Жұмыспен қамту: 46 мыңнан астам адам белсенді шараларға тартылды
2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 46,9 мың адам қамтылып, 39,9 мың азамат жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 20,3 мың адам жұмысқа тұрған. Оның ішінде 1,6 мыңы әлеуметтік жұмыс орындарына, 894 адам жастар практикасына, 16,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға, ал 1,2 мың адам "Күміс жас" жобасы аясында еңбекке тартылған.
"Сонымен қатар жаңа бизнес-бастамаларды жүзеге асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 АЕК-ке дейін (1 730 000 теңге) 9 мың грант беру жоспарланып отыр. Еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 13,2 мың жұмыссыз қамтылып, оның 9,8 мыңы оқуын аяқтап, сертификат алған. Ал Бастау Бизнес жобасы бойынша 6,9 мың адам білім алып, 2,7 мыңы курсты тәмамдаған. Бұдан бөлек, 10 мың адамды кәсіптік оқытуға жіберу жоспарланған", – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады, ал нақты жұмысқа орналасқаны міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады.
Сонымен қатар Электрондық еңбек биржасы арқылы 2026 жылғы 1 наурызға дейін 19,6 мың адам бос жұмыс орындарына орналасқан.