеңге қойылған ауқымды міндеттер мен жоспарланған көрсеткіштерге тоқталды.
"Біз алдағы кезеңге де ауқымды міндеттер қойып отырмыз. Атап айтқанда, 2026 жылы облыс тұрғындарын сапалы жұмыс орындарымен қамту арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған "Өңірлік жұмыспен қамту картасы" бекітілді. Осы карта шеңберінде барлығы 74 516 жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін жұмыспен қамтудың негізгі төрт бағыты айқындалды. Оның ішінде ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар аясында 2465 жұмыс орны ашылса, "10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны" бастамасы шеңберінде 11 476 адамды еңбекке тартуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 18 530 азаматқа қолдау көрсетіліп, бос жұмыс орындары арқылы тағы 40 595 адамды жұмысқа орналастыру көзделуде. Бұған қоса, халықтың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту мақсатында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін тағы 1450 азаматқа мемлекеттік гранттар беруді қарастырып отырмыз", – деді Мекенхан Қозыханұлы.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысы көш бастап тұр: Қазақстанда қымыз өндірісі 56% артты
Басқарма басшысының айтуынша, Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау және оларды тұрақты еңбекпен қамту мәселесі "Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы" аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мекенхан Қозыханұлы бұл бағытта атқарылған шаралардың нәтижесінде 4,5 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар жанның жұмыспен қамтудың түрлі тетіктеріне тартылғанын атап өтті.
"Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде мүгедектігі бар азаматтарды қолдау – біздің ерекше назарымыздағы мәселе. 2025 жылы осы санаттағы 6538 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлаған болатынбыз, ал 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 4689 азаматқа (71,7%) нақты жұмыспен қамту шаралары көрсетілді. Бұл көрсеткіштің ішінде 2341 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 1230 азамат уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Сонымен қатар, 840 адам "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында 278 адамға арнайы гранттар берілді. Уақытша жұмыспен қамтылғандардың ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 110, жастар практикасына – 156, қоғамдық жұмыстарға – 775, "Алғашқы жұмыс орнына" – 47 және "Күміс жас" жобасына 142 адам жолданды. Бұдан бөлек, ауыр және зиянды еңбек жағдайларын есептемегенде, жұмыс орындарының 2 пайызынан 4 пайызына дейінгі мөлшерінде мүгедектігі бар жандарға квота белгілеу жұмыстары да нәтижелі жүруде. Бүгінгі таңға дейін 302 адамға квота белгіленіп, оның ішінде нақты 299 азамат жұмысқа орналасты, бұл бағыттағы көрсеткіш 99 пайызды құрап отыр", – деді Мекенхан Қозыханұлы.